Ақп 29, 2016 16:20 Asia/Almaty

Шуштар ауданы 3500-ге жуық шаршы шақырым аумақты алып жатыр.

Географиялық жағдай тұрғысынан бұл ауданның шығыс шекарасында Загрос таулы сілемінің соңғы тармақтары орналасып, батыс шекарасында Деж өзені ағып жатыр. Шуштар ауданының теңіз деңгейінен орташа биіктігі – 150 метр. Шуштарға жақын негізгі тау «Фадлак» деп аталады. Бұл тау – Загрос таулы сілемінің Хузистан ойпатындағы соңғы тармағы. Шуштардың Хузистан облысының орталығы Ахвазға дейінгі арақашықтығы –  85 км, ал Теһранға дейін  –831 км. Бұл ауданның орталығы Шуштар қаласы құнды тарихи ескерткіштерінің болуына байланысты ерекше маңызды.

Шуштар ауданының ауа райы Хузистан облысының басқа да аудандары сияқты ыстық. Онда жаз кезінде температура кейде 50 градусқа дейін жетеді, ал қыста  жанға жайлы ауа райы сақталынады. Шуштар ауданының ең маңызды биіктіктері ретінде Тафт, Сиах пен Чал тауларын атауға болады.

Осы ауданда ағып жатқан ең маңызды өзен – Бахтияри тауларынан бастау алатын Карун өзені. Бұл өзен Шуштар ауданының солтүстігі мен солтүстік-батысында  екіге бөлінеді.  Карунның «Горгор» деген атпен танымал тармағы Шуштар қаласының солтүстік-шығысынан ағып өтіп, қаланың ішінде бірнеше әдемі сарқырама тудырады. Бұл өзеннің «Шатит» деп аталатын екінші тармағы қаланың оңтүстік-батысында ағып жатыр. «Горгор» мен  «Шатит» атты екі тармақ 50 км қашықтықтан кейін Шуштардың оңтүстігіндегі сағада бір-біріне қайта қосылады.

Жалпы алғанда Карун мен оның тармақтары арал сияқты Шуштарды айнала қоршап тұр деуге болады.  Сондықтан Шуштар қаласына қай жағынан кіргіңіз келсе де, міндетті  түрде өзеннің үстіне салынған көпірлерден өту қажет. Шуштардың Хузистан алқабы аймағында орналасуы бұл ауданды жер асты суларының көздері тұрғысынан да өте бай етіп, оған ерекше шүйгіндік пен балғындық сыйлады.

Хузистан облысының құнарлы жерлерінің шамамен 50 пайызы Шуштар ауданында орналасқан. Облыстағы сулардың үштен бірі осы ауданнан ағып өтеді. Сондықтан бұл аудан – маңызды егін шаруашылығы аймақтарының бірі. Бұл ауданның маңызды ауылшаруашылық өнімдері ретінде бидай, арпа, күріш, үрмебұршақ, жасымық, күнжіт, қант қызылшасы, қант құрағы мен әртүрлі тағамдық шөптер мен көкөністерді айтуға болады. Ауданның ауа райының ыстық та құрғақтығына байланысты мұнда ыстыққа шыдамды шөлді жердің өсімдіктері өседі. Ауданда өсетін басты ағаштарға пальма, кәдімгі шилен, сырға тал мен эвкалипт жатады. Өзендер мен жылғалардың жағасында нулы ормандар бар. Онда өсетін басты ағаштар ретінде сырға тал мен жыңғыл бұтасын атауға болады.

Шуштар ауданындағы егін шаруашылығы жұмыстары дәстүрлі және механикалық тәсілмен атқарылады. Шуштар қаласының батысынан 12 км қашықтықта орналасқан Карун егіншаруашылық және өнеркәсіптік кешені аймақтағы механикалық егін шаруашылығының үлгісі болып табылады. Карунның егіс алқаптары мен өнеркәсіп кешендері маңында Карунның қант құрағы зауыты орналасқан. Ол Таяу Шығыстағы ең үлкен қант құрағы зауыттарының бірі. Оның жанында көптеген қосымша кешендер орналасқан. Мысал ретінде Карунның тақтай жасау, жем-шөп өндіру, қағаз жасау, химиялық заттар өндіру, балық өсіру және өндіру компанияларын атауға болады. Соңғы бірнеше онжылдықта Хузистан облысында балық өсіру ісі кең таралып, Шуштарда бұл кәсіп ерекше дамыды. Қазіргі таңда Хузистан облысының барлық балықтарының (суда тіршілік ететін жануарларының) шамамен 35 пайызы Шуштар ауданында өндіріледі. Өндірілетін балықтардың бір бөлігін жергілікті халық тұтынса, артығы айналадағы қалалар мен облыстан тыс жерлерге жіберіліп, тіпті Кувейт сияқты елдерге экспортталады. 

Мал шаруашылығы да Шуштар ауданы халқының табыс көздерінің бірі болып табылады.  Бұл ауданда мал шаруашылығы дәстүрлі және жаңа қалыптарда жүзеге асырылады. Хузистанның жайылым жерлері  қыстақ ретінде жылдың суық айларында жап-жасыл болып тұрады. Көшпенді бахтияр тайпалары күздің басынан Хузистан аймағына келеді. Олар Шуштардың атырабындағы шалғынды жерлерді  жайлап,  көктемнің басынан дейін сол жерлердің шөбін пайдаланады. Шуштардың ауыл тұрғындары да сүт өнімдерін дайындау үшін сиыр сияқты үй жануарларын ұстайды. Дәстүрлі мал шаруашылығымен бірге аймақта малдың тұқымын асылдандыру және өнімділікті жоғарылату үшін мал шаруашылығының жаңа тәсілі де қолданылады. Сондықтан ауданда көптеген заманауи шаруашылықтар құрылған.  Шуштар ауданында жылқы өсіруге де мүмкіндік бар. Хузистан облысының барлық жылқыларының 30 пайызы Шуштарға тиесілі.

Шуштар ауданының табиғи мүмкіндіктердің арқасында құлан, жабайы мысық, түлкі, қорқау қасқыр, қасқыр, бұлғын мен доңыз сияқты сүтқоректілер тіршілік ететін жер екендігін біліп жүргендеріңіз жақсы. Готванд биіктіктерінде ауданның солтүстік-батыс бөлігінде бөкен, тауешкі, арқар мен жабайы қой сияқты сүтқоректілер тіршілік етеді. Бұл ауданда үйрек, қаз, қасқалдақ, тырна, бәбісек, аққұлақ бұлбұл мен қараторғай сияқты көптеген құстар қыстайды. Жаздың аяғынан бастап жауын-шашын басталғанға дейін сұңқар, лашын мен бүркіт сияқты жыртқыш құстарды да осы аймақтан көруге болады.

Шуштар қаласының салынған уақыты белгісіз. Иранның аңыз-әңгімелерінде бұл қаланы Пишдади патшасы Хушанг салған деседі. Қолда бар ең көне ескерткіштер Шуштардың Сасани әулеті заманында болғанын көрсетеді. Қазба жұмыстары кезінде табылған заттар мен Шуштардың өте көне тарихи құрылыстары бұл қаланың өткен ғасырлардағы билеушілердің назарында болғанын айғақтайды. «Шадраван» бөгеті, «Мизан» бөгеті, «Саласал» мен «Рүстем» қамалдары, Шуштардың сарқырамалары мен басқа да көптеген тарихи мекендер осы сөзіміздің дәлелі бола алады. Тарихи еңбектерге сүйенсек, бұл қала су көздерінің молдығы мен жерінің құнарлығына байланысты «Шуштар», яғни «жақсырақ» деп аталған. Шуштар ертеде айлақ қызметін атқарып, Карун өзені арқылы Үндістан мен Парсы шығанағы жағалауы елдерімен байланыста болған.

Қаджар билігі дәуірінің соңына дейін Шуштарда кәсіпкерлік жақсы дамыған, өйткені егін және мал шаруашылығының өнімдері мен әралуан қолөнер түрлеріне ие, қарқынды дамыған, абадтандырылған аудан болған. Шуштар ауданынан көптеген ғұламалар, данышпандар мен ақындар шығып, исламға айтарлықтай қызмет еткен. Тіпті осы тұрғыдан аталмыш қала Иранның маңызды қалаларының бірі саналады. Марокколық саяхатшы ибн Батута өзінің атақты сапарнамасында Шуштар жайлы былай деген: «Тостар (Шуштар) құнарлы егіс алқаптары мен миуалы бау-бақшалары бар үлкен, әдемі әрі шаттыққа толы қала. Бұл көптеген артықшылықтарға ие, үлкен базарлары бар көне қалалардың бірі саналады. Өзеннің екі жақ бетінде бақтар орналасқан. Тостарда жеміс-жидек көп. Бұл қаланың қайыры мен берекесі мол. Оның базарлары теңдессіз».

Ибн Батута өзінің сапарнамасында ибн Халдун сияқты Парсы жерінің немесе Иранның мәдениеті мен қалалық мәдениетін салтанатты деп сипаттаған, тіпті Табриз бен Шуштарда барлық ғылым саласын жетік меңгерген ғұламалармен кездескен. Ол Шуштар ғұламаларын ең ұлы данышпандардың қатарында атаған.

Араб саяхатшысы Абу Абдулла Мұхаммад бен Ахмад Мұқаддаси де Шуштар қаласының абадтандырылғандығы туралы «Ахсан ут-Тақасим фи таарафат ул-Ақалим» атты еңбегінде: «Елді мекендер арасында  Шуштардан жақсырақ, берігірек әрі маңыздырақ жер жоқ. Оның айналасында өзен ағып жатыр. Оны құрма алқабы мен бақтар айнала қоршаған. Ол жерде мақта мен жібектен мата тоқитын шеберлер көп. Ол барлық қалалардан артық».

Шуштардағы жібек матасы тарихының кемінде Сасанилер заманынан басталатынын біліп жүргендеріңіз жақсы.  Тарихшылар мен саяхатшылардың көбі Шуштар мен Хузистанның қолдан тоқылған маталарының әлемге танымалдығы жайында айтқан.  Өкінішке орай, Шуштарда ерекше маңыздылық пен құндылыққа ие болған мата тоқу кәсібі Қаджарлар билігі дәуірінде тоқырауға ұшырады. Бүгінде Шуштар қаласында чуқа (бахтиярлық көшпелілер киетін жүннен жасалған сырт киім), моуджбафи (төсеніштің бір түрі) мен жайнамаз тігуге арналған  қалың маталар жасаумен айналысатын санаулы қолөнер шеберханасы ғана қалды. Әрине, әлі де Шуштарда тоқылатын тықыр кілем мен қалы кілемнің ерекше сұлулық пен беделге ие екендігін айта кету қажет. Бұлар ауданның құнды қолөнер бұйымдарының қатарына жатады.

Енді Шуштардың тарихы және қолөнер түрлерімен танысқаннан кейін енді бұл ауданның кейбір құнды тарихи ескерткіштеріне қысқаша тоқталып өтуді жөн көріп отырмыз. 

Шуштардан бөгеттер мен диірмендер сияқты көптеген көне құрылыстарды көруге болады. Бұл аталмыш қаланы суды бағындыруға арналған құрылыстардың әдемі мұражайына айналдырды. Мұның өзі бағзы замандардағы ирандықтардың суды бағындырудағы тапқырлығы мен шеберлігін көрсетеді. Мысал ретінде «Шапур» бөгеті немесе «Мизан» бөгетін атауға болады. Шуштардың диірмендері мен сарқырамаларының жиыны 2009 жылы Шуштардың тарихи су жүйесі ретінде ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра тізіміне тіркелгендігін біліп жүргендеріңіз жақсы.