Үшінші мыңжылдықтың орындалмаған мақсаттары (3)
Баршаға білім берудің жағдайы
Білім алу дұрыс тамақ пен баспанаға қолжетімділік сияқты әрбір адамның жеке құқығы болып табылады. Дүниежүзілік адам құқығы декларациясының 26-бабы бойынша, «Әрбір адамның білім алуға құқығы бар». Білім алу, сондай-ақ, адамның дамуының алғышарты болуымен бірге кедейшілікті азайту, денсаулықты жақсарту және жыныстық теңдікті сақтауға бағытталған ең мықты құрал болып табылады. Білім алу бейбітшілік пен демократияны таратуға, жұмыс күшін қолдануды арттыруға, адам капиталын жинауға, қоғамның салауатын ұлғайтып, елдердің экономикалық дамуына септігін тигізеді. Осы тұрғыдан «Баршаға білім беру» ұранының негізгі мақсаты – тұрақты дамуға қол жеткізу.
БҰҰ-ның есептеуі бойынша, әлемнің 171 млн кедей адамы ең қарапайым біліктілік – жазу мен оқуды үйрену арқылы «абсолюттік кедейліктен» шыға алады. Сондай-ақ, шешелері оқи алатын балалардың 5 жастан кейін аман қалу мүмкіндігі 50 пайызға көбірек болады. Басқа бір зерттеуде былай деп жазылған: балаларға уақытында вакцинация жасау шешелері сауатсыз болған жағдайда 19 пайыз сақталады, ал бастауыш білімі бар аналар болған жағдайда 68 пайызға артады.
Осы мәселенің маңыздылығына байланысты 2000 жылы әлем елдерінің басшылары «Мыңжылдық жарғысын» дайындап, бекіту арқылы баршаға бірдей бастауыш білім беру мақсатына көңіл бөліп, 2015 жылға дейін балалар қыз-ұл болуына қарамай, барлық жерде бастауыш білім алып, 15-24 жастағы әйелдер мен ер адамдардың сауаттылық деңгейін арттыруды көздеді. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін межеленген көрсеткіштердің бірі бастауыш білімді аяқтау деңгейіне, яғни бастауыш мектептің соңғы сыныптарына тіркелген балаларға қатысты болды. 2011 жылы 49 ел бастауыш білімді аяқтау деңгейін мүлдем арттыра алмады. Бірақ 2004 жылға қарағанда тек 3 ел осы топқа қосылған еді.
Осы саладағы келесі көрсеткіш мектепке барудан мақұрым қалған оқушылардың санына, яғни, бастауыш білім алу жасында болса да, мектепке бара алмай отырған ұлдар мен қыз балалардың санына қатысты. Зерттеу саласына шектеулі бюджет бөлінетін елдерде мұндай балалардың саны жоғары. Бірақ оларды тіркеу, пәндер бойынша дәріс өткізу, мұғалімдерді жұмысқа алу және оқу құралдарын дайындау осындай елдерге қысым түсіреді. Мыңжылдық дамудың екінші мақсатына қол жеткізудегі жетістікті анықтайтын келесі көрсеткіш – оқушыларды орта білім алу деңгейіне жеткізу. Ересек адамдар мен 15-24 жас арасындағы жастардың сауаттылық деңгейі мен түсіну, оқу және жазу қабілеті де мыңжылдық дамудың екінші мақсатына жетуді көздейтін елдерді бағалау үшін көрсеткіш болып табылады.
Көптеген елдерде жасалған талпыныстарға қарамастан олар екінші мақсатты орындаудан әлдеқайда артта қалған. Қазір әлемде ешқашан мектепке бармаған 121 млн-нан астам бала мен жеткіншек бар. Әлі күнге дейін балалар мен жеткіншектердің білім алуы үшін үлкен кемшіндіктер мен шешілмеген мәселелер бар. Тіпті қолда бар статистикалық мәліметтер 2007 жылдан бері білім алудан мақұрым қалып отырған балалар мен жеткіншектердің саны азаймағанын көрсетеді. Балалардың кейбір әлсіз тобын қарулы қақтығыстар жағдайына тап болған, жұмысқа жегілген, діни, ұлттық және тайпалық азшылық топтарға тиесілі балалар, сондай-ақ, мүгедек балалар құрап отыр. ЮНИСЕФ-тің Бас хатшысы қазіргі жағдайды сынап: «Балалар мен жеткіншектердің білім алуы үшін қажетті мәселелерді шешуге қатысты мүмкіндіктер мен құралдар жеткіліксіз. Балалар мен жеткіншектердің біліміне қатысты қолайсыз жағдай үкіметтердің білім алу құқығын кепілдендіру үшін әсерлірек рөл атқаруын қажет етеді»,-деп баса айтты.
ЮНИСЕФ-тің соңғы есептерінің бірі бойынша оқудан қалып қойған балалар мен жеткіншектердің ең көп деңгейі Эритрея мен Либерия елдеріне қатысты. Бұл елдерде сәйкесінше балалар мен жеткіншектердің 66 және 59 пайызы мектепте оқуды жалғастырудан кенде қалып отыр. Пәкістанда 12-15 жас аралығындағы қыз балалардың 58 пайыздан астамы оқуларын жалғастыра алмай отыр. Ал бұл көрсеткіш ұл балаларға қатысты 49 пайызды құрайды. Кедейшілік балалар мен жеткіншектердің оқуды жалғастыруына кедергі келтіріп отырған ең маңызды факторлардың бірі болып табылады. Сол себепті Нигерияда кедей жанұялардағы балалардың үштен екісі мектепте білім алу мүмкіндігіне ие болмай отыр. Ал дәулетті жанұялардағы балалардың тек 5 пайызы ғана білімін жалғастыра алмайды. Екі маңызды халықаралық ұйым – ЮНИСЕФ пен ЮНЕСКО өзекті мәселелердің бірі – мектепке бара алмаған балалар мен жеткіншектерге көзжұмбайлық танытумен күресу керек деп санайды. ЮНЕСКО қазіргі жағдайды назарға ала отырып, алдағы онжылдықтарда мыңжылдық дамудың білім алуға қатысты мақсаттарының орындалуына үмітсіздік білдірді.
ЮНИСЕФ-тің Бас хатшысы қазіргі жағдайды сынап: «Балалар мен жеткіншектердің білім алуына қажетті мәселелерді шешуге қатысты мүмкіндіктер мен құралдар жеткілікті емес. Үкіметтер олардың білім алу құқығын кепілдендіру үшін әсерлірек рөл атқаруы қажет»,-деп қуаттады. ЮНИСЕФ-тің соңғы есептеріне сәйкес, жеткіншектер бастауыш сынып жасындағы балалармен салыстырғанда 2 есе көбірек оқуларын жалғастырудан кенде қалып отыр. Білім алу халықтың, әсіресе балалардың жалпы өмір сүру деңгейін жоғарылатады. Әсіресе жас қыздардың (әйелдердің) білім алуы олардың санасында қазіргі және келешек ұрпақ туралы анық көзқарас қалыптастырады. Бұл ЮНИСЕФ-тің басты басымдықтарына ерекше әсер етеді. Сол себепті ЮНИСЕФ-тің мақсаты – қыз балаларды мектепке жіберу және олардың мектепте қалуын қамтамасыз ету.
ЮНЕСКО-ның Нью-Йорктегі кеңсесінің басшысы Вайбак Джонсон ханым бір баспасөз отырысында әлемде қазіргі оқу бағдарламалары мақсаттарын орындаудың ұзаққа созылатынын айтып: «Статистика мен қазіргі бағдарламаларға сәйкес әлемдегі жас, бірақ кедей әйелдердің сауатын ашуға қатысты маңызды мақсат 2072 жылы, яғни 57 жылдан кейін орындалады. Африканың Сахара шөлінің оңтүстігінде орналасқан елдерде кедей әйелдерге білім беруге бағытталған барлық мақсаттарға қол жеткізу ісі келесі ғасырда да жалғасатын болады»,-деді.
Әртүрлі елдерде мектепке бару үдерісіндегі әлеуметтік теңсіздіктер қатты байқалады. Тіпті қазір бастауыш сынып жасындағы 650 млн баланың 250 млн-ы кем дегенде 4 жыл оқығанына қарамастан оқу немесе есептеуге қабілетті емес. Оқудан тыс қалу жылдары деген қазір 200 млн жас адамның бастауыш мектепті бітірмегенін білдіреді. Мұнымен қоса, бұл жастар тиімді жалақы төленетін жұмыс табатындай қабілеттерге де ие емес. Сондықтан бастауыш білім алу үшін оларға тез арада мүмкіндік жасалуы тиіс. Қазіргі оқушылар 21 ғасырдың қабілеттері, соның ішінде сыни ой-пікір, мәселені шешу, шығармашылық қабілет пен компьютерлік сауаттылыққа ие болуы қажет.
Осылайша білім берудегі баяу даму үдерісі қазіргі таңда даму мақсаттарын орындау үшін бөгет, ал бейбітшілік пен әлеуметтік біркелкілік үшін кедергі болып отыр деп айтуға болады. Баршаға білім беру мақсаттарын орындау шын мәнінде адам құқығын қамтамасыз ету және дамудың барлық мақсаттарына жетудің басты алғышарты болып табылады. Бұл іс тұрақты оқуға қатысты жалпыны қамтитын қатынастың қалыптасуын қажет етеді. Мұнда білім беруге мүдделі барлық тараптар білім алуға қолжетімділікпен қоса, ондағы сәттілік, сапа мен теңдікке жан-жақты көңіл аударуы тиіс. Бірақ бұл шаралардың шығыны үлкен. ЮНЕСКО-ның есебі бойынша, 2030 жылға дейін бастауыш білім беру мақсаттарына жету үшін 22 миллиардтық жылдық бюджет қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл мақсат үшін қажетті қаржы көздері бар. Тек қажетті инвестицияны салу үшін саяси ерік-жігер деген ғана бір-ақ тапшылық бар. Бүгінде шын мәніндегі үлкен мәселе – білім беруді қолдаудың тоқырауға ұшырауы. Қаржылай қолдау, яғни дәулетті елдер өз міндеттемелерін орындап, білім беру мақсаттарын орындауда басқалардан артта қалған елдерді, соның ішінде әлсіз әрі қақтығыстардан зардап шеккен елдерді басты басымдық етіп алуы тиіс. Гуманитарлық көмек саласында бюджеттен білім беруге қаражат бөлу ісі арта түсуі керек. Дүниежүзілік экономикалық дағдарыс білім беру саласындағы халықаралық міндеттемелер мен баршаға білім беру мақсаттарын орындауға немқұрайды қарауға сылтау болмауы тиіс. Ішкі бюджеттен білім беруге қаражат бөлуді жалғастыру және осы бюджеттен жаңа әрі тың қаржы көздерін табу да өте маңызды.