Қаз 02, 2016 17:08 Asia/Almaty
  • Ирандық танымал тұлғалар – əлемдік мақтаныштар (86)

Мир сейіт Әли Хамадани – х.қ.ж.с.б. 8 ғасырда өмір сүрген ирандық мистик. Бағдарламаның жалғасында осы ирандық мистик және ойшылмен көбірек таныстырамыз.

Бүгінгі бағдарламада х.қ.ж.с.б. 8 ғасырда (14 ғасырда) өмір сүрген Иранның мистигі сейіт Әли Хамадани жайлы сөз қозғайтын боламыз. Өз өмірін Кашмир мен Тәжікстанда исламды үгіттеу және хақ жолындағыларға тәлім-тәрбие беруге арнаған сейіт Әли Хамадани «кабравие» сопылық мектебінің ұлы тұлғаларының бірі саналады. Ойшылдар оны «Сұлтан ул-арефин» (Мистиктердің сұлтаны), Кашмир халқы оны «Әли Сани» (Екінші Әли), ал шәкірттері  оны «Хамадан шахы» деп атаған. Оны «Әмір Кабир» деп те атаған. Тәжікстанда  «хазірет Әміржан» деген атпен де танылған.

Ирандық мистик Мир сейіт Әли Хамадани Үндістан түбегінің әртүрлі аймақтарында, соның ішінде Кашмирде исламның таралуында ықпалды болуымен танымал. Ол «Кабравие» сопылық жолының ұлы тұлғаларының бірі болған. Ол қайтыс болғаннан кейін оның жақтастарын «хамадание» деп атаған. Кейбір зерттеушілер оны мен оның ізбасарларының х.қ.ж.с.б. 8 ғасырда Кашмирге сапарын осы жерлерде шиіт мазхабының таралу факторларының бірі санайды. Парсы прозасы мен поэзиясында көптеген туынды жазған Мир сейіт Әли Хамадани Иран мәдениеті мен парсы тілін Үндістан түбегіне  тасымалдауда рөл атқарған. Кашмирде оның жақтастары көп. Бұрын оның үйі болған дәруіштік мекен қазір зиярат орнына айналған. Оның кесенесі Тәжікстанда орналасқан. Тәжікстанда да ол танымал тұлға және осы елдің мәдени мақтаныштарының бірі саналады.

 «Мир сейіт Әли Хамадани» деген атпен танылған сейіт Әли Хамадани дүйсенбі күні, х.қ.ж.с.б. 714 жылы ережеп айының 12 күні Иранның батысында орналасқан Хамаданда дүниеге келген. Иманы мықты болған оның әкесі Шахабеддин Хасан бен сейіт Мұхаммад Хамадани Хамаданның әкімі болған. Оның әулеті Хосейн ұрпағынан таралған.

Сейіт Әли Хамадани бастауыш білімді әулиелердің бірі болған өзінің бөле ағасы сейіт Алаеддиннен алған. Сейіт Алаеддин өзінің бөлесін он екі жасында досы шейх Абулбаракат Тақиеддин Әлиге тапсырған. Сейіт Әли Хамадани оқу барысында ұлы ұстаздардан дәріс алып, олардан ғылым, хадис, хикмет пен мистиканы үйреніп, жан дүниесін тазарту, рухани өсу мен ақиқат жолын жүріп өтуде солардың ықпалында болған. 

Амир Әли Хамадани Алааддоуле Семнани сияқты танымал ұстаздардың алдынан ақиқат жолын өткеннен кейін сол замандағы  танымал 30 тұлғаның пәтуасына сәйкес Иранның шекараларынан тыс жерлерде исламды таратып, қызығушыларға жетекшілік етуге таңдалды. Ол сапардың қиындығын ынтамен қабылдап, Шам, Рим, Түркістан, Кашмир, Үндістаннан Сарандибке дейінгі аралықтағы көптеген елді мекендерге сапар шегіп, бірнеше рет Құдайдың үйін зиярат еткен. Ол 21 жыл бойы сапар шеккенімен, ешбір жерде тұрақтап қалмаған. Осы ұзақ сапарларда 1400 сопы мен ұстаздан рухани дәріс алған. Ол х.қ.ж.с.б. 753 жылы Хамаданға қайтып оралып, үйленген. 773 жылы қайтадан отанын тастап, жат елдерге аттанған.

Сейіт Әли Хамаданидің Иран, Орта Азия және оңтүстік Азияда шәкірттері көп болған. Өкінішке орай, осы шәкірттердің өмірбаяндары жайлы нақты мәлімет жоқ. Сейіт Әли Хамаданидің ең әйгілі әрі ең білімді шәкірті – Нұреддин Джафар Бадахши. Сейіт Әли Хамадани Орта Азиядағы Хатлонда болған кезінде бұл шәкірт оған қызмет етіп, оның ғылыми және рухани тағылымын үйренген. Ол ұстаздың мінез-құлқы мен іс-әрекетінен көргендерін «Хұласе ул-Манағеб» атты кітапта жазып шыққан.

Қажы Ысқақ Хатлони да сейіт Әли Хамаданидің шәкірттеріні бірі. Ол ұстаздың дәрістерін түсінумен қатар, оның күйеу баласына айналып, ұстаздың көптеген үгіт-насихат және зиярат сапарларында оған қызмет еткен. Қажы Ысқақ тәлім беріп, жетекшілік еткен жарты ғасырда ислам тағылымына қызығатын өте көп адамды тәрбиелеген.

Мир сейіт Хосейн Семнани де оны білімдар, сопы және айрықша қасиеттерге ие деп еске алған. Ол сейіт Әли Хамаданидің тарапынан  үгіт-насихат жүргізу үшін бірнеше рет Кашмирге барған.

Сейіт Әли Хамадани тірі кезінде үлкен құрметке ие болған. Иран, Түркістан мен Үндістанның қалаларында  халықтың барлық топтары оған ерекше ілтипатпен қараған. Ол тақуалықпен қоса, ғылым мен хикметте жоғары орынға ие болып, өз заманындағы интеллектуалды және риторика ғылымдарын меңгеріп, көптеген туындылар жазған. Халықтың әртүрлі топтары арасындағы оның рухани ықпалы сол замандағы көптеген билеушілер мен әмірлердің оған құрметпен қарап, оның ескертпелері мен насихаттарын орындап отыруға жағдай жасады. Ол қайтыс болған соң сейітке қызығушыларды тарту үшін олар Хатлондағы оның кесенесін жөндеу, безендіру және көркемдеу бойынша бір-бірімен бәсекеге түсті. Сейіт Әлидің Кашмирде  ғибадат ету, үгіт-насихат жасау, уағыз бен құтпа айту үшін таңдаған үйінің осы аймақ тұрғындарының назарына іліккені соншалықты, ол мешітке айналып, онда үлкен салтанатты ескерткіш қойылды. Бұл құрылыс  х.қ.ж.с.б. 9 ғасырдың басынан осы күнге дейін Үндістан түбегіндегі мұсылмандардың белсенділіктерінің ең маңызды ошақтарының бірі болып, қасиетті орындардың бірі саналады. Ашура күні Хосейнді аза тұтатын топтар осы кесененің жанынан өткенде өз туларын құрмет ретінде төмен түсіреді. Өйткені сейіттің қызметтері олардың ойынша мадақтау мен дәріптеуге тұрарлық. Сейіт Әли Хамаданидің атымен Кашмир, Джаму, Голгит пен Балтестанда көптеген мешіттер мен медреселер салынып, аталған.

Сейіт Әли Хамаданидің кейбір шәкірттері оның айшықты қасиеттері бар деп санаған. Орта Азияның халқы мұндай қасиеттерді есте сақтап қалған. Жыл сайын, оның қайтыс болған күні зихадже айының алтысы күні Кашмир мен Үндістан түбегінің мұсылмандар тұратын аймақтарында оның жоғары орнын ұлықтау үшін жиындар өткізіледі. Соның барысында сейіттің білімдарлығы, қасиеттері, мистикалық күйлері мен тағылымдарын баяндалады.

Көптеген ұлы тұлғалар, тарихшылар мен зерттеушілер Мир сейіт Әли Хамаданидің проза мен поэзиядағы орнын дәріптеу үшін әртүрлі туындылар жазған. Оның кейбір еңбектері  урду, түрік, пушту мен француз тілдеріне аударылып,  олардың кейбіреуіне құнды түсіндірмелер жазылған. Сейіт Әли Хамаданидің 110 томнан астам кітап, трактат пен өлең жинағынан тұратын жазбалары мән-мазмұн, стиль, проза мен поэзия тұрғысынан көңіл аударуға тұрарлық. Бұл туындылар әртүрлі тәпсір, әңгіме, философия, хикмет, ақлақ, мистика мен әдебиет салаларында жазылған. Олардың барлығында ғибратқа толы әңгімелер, рухани және талғамдық тақырыптар бар. Иранның осы ұлы мистигінің прозалық және поэзиялық еңбектер жазудағы алғырлығы оның туындыларын кез-келген оқырман үшін қызықты әрі тартымды етті.

Мир сейіт Әли Хамадани х.қ.ж.с.б. 786 жылы зиқаде айында қажылыққа бару үшін Кашмирден шыққанына бірнеше күн өтпей жатып Пахлидің билеушісі оны өз еліне бірнеше күн қонаққа келіп, уағыз айтуға шақырады. Сейіт Әли қабылдап, шамамен 10 күн сол жерде сөз сөйлеп, содан соң сапарын жалғастырып, 5 күннен кейін  х.қ.ж.с.б. 786 жылы зихадже айының алтысы,  сәрсенбі күні дүниеден озды.

Қайтыс болар түні таңға дейін «Я, Алла» немесе «Я, Хабиб» деп зікір салып, «Бисмилла ир-рахман ир-рахим» қасиетті сөзін күбірлеген қалпы Хақтың шақыруына «Ләббәйк» айтты деседі. Ол Иран мен Ауғанстан шекарасындағы Конарға бірнеше шақырым жерде қайтыс болған деп жазылған. Жаназасын шығарған соң мүрдені Хатлонға тасымалдап, Кулабтың бір елді мекенінде сейіт мешіт пен медресе салған жерге жерледі.

Сейіт Әли Хамадани кесенесінің бастапқы құрылысы қазір Орта Азияда орналасқан Тәжікстанда әлі күнге дейін сақталынған. Онда бір үлкен бөлме мен тоғыз кішкене құжыра бар. Онда сейттің әулетінен он адам жерленген. Мир сейіт Әли Хамадани қайтыс болғаннан кейін  ұлы сейіт Мұхаммад оның ізбасары болып, әкесінің талпыныстарын жалғастырды. Мир Мұхаммад х.қ.ж.с.б. 800 жылы Үндістаннан Меккеге аттанып, қажылық рәсімдерін өткізіп, х.қ.ж.с.б. 809 жылы дүниеден озып, әкесінің жанына жерленді. Сейіт Мұхаммадтың балалары мен немерелері Хамадан, Саринегар (Кашмир), Балхаб (Балхтың айналасы) және басқа жерлерде әкелерінің белсенділіктерін жалғастырып, халыққа жол көрсетіп, жетекшілік етуге талпынуда.