Иран ертегілері мен аңыздары (130)
Айтып өткеніміздей, «Мың бір түн» кітабындағы ертегілердің мазмұндары әралуан. Солардың бірі – ғажайыптар. Осыған қатысты бірнеше мысал келтіріп, «Мың бір түн» кітабындағы ойын ережесінің өмірді бір сәттік ғажайыпқа айырбастау екенін айттық. «Мың бір түн» кітабының басты кейіпкері Шахризаданың өмірі де осы ережеге, яғни ғажайып әңгіме айтып, таңқалдыруға бағынады.
«Мың бір түн» кітабын сынаушылардың көбінің сенімінше, осы кітаптағы адамдар ең алыс жерден бір-біріне жеткенде «Мені таңқалдыр» деп айтады. Бұл мазмұн Иранның басқа ұлы ақындары мен әдебиетшілерінің туындыларынан да байқалады. Моулави өз өлеңінде осыған ұқсас мазмұн келтірген: базарға бар да, киіміңді сат, содан соң соның ақшасына ғажайып сатып алуға тырыс. «Мың бір түннің» әлемі де осы мазмұнға негізделген. Бұл әлемде адам кінәлі болғаны-болмағаны үшін емес, ертегіні жалықтырып айтқаны үшін өлтіріледі немесе кешіріледі. «Мың бір түн» әлеміндегі өмірдің құны шұғыл бақытқа кенелтуге тең. Бұл әлемде әрдайым барлық нәрсе болуы ықтимал. Әрбір амалдың болжанбаған салдарлары бар. Әр нәрсенің ерекше әрі сиқырлы өмірі бар. Шын мәнінде бұл нәрселердің болмысы сыртқы көрінісінен мүлде басқа.
Аңшы құмыраның ауызын ашып, дәуді босатады. Аспазшы тамақ пісіріп жатады, бірақ шын мәнінде не істеп жатқанын біле ме? Өйткені шын мәнінде ол періні шақырып жатқан еді. Бұл пері бамбуктен жасалған асасымен аспазхананың қабырғасын теседі. Ғашық жігіт ағасының қызын құдықтан шығарып жатырмын деп ойлайды, бірақ қорқынышты жынды арқанмен жоғарыға тартып алып шығады. Жындар өз достарын иықтарына отырғызып алып ұша жөнеледі, бірақ құрманың сүйегі оларға тисе, олардың өліп қалатынын білу керек. «Мың бір түн» әлемі – себепсіз әлем. Бір батырманы басқанда бұл әлем қозғалысқа түсетіндей. Ол мағынасы беймәлім реакцияларға бағынады.
Енді Иранның аңыз-әңгімелері әлеміне саяхат жасап, «Мың бір түн» атты құнды еңбектен сіздер үшін таңдалынып алынған «Саудагер мен құбыжық» атты ертегінінің жалғасын тыңдауға шақырамыз.
Айтып өткеніміздей, көп саяхаттаған саудагер әдеттегідей жолға шығады. Жолда шаршағанын басу үшін бір ағаштың түбіне отырып, қолындағы нан мен құрманы жеп, оның сүйегін жерге лақтырып тастайды. Құбыжық пайда болып: «Құрманың сүйегімен менің баламды өлтірдің. Сондықтан мен сені өлтіремін»,-дейді. Саудагер одан өз қаласына барып, мал-мүлкін балалардың арасында бөліп, қайтып оралу үшін бір жылға рұқсат сұрайды. Құбыжық оған мұрсат береді. Саудагер бір жылдан кейін әлгі ағаштың түбіне қайтып оралып, өз жағдайына налып жылайды. Әлгі жерден үш қария өтіп, оның хал-жағдайын сұрайды. Ол өзінің басынан өткен барлық оқиғаны оларға баяндап береді. Олардың бірі бір киікті, екіншісі екі қара итті жетектеген екен, ал үшіншісі салт атты болыпты. Құбыжық пайда болған кезде киікті жетектеген қария одан оны таңқалдыратын бір ертегінің есесіне саудагердің қанының үштен бірін қиюын сұрады. Құбыжық келіседі. Қария былай деп баяндап береді: оның әйелі ол жоқта қызметші мен оның ұлын сиқырлап, сиыр мен бұзауға айналдырып, малшыға берген, ал қарияға «олар қашып кетті» деп айтқан. Қария Құрбан айты кезінде малшыдан сиырды құрбандыққа шалуды сұрайды. Шын мәнінде бұл сиыр әлгі қызметші әйел екенін қария білмеген. Сиырды сойғанда етсіз құр сүйек екенін көреді. Бұзауды құрбандыққа шалайын дегенде ол мөңіреп жылайды. Қарияның ағасының қазір киікке айналған қызы сол күні малшыға қариямен бірге барған еді. Ол тура осы бұзауды бауыздауды сұрап қоймайды, алайда қария оны малшыға сыйлаған. Қария өз әңгімесін былай деп жалғастырды:
Малшы бұзауды алып, кетіп қалды. Ертеңінде малшы менің алдыма келіп: «Менің бір қызым бар. Ол бала кезінде бір кемпірден сиқырлауды үйренген. Мен бұзауды үйге алып келгенімде қызым өзінің бетін жасыра қойып, жылап, артынан күлді де: «Әке, бейтаныс ер адамды үйге неге әкелдің?»-деді. «Қайдағы ер адам? Сен неге алдымен жылап, сосын күлдің?»-дедім. Қызым: «Бұл бұзау – саудагердің баласы. Өгей шешесі оны мен оның анасын сиқырдың күшімен сиыр мен бұзауға айналдырған. Күлгенімнің себебі – осы. Ал жылауымның себебі – оның анасын менің әкем бауыздап тастады»,-деді. Ей, құбыжықтардың әмірі, бұл құпияны малшыдан естігенде үйден атып шықтым. Ұлымның тірі екеніне қуанышты едім, ұшып отырып малшының үйіне бардым. Малшының қызы менімен амандасып, қолымды сүйіп, шетке қарай тұрды. Содан кейін әлгі бұзау алдыма келіп, мұрнын жерге сүйкеп, аунай бастады. Мен малшының қызына: «Бұзау жайлы айтқаның шындық па?»-дедім. Қыз күліп: «Ия, бұл сенің ұлың»,-деді. «Егер оны осы сиқырдан азат етсең, саған көп мал-мүлік беремін»,-дедім. Қыз күліп: «Маған мал-мүліктің қажеті жоқ. Егер оны сиқырдан азат етсем, ұлыңды маған үйлендіремін деп уәде бер. Және оны сиқырлаған адамды сиқырлауға рұқсат ет. Өйткені үйтпесем, ұлың ешқашан әлгі адамның қастандығынан аман қалмайды»,-деді. «Әйелімнің қанын саған халал етемін. Білген ісіңді істе»,-дедім. Малшының қызы бір ыдысты суға толтырып, дуа оқып, суды бұзауға шашып жіберді. Бұзау бірден адам қалпына енді. Мен оны құшақтай алып, көздерінен сүйіп, малшының қызына үйлендірдім. Содан соң малшының қызы әйелімді сиқырмен киікке айналдырды. Сол киігің – осы. Қайда барсам да, оны өзіммен бірге алып жүремін. Осы жерге келгенде мына саудагерді кезіктіріп, оның оқиғасын естідім, сондықтан арты не болар екен деп осында қалдым. Ей, құбыжықтардың әмірі, мені мен киіктің хикаясы – осы. Құбыжық: «Ғажайып әңгіме болды. Мына саудагердің қанының үштен бірін саған қидым»,-деді.