Қаз 25, 2016 18:19 Asia/Almaty

Шұғара сүресі, 663-ші бөлім, 217-227 аяттар

«Шұғара» сүресінің 217, 218, 219, 220 аяттары:

 

 « وَتَوَکَّلْ عَلَى الْعَزِیزِ الرَّ‌حِیمِ»، «الَّذِی یَرَ‌اکَ حِینَ تَقُومُ»، «وَتَقَلُّبَکَ فِی السَّاجِدِینَ»، «إِنَّهُ هُوَ السَّمِیعُ الْعَلِیمُ»

 

Өте үстем, ерекше мейірімді Аллаға тәуекел ет. (217) Ол сені тік тұрған сәтте көріп тұрады; (218) Сәжде қылушылардың арасында айналып жүргеніңді де. Түнгі намаз оқуыңды Алла көреді. (219) Рас, Ол Алла, әр нәрсені естуші, білуші. (220).

 

Алдыңғы бағдарламада Құдай қарсыластардың жөнсіз сөздері мен әрекеттеріне қатысты ислам пайғамбарына нұсқаулар бергенін айттық. Төрт нұсқауды өткен бағдарламада баяндадық. Бесінші нұсқау алдыңғы нұсқауларды толықтырып, былай дейді: «Сабыр мен талпыныспен қатар Құдайға тәуекел ет. Себебі ол барлық нәрседен үстем әрі жеңімпаз. Егер ол қаласа ешкім оның жігерінің алдында қарсыласа алмайды. Алдыңғы пайғамбарлардың оқиғасында біз билігі және байлығы болғанына қарамастан Перғауын мен Намрудтің көзін жойып, Мұсаны билікке жеткізгенімізді көрдің. Бұрынғы қырсық қауымдарды да ажал құштырып, пайғамбарлары мен олардың серіктерін құтқардық». Аяттардың жалғасы былай дейді: «Құдай сені барлық жағдайда бақылап тұрады: намаз бен ғибадат кезінде де, басқа намазхандардың арасында да, мүшіріктерді тоухид пен бірқұдайшылыққа шақырып, көтерілген кезде де. Ол сенің не айтқаның мен не істеп жатқаныңнан хабардар. Саған үнемі қолдау көрсетеді. Ондай болса оған тәуекел етіп, жолыңды жалғастырып, қарсыластардың алдында мықты бол».  

Осы аяттардан үйренетініміз:

1.Байлық пен атаққа немесе билік пен  байлыққа арқа сүйегенше, һәм ғазиз, һәм рақымды, һәм естуші, һәм хабардар, һәм әлемдегі барлық құдіреттерден үстем және жеңімпаз Құдайға тәуекел етейік.  

2.Құдайдың пайғамбарлары әрдайым оның бақылауында: көтеріліс жасаған кезде де, сәждеге жығылып, ғибадат еткен кезде де.

 

«Шұғара» сүресінің 221-222-223 аяттары:

 

 «هَلْ أُنَبِّئُکُمْ عَلَى مَن تَنَزَّلُ الشَّیَاطِینُ»، «تَنَزَّلُ عَلَى کُلِّ أَفَّاکٍ أَثِیمٍ»، «یُلْقُونَ السَّمْعَ وَأَکْثَرُ‌هُمْ کَاذِبُونَ»

Шайтандар кімге түседі, сендерге хабар берейін бе? (221) Олар әрбір өтірікші, күнәкарға түседі. (222) Олар шайтандарға құлақ салады. Олардың көбі өтірікші. (223)

 

Бұл аяттар ислам пайғамбарының дұшпандарының Құранды шайтандардың пайғамбарға сендіргені деп жапқан жаласына қайтып оралып, былай дейді: «Шайтан өтірікші және бұзық адамдарға түсіп, оларды бейбастақтық пен күнәға итермелейді. Олар да оған құлақ салып, өтірік пен бұзықтық негізінде әрекет етеді. Ислам пайғамбарының сендер, мүшіріктердің арасындағы өмірі шынайылық пен аманат және түзу істен өзге ештеңе болған жоқ. Оны қазір өтірікші деп уәж айтатындай және оның сөздерін шайтанмен байланыстыратындай сендер осы уақытқа дейін одан өтірік естіп пе едіңдер? Мұнымен қатар оның шақыруының мазмұнын пәктік пен ізгілік құрап, зұлымдық пен бейбастақтықтан алыс болудан өзге ештеңе қамтыған емес. Ал шайтан болса үнемі ластық пен қиянат және бұзықтықты жаюды мақсат етіп, адамдарды осындай істерге азғырады».

Осы аятттардан үйренетініміз:

1.Лас, қара жүректер – шайтани алдау мен азғырушылықтың мекені.

2.Өтірік айту – көптеген күнәлар мен бұзықтықтардың бастауы. Құлақ – шайтан мен шайтанның сөздері адамның жүрегіне енетін дарбаза.

«Шұғара» сүресінің 224-225-226-227 аяттары:

 

 «وَالشُّعَرَ‌اءُ یَتَّبِعُهُمُ الْغَاوُونَ»، «أَلَمْ تَرَ‌ أَنَّهُمْ فِی کُلِّ وَادٍ یَهِیمُونَ»، «وَأَنَّهُمْ یَقُولُونَ مَا لَا یَفْعَلُونَ»، «إِلَّا الَّذِینَ آمَنُوا وَعَمِلُوا الصَّالِحَاتِ وَذَکَرُ‌وا اللَّـهَ کَثِیرً‌ا وَانتَصَرُ‌وا مِن بَعْدِ مَا ظُلِمُوا وَسَیَعْلَمُ الَّذِینَ ظَلَمُوا أَیَّ مُنقَلَبٍ یَنقَلِبُونَ»

Ақындарға азғындар ереді. (224) Рас, олардың ойпаттарда қаңғып жүргенін көрмедің бе? (225) Рас, олар істемеген істерін айтады. (226) Бірақ иман келтіріп, ізгі іс істегендер, Алланы көп зікір еткендер, зұлымдық көргеннен кейін кек алғандар басқа. Ол зұлымдық қылғандар, жақында қалай айналдырылатындарын біледі. (227).

«Шұғыра» сүресінің соңғы бөліміндегі осы аяттар қарсыластардың жалаларына тағы да жауап беріп былай дейді: «Пайғамбар шайыр емес. Оның сөзі ақындық қиялдың емес, ақиқат пен шындықтың негізіне құрылған». Пайғамбардың ғасырында Хиджаз аймағында көптеген ақындар өмір сүрген. Олардың өлеңдері көбінесе жәһілдік ырымшылдықты, еркін ғашықтықты, көңіл көтеруді, сауық-сайран салуды, қауымдық соғыстар мен сол сияқты істердің көрсеткіші болды. Осындай істерді сипаттаушы ақынның қиялға құрылған өлеңі Меккенің жыл сайын өтетін мүшәйрасында таңдалып, Қағбаның қабырғасына ілінетін. Осындай өлеңдерді сақтап, таратуды көздеген адамдардың илаһи жазбалардың жолы мен тәсілінен бойларын аулақ салып, қиялға берілетіндігі түсінікті. Өлең әдетте қисын мен дәлел негізінде құрылмайды. Өлең тәмсіл мен теңеуге негізделіп, қиялдың күшін нығайта түседі. Шайырлар басқаларды мадақтап, мақтап істі зорайтып көрсетіп, әдетте әсірелеуге жол береді. Шайырлар табиғатынан іс пен ғамалдың адамдары емес, сөз бен өнердің адамдары. Олар соғыс пен жорықтың емес, сауық-сайранның адамдары. Өйткені олардың өлеңдері соғысқа емес, той-томалаққа лайық.

Алайда ақындардың арасында түзу адамдар да кездеседі. Олардың өлеңдері шындыққа негізделіп, өздері де ой-пікір мен ғамалдың адамдары болады. Сол себепті Құран осы топты ерекше атап, былай дейді: «Мүмін және түзу ақындардың өлеңдері халықты Құдайды еске алуға шақырып, залымдардың жақын арада жойылатындықтарын, мүміндердің оларды жеңетіндіктерін білу үшін қоғамды зұлымдық пен әділетсіздік алдында көтеріліс пен әділетке шақырады».

Осы аяттардан үйренетініміз:

1. Жалған пікір мен шайтани қиялдарды өрістететін емес, дұрыс ойға негізделіп, халықтың қамын ойлап, қоғамды түзетуді мақсат еткен өнердің құны бар.

2. Исламдық ойда жастарды құндылықтарды теріске шығаруға және боссыздыққа жетелейтін емес, қоғамда ахлақтық және илаһи құндылықтарды жандандырыып, тарататын өлең құнды.

3. Құран адамдарды өлең, әңгіме, кино мен баяндама немесе осы тектес басқа да істер арқылы адастырып, оларды бос істермен айналысуға шақыруды айыптайды. Бірақ бұл жерде аят өлеңге оның көркемдігі мен ерекше әсеріне байланысты сілтеме жасаған.

4. Құдай зорлықшылардың ту сыртында.