Үшінші мыңжылдықтың орындалмаған мақсаттары (5)
Балалар өлімін азайту – жаңа туған сәбилер мен 5 жастан төмен балалардың өлім-жітім деңгейін көрсететін медициналық көрсеткіш.
Бұл көрсеткіш әрбір тірі туған мың баладан қанша баланың 5 жасқа жетпей шетінегенін көрсетеді. 5 жасқа дейінгі балалардың өлім-жітімі – халықаралық қауымдастық бетпе-бет келіп отырған ең ауыр түйткілдердің бірі. Бұл көрсеткішті дамудың белгісі ретінде таңдаудың себебі әртүрлі әлеуметтік және экономикалық факторлардың балалар өлімінің азаюы немесе көбеюіне әсерін анықтау болып табылады, өйткені бұл көрсеткіш жанұялардың сауаттылық деңгейіне, ауылдар арасындағы жолдардың жағдайына, медициналық жедел-жәрдем орталықтарына қолжетімділікке, медициналық қызметтердің бағасына, телекоммуникациялық байланыстар желісінің болуы мен жанұяның табысына байланысты.
Өлім-жітімнің санағы әдетте 5 жасқа дейін, 1 жасқа дейін және бала дүниеге келгеннен 28 күнге дейін үш кезеңде жүргізіледі. Өлім-жітімнің 43 пайызы туған күнінен 28 күнге дейінгі сәбилерге қатысты. Шетінеу босанудың күрделілігі, тұншығу, босану мен қабынудан туындаған зарарлардан орын алады. 28 күннен 5 жасқа дейін өлім-жітімнің көбі өкпенің қабынуы, іш өту, безгек, СПИД сияқты жұқпалы ауруларға қатысты. Ал бұл жағдайда әлемнің әртүрлі аймақтарындағы, әсіресе табысы аз елдердегі 5 жасқа дейінгі балалар өлімінің басты себебі бір-біріне ұқсайды, яғни көбінесе жұқпалы аурулардан болады. Табысы жоғары елдердегі балалар өлімінің басты себебі – туа біткен ауытқулар, мезгілінен бұрын босану, туылған кезде алған жарақаттар мен тұншығу сияқты жұқпалы емес аурулар.
25 жыл ішінде 5 жастағы және жастары одан төмен балалардың өлім-жітімі туралы жүргізілген статистика бойынша, 1990 жылы 12,7 млн шетінеу жайты орын алса, 2015 жылы 5,9 млн жайт тіркелген, яғни сәби өлімінің статисткасы шамамен 50 пайызға азайған. Бұл айтарлықтай прогресс болғанымен балалар өлім-жітімінің 53 пайызға азаюы үшінші мыңжылдық даму мақсаттарында белгіленген деңгейден әлдеқайда аз, өйткені әлем елдері бала өлімін 2000-2015 жылдар аралығында үштен екіге азайтуға келіскен болатын. Ал қазір күніне 5 жастан төмен 16 мыңға жуық бала қайтыс болады. Олардың көбі алдын алуға болатын немесе емдеуге болатын аурулардан көз жұмады. ЮНИСЕФ-тің атқарушы директорының орынбасары: «2000 жылдан бері көптеген елдер 5 жастағы және жастары одан төмен балалардың өлім-жітім деңгейін 3 есе азайтты. Біз бұл прогресті мойындауымыз керек, сондықтан өзіміз білетін істерді атқаруға деген талпыныстарды еселендіруіміз қажет»,-дейді.
Мамандардың көзқарасынша, балалардың өлім-жітімін Африкадағы Сахара шөлінің оңтүстігі мен Азияның оңтүстігіндегі елдер сияқты жоғары өлім-жітім деңгейіне ие аймақтарға көңіл аударумен, әсіресе сәбилерге көңіл бөлу арқылы тезірек азайтуға болады. Әлемдегі өлім-жітімнің 50 пайызға жуығы Африкадағы Сахара шөлінің оңтүстігіндегі елдердің 5 жасқа дейінгі балалары арасында, өлім-жітімнің 30 пайызы Азияның оңтүстігіндегі елдердің балалары арасында байқалады. 1 млн нәресте дүниеге келген күні шетінеп кетеді. 2 млн-ға жуық сәби туылғаннан кейінгі бірінші аптада қайтыс болады. Осы жас тобындағы өлім-жітімнің негізгі себептерінің бірі ретінде босану кезіндегі асқынуы, уақытынан бұрын тууды, өкпенің қабынуын, іштің өтуі мен безгек ауруларын айтуға болады. Балалар өлімінің тағы бір негізгі себебі – нашар тамақтану. Нашар тамақтану жағдайы ауруларға төтеп беру қабілетінің төмендігіне, психикалық және физикалық өсудің кешеуілдеуіне тікелей әсер етіп, өлу қаупін арттырады. Жүргізілген статистикалық есептеулер бойынша, әлемнің жер-жеріндегі 5 жасқа дейінгі балалардың өлім-жітімінің 45 пайызы әлі де нашар тамақтануға байланысты болып отыр.
Туған кездегі салмағының аз болуы – сәбилердің өлім қаупін арттыратын тағы бір фактор. Әлемде жылына 20 млн-нан астам сәби аз салмақпен дүниеге келеді. Олардың көбі Африка мен Оңтүстік-шығыс Азияда дүниеге келеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Бас директорының орынбасары бұл жөнінде былай дейді: «Сәбидің туылған кезіндегі күтімінің сапасы қарапайым тәсілдерден, яғни шақалақты жылдам анасына беріп, ана мен бала терілерінің бір-біріне тиюін қамтамыз ету және ана сүтімен тамақтандырудан тұрады. Шақалақтар мен науқас сәбилердің күтімі жақсы болса, жылына көптеген балаларды аман алып қалуға болар еді».
Жарияланған статистикалық мәліметтер соңғы жылдарда көптеген елдердің балалардың өлім-жітімімен күресуде айтарлықтай жетістікке қол жеткізгенін көрсетеді. Азырақ дамыған 49 елдің үштен біріне жуығы өткен 20 жылдың ішінде 5 жасқа дейінгі балалардың өлім-жітім деңгейін 40 немесе одан жоғары пайызға азайта алды. Бұған қарамастан, мыңжылдық дамудың мақсаттары көздеген межеден, яғни балалардың өлім-жітімін 2015 жылға дейін үштен екіге азайту межесінен азырақ болды. 2000 жылда Африканың солтүстігі, Азияның шығысы, Азияның батысы, Латын Америкасы, Кариб теңізі жағалауындағы балалардың өлім-жітімінің деңгейі жартыдан көбірек азайғанымен әлі де болса елдердің көбінде, әсіресе Африка Сахарасының оңтүстігіндегі аймақта балалардың өлім-жітімі қабылданбайтын деңгейде жоғары. Бұл елдер соңғы жылдарда бұл салада аз дамыды немесе мүлдем дамымады. Бұл аймақтардағы жүктіліктің саны жоғары болып, бірақ өлім-жітім жылдамдығын азайту мүмкін болмағандықтан шын мәнінде шетінеп кеткен балалар санының іс жүзінде артып отырғанын көрсетеді. Балалар өлімінің ең жоғары деңгейіне ие Сьерра-Леонеде өткен жылы 1000 баланың арасынан 185-і өзінің 5 жасын тойлауға жетпеді. Ал Германиядағы бұл статистика 1000 баладан 3 баланы құрайды.
БҰҰ-ның Балалар қоры (ЮНИСЕФ): «Егер 5 жасқа дейінгі балалардың өлім-жітім деңгейі осы күйінде жалғасатын болса, келер 15 жылда 69 млн бала қаза табатын болады. Олардың жартысы алғашқы бес айда қайтыс болады. 5 ел осы жастағы балалардың өлім-жітімінің жартысынан көбіне куә болады. Үндістанның үлесі осы аралықта 17 пайызды, Нигерияның үлесі 15 пайызды, Пәкістанның үлесі 8 пайызды, Конго демократиялық республикасының үлесі 7 пайызды, Анголаның үлесі 5 пайызды құрайды. Сонымен қатар есептеулер көрсеткендей, егер бұл үдеріс жалғасатын болса, 2030 жылда 5 жасқа дейінгі балалардың өлім-жітімі 6 млн баланы құрайтын болады»,-деп ескертті.
Өкпенің қабынуы мен іштің өтуі сияқты жұқпалы аурулар бұрынғыдай Үндістанның 5 жасқа дейінгі балаларды құрбан ететін аурулардың басында тұр. 2015 жылда Үндістанда көз жұмған 2 млн сәбидің 15 пайызға жуығының өкпесі қабынған. Іш өту де сәбилердің 9 пайызын құрбан етеді. ЮНИСЕФ-тің мәліметі бойынша, сондай-ақ, Африканың кейбір аймақтарында туған балалардың тірі қалу мүмкіндігі 5 жасқа толғанға дейін 12 сәбидің бірін құрайды. Бірақ бұл меже бай елдерде 147 сәбидің бірін құрайды. Балалар өлім-жітінің себептері даму үстіндегі елдердің көбіне нашар тамақтанумен бірге, алғашқы күтімнің болмауы, таза сумен қамтамасыз етілмеуі, канализациялық қоқыстарды санитарлық тәсілмен жою сияқты қажетті инфрақұрылымдық нысандарға қолжетімсіздік болып отыр.
Осылайша әлем елдері басшыларының үшінші мыңжылдықтың даму мақсаттары жайлы міндеттемелерін орындауға берілген 2015 жылдың соңғы күндерінде де бір минутта әлем бойынша 5 жасқа толмаған 11 бала әртүрлі себептермен және көбінесе алдын алуға болатын ауруларға байланысты көз жұмуда. Сондықтан балалардың өмірін сақтап қалу және құтқару бұрынғыдай 2015 жылдан кейінгі тұрақты даму мақсаттарының арасында көңіл аударылатын мәселе болып қала беруі тиіс.
Алдағы жылдарда осы мақсаттың орындалуы бәрінен бұрын саяси ерік-жігерді, нақты стратегияны қалыптастыруды және қажетті қаржы көздерімен қамтамасыз етуді қажет етеді. Мыңжылдық дамудың мақсаттарына қол жеткізу экономикалық, әлеуметтік және мәдени инфрақұрылымдарға көбірек көңіл аударылуды талап ететіні күмәнсіз. Осы инфрақұрылымдарға қатысты мақсаттандырылған біртұтас бағдарламаларсыз бұл мақсаттарға жету мүмкін емес. Әрине даму үстіндегі елдердің көбінде осы мақсаттардың орындалмауы қаржы көзінің тапшылығына байланысты. Осы орайда жүргізілген зерттеулер көрсеткендей, егер тек Еуроодаққа мүше 17 ел жылына орташа есеппен алғанда жарты млн-нан астам доллардан көмек көрсетсе, оңайлықпен кедейлік, аштық және әртүрлі аурулар сияқты үлкен гуманитарлық апаттардың туындауының алдын алуға болады. Есептеулер бойынша, АҚШ-тың әлемдегі 2 немесе 3 күндік соғысқа бөлетін қаражаты қарапайым гигиеналық жағдайдан мақұрым қалған миллиондаған балаға бөлінетін 1 жылдық қаражаттан әлдеқайда көбірек.