Имам Хусейн (ғ.с.)-ның мектебі 7
Имам Хусейн (ғ.с.)-ның көтерілісі шындықты қалыптастырып, Алланың дінін жандандыру үшін жасалды.
Намаз – діннің тірегі. Тірексіз шатыр құлайтын сынды намазсыз діннің де мағынасы болмайды. Шын мәнінде адамның барлық ғамалдарының қабыл болуы намазының қабыл болуына байланысты. Намаз ислам дінінде ғана емес, басқа діндерде де ерекше орынға ие. Әртүрлі діндерде оның сапасы да әртүрлі. Барлық діни халықтардың арасында «Бір Құдайға құлшылық етудің қаһарманы» деген лақап атқа ие болған хазірет Ибрахим әйелі Хаджар мен баласы хазірет Исмаилды пұтқа табынушы үкіметтерден алыста, ыстық шөл далада Қағбаның қасында қалдырған соң Аллаға: «Раббымыз! Ұрпақтарымның кейбірін егінсіз ойпатқа, құрметті үйің (Қағба)ның жанына орналастырдым. Раббымыз! Олар намазды оқитын болсын!»- деді. («Ибрахим» сүресі 37-ші аят). Имам Хусейн (ғ.с.)-ның көтерілісі шындықты қалыптастырып, Алланың дінін жандандыру үшін жасалды. Имам Хусейн (ғ.с.)-ның Ашура күнінің түскі намазы барлық мұсылмандарға қияметке дейін оның соғысы мен жиһады және жанкештілігінің Алланың дінін мәңгілікке сақтап, намазды жандандыру мақсатын көздеді деген жолдауды жеткізді. Имам Хусейн (ғ.с.) намаз оқып, Алламен сырласып, мұң-мұқтажын оған айтуды атасынан үйренді. Исламның басындағы Құранның үлкен тәпсіршісі Ибн Аббас Сеффейн соғысы кезінде имам Әли (ғ.с.)-ның басын аспанға көтеріп, бір нәрсе күтіп отырғаның көріп: «Уа, Әли бір нәрсеге алаңдап отырсыз ба?- деп сұрады. Имам: «Намаздың уақытын күтіп отырмын»,- деп жауап берді. Ибн Аббас: «Мұндай маңызды уақытта соғысты тастап, намаз оқимыз ба?»,- деп сұрағанда имам Әли (ғ.с.) оған қарап: «Біз осы жерде намаз үшін соғысып жатырмыз»,- деп қуаттады.
«Еш уақытта қорлыққа бағынбаймыз» деген ұранды ұстанған имам Хусейн (ғ.с.) дұшпанның әскері оның шатырларына бұрылып, шабуыл жасап, соғысуға дайындалған Тасуа күні өзінің батыл бауыры Аббасты соларға қарай жіберіп: «Егер мүмкін болса, соғысты ертеңге қалдырсын. Бүгін Жаратушым үшін намаз оқимын. Менің намаз бен оның кітабын және дұғаларды Ол үшін оқығанды жақсы көретінімді Алланың өзі біледі»,- деді. Имам Хусейн (ғ.с.)-ның намаз оқу үшін соғысты кейінге қалдыруды сұрауы намаз оқу мен Алламен сырласудың адам үшін қандай ғиззат сыйлайтынын көрсетеді.
Намаздың философиясы Алланың алдында пенделігін білдіріп, құлшылық етуі, нәтижесінде адамның өзгеруі және бақыты мен кемелдікке жетуі болып табылады. Адам намаз оқыған кезде Алланы есіне алып, күнәләр мен ластықтардан алыстайды. Басқа ғибадаттардың арасында намаз ерекше орынға ие. Қажылық, ораза, зекет, хомс және басқа ғибадаттардың барлығы әртүрлі шарттарға байланысты. Егер ол шарттары болмаса, адамның аталмыш ғибадатты орындауы уәжіп болмайды. Ал намаз кез келген жағдайда уәжіп болып қалады. Әртүрлі жағдайларда намаздың тек сапасы ғана өзгереді. Мәселен, әлсіз немесе науқас болған кезде Алла Тағала намазды отырып немесе жатып орындауға рұқсат етті; сапарға шыққан кезде намаз қысқартылып оқылады. Тіпті батып бара жатқан адам намаз уақытының келгені туралы білсе, намаз туралы ниет қылып, тәкбірін айтса жеткілікті. Оның бұл ғамалы намаз ретінде қабылданады. Рауаят бойынша Ашура күнінің түскі намазы әр адамды өзгертетіндіктен, намаздың ерекше маңыздылығын қуаттайды. Күннің ыстығы, шөл, дұшпанның арсыздығы, найзалардың қатері, шәһид болған серіктерге байланысты уайым-қайғы және тағы да басқа көптеген себептердің ешбіреуі бұл тарихи күні қасиетті міндетті орындауға кедергі бола алмады. Имам Хусейн (ғ.с.) Ашура күнінің түскі намазын орындап, барлық ояу ұждандарға оның көтерілісінің мақсатының дүниелік, нәпсілік қалаулар емес, дінді жандандыру және оның міндеттерін орындау болғанын дәлелдеді. Имам Хусейн (ғ.с.)-ның соңғы намазы тәкбір, қырағат, тұру, рукуғ, сәжделері, ташаһуд және сәлемімен орындалған ерекше намаз болды. Бұл намаздың тәкбірі аттан түскен кезде айтылды, қиямы жерге құлап, тұрған соң, рукуғы қатты жараланып, қаны жерге төгіліп, қайтадан көтерілген кезде, құнұты өмірінің соңғы сәтіндегі соңғы дұғасымен орындалған намаз болды. Имам Хусейн (ғ.с.) өмірінің соңғы сәтіндегі дұғасында: «Уа, Алла! Жоғары мәртебелі! Залымдарға деген ызаң зор, құдыретің кез келген күш-қуаттан артық, ешбір жаратылыстды қажет етпейсің және құдыреттісің... Уа, Алла! Біз пайғамбардың әулеті мен перзенттері саған ғашықпыз және өзің бізді таңдадың. Олар бізді алдап көмекке шақырды. Біз шындық пен әділет орнату үшін көтерілдік, енді олар бізді өлтіруде»,- деді. Содан соң имам жаралы бетін жерге қойып, соңғы сәждесін жасап, жаны денесінен шығып бара жатқан кезде намазының ташахуды мен сәлемін айтты. Дұшпандар оның басын денесінен бөліп алып, найзалардың ұшына көтерген кезде олардың құлақтарына имамның басының «Кәһф» сүресін оқып жатқаны естілді.
Абу Самаме деп танымал болған Умар бен Абдолла батылдығы халықтың аузынан түспеген Куфе шиіттерінің бірі болды. Имам Хусейн (ғ.с.)-ның елшісі Мүслім бен Ақил халықтан бият алу үшін Куфеге келген кезде Аба Самамені қаржы көмектерін жинап, қару дайындауға міндеттеді. Ол халық Мүслім бен Ақилден алыстағаннан кейін Кербала шайқастары басталмастан бұрын Куфеден Кербалаға жетіп, имам Хусейн (ғ.с.)-ның серіктеріне қосылды.
Ашура күні түсте Шемр шатырларға жақындап, найзасының ұшымен шатырдың бірін тесті. Имамның серіктері бұл шабуылдан өздерін жандарын аямай қорғады. Имамның әскерінің сол және оң жағына шабуыл жасап, нәтижеге жетпеген язидшілер имамның әскеріне қайтадан алдынан шабуыл жасап, шөлдеген серіктерін өлтірмек болды. Бірақ олар батыл қарсыласып, ерлік көрсетті. Сол кезде Ашураның қаһарманы Абу Самаме Саеди шәһидтердің жетекшісіне: «Жанымды сен үшін құрбан етейін! Дұшпан жақындады, өмірімнен еш нәрсе қалмады. Алланы уақыты келген түскі намазымды оқыған жағдайда көргім келеді» деді. Имам басын аспанға көтеріп: «Намазды ұмытпадың. Алла сені намазхандар мен оны естен шығармайтындардың қатарына орналастырады. Иә, намаздың уақыты келді»,- деді. Шәһидтердің жетекшісі намаз оқуға шешім қабылдады. Зухейр бен Қейн мен Саид бен Абдолла имам мен серіктерінің алдына тұрып, дұшпанның найзадарының алдында қалқан болды. Олар атылған әрбір оқты денелерімен қақты. Имам басқа серіктерімен жамағат намазын оқып, сәлемдерін берді. Намаз аяқталған кезде денесіне көптеген оқ қадалған Саид жерге құлады. Саид жерге жерге құлап бара жатып: «Уа, Алла! Менің бұл жерге келіп, барлық қиындықтарға төзуімнің мақсаты пайғамбардың баласына көмектесу болды»,- деді. Содан соң Саид көзін ашып, оның басын алдында ұстап отырған имамының жүзін көріп: «Алла елшісінің перзенті! Сенің алдыңдағы міндетімді орындадым ба?!»- деп сұрады. Имам: «Иә, сен міндетіңді орындадың! Сен менен бұрын жәннәтқа жетесің»,- деді.
Саид бен Абдолламен бірге имамның намазын қорғауды өз міндетіне алған Умар бен Қарзенің басы мен кеудесіне көптеген оқ тиіп, қатты жараланған еді. Ол да Саидпен бірге жерге құлап, Саид пен имамның сөздерін естіп жатты. Ол да Саид сынды имамнан: «Мен де міндетімді орындадым ба?»- деп сұрады. Имам Саидке берген жауапты Умарға да қайталап: «Сәлемімді Алла елшісіне жеткіз және оған менің де сенің артыңнан оны көруге келетінім туралы айт»,- деді.
Сөйтіп, имам Хусейн (ғ.с.) мен серіктері шайқас кезінде де өз намаздарын құлшылықтары және қарапайымдылықтарымен жамағатпен бірге орындады.