Нәміл сүресі, 669-шы бөлім, 29-35 аяттар
Нәміл сүресінің 29-35 аяттарының тәпсірі
«Нәміл» сүресінің 29-30-31 аяттары:
«قَالَتْ یَا أَیُّهَا الْمَلَأُ إِنِّی أُلْقِیَ إِلَیَّ کِتَابٌ کَرِیمٌ»، «إِنَّهُ مِن سُلَیْمَانَ وَإِنَّهُ بِسْمِ اللَّـهِ الرَّحْمَـنِ الرَّحِیمِ»، «أَلَّا تَعْلُوا عَلَیَّ وَأْتُونِی مُسْلِمِینَ»
(Саба патшайымы): "Уа, бастықтар! Маған бір елеулі хат тасталды" деді. (29) "Ол Сүлейменнен (оның мағынасы төмендегідей): «Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен» (бастаймын" дейді.) (30) "Маған ұлықтық қылмаңдар, өзіме бағынған түрде келіңдер!",-(делінген.) (31)
Алдыңғы бағдарламада хазірет Сүлейменнің Саба өлкесінің жағдайы мен халқының күнге табынатындықтары жайлы білгеннен кейін хат жазып, сол хатты жеткізуге бәбісекті жауапты етіп тағайындағанын, бәбісектің Саба патшайымының сарайына барып, хатты патшайымның жанына тастағанын айттық.
Осы аяттар былай дейді: «Саба патшайымы хатты көріп, мына әдемі хат тасушы құс хатты үлкен адам тарапынан әкелді» деді. Оның айналасында хабарлар мен оқиғаларды солармен ортаға салып, пікірлесетін адамдары мен кеңесшілері болды. Соларды шақырып, оларға хатты өзі оқып берді.
Хат Құдайдың атымен басталған болатын. Оның мазмұнын екі мәселе құрады: бірі – Хаққа мойынсұну, екіншісі – Сүлейменнің үкіметі алдында бағынбаушылық танытудан аулақ болу.
Осы аяттардан үйренетініміз:
1.Барлық істерді мейірімді де рақымды Құдайдың атымен бастайық. Тіпті кәпір адамдарға хат жазғанда да «Мейірімді де рақымды Алланың атымен» деген сөйлемді ұмытпайық.
2.Өзін артық санау, оның өзі Құдайдың пайғамбарларының алдында артықшылық таныту адамды Хақтың алдында мойынсұнудан кенде етеді.
«Нәлім» сүресінің 32-33 аяттары:
«قَالَتْ یَا أَیُّهَا الْمَلَأُ أَفْتُونِی فِی أَمْرِی مَا کُنتُ قَاطِعَةً أَمْرًا حَتَّى تَشْهَدُونِ»، «قَالُوا نَحْنُ أُولُو قُوَّةٍ وَأُولُو بَأْسٍ شَدِیدٍ وَالْأَمْرُ إِلَیْکِ فَانظُرِی مَاذَا تَأْمُرِینَ»
"Әй, бастықтар! Маған ақыл беріңдер. Сендер болмайынша, бір іске шешім қабылдамаймын" деді. (32) Олар: "Біз күшті, мықты жауынгерміз. Әмір беру саған тән. Қане не бұйырасың!",- десті. (33)
Саясаткер, алысты болжайтын әйел болған Саба патшайымы хазірет Сүлейменнің хатын оқыған соң алдында тұрған елінің атқамінерлері мен әскерінен хатқа қандай жауап беруі керектігін сұрады. Бұл кеңесудің оған Сүлеймен патшамен күресу үшін айналасындағылардың дайындығынан хабардар болып, ең жақсы тәсілді таңдауына көмек беретіндігі түсінікті іс.
Патшайымның кеңесшілері мен әскерінің қолбасшылары өздерінің мықты күш-құдірет пен орасан зор соғыс әлеуетіне ие екендіктерін айтып мақтанып, Сүлеймен тарапынан болатын ықтималды кез келген шабуылға өздерінің дайын екендіктерін мәлімдеді.
Шындығында олар хаттың мазмұнынан Сүлеймен соғыс жариялады деп түсінген болатын. Көптеген елдердің әскери басшылары сынды олар мойынсұнудың орнына соғыс жолын ұсынды. Бірақ өздерінің дайындықтарын жариялаудың соңында қандай бұйрық берсе де, орындайтындықтарын, оның пікіріне қарсы іс жасамайтындықтарын айтып, кесімді шешім қабылдауды патшайымның өзінің ықтиярына берді.
Осы аяттардан үйренетініміз:
1.Бір мемлекет үшін тәкәппарлық пен артықшылық талап етпейтін жағдайда және хақты қабылдауға кедергі болмайтын болса әскери күш-қуат пен әлеует қажет.
2.Үкіметтің істеріне байланысты мәселелерде кеңесу қажеттілік болып табылады. Алайда істердің барысы шиеленісіп, бейберекеттік орын алмауы үшін соңғы шешімді бір адам қабылдауы керек.
«Нәміл» сүресінің 34-35 аяттары:
«قَالَتْ إِنَّ الْمُلُوکَ إِذَا دَخَلُوا قَرْیَةً أَفْسَدُوهَا وَجَعَلُوا أَعِزَّةَ أَهْلِهَا أَذِلَّةً وَکَذَلِکَ یَفْعَلُونَ»، «وَإِنِّی مُرْسِلَةٌ إِلَیْهِم بِهَدِیَّةٍ فَنَاظِرَةٌ بِمَ یَرْجِعُ الْمُرْسَلُونَ»
(Балғис оларға): "Сөз жоқ, патшалар қашан бір мемлекетке кірсе, ол жерді бұзып, елінің құрметтілерін қор етеді. Осылайша істейді" деді. (34) "Әрине оларға бір сәлемдеме жіберіп, елшілер арқылы не жауап қайтаратындығын күтемін." (35)
Саба патшайымы елінің ақсүйектері мен үлкендерінің пікірі мен олардың соғысқа дайындығын естіген соң өзінің шешімін баяндап: «Егер соғысқа кіретін болсақ, қирау мен бейбастақтық, өлімнен басқа нәтижеге жетпейміз. Себебі үстемшілдікті қалайтын билеушілер қай қаланы басып алса да, үйлерді қиратып, адамдарды өлтіріп немесе оларды құлдыққа түсіріп, сол өлкенің халқын қорлық пен босқындыққа ұшыратады. Ондай болса, соғыс жариялаудың орнына олар хат жолдағанда қандай мақсатты көздеді екен соны білу үшін қарсыластар туралы көбірек мағлұматқа қол жеткізейік» деп, оның жауабын білу үшін Сүлейменге бағалы сыйлық жібермек болды. Сыйлық жіберу арқылы соғысты қаламайтындықтарын білдіргенде іс сонымен аяқталады ма жоқ, әлде олардың негізгі мақсаттары осы өлкені жаулап алып, билік құру ма? Сол кезде Сүлейменнің жауабына қарап, онымен соғысу керек пе, әлде басқа жолды таңдау керек пе? Осы туралы тиісті шешім қабылдауға болады. Бәлкім, Саба патшайымы сыйлық жіберу арқылы Сүлейменнің шынымен Құдайдың нағыз пайғамбары ма, әлде басқа елдерге үстемдік етуді көздеп, билікке масаттанған патша ғана ма екен, соны сынағысы келген болар. Себебі ол пайғамбарлардың бұл дүниенің байлығына қызықпайтындықтарын, хақты уағыздаудан бас тартпайтындықтарын білді. Шын мәнінде өздерінің жеке бас мүдделері мен билік пен байлыққа жету үшін кез келген іске баратын тек дүниеге тәуелді патшалар екендігін ол білді.
Осы аяттардан үйренетініміз:
Бейбастақтықты таратып, соғыс пен қантөгісті жаю – басқаларға үстемдік жасауды көздейтін илаһи емес үкіметтердің тәсілі.
Кейде басқалар тарапынан берілетін сыйлықтардың бізді сынау үшін немесе хақты бұзатын пара болуынан сақ болайық.