Иран ертегілері мен аңыздары (128)
«Мың бір түн» кітабындағы негізгі кейіпкерлер есімдерінің басқа бір тобы символдық сипатқа ие. Бұл символикалық есімдер «Мың бір түн» кітабын аударушылар тарапынан жасырын қалып, оларға көңіл аударылмай қалған.
Символикалық есімдер қолданылған ертегілерде ұғымдық салмақ пен ақлақтық нәтиженің көбі негізгі кейіпкердің есіміне артылған. Мысал ретінде «Мың бір түн» кітабындағы ертегілердің бірі Аюбтың ұлы Ғанымның ғашық болуын айтуға болады. Ертегінің басты кейіпкері Ғаным діни парыздарды толық орындайтын мүмін адам екен. Ол Қовват ул-Қулуб деген қызға ғашық болады. Ғаным Қовват ул-Қулубтың Харун ар-Рашидтің сүйікті әйелі екенін біледі. Осы кезде шахтың бұйрығымен Ғанымға әлгі әйелге қарайлап, қолдау міндеті жүктеледі. Ғаным өзінің қырсық тағдырына налиды, бірақ дінге берік адам болған соң, өз жүрегіне ерік бермей, Қовват ул-Қулубтың абыройына қол сұқпайды. Осы ғашықтықта Ғанымның сабырлық танытуы «Мың бір түн» кітабындағы ертегілерде өте сирек кездеседі. Алайда Ғанымның Аюбтың ұлы екенін ұмытпауымыз керек. Аюб – христиан өркениеті мен Құран Кәрімде діндарлық, тақуалық пен құлшылықтың символы. Басқа жағынан Иран мәдениетінде Аюбтың тұлғасы дерт пен азапқа төзудің символы саналады. Тіпті парсы тілінде «Аюб сынды сабырлы болу» деген тұрақты тіркесі маңдайға жазуғанға төзу деген мағынада қолданылады. Сондықтан ертегіші Ғанымның әкесіне Аюб деген ат беру арқылы христиан және ислам дініндегі Аюб пайғамбарға сілтеме жасағысы келген болар. Осылайша, тұспалды пайдалану арқылы ертегі кейіпкерінің кейбір ақлақтық қасиетттері мен тағдырын айқындай түскен. Өйткені Аюб есімі парсы тілінде нақты астарлы мағынаға ие. Аударма жасалғанда әдетте бұл мағына назарға алынбай қалады.
Енді Иранның аңыз-әңгімелері әлеміне саяхат жасап, «Мың бір түн» атты құнды еңбектен сіздер үшін таңдалынып алынған «Кәззап халиф» атты ертегінің жалғасын тыңдауға шақырамыз.
Айтып өткеніміздей, бір күні кешке Харун әр-Рашид Джафар Бәрмәки атты уәзірі мен қылышшы Масрурмен бірге киімдерін ауыстырып, белгісіз кейіпте қалаға барып, халықтың жағдайын білуге шешім қабылдайды. Тигр өзенінде қыдырып жүрген кезде өзін өтіріктен «халиф» деп таныстырған адамды байқайды. Харун әр-Рашид кәззап халифті көрген соң, оның кемесінің артынан жүріп отырып, тұрақтаған жерін анықтайды. Күзетшілер оларды ұстап алады. Олар өздерін саудагерміз деп таныстырады. Кәззап халиф оларды өз сарайына апарып, салтанатты дастархан жаюға бұйрық береді. Тамақтан кейін музыка ойналады. Кәззап халиф музыка ойналып жатқан кезде бірнеше рет есінен танып, үстіндегі киімдерін жыртып тастайды. Нөкерлері оған жаңа киім кигізеді. Осындай киім жырту кезінде нағыз халиф жалған халифтің иығынан қамшының жарасын байқап, Джафар Бармакиге ақырын ғана жағдайды айтады. Кәззап халиф олардың сыбырласып отырғанын байқап қалып, мұның себебін сұрайды. Джафар Бармаки Харун әр-Рашидтің бұйрығымен әлгі зақымның неден пайда болғанын сұрайды. Кәззап халиф Харун әр-Рашид пен оның қасындағыларға оларды танығанын айтады. Содан соң өзінің басынан өткен оқиғасын баяндап береді: әкесі қайтыс болғаннан кейін оның кәсібін, яғни зергерлік бұйымдар жасауды жалғастырған; бір күні қаланың бай әулеттерінің бірінен бір әйел оның дүкеніне келіп, одан асыл тастармен әрленген әдемі алқа сұрап, ақшасын төлеу үшін одан өзімен бірге үйге жүруін сұраған; сол жерде әйел өзін Джафар Бармакидің қарындасы Дүние деп таныстырып, өзімен үйленуге ұсыныс жасаған; Дүние банумен біраз өмір сүргеннен кейін әйелі жоқта үйден шыққаны үшін «көзіне шөп салды» деп айыпталып, өлімге қиылған; Дүние бану қызметшілердің ара түсуімен оны өлтіруден бас тартқан; ол өзінің бар мал-мүлкін сатып, осы қызметшілерді алдыртқан; өйткені Дүние банудан ажырасқан күннен бастап байлар мен ақсүйектердің не қаласа, соның істейтінін түсініп, ол да солардай болуға шешім қабылдаған.
Кәззап халиф өз тағдырын Харун әр-Рашид пен оның қасындағыларға баяндап бергеннен кейін көзіне жас алып: «Алайда бұл істерді атқарсам да, Дүние бануды ұмыта алмадым. Оны әлі де жақсы көремін»,-дейді.
Харун әр-Рашид оның Джафар Бәрмәкидің қарындасына деген шынайы ғашықтығын көргеннен кейін оған: «Ей, абзал жан! Сенің кінәсіз екендігіңді білемін. Құдайдан саған осы үлкен қам-қайғыны ұмытуға көмектесуін сұраймын»,-дейді. Сол түні Харун әр-Рашид осыны айтты да, уәзір мен қылышшысын алып сарайына қайтып оралады. Сол түннің ертеңінде халифтің киімін киіп, таққа отырады. Содан соң өз уәзірін шақырып: «Джафар, бар да, әлгі кәззап халифты осында алып кел!»,-деп бұйырды. Уәзір оның сөзін екі етпей, сол арада жолға шығады. Әлгі жас жігіттің сарайына жеткенде оны көріп: «Тез дайындал! Харун әр-Рашид саған өз сарайына келуге бұйырды»,-дейді. Халиф жазалағысы келетін шығар деп үрейленген жас жігіт: «Осы жолы жазалансам, кінә өзімде. Өйткені бір жыл бойы Тигр өзенінде өзімді Харун әр-Рашид деп таныстырып, халықты қорқыттым»,-деп ойлайды. Ол уайымдаса да, дайындалып, уәзірмен бірге Харун әр-Рашидтің алдына барады. Сарайда халифке тағзым етіп, зор құрметпен: «Армысыз, тақсыр»,-дейді. Халиф оған күлісіреп: «Кел, менің жаныма отыр. Өз тағдырыңды тағы бір рет маған айтып берші. Өте таңғаларлық әрі естуге тұрарлық болды»,-дейді. Жас жігіт: «Алдияр, істеген істерім үшін жазаланады екенмін деп ойлап, қорыққаннан тіпті тілім күрмеліп қалды, сөйлей алмаймын»,-дейді. Халиф: «Сені кешірдім, уайымдама. Өйткені ана істердің барлығын әйеліңнен айырылып, қайғырғаннан жасағаныңды білемін»,-дейді. Жас жігіт көңілі жайланып, Харун әр-Рашидке өзінің өміріндегі шытырман оқиғаларды баяндап берді. Содан соң Харун әр-Рашид оған қарап: «Дүние банумен әлі де өмір сүргің келе ме?»,-дейді. Ол: «Егер бұл іс орындалса, жан-жүрегіммен қабылдар едім»,-деп жауап берді. Содан соң халиф өзінің уәзірі Джафар Бәрмәкиге: «Бар да, қарындасыңды осында алып кел»,-дейді. Уәзір шығып кетіп, бірнеше сағаттан кейін қарындасымен бірге қайтып оралады. Екеуі де халифке тағзым етіп, сәлем береді. Харун әр-Рашид Дүние бануға қарап: «Мына жігітті танисың ба?»,-деп сұрайды. Уәзірдің қарындасы алдымен теріске шығарып: «Өмірімде көрген және танитын ер адамдар аз»,-дейді. Харун әр-Рашид: «Ей, пәк әйел! Мына жігіт сенің жақсы көретін күйеуің. Сен оны қамшымен ұрып, үйден қуып шықтың. Тура қазір сенің алдыңда тұрған мені мен ағаң сен екеуіңнің араңда болған істерден хабардармыз. Оның кінәсі жоғын білеміз»,-дейді. Дүние бану: «Тақсыр, біздің арамызда болған нәрсенің барлығы қазір аяқталды. Мен Алладан кешірім сұраймын»,-дейді. Харун әр-Рашид: «Сен екеуіңнің әлі де бір-біріңді жақсы көретіндіктеріңді білемін. Сондықтан бұдан артық бір-біріңді азаптамаңдар. Қазір молданы шақыртып, сен екеуіңді татуластырып, некелеріңді қайта қидыртамын. Келісесің бе?»,-деп сұрайды. Әлі де асыл тас сатушыны жақсы көретін Дүние бану келіседі. Осылайша Харун әр-Рашид молданы шақыртады. Молда олардың некесін қайта қияды. Содан бері олар өмірлерінің соңына дейін бір-бірінің жанында бақытты ғұмыр кешіпті.