Қаз 25, 2016 17:32 Asia/Almaty

шұғыра-сүресі,-644-ші-бөлім,-49-52-аяттар

"Шұғара" сүресінің 49 аяты:

  «قَالَ آمَنْتُمْ لَهُ قَبْلَ أَنْ آذَنَ لَکُمْ إِنَّهُ لَکَبِیرُ‌کُمُ الَّذِی عَلَّمَکُمُ السِّحْرَ‌ فَلَسَوْفَ تَعْلَمُونَ لَأُقَطِّعَنَّ أَیْدِیَکُمْ وَأَرْ‌جُلَکُمْ مِنْ خِلَافٍ وَلَأُصَلِّبَنَّکُمْ أَجْمَعِینَ»

 (Перғауын) оларға: "Мен сендерге рұқсат беруден бұрын оған иман келтірдіңдер ме? Рас, ол сендерге сиқыр үйреткен үлкендерің екен. Енді білесіңдер; әлбетте қол-аяқтарыңды шадырлата кесемін, тіпті бәріңді асамын" деді. (49)

Алдыңғы бағдарламада сиқыршылардың хазірет Мұсаның мұғжизасын көріп оның ісінің олардың ісіндей сиқыр мен жады емес екендігін, нағыз мұғжиза екендігін түсінгендіктерін айттық. Сол себепті сиқыршылардың барлығы иман келтіріп, адамдардың алдында өздерінің иман келтіргендіктерін жариялады. Сиқыршыларды жинап, хазірет Мұсаны жеңіп, оны масқара етуді мақсат еткен Перғауынның өзі сол сиқыршылар арқылы халықтың алдында масқара болды. 

Сәт сайын халықтың да Мұса пайғамбардың дініне иман келтіріп, Перғауынды мадақтап, оған табынудан бас тарту мүмкіндігі ұлғая түсті. Сол себепті Перғауын алдымен сиқыршыларды «Сендер Мұсаның шәкірттерісіңдер. Сендердің барлығың маған қарсы қастық ойластырдыңдар» деп айыптап, содан кейін оларға қатысты «басқаларға сабақ болып, кейін ешкімнің Мұсаның дініне иман келтірмеуі үшін сендерді дарға асып, аяқ-қолдарыңды шауып, азаппен өлтіремін» деген ең қатаң қоқан-лоққысын жариялады:

Осы аяттан үйренетініміз:

1.Тағұттық үкімттерде халық азат ақидаға ие емес. Ол үкіметтерде зұлым басшылар әртүрлі тәсілдермен халықтың пікіріне үстемдік етуді көздейді.

2.Зұлым, үстемшіл басшылар үшін адамдардың жанының құны жоқ. Сол себепті олар өздерінің мүдделеріне қарсы әрекет еткендердің қанын төгуді рұқсат деп санайды.

"Шұғара" сүресінің 50-51 аяттары:

  «قَالُوا لَا ضَیْرَ‌ إِنَّا إِلَى رَ‌بِّنَا مُنْقَلِبُونَ»، «إِنَّا نَطْمَعُ أَنْ یَغْفِرَ‌ لَنَا رَ‌بُّنَا خَطَایَانَا أَنْ کُنَّا أَوَّلَ الْمُؤْمِنِینَ»

(Сиқыршылар): "Оқасы жоқ. Раббымызға қайтамыз" деді. (50) "Расында біз сенгендердің алды болғандығымыздан Раббымыздың қателерімізді жарылқауын үміт етеміз." (51)

Перғауынның қатаң қоқан-лоққылары алдында сиқыршылар қорықпай, өздерінің имандарынан бас тартпағандарымен қатар олардың жүректерінің иманның нұрымен жарқырап, нығайғаны соншама кесімді түрде, еш қорықпастан Перғауынға жауап беріп: «Бізді азап пен өліммен қорқытасың ба? Біздің Құдай жолында өлуді қабылдайтынымызды білмейсің бе? Себебі, бұл біздің бұрынғы күнәларымыздың кешірілуіне себеп болып, біз Мұса пайғамбардың дініне иман келтірген алғашқы адамдар ретінде Пәруәрдігердің рақымы мен мейіріміне бөленетін боламыз. Сенің қоқан-лоққыңды өзіміз үшін жақсы хабарға балап, мақтаныштың мәйегі санаймыз» десті.

Осы аяттардан үйренетініміз:

Таным мен мағрифат негізінде келетін иман сыртқы қоқан-лоққы мен қысымдардан әлсіремейді. Керісінше адамға батылдық пен табандылық сыйлайды.

Істің басы емес, соңы маңызды. Бүкіл өмірлерін адасушылық пен бұрмаланушылықта өткізген сиқыршылар Мұсаның мұғжизасын көріп, хазіреттің дініне иман келтіріп, соңдары қайырлы болды. Керісінше, өмір бойы намаз оқып, ораза тұтқан кейбір мұсылмандар өмірлерінің соңында имансыз болып дүние салады.

"Шұғара" сүресінің 52 аяты:

«وَأَوْحَیْنَا إِلَى مُوسَى أَنْ أَسْرِ‌ بِعِبَادِی إِنَّکُمْ مُتَّبَعُونَ»

Мұса (Ғ.С.) ға: "Құлдарымды түн қатырып әкет. Сөз жоқ, қуаланасыңдар" деп уахи еттік. (52)

Перғауынның хазірет Мұсаның алдында жеңіліс тапқан оқиғасынан кейін ол Мұса мен оның дініне иман келтірген адамдарды қатты қудалап, оның дінінің халықтың арасында тарауына рұқсат бермеуге шешім қабылдады. Басқа жақтан Құдай хазірет Мұсаға Перғауынның үстемдігінен құтылу үшін өзі мен бауырын ғана емес, сонымен қатар Мысырда құл болып өмір сүріп жатқан бүкіл исраилдықты өзімен бірге Мысырдан әкетіп, оларды атамекендері Шамға қайтару туралы уәхи етті. Перғауынды жеңген хазірет Мұсаның күшін көрген исраилдіктер де оның әлеуетіне сенім білдірген болатын. Олар хазіреттің үндеуіне оң жауап беріп, Мұсаның жетекшілігімен Перғауынның үстемдігінен құтылу үшін қалай болғанда да астанаға жетті.  

Осы аяттан үйренетініміз:

1.Бейбастақ қоғаммен бетпе-бет келген кезде егер күшіміз жетсе сол жерде қалып, зұлымдық пен бейбастақтықпен күресіп, егер күшіміз жетпесе тым құрығанда азғын қоғам мен кеңістікке сіңіп кетпеу үшін хиджрат етуіміз керек.

2. Үстемшілдердің үстімдігінен адамдарды құтқару Құдайдың жетекшілігімен орын алған пайғамбарлардың бағдарламаларының бірі болған.