Ақп 29, 2016 16:39 Asia/Almaty

Шуштарда бір-біріне жалғанған көпірлер, бөгеттер, диірмендер, сарқырамалар, арықтар мен су ағызатын туннельдер кешені бар.

Бұл кешен  Ахеменилер заманынан Сасанилер заманына дейін бір-бірімен байланыста жұмыс істеп, суды көбірек пайдалану үшін салынған. Горгор өзенінің жолына салынған Шуштардың диірмендері мен сарқырамаларының кешені – көне замандардың бірегей техникалық және инженерлік туындыларының бірі. Горгор өзені –  қолдан жасалған су арығы. Оны Сасани патшасы Ардашир Бабакан салдырған деседі.  Бұл кешенге бөгет, туннельдер, қосалқы каналдар мен су диірмендері кіреді. Бұл өнеркәсіптік-экономикалық аумақ ретінде «Шуштардың су құрылыстары» атты үлкен кешенді құрайды. Тарихи еңбектерде бұл жайлы бірнеше рет айтылған.   

Кешен жұмысының атқарылу тәсілігі төмендегідей: Горгор бөгеті өзеннің жолын бөгеп, жартасты тесіп салынған 3 туннельден су жіберу үшін оның деңгейін жоғары көтереді.

Үш бағыттағы тунельдер суды кешенге жіберіп, көптеген арықтарға бөлінеді. Диірмендердің қалақтарын айналдырғаннан кейін су сарқырамалар түрінде хауызшаға ұқсайтын жерге құйылады. Франциялық археолог мадам Жан Дилафойдың (Jane Dieulafoy) сапарнамасында бұл аумақ өнеркәсіп революциясынан бұрынғы ең үлкен өнеркәсіп кешені ретінде аталған.

«Мизан» бөгеті, Горгор Дастганд өзені, Горгор диірмендері мен сарқырамалардың кешені, «Бордж-е Айяр» бөгеті, «Шадраван» бөгетінің көпірі, «Саласал» қамалы мен «Дариян» өзенінің үш есікшелі құрылысы, Бандхак, «Лашкар» көпірі осы кешеннің ең маңызды элементтерінің қатарына жатады.

Мысал ретінде «Шарури» немесе «Мизан» бөгетін атауға болады. Бұл бөгет Шуштардың солтүстік-шығысында орналасып, Карун өзенінің суын екіге бөледі.  Бұл бөгеттің құрылысы Шапур I Сасанидің кезіне тиесілі. Ол Рим императоры Валерианды жеңгеннен кейін салынған. Аталмыш бөгет әртүрлі кезеңдерде бірнеше рет жөндеуден өткізілген.

«Шадраван» көпірі де Шапур Сасани дәуірінен қалған ескерткіштердің бірі. Бұл көпір «Мизан» бөгетінің батысынан 300 метрлік қашықтықта орналасқан. Көпірдің өзен түбінен биіктігі 10 метрге жуық. Көпірдің арка пішіндегі 16 есікшелерінің қалдықтары сақталып қалған. «Саласал» қамалы да Шуштардың келесі тарихи ескерткіштерінің бірі. «Саласал» қамалы –  Сасанилер дәуірінен қалған өте үлкен қамал. Бағзы замандарда қамалда үлкен аула мен әскери бекіністер, моншалар, мұнаралар, сарбаздардың казармасы болған. Оның айналасында ор қазылған. Қазір бұл қамалдың басым бөлігі қиратылған.

Диірмендер мен сарқырамалар кешенінің өте көрнекті ерекшеліктерінің бірі оның Шуштар қаласының тарихи бөлігіне жақын орналасуында. Бұл аумақ өнеркәсіптік мақсатта қолданылумен бірге су тапшы болған кезде тұрғындарды  қажетті сумен қамтамасыз етіп отырған. Осы кешенге ерекше көрініс сыйлайтын бірегей әдеміліктердің бірі мынада: диірменнен шығатын су әдемі, жасанды сарқырамалар ретінде хауызға ұқсайтын бассейнге құйылып, тамашалаушыға жанға жайлы панорама сыйлады. Сонымен қатар «Се куре», «Даһане шахр» және «Белити» деген атпен танымал 3 туннельге су құйылатын жерде де әдемі панорама қалыптасқан. Бұл туннельдер «Горгор бөгеті» көпірінің артында орналасып, диірменнің қалақтарын қозғалысқа түсіру үшін белгілі бір көлемдегі су жіберу міндетін атқарады.

Шуштардың диірмендер мен сарқырамалар кешені салынған кезеңіне байланысты әлемдегі бірегей техникалық және инженерлік туындылардың бірі саналады. Бұл инженерлік туынды Иранда да, әлемде де теңдессіз.

Зиярат ететін жерлер мен қасиетті орындар да Шуштардың құнды тарихи  ескерткіштерінің қатарын құрайды. Шуштардың әрбір көшесі мен ауданынан мешіт пен зиярат ететін орынды көруге болады. Бұл халықтың діни рәсімдерді орындауға қызығушылығынан туындаған. Осы ерекшелік бұл қалаға «Дар ул-Муменин» деген лақаптың берілуіне себеп болды. Шуштардың жамағат мешіті – осы қаланың ең танымал мешіттерінің бірі.

Бұл мешіт х.қ.ж.с.б. 254 жылы, яғни шамамен 12 ғасыр бұрын салынған.  Жамағат мешітінің қабырғаларының бетіне Құран аяттары куфа жазуымен алебастрдан ойып жапсырылған. Мешіттің солтүстік жағында 12 баған, оңтүстік жағында 8 баған бар. Әрбір бағандардың биіктігі 5 метрге жуық. Сасани дәуірінің архитектуралық стилімен салынған мешіттің аркалары, биік террасасы мен шабестаны-намаз оқитын залының ислам дәуірінің басына тиесілілігі біршама анықталған. Мешітте кең аула, қалың әрі өте берік бағандар бар. Әрбір бағанның диаметрі 1,5 метрден асады. Олар тас пен кірпіштен салынған. Мешітте 700 жылдық  тарихқа ие ескі мінбер бар. Мұнараның биіктігі алдымен 26 метр болған, кейін оның жоғары жағы қиратылып, қазір шамамен 18 метрі қалған.  

Шуштар қаласының көне құнды ескерткіштерінің соңғы тобын архитектуралық стилі мен тарихы тұрғысынан көңіл аударуға тұрарлық үйлер, ғимараттар мен керуен сарайлар құрайды. Ең әйгілі ғимараттардан «Мостуфи» мен «Моин әт-Тоджар» үйлерін атауға болады. Бұл екі үйдің архитектуралық стилі Қаджарлар дәуіріне тиесілі. Олар өте әдемі алебастр, тас пен кірпіштен жасалған жапсырмалармен безендірілген. Бұл үйлер Карун өзенінің жанында орналасқандықтан тамашалаушыларға өте әдемі панорама сыйлайды. «Мостуфи» үйі ішкі және сыртқы бөліктерден тұрады. Қазір ауданның Мәдени мұра басқармасы орналасқан сыртқы бөлігі кіреберіс бөлік, дәліздің айналасындағы бөлмелер, қонақ күту бөлмелері, шахнешин-үлкен зал  мен басқа бөлмелерден тұрады. Бұл үй «Шадраван бөгеті» көпіріне жақын орналасқан. «Моин ат-Тоджар» үйі – екі қабатты, бір террасалы ғимарат. Онда ағаш есік пен терезелер, бірнеше «ороси» терезесі (алынбалы-салынбалы ағаш терезе) бар. Қазір олардың бір бөлігі сақталып қалған. Өткен жылдар көрсеткендей, терезе алынатын 3 бөліктен тұрады. Қолданылған безендірулерден қабырға бетіне кірпіштен өрнектер (өсімдіктердің  нақышы мен геометриялық пішіндер) салынып, оның үстіне нұртүсіргіш ретінде шарбақ пішіндегі алебастр жапсырмасы бекітілген. Бұл екі үй Иранның ұлттық мұра тізіміне тіркелген.

Шуштардың тарихи қаласы көне қала бөлігі, діни орындар, тарихи су құрылыстары сияқты тарихи тартымдылықтарының көп болуы бір жағынан,  бақтар мен серуендеу орындары сияқты табиғи потенциалдардың болуы екінші жағынан әрдайым жылдың барлық мезгілдерінде әртүрлі талғамдағы  отандық және шетелдік туристердің назарын аударып келеді.

Бұл қаланы басқа қалалардан өзгешелендіретін ең көрнекті ерекшеліктердің бірі – қаланың ішіндегі бақтар мен егіс алқаптары. Қаланың ішінде кеңістік тудырудың ең маңызды себебі – Карун өзеніндегі судың молдығы. Бұл өзен қаланы  аралдай айнала қоршаған. Қаджарлар дәуіріне тиесілі «Хан» тарихи бағы – Шуштар бақтарының ең маңыздысы. Ол Горгор өзенінің жағасында орналасқандықтан Иранның қалалары ішіндегі ең әдемі бақтардың бірі саналады.

Шуштардың су құрылыстарына қатысты көп шара Сасани дәуірінде атқарылса да, Қаджар дәуірінде де Шуштардағы бақтардың, соның ішінде «Хан» бағының су жүйесіне қатысты жаңа шаралар атқарылды. Бұл бақтың ауданы –  20500 шаршы метр. Шуштардың «Хан» бағы Иран бақтарына керісінше (көшелер, демалыс сарайы және басқа да қосымшалар) дәстүрлі және жергілікті тәсілмен салынған. Бұл бақта құрма, кәдімгі шилен, лимон, апельсин, банан, мандарин, інжір, анар, тұт пен нарқайсар гүлі және басқа да декоративтік өсімдіктер өсіріледі. Бақты суару дәстүрлі тәсілмен атқарылып, су Шуштар сарқырамалар кешенінің қолдан қазылған  арықтары мен Горгор өзенінен алынады.