Нәміл сүресі, 666-шы бөлім, 12-16 аяттар
Нәміл сүресінің 12-16 аяттарының тәпсірі
«Нәміл» сүресінің 12 аяты:
«وَأَدْخِلْ یَدَکَ فِی جَیْبِکَ تَخْرُجْ بَیْضَاءَ مِنْ غَیْرِ سُوءٍ فِی تِسْعِ آیَاتٍ إِلَى فِرْعَوْنَ وَقَوْمِهِ إِنَّهُمْ کَانُوا قَوْمًا فَاسِقِینَ»
Ей, Мұса! Қолыңды қойныңа тық! Зиянсыз аппақ болып шықсын; Перғауынға, оның еліне тоғыз мұғжизаның ішінде көрсетуге. Рас олар бұзақы бір ел" (12).
Алдыңғы бағдарламада хазірет Мұсаның отбасымен бірге Мысырға бара жатқан жолда Құдайдың оны пайғамбарлыққа таңдағанын, пайғамбарлығының мұғжизасы ретінде оған «аса таяғыңды таста» дегенде асасының кішкентай жыланға айналып, хазірет Мұсаның қорқып кеткенін айттық.
Бірақ осы аятта Мұсаның екінші мұғжизасына сілтеме жасалады. Құдай Мұсаға былай деді: «Қолыңды қойныңа тық. Шығарған кезде ол аппақ болып, нұрланып кетеді. Бірақ ол ақтық алапес ауруына байланысты емес. Сенің мұғжизаң тек бұл екі жағдай ғана емес. Сондай-ақ, саған тағы басқа жеті мұғжиза дайындадық. Перғауын мен Бани Исраил ұрпағын бір Құдайға шақырған кезде сол мұғжизаларды пайдалана аласың. Сол кезде кез келген сылтау іздеушіліктің жолын жабатың боласың. Олардың кейбіреуі – Ніл өзенінің қақ айрылуы, таудан он екі бұлақтың қайнап ағуы сынды мұғжизалар. Айтуға тұрарлық жайт, ол Перғауын мен әскері Исраил ұрпағына шабуыл жасағаннан кейін хазірет Мұса өзінің аса таяғын Ніл өзеніне сілтеген кезде су қақ айрылып, Исраил ұрпағы өтетін жолдың ашылғаны. Келесі жағдайда да хазірет асасын тауға сілтеп қалғанда сол жерден он екі бұлақ атқылады.
Осы аяттан үйренетініміз:
1.Табиғат жүйесі – Құдайдың жаратылысы. Құдайдың қалауымен қалыптан тыс, табиғаттың әдеттегі ағымынан басқа іс те жүзеге асады.
2.Кейбір қауымдар мен адамдардың өздерінің жалған және бұрыс жолдарында қырсықтық танытатындықтары сондай, оларды бір мұғжиза қанағаттандырмайды. Олар Алланың алдында мойынсұнулары үшін бәлкім, Құдайдың мұғжизаларын көптеп көруі керек шығар.
«Нәміл» сүресінің 13-14 аяттары:
«فَلَمَّا جَاءَتْهُمْ آیَاتُنَا مُبْصِرَةً قَالُوا هَـذَا سِحْرٌ مُّبِینٌ»، «وَجَحَدُوا بِهَا وَاسْتَیْقَنَتْهَا أَنفُسُهُمْ ظُلْمًا وَعُلُوًّا فَانظُرْ کَیْفَ کَانَ عَاقِبَةُ الْمُفْسِدِینَ»
Оларға көпе-көрнеу мұғжизаларымыз келгенде: "Бұл ашық жады" деді. (13) Олар мұғжизаларға көңілдері сенген бола тұра зұлымдық, менмендікпен қарсы шықты. Бұзақылардың соңының қандай болғанын көр!» (14).
Хазірет Мұса өзінің міндетін орындау үшін Перғауын мен оның қауымына келіп, оларды бір Құдайға шақырды. Бірақ Перғауын мен айналасындағылар Мұсаның кейбір мұғжизаларын көріп, оның сөзін қабылдаудың орнына оны сиқыршылықпен айыптады. Аяттардың жалғасы былай дейді: «Бұл айыптау олардың хазірет Мұсаның ісіне күдік-күмән келтіруден туған жоқ. Олар Мұсаның сөздерінің ақиқатын түсініп, оның сөзінің дұрыстығына сенді. Бірақ олардың хақ сөзін қабылдамауына себеп болған нәрсе, ол – олардың артықшылық талап етуі болды. Олар үшін әлеуметтік тұрғыдан өздерінен төмен сатыда тұрған адамға бағыну қиын іс болды. Сол себепті перғауындықтар үлкен зұлымдық жасады. Олар Мұсаның өздерінен басымдылығын қабылдамау үшін оны сиқыр мен жадымен айыптады. Бірақ Мұса мен оның дініне зұлымдық жасау шын мәнінде олардың өздеріне жасалған зұлымдық болды. Себебі олар Ніл өзеніне батып, тағдырлары аянышты күйде аяқталды.
Осы аяттардан үйренетініміз:
1.Иманның деңгейі ғылым мен сенімнен жоғары. Адам жүрегінде ақиқатқа сеніп, оның шындығын түсіне тұра бәрібір оны теріске шығарып, Хақтың алдында мойынсұнуға дайын болмайды. Иман – Хақтың алдында мойынсұну деген сөз.
2. Хақты қабылдаудағы кедергілердің бірі – тәкәппарлық пен артықшылық талап ету. Бұлар адамның басқаларды өзінен төмен санап, олардың сөздерімен санаспауға себеп болады.
3.Бейбастақтардың ісінің соңы – құрдым.
«Нәміл» сүресінің 15-16 аяттары:
«وَلَقَدْ آتَیْنَا دَاوُودَ وَ سُلَیْمَانَ عِلْمًا وَ قَالَا الْحَمْدُ لِلَّـهِ الَّذِی فَضَّلَنَا عَلَى کَثِیرٍ مِّنْ عِبَادِهِ الْمُؤْمِنِینَ»، «وَوَرِثَ سُلَیْمَانُ دَاوُودَ وَقَالَ یَا أَیُّهَا النَّاسُ عُلِّمْنَا مَنطِقَ الطَّیْرِ وَأُوتِینَا مِن کُلِّ شَیْءٍ إِنَّ هَـذَا لَهُوَ الْفَضْلُ الْمُبِینُ»
Рас, Дәуіт пен Сүлеймен (Ғ.С.) ге ғылым бердік те олар: "Барлық мақтау, бізді мүмін құлдарының көбінен артық қылған Аллаға лайық" деді. (15) Сүлеймен Дәуіт (Ғ.С.) ке мұрагер болды да: "Әй, адамдар! Бізге құс тілі үйретілді. Сондай-ақ бізге әр нәрсе берілді. Рас, бұл, әлбетте ашық бір артықшылық." (16)
Хазірет Мұсаның оқиғасын баяндағаннан кейін осы аяттар хазірет Дәуіт пен хазірет Сүлейменнің оқиғаларына сілтеме жасайды. Бұлар – басқа пайғамбарлардан жағдайлары толығымен бөлек екі пайғамбар. Олардың ерекшеліктері мынада болды: олар елді басқару үшін үкімет құрды. Егер басқа пайғамбарлар үнемі адамдардың азаптауларына душар болып, қалалары мен өлкелерінен қуылған болса, бұл екі пайғамбар билік пен құдіреттің шыңына жетті. Тіпті адамдар ғана емес, жындар да олардың бұйрығына бағынды.
Осы аяттар Дәуіт пен Сүлейменнің салтанатты құдіреті мен үкіметінің сырын Құдай оларға сыйлаған ғылым мен білімде деп атайды. Олар соның негізінде үлкен үкіметтің негізін қалады. Сол екі пайғамбар қадірі мен құнын білген білім үшін, олардың ғылымға ие болып, басқа адамдардан артық болуына себеп болған ғылымды өздеріне сыйлағаны үшін Құдайға алғыс айтқан.
Аяттардың жалғасы Алланың ғылымдарының бірін құстардың тілін түсініп, барлық мүмкіндіктер мен материалды нығметтерден пайдалана алуы деп атап, оны Құдайдың айқын мейірімі мен даналығының дәлелі санайды.
Осы аяттардан үйренетініміз:
1.Пайғамбарлардың ғылымы – илаһи аян арқылы оларға тарту етілген илаһи ғылым.
2. Дін саясаттан бөлек емес. Пайғамбарлық билікпен біріккен кезде мүміндердің діни үкімет құру мақсатында немесе тым болмағанда үстемшіл мемлекеттермен күресу үшін саяси істерге енуі қабылданған іс.
3. Ел билеушілердің жеке немесе партиялық талғамдары бойынша емес, ғылым мен білім негізінде басқарылуы керек.
4. Біздің ықтиярымыздағы ғылым мен нығметтердің өзіміздің лайықтылығымыздың емес, Құдайдың мейірімі мен даналығы екендігін білейік. Сол себепті кеудемізді керіп, Құдайды ұмытқанша оның дәргаһына шүкір айтушы болайық.