Иранға сапар (167)
Абадан Парсы шығанағының солтүстік-батысында орналасып, шамамен 2800 шаршы шақырым ауданды алып жатыр.
Абадан ауданының орталығы Абадан қаласының теңіз деңгейінен биіктігі 5 метр. Ол Теһраннан 1066 км қашықтықта орналасқан. Яқут Хамави Арвандруд пен Карун өзендерінің арасында орналасқан үлкен аралды «Мианруд» деп атаған.
Тарихшылар мен географтардың жазбалары бойынша, Абадан бір замандары кеме қатынасы мен саяхат тұрғысынан маңызды болған. «Ходуд ул-Алам» кітабында Абадан теңіз жағасында орналасқан абадтандырылған кішкене қала деп таныстырылған. Бұл кітапта: «Абадани және Самани кілемшелерінің барлығы сол жерде тоқылады. Басра мен Васиттің тұзы да сол жерден шығады»,-деп жазылған.
Марокколық тарихшы әрі географ ибн Батута Адабан қаласын «Үлкен ауыл» деп атаса, басқа мұсылман географы ибн Хаукаль оны «Теңіз жағасындағы абадтандырылған кішкене қамал» деп атаған.
Абадан бұрын «Аабадан» деп аталса, соңғы уақыттарға дейін «Қызыр аралы» деп аталған. Бұл маңызды айлақтың атауы х.ш.ж.с.б. 4 ғасырдың басында «Абаданға» айналды.
Хузистан облысының оңтүстік бөлігінің ең шалғай нүктесінде орналасқан Абадан қаласы – Иранның ең ыстық аймақтарының бірі. Арванд және Карун өзендерімен жапсарлас болуы және Парсы шығанағына жақын орналасуына байланысты бұл қаланың жазы ыстық әрі ылғалды, ал қысы қоңыржай әрі жайлы болып келеді.
Бұл аймақта соғатын желдердің түрлері ретінде тұрақты мезгілдік желдерді, сондай-ақ солтүстік жел мен ылғалды да ыстық желді, шаң-тозаңды, ауаны ластайтын аңызақ желдерді айтуға болады. Тұрақты мезгілдік жел соққанда салқын мезгілде самал жел ессе, ыстық күндері аптап жел соғады.
Жергілікті желдер арасындағы солтүстік желі жазда үздіксіз соғып, ауаны құрғатып жібереді. Ал қыс мезгілінде борандатып, қатерді арттырады. Ылғалды да ыстық жел – халық үшін жайсыз, ауыр жел. Шаң-тозаңды жел – Сауд Арабиясы тарапынан соғып, ауаны улы заттармен ластайтын, топырақ пен құм аралас жел. Бұл апшыны қуыратын өте құрғақ, әрі ыстық жел. Соңғы жылдары осы жел жиі соғатын болды. Сол себепті Абадан аралының тұрғындарына тыныс алу мен денсаулыққа қатысты көптеген қиындықтар тудырды.
Шын мәнінде Абаданның ауа райы далалық, ыстық та құрғақ. Онда қар жауып, мұз қатпайды. Абадан жері Карун мен Тигр өзендерінің тартылуы салдарынан пайда болған және егін шаруашылығы үшін өте қолайлы. Абаданның маңызды ауылшаруашылық өнімі – құрма. Ол Иранда өндірілетін құрманың басым бөлігін құрайды. Картоп, пияз, асқабақ, алма, анар, киви, қауын, қарбыз, салат жапырағы, қант құрағы, құрма, құрманың шырыны, табиғи гүл сияқты өнімдер аймақтың экспорттық өнімдерінің қатарын құрайды. Олар Абадан мен Чуебде айлақтарынан теңіз жолдары арқылы Катар, БАӘ, Аустралия, Канада, Ұлыбритания, Оңтүстік Африка мен Жаңа Зеландияға экспортталады.
Абаданның гүлденуі мен кеңеюі Хузистан облысындағы Сүлеймен мешітінде мұнай табылғаннан кейін басталды. Абаданның Арвандуруд пен Карун өзендерінің жағасында орналасуы мен өз айлағынан мұнайды сыртқа шығару мүмкіндігіне ие болуына байланысты онда үлкен мұнай зауыты салынған. Бұл мұнай зауыты 1912 жылы қолданысқа берілді. Абаданның мұнай зауыты әлемдегі ең үлкен зауыттарының бірі, шығыс жарты шардағы мұнай өнімдерін экспорттайтын маңызды орталықтардың бірі саналады. Мұнай Хузистан аудандарының көбінен осы қаланың құбырлары арқылы өтіп, тазартылғаннан кейін шет елдерге шығарылады. Мұнай өңдеу зауыты салынғаннан кейін мамандар мен қарапайым жұмысшылар алыс-жақын қалалардан осы жаңа салынған өнеркәсіп кешеніне ағылды. Нәтижесінде әртүрлі мәдени және қауымдық топтардан тұратын қоғамды қалыптастырып, оның экономикалық жағдайы қарқынды түрде өзгеріп, дамыды. Абадан х.ш.ж.с.б. 1355 жылы Хузистанның қалалары арасында тұрғындары саны ең жоғары қала болған және Иранның ең үлкен өнеркәсіптік және сауда-саттық қалаларының бірі саналған.
Сондай-ақ, Абаданның мұнай өңдеу зауытының жанына бір мұнай-химия кешені салынды. Абаданның Мұнай-химия акционерлік компаниясы жеті зауыттың қосындысынан тұрады. Онда этилен, хлор, күйдіргіш сода, поливинилхлорид және соған ұқсас өнімдер өндіріледі. Бұл компания х.ш.ж.с.б. 1348 жылы жұмыс істей бастады. Абадан мұнай-химия кешені өзінің қарқынды дамуымен жаңа жұмыс орындарын ашуда және аймақтың экономикасында әсерлі рөл атқарды.
Х.ш.ж.с.б. 1359 жылы 31 шахриварда (1980 жылы 22 қыркүйекте) Саддам режимінің Иранға таңған соғысы басталысымен Абадан қаласы Ирак әскерінің әуеден және құрлықтан жасалған шабуылдарының астында қалып, адами және материалды тұрғыдан өте көп зиян шекті. Соғыс Абаданның мұнай өңдеу зауыты, мұнай кешендері, айлақтары, әуежайы мен басқа да өнеркәсіп орталықтарына, су және электр желілеріне, сондай-ақ тұрғын аудандарына қатты зиян тигізіп, қала тұрғындары санының айтарлықтай азайып, экономикалық белсенділіктердің тоқырауына себеп болды. Осылайша Абадан соғыстың бас кезінде бір жылға жуық Ирактың «баастық» басқыншы күштерінің қоршауында болды. Бірақ халық пен ислам жауынгерлерінің ержүректігі мен табандылығының арқасында дұшпан қаланы басып ала алмады. Ақырында имам Хомейнидің (р.) «Абаданның қоршауы бұзылуы тиіс» деген бұйрығына сәйкес 1981 жылы қыркүйек айының аяғында бір үлкен әскери амал барысында Абаданның қоршауы бұзылып, дұшпан қашуға мәжбүр болды. Әрине қоршау бұзылғаннан кейін де бұл қала дұшпанның қарша бораған оғының нысанасына алынды. Соның салдарынан бұл қаланың сау жері қалмады. Сондай-ақ, Саддам армиясы тарапынан химиялық қарудың қолданылуы қаланың кеңістігін химиялық заттармен улап, халықтың үйлерінен көшіп кетуіне себеп болды. Соғыс аяқталғаннан кейін ИИР-ның үкіметі өзінің барлық адами және қаржылай күш-қуатымен Абаданды қайта жөндеп, жаңартуға күш салып, қирандылардың көбін жөндеуден өткізді.
Абадан – Иранның ең көне қалаларының бірі. Оның табиғи, тарихи, туристік, сауда және ерекше рухани тартымдылықтары бар. Арвандрудтың әдемі жағалауы мен аралдар, балық аулауға арналған айлақтарда балық аулау тәсілін тамашалау осы аймақтың табиғи және туристік тартымдылықтарының қатарын құрайды. Ауа температурасының қолайлылығына байланысты, әсіресе қыстың аяғы мен көктемнің басында бұл аудан Иранның түкпір-түкпіріндегі қызығушылардың назарына алынады. Мұнымен қоса, Абаданның тарихи және туристік тартымдылықтарынан мысал ретінде Абадан мұражайын, осы қаланың базарларын, көптеген мешіттер мен армяндардың шіркеуін атауға болады.
Абадан мұражайы х.ш.ж.с.б. 1328 жылы Иранның дәстүрлі сәулет өнерінен шабыт алып салынған. Оның күмбезі Шуштағы Даниял пайғамбар кесенесінің күмбезінен әсер алып жасалынған. Бұл мұражай б.з.д. дәуірлерге тиесілі бұйымдарды, кейінгі замандар мен Қаджарлар дәуіріне дейінгі кезеңге тиесілі ескерткіштерді, сондай-ақ дәстүрлі өнер шеберханалары туындыларының жиынтығын өзінде сақтап, Абадан тарихының бір бөлігін жұрт назарына ұсынады.
Абадан Парсы шығанағы елдеріне көршілес орналасқандықтан және кеме қатынасы арқылы тауар экспорттап-импортталатын болғандықтан бағасы тиімді әралуан көптеген базарларға ие. Мұның өзі басқа аудандар мен облыстардың халқының сауда-саттық пен саяхат үшін осы қалаға ағылуына себеп болды. Осылайша Абадан базарлары қарқынды дамыды.
Х.ш.ж.с.б. 1319 жылы салынған Абаданның «Сурат Гарапт» шіркеуі осы қаланың тарихи ескерткіштерінің бірі саналады. Бұл шіркеу Иракпен соғыс кезінде зиян көрді, бірақ Соғыс болған аймақтарды қайта жөндеу штабы тарапынан қайта жөнделді. Абадандағы «Григорий» армян шіркеуі осы қалада өмір сүретін армяндардың ең үлкен жиналыс залы болып саналады. Бехбаханилер мешітімен қабырғалас орналасқан бұл шіркеу Ирандағы діндер бостандығының, сондай-ақ мәдениет пен өнердің символы болып табылады.
Бірақ Абадан мен одан 15 шақырым жерде орналасқан Хоррамшахр қаласының рухани тартымдылықтарының жөні бөлек. Жыл сайын ирандықтардың жаңа жылы – Наурыз мейрамы жақындаған шақта миллиондаған ирандық «Нұр жолындағы жолаушылар» атты керуендердің құрамында Иран халқының ерлікпен соғысқан майдандарын тамашалайды. Иранның Арвандкенар шекаралық қаласы мен Ирактың Фав қаласы арасында орналасқан Арвандкенардың жағалауы Қасиетті қорғаныс жылдарын еске алуға арналған рухани мекен болып табылады. Жыл сайын бұл жерде көрмелер өткізіліп, Қасиетті қорғаныс жылдарын көрсететін экспонаттар қойылады. Көрмелер күн сайын ондаған мың жолаушыны қабылдайды.
Абадан ауданында ихрам тігу, қалы кілем, ши және тықыр кілем тоқу, қыш бұйымдарын жасау, теңіз өнеркәсібі (ау тоқу, қабыршақтан әшекей бұйымдарын жасау және т.б.), қыш ұйымдарының бетіне сурет салу, ілмекпен тоқу сияқты көптеген қолөнер түрлерінің кең таралғанын және осындай бұйымдардың ауданның сәлем-сауқаты болып табылатынын біліп жүргендеріңіз жақсы.