Имам Хусейн (ғ.с.)-ның мектебі 2
Имамның Куфеге қарай жолға шығуына куфеліктердің шақыруы себеп болды деп айтылғанымен, шын мәнінде имамның Омеядтардың зұлымдығына қарсы көтеріліп, күресуі одан жоғары болды.
Алла Тағала Құран Кәрімде өзінен басқадан қорықпауды илаһи адамдардың ең айқын сипаттарының бірі деп атап: «Сондай пайғамбарлар Алланың нұсқауларын жалғастырып, одан қорқып, Алладан басқа ешбіреуден қорықпайды. Алла есеп көруде жетіп асады»,- деп айтқан. («Ахзаб» сүресі 39-шы аят). Имам Хусейн (ғ.с.)-ның болмысындағы ерлік ерекше әрі үлгі тұтарлықтай болды.
Ерлік пен батылдық имам Хусейн (ғ.с.)-ның болмысында бала кезінен айқын байқалып, достары мен дұшпандарын таңғалдыратын. Ол жасөспірім кезінде дінді бұрмалайтын жайттарға қарсы тұрып, оларды әшкерелейтін. Сондықтан өтірікшілер өз уәждерін айтуға қорқатын. Хазіреттің жас кезіндегі әсіресе Джамал, Сеффейн және Нахрван соғыстарындағы ерлігі жұрттың аузынан түспеген. Ислам әскерінің қолбасшылары шара таппай сарсылған кездері имамның ерлігі олардың мәселелерін шешетін. Имам Хусейн (ғ.с.) әрқашан исламның дұшпандары мен зорлық-зомбылық жасаушыларға қарсы тұрып, міндеті деп сезген әр жерде бар күшімен шындықты қорғады. Муавиенің әділсіздігінің салдарынан мұсылмандар қысымға түсіп, кедейшілікке батқан кезде Йеменнің салығы ретінде өзі мен жанұясының қаржыларын қамтамасыз ету үшін қымбат мүлік тиелген керуендер Муавиенің сарайына жіберілетін. Имам Хусейн (ғ.с.) Муавиенің әрекеттерінің Алла елшісінің салтына қайшы екендігін, насихаттарының Муавиеге әсер етпейтіндігін көріп, керуеннің бүкіл мүлкін мұсылмандар үшін тартып алды. Имам Хусейн (ғ.с.) діннің дұшпандарының арсыз жобаларын ешкімнен қорықпай әшкерелейтін. Муавие өмірінің соңында Язидтің жағдайын бекітуге әрекет жасап, имам Хусейн (ғ.с.) мен қаланың ақсақалдарының алдында оны мақтаған кезде имам орнынан тұрып, Язидтің бұзақылықтарын әшкерелеп, Муавиені бұзақы Язидті мақтағаны үшін айыптады. Имамның бұл сөзі Муавиенің жобаларын әшкере етті.Имам Хусейн (ғ.с.)-ның ерлігі мен батылдығы Ашура күні жалғыз қалып, аузында тамшы су жетпей, отыз мың дұшпанға қарсы тұрған кезде шарықтау шегіне жетті. Жақындары мен адал серіктерінің қанға малынуы бір жағынан, Алла елшісі әулетінің жазықсыз әйелдері мен балалары басқа жақтан оның көзі алдында тұрғанымен, ол еш нәрседен қорықпай, тарихтағы қаһармандардың өмірлерінде орын алмаған ерлікті көрсетті. Алла Тағала: «Олар Алла жолында соғысады. Сөгіс берушілердің сөгісінен олар қорықпайды. Осы Алланың қалағанына беретін ілтипаты. Өйткені, Алла өте кең, аса білуші»,- деді. ("Мәиде" 54-ші аят).
Кейбіреулер имам Хусейн (ғ.с.)-ның көтерілісі туралы: «Имам Куфе халқы хат жазып, оны шақырғандықтан, Куфеде исламдық үкімет құру мақсатында осы қалаға аттанды. Сол себепті Кербала мен Ашура оқиғалары имамның куфеліктердің шақыруын қабылдауының нәтижесі болды. Егер куфеліктер имам Хусейн (ғ.с.)-ды шақырмағанда Ашура оқиғасы орын алмайтын еді»- дейді. Имамның Куфеге қарай жолға шығуына куфеліктердің шақыруы себеп болды деп айтылғанымен, шын мәнінде имамның Омеядтардың зұлымдығына қарсы көтеріліп, күресуі одан жоғары болды. Имам Әли бен Абиталеп (ғ.с.)-ның батыл перзенті еш уақытта діндегі қарсы дұшпандыққа төзе алмады. Сондықтан Медине басшысы Марван бен Хакам оны Язидпен бият етуге шақырған кезде: «Үмбеттің басшысы Язид болса, Исламмен қоштасу керек»,- деген болатын. Сөйтіп, исламды жандандыру үшін күрестің келесі кезеңіне аяқ басты. Имам Хусейн (ғ.с.) бұзақылыпен күресудің жаңа кезеңін Медине қаласынан шығуымен бастады. Бұл түнде қаладан шығып бара жатқан және бауыры Мұхаммад бен Ханифемен қоштасқан кезінде көтерілісінің себебі туралы: «Мен Мединеден мастықтан, арсыздықтан немесе зұлымдық жасағандықтан шыққан жоқпын. Мен атамның үмбетін өзгерту үшін шықтым. Жақсылыққа жігерлендіріп, жамандықтан жирендіріп, атам пайғамбар мен әкем Әли бен Абиталеп сынды өмір сүріп, солар сияқты әрекет етемін»,- деді.
Имам Хусейн (ғ.с.) Муавие билік басына келген уақыттан бастап үнсіздік танытқан емес. Ол тиімді мұрсатта халықты жақсылыққа жігерлендіріп, жамандықтан жирендірді. Имам Мекке сапарларының бірінде басқа исламдық аймақтардың ғұламалары мен танымал тұлғаларының ортасында сөз сөйледі. Ол өз сөзінде ғұламалар мен қала ақсақалдарының исламның негіздерін қорғаудығ міндеттерін еске салып, Омеядтардың қылмыстарына үнсіздік танытудың салдарларына тоқталып, Омеяд басшыларының дінге қарсы саясатына реакция білдірмеген адамдарды сынады. Имам олармен келісімге келуді кешірілмейтін күнә деп атап: «Уа, Алла! Бір өзің біздің көтерілісіміздің билік немесе бұл дүниенің мүддесі үшін болмағанын білесің. Біздің мақсатымыз – діннің белгілерін халыққа көрсетіп, қалалардағы өзгерістерді әшкере ету. Зұлымдық көрген пенделеріңнің қауіпсіз болып, олардың діннің ережелері, сүннеті және шариғатқа сай ғамал еткендерін қалаймыз»,- деді. Имам Хусейн (ғ.с.)-ның Кербала сапары кезіндегі барлық сөздері тарихта тіркелді. Бұл сөздер имамның Язид үкіметіне қарсы көтерілісі мен күресінің ішкі ниетін анық көрсетеді. Ол Язид әскерінің қолбасшысы Хурмен сөйлескен соң сарбаздарға қарап, көтерілісінің мақсатын пайғамбардың сөзіне сүйеніп, баяндады: «Уа, халайық! Алла елшісі: «Кімде-кім Алланың харам еткен нәрсесін халал етіп, илаһи келісімді бұзып, Алланың пенделерінің арасында күнә жасап, қорлық көрсеткен залымның басшылығын көре тұра сөзі және ісімен оған қарсылық көрсетпесе, Алла залымды азапқа түсіргендей, оны да азапқа түсіреді»,- деген. Сондықтан, уа, халайық! Олар шайтанға бет бұрып, илаһи бұйрықтарға бағынбай, бұзақылық жасап, Алланың шегі мен шекараларын бұзды. Язидшілер мұсылмандардың мүлкін өздеріне тартып алып, Алланың харам еткенін халал, керісінше, халал еткенін харам етті. Мен мұсылмандардың тағдыры мен істерін өзгерту үшін ең лайықты адаммын»,- деді.
Керуен жолға шықты. Керуеннің алдында хазіреттің нұрлы жүзі жарқырады. Хазіретке Куфе шиіттері көтерілісінің сәтсіздікке ұшырауы мен Мүслім бен Ақилдың Абдолла бен Зиадтың жалдамалыларының қолынан қаза болғаны туралы хабар жетті. Керуен Шараф мекенінен Куфеге қарай бет алды. Түс кезінде керуендегі адамдардың бірі таңғалып: «Аллаһу Акбар!»,- деді. Имам Хусейн (ғ.с.) одан таңғалуының себебі туралы сұрағанда ол: «Куфенің құрма ағаштары көрінді»,- деп жауап берді. Имам: «Бұл құрма ағаштары емес. Бұл бізге қарай келе жатқан қарулы сарбаздар»,- деді. Көп ұзамай Хур бен Язид Риахи басқарған мың сарбазы бар әскер жақындады. Хазірет олардың шаршағандарын көріп, өздері мен аттарының шөлін қандыруды бұйырды. Имам Хусейн (ғ.с.) намаз оқып болған соң, серіктеріне жолға шығуды бұйырды, бірақ Хур оның керуенінің алдына тосқауыл болғанда имам «Неліктен біздің жолымыздың алдын жабасың?» деп наразылық білдірді. Хур: «Маған сіздермен соғысу туралы бұйрық берілген жоқ. Мен тек сіздермен Куфеге дейін барамын. Арамызда жаман оқиға орын алмайтындығына үміттенемін. Әй, Хусейн! Алла үшін жаныңды сақтап, бұл соғыстан бас тарт, өйткені шынымен өлесің»,- деді. Имам: «Мені өліммен қорқытасың ба? Мені өлтіргенде тұрмыстарың жақсарады ма?»- деп, Кербалаға қарай жолын жалғастырды. Хур мұның барлығын Ибн Зиядқа жеткізді. Хабар Ибн Зиядқа жеткен кезде керуен де Кербалаға жеткен еді. Ибн Зияд Хурге: «Хат жете салысымен Хусейн мен қасындағыларын суы мен өсімдігі жоқ шөл далада тоқтат!»- деп жазды. Хур оның айтқанын орындап: «Мен алға жүрулеріңе рұқсат бере алмаймын. Ибн Зиад оның бұйрығын орындағаным, орындамағанымды білу үшін тыңшы қойды» деді. Қасындағыларының біреуі имамға Хурмен соғысуды ұсынды. Бірақ имам ұсынысты қабылдамай: «Біз еш уақытта соғысты бастамаймыз»,- деді. Мұндай жағдай біразға, яғни әскердің басшылығы Омар бен Саадқа тапсырылғанша созылды. Ашура күнінің таңы атты. Екі жақтың әскері бір-біріне қарсы сапқа тұрды. Хур шетке шығып, қасындағылардың біріне: «Алламен ант етемін! Өзімді тозақ пен жаннаттың арасында тұрғандай сезінемін. Алламен ант етемін! Денемді бөлшектеп, мені жағып жіберсе де жаннаттан басқаны таңдамаймын»,- деп, имам Хусейн (ғ.с.)-ның әскеріне қарай аттанды. Имам Хусейн (ғ.с.)-ның қасына келіп, ұялған түрде: «Уа, Алла елшісінің перзенті! Жанымды құрбан етейін! Мен сенің жолыңның алдын жауып, сені далада тоқтатқан адамның өзімін. Сенімен соғысамыз деп ойламадым. Енді өкініп, өзіңнің алдыңа келдім. Тәубем қабылдана ма?»- деді. Имам Хусейн (ғ.с.) мейірімділігімен: «Иә, Алла Тағала тәубеңді қабылдайды»,- деп жауап берді. Хур сөзбен сипаттауға келмейтін ержүректілігімен дұшпанмен соғысып, жерге құлап, өз қанына малынды. Имамның серіктері оның шала-жансар денесін имамның қасына әкелді. Имам оның бетіндегі қанды сүртіп отырып: «Сенің анаң есіміңді азат деп қойғаны сынды азатсың»,- деді.