Иран ертегілері мен аңыздары (102)
Өткен бағдарламада жел, жер, су мен оттан тұратын төрт элементке көңіл аудару халық ауыз ертегілеріндегі мифологиялық наным-сенімдердің бірі екендігін айттық.
Сондай-ақ, халық ауыз ертегілерінен мысалдар келтіру арқылы от пен жердің орны туралы сөз қозғадық. Келесі элемент – су. Су Иранның мифологиялық наным-сенімдерде ерекше орын алады.
Көне мəтіндерде, əсіресе зардушттықтардың діни мəтіндерінде су Құдайдың жаратқан ең жақсы дүниесі ретінде мадақталады. Ежелгі Иранда Анахита – Су анасы. Авестаның ең əдемі яшттарының бірі, яғни "Абан яшт" Анахитаға тиесілі. Ол судың аспандағы және жердегі бейнесі ретінде зардушттықтардың дүниетанымында жоғары орынға ие. Иранның халық ауыз әдебиеті мен фольклорын зерттеушілердің сенімінше, теңіз қыздары, су перілері мен теңіз патшасы туралы сөз болған халық ауыз ертегілерінің барлығы судың қасиеттілігі мен Су анасына деген сенімнен туындаған. «Мың бір түнде» теңіз патшалығынан бір қыз Иранға келіп, ирандық шахзадаға үйленеді. Сөйтіп Иранның патшайымына айналады.
Иран халқы ертегілерінің сөздігіндегі «Үшінші қызға сыйлық» атты ертегіде бір саудагер бұлақтың басында отырып үшінші қызына сыйлық алмағанына налыған екен. Судан бір қара тіршілік иесі шығып, қыздың қалауын өзін теңіз патшалығындағы перілерге жеткізу шартымен орындайды.
Аңыздарда суға қатысты жануарлардың бірі – жылқы. Жылқы – тілекті орындайтын сулардың құпиясына қанық əрі сулардың жерасты жолдарын білетін жануар. Еуропадан Қиыр шығысқа дейінгі көптеген мəдениеттерде бұлақтардың жер бетіне шығуы ат тұяғының жер тарпуымен байланыстырылған.
Иранның атақты ақыны Əбілқасым Фердоусидің құнды туындысы "Шахнамада" былай деп жазылған: «Сасанилердің он үшінші шахы қылмыскер Йездигерд белгісіз бір ауруға шалдығады. Дәрігерлер оны емдеуден үміттерін үзгенде абыздар бұлақ басына барып жалбарынуға кеңес береді. Сол кезде судан ақ ат шығып, қылмыскер Йездигердті өлтіреді». Осы символдық оқиғаның орын алуы ластықты жоюшы, әлемді Ахриман сипатты адамдар мен азғындардан тазартушы ретіндегі судың қасиеттілігімен байланыстырылады.
Халық ауыз ертегілерінде де жылқылар теңізден шығып, кейіпкерге жәрдем береді. «Тазша мен қырық ұры» атты ертегіде бір жылқы теңізден шығып, тазша одан көмек сұрайды: «Маған көмектесші. Мына ұрылардың сазайын тарттырайын деп едім»,-дейді. Сонда теңіз жылқысы: «Уақыты жеткенде саған хабар беремін»,-дейді.
Басқа бір халық ауыз ертегісінде қырық биенің теңізден шығатынын көреміз: «Теңіз тулап, су қақ айырылады. Бір заңғар таудай бие мен оның артынан таудай 39 құлыны судың ортасынан шығып, теңіздің жанындағы шалғынға барып жайылады».
Шипалы суға сену де осы мифологиялық қасиеттіліктен бастау алады. «Дарабнама» романында былай жазылған: «Тақуа: «Өзеннің жағасына барыңдар, айқай естілетін жерге дейін жүргенде бір ағашты көресіңдер. Ағаштың түбінде бұлақ ағып жатыр. Оны «Саламат» бұлағы деп атайды. Ол Нұх пайғамбардың мұғжизасы. Алла Тағала бұл бұлақтың суына шомылған кез-келген науқас адамды сауықтырады»,-дейді».
«Мың бір түннен» де сиқыршылық рәсімін көруге болады. Ол да судың қасиеттілігіне деген сенімге байланысты.
Сиқыршылар басқалардың сиқырының күшін жою үшін үшкірілген суды шашады.
Шын мәнінде осы судың қасиеттілігінен сиқырдың күші жойылып, тазартылады. «Мың бір түндегі» бір ертегіде былай деп жазылған: «Ханшайым бір ыдысты алып, бірнеше түсініксіз сөз айтып, суды бетіме үшкіріп: «Құдайым, егер мына маймыл шын мәнінде адам болса, оны бастапқы қалпына қайта айналдыр»,-деді. Сол мезетте мен өзімнің бұрынғы қалпыма келдім».
Енді Иранның аңыз-әңгімелері әлеміне саяхат жасап, «Иран әпсаналары» атты құнды еңбектен сіздер үшін таңдалынып алынған «Чоғундуз» атты ертегінің жалғасын тыңдауға шақырамыз.
Айтып өткеніміздей, Ибраһим есімді ұл патшаның қызына ғашық болып қалған екен. Жанұясы оны бұл істен бас тартуға шақырғанымен, пайда болмайды. Ибраһимнің бөле ағалары оған кәсіп жасасын деп, 100 тұман береді. Ол осы ақшаға қапқа салынған айдаһар, содан кейін бір күшік пен бір мысық сатып алады. Келе жатып жолда үш дәруішке кездеседі. Ибрахим асатаяққа айналған кептердің көмегімен жолда кездескен үш дәруіштен хазірет Сүлейменнің сақинасын, қабы мен қазығын алады. Бұл заттардың әрқайсысының өзіндік қасиеті бар екен. Кептердің бұйрығымен күшік пен мысыққа айналған перілер өз қалыптарынан шығып, Ибраһимге қызмет ететін екі нөкерге айналады. Кептердің өзі сұлу қызға айналып, басынан өткенін Ибраһимге баяндап береді. Кетер алдында керек болған жағдайда шақырарсың деп, екі тал шашын Ибраһимге беріп: «Патша қызына жету үшін сақина арқылы Хишам диюден көмек алу қажет»,-дейді. Ибраһим Хишам диюден патша қызын сарайымен бірге осы жерге алып келуді тапсырады. Дию оның өтінішін орындайды. Патша осы жайттан хабардар болған соң шара іздеуге кірісіп, бір кемпірге қызды құтқаруды тапсырады. Кемпір қыз бен оның сарайын бір шөл даладан тауып алып, қызға Ибраһимнен сарайды осы жерге қалай алдыртқаны жөнінде сұрап алудың жолын үйретеді.
Кеш батқанда Ибраһим қайтып оралып, әкелген құланын сойып, етінен кəуəп жасап, кешкі ас ішеді. Осы кезде кемпір қайтып келеді. Ибраһим бөтен адамды көргенде қызға қарап:"Бұл кім? Мұнда неге келді?"-деп сұрайды. Қыз жұмсақ тілмен:"Бұл шөл далада қалған бейшара əйел. Бүгін оған үйде қонып шығуға рұқсат бердім",-дейді. Ибраһим риза болмаса да, кемпірдің бүгін түнде үйде қалуына келіседі. Кемпірге кешкі асын беріп, ұйықтайтын бөлмесіне жібереді. Түнде патшаның қызы жылы-жылы сөйлеп, Ибраһимнен барлық істің сақина арқылы істелгенін біліп алады. Қыз сақинаны алып қарап, терезенің алдына қойып, жатып қалады. Қыз Ибраһимнің қатты ұйқыға кетуін тосып жатады. Жігіттің ұйықтағанына сенімді болған кезде тұрып, сақинаны саусағына тағып: «Сүлеймен пайғамбардың мейірбандығы үшін»,-дейді. Жер қақ айырылып, бес дию жер бетіне шығады. Қыз Хишам диюге қарап: «Мына сарайды өзінің бастапқы орнына қайтып апармасаң, әкеңді өртеп, өміріңді тамұққа айналдырамын»,-дейді. Хишам мен басқа диюлер қорыққандарынан Ибраһимнің қол-аяғын байлап, сарайдан лақтырып жіберіп, өздері қалаға қарай жүріп, сарайды өз орнына қояды. Осы жолы кәсіпшілер дүкендерін ашқалы келгенде сарайдың өз орнында тұрғанын көреді, тіпті орнынан қозғалмаған сыңайлы. Жылдам патшаға хабар береді. Патша асығып келіп қызын көреді. Оның дені сау екенін көрген соң қаланы шырақтармен безендіріп, тойлауға бұйрық береді. Бірақ қорыққаннан балгерді шақыртып оған: «Кітабыңды ашып қарап, қыз сарайының қалай зым-зия болып, қалай қайтарылғанын айтып берші»,-дейді. Балгер құмалағын жайып патшаға: «Бұл дию мен перінің ісі. Сарайды жүз рет орнына қайтарсаң да, дию мен пері оны қайта алып кетеді»,-деп жауап береді.
Патша қызы мен сарайын осы жерде қалдырып, енді Ибрахим мен оның иті мен мысығы жайлы тыңдайық. Ит пен мысық диюлердің өз қожайынының аяқ-қолын байлап сарайдан бір-ақ лақтырып, өздері аспанға ұшқанын көріп, қалаға қарай жүгіреді. Жолда тышқандардың үлкен төбені тесіп, өздеріне күшті бір қала салып алғанын көреді. Мысық итке қарап: «Біз екеуміздің қалаға барғанымыздан еш пайда жоқ. Аяғымыз қалаға жетісімен балалар тас-таяқпен қуалап, мазамызды алады. Кел, екеуміз мына тышқандарды сақинаны алып келуге мәжбүрлейік»,-дейді. Ит қабылдап, екеуі тышқандардың індерін бұзып, топ-топ тышқан ұстап, жей бастайды. Тышқандар жылдам өз патшаларына хабар беріп: «Бізге көмектес. Ит пен мысық келіп, сенің әскеріңді қырып салғалы жатыр»,-дейді. Патша бірнеше тышқанды ит пен мысыққа жіберіп: «Мәселе неде? Осылайша быт-шытын шығаратындай тышқандардың сендерге не істегенін айтыңдар»,-деп бұйырады. Ит пен мысық тышқандар патшасына болған оқиғаны бүге-шігесіне дейін баяндап береді. Патша тышқандарға қаланы аралап, ит пен мысыққа сақинаны алып келуге бұйрық береді. Тышқандар жабыла қалаға барып, әрбір есік-тесікті тінтеді. Тышқандардың барлығы кетіп қалған кезде тек бір соқыр тышқан мен бір ақсақ тышқан ғана қалған екен. Ақсақ тышқан соқыр тышқанға: «Бірге жүргеніміз абзал»,-дейді. Екеуі бірге қалаға қарай жол тартады. Жүріп отырып, жүріп отырып қалаға жетеді.