Қаз 25, 2016 17:24 Asia/Almaty

шұғыра-сүресі,-641-ші-бөлім,-27-33-аяттар

«Шұғара» сүресінің 27-28 аяттары:

قَالَ إِنَّ رَ‌سُولَکُمُ الَّذِی أُرْ‌سِلَ إِلَیْکُمْ لَمَجْنُونٌ»، «قَالَ رَ‌بُّ الْمَشْرِ‌قِ وَالْمَغْرِ‌بِ وَمَا بَیْنَهُمَا إِن کُنتُمْ تَعْقِلُونَ»

(Перғауын): "Сендерге жіберілген Пайғамбар мүлдем жынды" деді. (27) (Мұса Ғ.С.): "Егер түсінетін болсаңдар Ол шығыс пен батыстың және арасындағылардың Раббы" деді. (28)

Алдыңғы бағдарламада хазірет Мұса мен Перғауынның оның қызметшілерінің алдында айтылған  сұхбаты баяндалды. Сол сұхбатта Перғауын Мұсаның сөздері өзінің айналасындағы адамдар мен қызметшілеріне әсер етпеуі үшін билігіне арқа сүйеп, Мұсаны кемсітіп, келеке етті. Осы бағдарламада сол сұхбаттың жалғасын тыңдаймыз.

Перғауынның әдепсіздігі шегіне жетіп, Мұсаны балағаттады. Перғауын оны «жынды» деп атап, айналасындағы адамдарға «Құдай сендерге жетекшілік етуге жіберген адамның ақылы жоқ» деді. Бірақ Мұса әдеп сақтап, Перғауынның қызметшілеріне: «Сендердің ақылдарың бар ғой. Егер аздап ойлансаңдар Құдайдың «Мен сендердің ең артық Пәруәрдігерлеріңмін» деп уәж айтатын Перғауын емес, әлемнің батысы мен шығысының Пәруәрдігері екендігін түсінесіңдер. Перғауын жердің бір бұрышында, Мысырда ғана билік етеді. Жердің басқа бөлігі оның билігі мен үстемдігіне кірмейді» деді.  Бұл сөздер Перғауынның «Сен ақымақсың» деген тіл тигізушілік сөзіне берілген Мұсаның «Мен ақымақ емеспін. Ақымақ Пәруәрдігердің осыншама белгілері мен нышандарын көре тұра оның алдында басын имейтін адам» деп айтқысы келген жауабы болды.   Осы аяттардан үйренетініміз:

1.Үстемшіл, хақты теріске шығаратын адамдар ойланып, ақылға салудың орнына тил тигізіп, қорлау және келеке ету тәсілін қолданады.

2. Пайғамбарлардың қарсыластарының құралдарының бірі ұлыларды жын соққан  деп айыптауларында. 3. Жер мен аспандағы тұрақты жаратылыс жүйесінің заңдылықтарынан, жердің күнді айналуынан, сонымен қатар күннің белгілі бір уақытта шығып, белгілі бір уақытта батуынан жаратылыс әлемінің дана Пәруәрдігер тарапынан басқарылатындығын түсінеміз.

  «Шұғара» сүресінің 29-30-31 аяттары:

 «قَالَ لَئِنِ اتَّخَذْتَ إِلَـهًا غَیْرِ‌ی لَأَجْعَلَنَّکَ مِنَ الْمَسْجُونِینَ» ، « قَالَ أَوَلَوْ جِئْتُکَ بِشَیْءٍ مُّبِینٍ»، «قَالَ فَأْتِ بِهِ إِن کُنتَ مِنَ الصَّادِقِینَ» 

(Перғауын): "Егер менен басқаны тәңір етіп алсаң, әрине сені зынданға саламын.",- деді. (29) (Мұса Ғ.С.): "Егер саған ашық дәлел келтірсем де ме?",- деді. (30) "Егер рас айтсаң, әкел" деді. (31)

 Перғауын қорлау мен тіл тигізушіліктің іске жарамайтынын, Мұсаның өз сөзінен қайтпайтынын көрген кезде оны ұстап алып, азаптайтынын айтып, қоқан-лоққы жасап: «Сен не айтсаң да сенің алдында үнсіздік танытып, сен пайғамбарлығың туралы уәж айтып, халықты бізге қарсы бүлікке қарсы қоюың үшін сені жайына қалдырады деп ойлама. Ей, Мұса! Егер менен басқа Құдайды таңдап, адамдарды Ол жаққа шақырамын десең бұл сарайдан шықпайсың. Зынданға қамалып, сол жерде бұл уәждеріңнен бас тартуың үшін азапталасың» деді. Алайда Мұса Перғауынның қоқан-лоққылары алдында Алланың құдіретін айтып: «Мен Оны қабылдап, табынатын Құдай тарапынан айқын белгілерге иемін. Сені мен сарай қызметшілерің ондай әкелу қолдарыңнан келмейтін белгілерім бар» деді. Мұндай кесімді жауапты естуді күтпеген Перғауын сене алмай: «Егер мұндай күшке ие болсаң, біз де оны көрейік. Көрсет!» деді. Осы аяттардан үйренетініміз: 

1. Қысым мен қатігездік – хақ сөзді айтуға ғана емес, сондай-ақ шындықты айтатындарды зынданға тастап, азаптайтын тағұттық жүйелердің белгілерінің бірі. 

2. Қоқан-лоққы жасау – зұлым режимдердің құралдарының бірі. Сол себепті діни жетекшілер өздерін зұлымдық пен бейбастақтықпен күрес жолындағы қиындықтармен күреске дайындаулары керек. 

3. Мұғжиза – пайғамбарлардың хақты теріске шығарушылардың алдында ұсынған, шындықты дәлелдейтін жолдардың бірі.

 «Шұғара» сүресінің 32-33 аяттары:

«فَأَلْقَى عَصَاهُ فَإِذَا هِیَ ثُعْبَانٌ مُّبِینٌ»، «وَنَزَعَ یَدَهُ فَإِذَا هِیَ بَیْضَاءُ لِلنَّاظِرِ‌ینَ» 

Сонда ол таяғын тастады. Сол уақытта көрнеу айдаһар болды. (32) Тағы қолын шығарды. Ол қараушыларга аппақ көрінді. (33)

 Құдайдың бұйрығымен Мұсаға өзінің пайғамбарлығының анық та айқын мұғжизасын көрсету үшін ағаш асатаяғын Перғауын мен оның айналасындағылардың алдына тастау міндеті жүктелді.  Перғауынның бұдан былай Мұсаны зынданға тастап, азаптаумен қорқытпауы үшін Алланың әмірімен асатаяқ үлкен қорқынышты жыланға айналды. Сол кезде Мұсаның қолынан үміт пен қорқыныш және алаңдаушылықты жойған келесі мұғжиза көрінді. Ол қарап тұрған адамды таң қалдырған Мұсаның алақанындағы ерекше жарқыл еді.  

Өзін абсолютті құдіретке иемін деп уәж айтатын Перғауынның алдында көрсетілген осы екі мұғжиза Перғауынның қызметшілері мен айналасындағы адамдарға қатты әсер етті. Қатты әсер еткені сондай, Перғауынның құдіретіне күмән туып, оның билігін теңселтті. Сол себепті Перғауын шара іздеуге көшті. Оның Мұсаға жапқан жалаларын келесі бағдарламада баяндаймыз.

Осы аяттардан үйренетініміз:

1. Қырсық, зорлықшыл адамдар жеңіліс табуы үшін әсерлі, басып-жаныштайтын іс жасау керек.

2. Адамның назарын аудару үшін тартымды, көздің жауын алатын құралдарды пайдалану хақ жолына шақыратын тәсілдердің бірі. Мұса аппақ, жарқыраған қолымен қарап тұрған адамдардың назарын өзіне аударды.