Ұлы тұлғаның алдында 44
Имам Джавад (ғ.с.) мен имам Хади (ғ.с.)-ның өмірбаянымен Иран Ислам революциясының қазіргі таңдағы жетекшісі аятолла Хаменеидің сөздері арқылы таныстырамыз.
Аятолла Хаменеи Алла елшісінің ұрпағының тоғызыншы имамы хазірет Джавад (ғ.с.) туралы: «Имам Джавад (ғ.с.) еркін пікірталастың іргетасын қалаған бірінші адам болды. Ол Мамун Аббасидің алдында ғұламалармен ең маңызды мәселелер туралы пікір алмасып, өз сөзінің ақиқат екенін дәлелдеді. Еркін пікірталас – біздің исламдық мұра. Еркін пікірталас имамдар кезінде кеңінен таралып, имам Джавад (ғ.с.)-ның кезінде имамның құралына айналды»,- деді. Тарихтың алтын беттерінде исламның ұлық пайғамбарының пәк әулетінің іс-қимылдары мен ғамалдарынан сабақ алу туралы көп қуатталған. Әкесі имам Реза (ғ.с.) шәһид болғаннан кейін шамамен сегіз жасында имамат міндетін өз мойнына алған имам Джавад (ғ.с.)-ның ғылыми пікірталастары туралы рауаяттар тыңдауға тұрарлық. Имам Джавад (ғ.с.) әртүрлі исламдық және исламдық емес ағымдар пайда болып дамыған және әйгілі ғұламалар өмір сүрген, сонымен бірге басқа халықтардың ғылымы алға ілгерілеп, көптеген кітаптар араб тіліне аударылған кезеңде жасына қарамастан ғылыми пікірталастарға қатысты. Ол аталары сынды пікірталастарға қатысқан барлық ғұламалар мен ойшылдардың сұрақтарына жауап берді. Мамун және одан кейін Мүттасам Аббаси еш уақытта білімнің бұлағы мен дұрыс жолға нұсқайтын шырақты өшіре алмады. Алла елшісі немерелерінің халықтың арасындағы беделінің дамуынан қорыққан Аббаси халифасы Мамун имам Реза (ғ.с.)-ның перзенті имам Джавад (ғ.с.)-ға ғылыми және діни мәселелерге қатысты пікірталастар арқылы қысым көрсетпек болды. Ол сол кездегі ғылыми және діни үлкендерді жинап, жүзі нұрлы жасөсіпірімнің абыройын төкпек болды. Егер имам Джавад (ғ.с.) пікірталастарда жеңілсе, Мамун үшін имамат сәтсіздікке ұшыраған болатын еді. Мамун өз мақсатына жету үшін сол заманның танымал тұлғасы 60-70 жастағы Яхья бен Аксамды шақырып, жасөспірім имам Джавад (ғ.с.)-ға қарсы қойғысы келді. Бірақ имам Джавад (ғ.с.) жасына қарамастан қарт адамға құрмет білдіріп, оңай жауап берді. Имам Джавад (ғ.с.) әрқашан пікірталастарда жеңіп шықты. Имамның жауаптары терең әрі толық болды. Бұл жолғы пікірталасқа бір жағында 8-10 жастағы бала, екінші жағында 60-70 жастағы қарт адам қатысқандықтан, халық оның нәтижесін күтті. Ғылыми және діни ғұламалардың имам Джавад (ғ.с.)-нан жеңілуі халықтың бұл пәк жасөспірімге деген махаббатын арттырды. Сөйтіп, имам Джавад (ғ.с.)-ды халықтың алдында кемсітіп, әлсіз көрсетпек болған Мамун пікірталастар ұйымдастырып, өзі ойламаған жерден мұсылмандардың жүректерін имамға жақындатты. Дұрыс жолға нұсқаған шырақ және білімнің сарқыраған бұлағы имам Джавад (ғ.с.) 17 жыл имамат міндетін атқарып, әкесі мен аталары сынды Исламның шындықтарын таратып, әйгілі шәкіріттер мен сахабаларын тәрбиелеп, 25 жасында Мүттасам Мамунның қолынан қаза болды.
Имам Хади (ғ.с.) хиджри қамари жыл санағы бойынша 220-шы жылы әкесі шәһид болған соң сегіз жасында имамат міндетін өз мойнына алды. Имам Хади (ғ.с.)-ның берекелі өмірі кезінде Аббаси халифаларының үкіметі құлдырай бастады. Абасси халифаларының халыққа көрсеткен зұлымдығы мен қысымдары халықтың оларға жиіркеніш білдіріп, Пайғамбар әулетіне қарай бет бұрып, олардың жолына түсуіне себеп болды. Имам Хади (ғ.с.) мен оның ата-бабаларының күнәмен ластанбаған өмірлері, сонымен бірге олардың тақуалығы мен қарапайымдылығының қасындағы имам Хади (ғ.с.)-ның ғамалдары мен мейірімділігі жүректерді қызықтырып, күннен күнге пайғамбар әулеті мен шынайы исламның жақтастарының санын арттырды. Үлкен атасы Әли бен Абитолеп сынды қарапайым және тақуа өмір сүрген имам Хади (ғ.с.) Аббаси халифалары тарапынан көптеген қиындықтармен кезікті. Имам Хади (ғ.с.) 33 жылдық имаматы кезінде алты халифаны көрді. Солардың ішінде Мотаваккел имамға көп қысым көрсетті. Ол имам Хади (ғ.с.)-ды Мединеден өз үкіметінің орталығы Самерраға әкеліп, имамның барлық қарым-қатынастарын жақыннан өз бақылауына алды. Мотаваккел пайғамбар әулетінің дұшпаны болып, Алла елшісінің жақтастарын қамап немесе өлтіріп, мүлкін тартып алатын. Имам Хади (ғ.с.) мұндай қиын жағдайда қарым-қатынас арналарын ұйымдастырып, пайғамбар әулетінің достары және жақтастарымен байланыс орнатты. Ол Құм мен Хамедан, Медине мен Мекке, Ирактың оңтүстігі мен Йемен және Мысыр сынды әртүрлі жерлерге пайғамбар әулетінің сөздерін жеткізді. Аятолла Хаменеи имам Хади (ғ.с.)-ның саяси тәсілі туралы былай деді: «Имам Хади (ғ.с.) мен сол кездегі халифалардың арасындағы қақтығыста имам жеңіске жетті. Бұл туралы ұмытпай, барлық сөзімізде айтып отыруымыз керек. Имам Хади (ғ.с.)-ның имаматы кезінде алты халифа бірінен кейін бірі билікке келді. Олардың соңғысы имамды өлтірген Мұтаз болды. Бірақ оның өзі де көп ұзамай өлді. Бұл халифалардың көбі қорлық көріп, біреуі ұлының, келесісі бауырының баласының қолынан өлді. Сөйтіп Аббаси әулеті үкіметтен кетті. Шиіттер болса керісінше, қысымдарға қарамастан, имам Хади (ғ.с.) мен имам Аскари (ғ.с.)-ның кезеңдерінде күшейді. Имам Хади (ғ.с.) 42 жыл өмірінің 20 жылын Самеррада өткізді. Самерра әскери база сынды болды. Оны Муттесам салған болатын. Дәл осы Самерра қаласында имам Хади (ғ.сү.)-ның кезінде біраз танымал шиіттер жиналып, имам оларды басқарып, солардың арқасында имаматты ислам әлемінің жер-жеріне таратты. Ол шиіттердің арналарын Құм, Хорасан, Рей, Медине, Йемен мен шалғай аймақтарға дейін жеткізіп, күннен күнге мүміндердің санын көбейтті. Имам Хади (ғ.с.) бұл жұмыстарын қатты қысымға қарамастан іске асырды». Діни жетекші сөзінің жалғасында имам Хади (ғ.с.)-ның қиындықтар мен қысымдарға қарамастан Аббаси халифаты олар туралы хабарсыз болған көптеген шәкірт тәрбиелегеніне тоқталып: «Имам Хади (ғ.с.)-ның шәһид болуы туралы хадистің бірінде Самеррада біраз шиіттердің жиналғаны, олар туралы үкімет басындағылардың білмегені, өйткені егер білсе барлығын өлтіретіндігі айтылған»,- деді. Аятолла Хаменеи сөзінің соңында пайғамбар әулетінің берекелі өміріндегі маңызды мәселелерге тоқталып: «Бұл тұлғалардың өмірінің бір күні бірнеше жылға тең. Олардың өмірлерінің бір күні жамағаттың бірнеше жыл орындайтын жұмысына тең. Осы тендессіз тұлғалар дінді сақтап қалды. Олардың талпыныстары шиіттерді ғана емес, Құран, Ислам және діни тағылымдарды қорғады. Бұл Алланың әулиелерінің, оның шынайы пенделерінің ерекшелігі»,- деді.