Шұғара сүресі, 653 бөлім, 116-127 аяттар
Шұғара сүресі, 653 бөлім, 116-127 аяттар
Шұғара» сүресінің 116-117-118 аяттары:
«قَالُوا لَئِنْ لَمْ تَنْتَهِ یَا نُوحُ لَتَکُونَنَّ مِنَ الْمَرْجُومِینَ»، «قَالَ رَبِّ إِنَّ قَوْمِی کَذَّبُونِ»، «فَافْتَحْ بَیْنِی وَبَیْنَهُمْ فَتْحًا وَنَجِّنِی وَمَنْ مَعِیَ مِنَ الْمُؤْمِنِینَ»
Олар: "Әй, Нұх! Егер тыйылмасаң, әрине таспен атқыланғандардан боласың" деді. (116) "Раббым! Рас, мені елім жасынға шығарды" деді. (117) "Енді біздің арамызға төрелік ет! Мені де, менімен бірге мүміндерді де құтқар!" (118)
Алдыңғы бағдарламада Нұх пайғамбар адамдарды таухид пен тақуалыққа шақырған кезде қарсыластардың хазіреттің ізбасарларының төмен әлеуметтік жағдайларын сылтау еткенін айттық. Олар хазірет Нұхтың ізбасарларының қоғамның әлсіз, кедей және төмен тап өкілдері екендіктерін айтып, олар болған кезде бірқұдайшылыққа иман келтірмейтіндіктерін айтты.
Осы аяттар Нұх пайғамбардың қарсыластарының қатты ашуланып, хазіретті сөзінен қайтпаса, өздерін жөндеріне қалдырмаса, оны таспен атқылаймыз деп, қоқан-лоққы жасағандарын көрсетеді. Алайда қарсыластардың иман келтіретіндіктерінен үмітін үзген хазірет Нұх Құдайдан бұл істі доғарып, өзі мен қарсыластарының арасында біржолата төрелік етіп, өзі мен басқа да мүміндерді қырсық қарсыластардың зұлымдығынан құтқаруды сұрады. Осы аяттардан үйренетініміз:
1. Ұрып-соғып, қарғау және өлтірумен қорқыту тарих бойындағы пайғамбарлар мен илаһи әулие-әмбиелердің қарсыластарының құралдарының бірі болды. Алайда пайғамбарлар мұндай қоқан-лоққылардан қорықпастан, өздерінің тура жолдарынан бас тартпады.
2. Зорлықшыл күштердің алдында Құдайды пана тұтып, жолды ашып, құтқарылу құралын әзірлеуі үшін одан жәрдем сұрау керек.
«Шұғара» сүресінің 119-120-121-122 аяттары:
«فَأَنْجَیْنَاهُ وَمَنْ مَعَهُ فِی الْفُلْکِ الْمَشْحُونِ»، «ثُمَّ أَغْرَقْنَا بَعْدُ الْبَاقِینَ»، «إِنَّ فِی ذَلِکَ لَآیَةً وَمَا کَانَ أَکْثَرُهُمْ مُؤْمِنِینَ»، «وَإِنَّ رَبَّکَ لَهُوَ الْعَزِیزُ الرَّحِیمُ»
Сонда оны да, онымен бірге болғандарды да толы кемеде құтқардық. (119) Сосын, қалғандарды суға батырдық. (120) Рас, бұнда анық ғибрат бар. Сонда да олардың көбі сенбейді. (121) Рас, Раббың үстем де мейірімді. (122)
Құранның басқа да аяттарында айтылғандай, Құдай хазірет Нұхқа үлкен кеме жасап, әрбір хайуаннан бір-бір жұптан алып, оларды кемеге кіргізіп, содан кейін өзінің мүмін серіктерімен сонда отыруға бұйрық берді. Нұх қауымының азапталатын уақыты келген кезде Құдайдың бұйрығымен жер бетінде су қайнап, аспаннан нөсер құйып, орасан сел жүрді. Нұх хазіреттің кемесі судың асау толқындарының бетінде жүзіп, хазіреттің қарсыластарының барлығы суға батып кетті.
Еш күмәнсіз, мүміндірдің құтқарылып, кәпірлердің осындай түрде суға батуы илаһи құдіреттің анық белгісі болды. Бірақ, Нұх хазіреттің қауымынан кейін келген қауымдардың көбісі иман келтірмеді. Илаһи белгілерді көре тұра иман келтірмеген Нұх қауымы сынды олар да Құдайдың қаһары мен азабына душар болды.
Осы аяттардан үйренетініміз:
1.Құдай өзінің пайғамбарларының тілеген дұғаларын орындап, оларды құтқарады.
2. Пайғамбарлардың жолдарынан бөліну өлім мен құрдымға себеп болады.
3. Құдайдың сүннеті бойынша хаққа жәрдем етіліп, мүміндер құтқарылып, жалғандық жойылады.
«Шұғара» сүресінің 123-124аяттары:
«کَذَّبَتْ عَادٌ الْمُرْسَلِینَ»، «إِذْ قَالَ لَهُمْ أَخُوهُمْ هُودٌ أَلَا تَتَّقُونَ»
Ғад елі де елшілерді жасынға шығарды. (123) Сол уақытта оларға туыстары Һүд (Ғ.С.): "Қорықпайсыңдар ма?",- деді. (124)
Хазірет Нұхтан кейін Құран Ғад қауымының ортасынан таңдалған хазірет Худтың пайғамбарлығына тоқталады. Бұл қауым Арабстанның оңтүстігіндегі қазіргі Йеменнің бір бөлігі болып табылатын Ахқаф деген жерде өмір сүрді. Осы аяттар былай дейді: «Ғад қауымы да басқа қауымдар сынды илаһи пайғамбарларды теріске шығарып, олардың бір Құдайға иман келтіруге шақырған үндеулерін қабылдауға әзір болмады. Илаһи пайғамбарлардың барлығының, соның ішінде Худтың сөздері де бір Құдайға табынып, тақуалыққа шақырудан басқа ешнәрсе болмады».
Осы аяттардан үйренетініміз.
1.Илаһи пайғамбарлардың шақырудағы негіздері мен мақсаттары бір болғандықтан, бір пайғамбармен қарсыласу барлық пайғамбарлармен қарсыласу дегенді білдіреді.
2.Пайғамбарлар өздерін адамдардың басшысы емес, бауыры деп атады. Бұл олардың адамдарға қатысты қарапайымдылығы мен риясыздықтарын, жанашырлықтары мен мейірімділіктерін көрсетеді.
«Шұғара» сүресінің 125-126-127 аяттары:
«إِنِّی لَکُمْ رَسُولٌ أَمِینٌ»، «فَاتَّقُوا اللَّـهَ وَأَطِیعُونِ»، «وَمَا أَسْأَلُکُمْ عَلَیْهِ مِنْ أَجْرٍ إِنْ أَجْرِیَ إِلَّا عَلَى رَبِّ الْعَالَمِینَ»
"Рас сендерге сенімді Елшімін." (125) "Алладан қорқып, маған бағыныңдар." (126) "Бұған сендерден ақы сұрамаймын. Ақым әлемдердің Раббына тән." (127)
Пайғамбарлар адамдардың арасында сенімді адамдар ретінде танымал болды. Олардың өткен өмірлері де шыншылдықтары мен түзуліктеріне және дұрыстықтарына куәлік етеді. Бұл олардың пайғамбарлықтарын халықтың қабылдауы үшін ең жақсы негіз болды. Жоғарыда айтылған аяттар негізі бойынша, Худ та хазірет Нұхтың сөздерін қайталап: «Уа, адамдар! Құдайға бағынудан жалтармаңдар! Өмірдің дұрыс жолын тану үшін менің соңымнан еріңдер. Мен сендерді бақыттың жолына нұсқаймын» деді. Алайда хақты қабылдауға дайын болмаған Худтің қарсыластары ол хазіреттің сөздерінің жетегіне ермеу үшін әртүрлі сылтау айтты. Хазірет Худ та олардың сылтау іздеушіліктерінің кейбіреуінің алдын алу үшін кесімді түрде былай деді: «Атақ-даңққа қол жеткізуді көздейді деп ойлайтындай, мен сендерден ештеңе дәметпеймін. Құдай мені сендерден ештеңе қажет етпейтіндей етті. Мен бұ дүние мен ақыретте Оның мейірімі мен кешіріменен үміт күтемін".
Осы аяттардан үйренетініміз:
1.Бұ дүние мен ақыреттегі қажеттілік – Құдайға бағынбаушылықтан бас тартып, Оның пайғамбарларының соңынан еруде.
2.Діни және рухани жауапкершіліктерді орындауда табысқа жетудің сыры ықылас пен ештеңе күтпеуде.