Қаз 18, 2016 18:26 Asia/Almaty
  •  Жетекшілік хадисі 89

Үнсіздік сақтау – исламдық рауаяттарда көп насихатталған жағымды ахлақтық сипаттардың бірі. Үнсіздік сақтау туралы Алланың елшісі: «Мүміннің үндемей отырғанын көрген кезде оған жақындаңдар, оның білімі мен хикметі сендерге ауыссын»,- деген. («Бихар әл-Анвар» 75-ші том).

Тіл – адамның ең маңызды дене мүшелерінің бірі. Тіл адамның ақылы, ой-өрісі мен болмысының белгісі. Адам сөйлеген кезде шын мәнінде өзінің болмысы мен ойындағысын көрсетеді. Сондықтан үнсіздік сақтап, тілді пайдасыз сөздермен ластамау адамның болмысын қорғауға көмектеседі. Имам Бақер (ғ.с.) тілді адамның ең маңызды дене мүшелерінің бірі деп атап: «Расында, тіл – барлық жақсылықтар мен жамандықтардың кілті, сондықтан мүмін алтын мен күміс салынған қаптың аузын жауып, құлып салғаны сынды, тілін де құлыптауы керек»,- деген. Үнсіздік сақтау көптеген күнәдән құтқарады. Үнсіздік таныту – жәннәтқа кіргізетін кілт. Исламның ұлық пайғамбарының хадистерінің бірінде былай деп айтылған: «Хазірет сахабаларының біріне: «Саған Алла сол арқылы сені жәннәтқа кіргізетін нәрсе туралы айтайын ба?»- деп сұрағанда сахабасы: «Иә, Алланың елшісі!»- деді. Хазірет оған зұлымдық көргендерге көмектесу туралы кеңес беріп, содан соң: «Сөзің жақсылық болмаса, үндеме»,- деді». Үнсіздік сақтаудың оң әсерлерінің бірі – абырой. Имам Әли (ғ.с.)-ның хадистерінің бірінде: «Үнсіздік сақтау – үстіңдегі абыройдың киімі; кешірім сұрау қиындықтан алыстатады»,- деді. Көп сөйлейтін адамның қателіктері де көп болады. Қателіктер оның беделін төмендетеді. Сонымен бірге оны сан рет кешірім сұрауға мәжбүрлейді.  Имам Әли (ғ.с.)-ның келесі бір хадисінде: «Үнсіздік таныту адамның абыройына себеп болады. Ол әділ болуы арқылы достарының санын арттырады. Жомарттықтың арқасында адамның қадірі мен беделі жоғарылайды. Қарапайымдылық нығметті кемелдендіреді. Шығындарын өтеуінің арқасында адамның ұлылығы дәлелденіп, әділ тәсілмен қарсыластары сәтсіздікке ұшырайды, ақылсыздыққа сабырлық таныту адамның достарын көбейтеді»,- деген. («Наһдж ул-Балағе» 224-ші хикмет). Имам Реза (ғ.с.) да үнсіздік танытуды даналықтың белгілерінің бірі деп атап: «Даналықтың үш белгісі бар: сабыр сақтау, білім және үнсіздік таныту. Расында, үнсіздік таныту – жақсылыққа жол нұсқайтын хикмет есіктерінің бірі»,- деген. Адам сөйлегісі келген кезде алдымен сөзінің қандай жолдауды жеткізгісі келетіні туралы ойлануы керек. Егер айтайын деген сөзінің орынды әрі жақсы хабары болмаса, үндемегені абзал. Имам Әли (ғ.с.): «Өз нәпсімді тәрбиелеуге кірісіп, барлық жағдайда илаһи тақуалықты ұмытпаудан артық нәрсенін жоқ екенін түсіндім. Егер нәпсім бұл істі орындай алмаса, өтірік айту мен ғайбаттан алыстағаным дұрыс. Сол себепті, егер айтайын деген сөзің күміс болса, үнсіздік танытуың – алтын»,- деген болатын. Бір адам Алла елшісінің қасына келіп, Ислам мен оның жетістіктері туралы басқалардан сұраудың қажеті болмайтындай не істеу керектігін сұрағанда Алла елшісі: «Аллаға иман келтіріп, осы жолда табанды бол»,- дейді. Ол өзің неден қорғау қажеттігін сұрағанда Пайғамбар өз тілін ишаралап көрсетеді. Алайда үнсіздік таныту туралы хадистердің негізгі мақсаты адамның аузын жауып, тіпті өзі немесе басқалардың құқықтары туралы үнсіздік таныту немесе басқаларға жол нұсқамау керек деген сөз емес. Үнсіздік сақтаудың мақсаты бос сөз айтудан бойды аулақ салу. Имам Садық (ғ.с.)  үндемеудің ережелері туралы иман келтірген адамдардың біріне берген ақыл-кеңестерінде: «Үнсіздік таныту – әлемнің  шындықтарына қырағы қарайтын адамның ұраны. Өткеннің шындықтарын зерттеген адам кітаптарда жазылмаған шындықты баяндайды. Үнсіздік сақтау Алланың ризалығына себеп болуымен бірге адамдардың нәпсілік талап-тілектерін тоқтатады. Сонымен бірге  адамның ойлануына себеп болады. Үнсіздіктің пайдаларынан хабардар болып, мәжбүр болмасаңдар, әсіресе Алла үшін  және Алла жолында сөйлесетін адам таппасаңдар, ауыздарыңды жабыңдар. Адамды өлтіретін және құтқаратын құрал сөйлеу және үнсіздік»,- деп ескертті.