Ақп 29, 2016 18:19 Asia/Almaty

Өткен бағдарламаларда 2000 жылы 189 елдің басшыларының Үшінші мыңжылдық даму мәлімдемесін бекіткенін айттық.

Бұл мәлімдеме әлемнің кейбір ірі түйткілдерімен күресуге бағытталған бұрын-соңды қабылданбаған дүниежүзілік міндеттеме болып табылады. Онда кедейшілікті азайтып,  әлем халықтарының әртүрлі топтарының өмір сүру деңгейін жоғарылатуға талпыныс жасалу қажеттігі қуатталған. Осыған орай, БҰҰ-на мүше елдер орындауға келіскен мақсаттардың бірі – СПИД, безгек, туберкулез сияқты аурулармен күресу және олардың таралу деңгейін төмендету. Мыңжылдық даму құжатына қол қойған елдердің келісімі бойынша бұл мақсат 2015 жылға дейін орындалуы тиіс еді. Бүгінгі бағдарламаны осы мақсаттың қаншалықты орындалғанын талдауға арнаймыз. 

Күн сайын артып келе жатқан айғақтар көрсеткендей, санитарлық күтімнің жақсаруы, аурулармен күресу, өмір сүру ұзақтығының жоғарылауы әрбір елдің экономикалық даму факторларының қатарын құрайды.  Алайда бүгінде СПИД, туберкулез бен безгек аурулары әлем елдерінің кейбірінің даму бағдарламасын қиындыққа душар еткен жұқпалы аурулардың бірі саналады. Өндірістің азаюы, шығындардың көбеюі, табыс пен инвестицияның төмендеуі осы аурулардың таралуынан туындаған салдарлар болып отыр. Сол себепті дүниежүзілік денсаулық сақтау мамандарының пікірі бойынша, барлық елдерде, соның ішінде дамудан кенже қалған және кедей елдерде денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыруға немесе нығайтуға көмектесу –  жауапты тұлғалар тарапынан назарға алынуы тиіс күн тәртібіндегі ең маңызды мәселелердің бірі. Сондықтан СПИД, туберкулез бен безгек ауруларымен күресу мыңжылдық даму құжатында назарға алынған  мақсаттардың бірі саналады.  

Мыңжылдық дамудың мақсаттары анықталған жылы әлем СПИД-тің қалыптан тыс артуы және жаңа жайттарымен бетпе-бет келді. Сол жылғы есеп бойынша, 3,1 млн СПИД-ке шалдығу жайты тіркелген. Күн сайын 8500 адам СПИД-ке шалдығып, 4300 адам СПИД салдарынан туындайтын аурулардан көз жұмып отыр. 2000 жылы есептелгендей, егер әлемдік қауымдастық жедел шара қолданбаса, 2014 жылға дейін СПИД-ке шалдығу жайты 6 млн адамды құрайтын болады. Сол себепті әлемдік қауымдастық басты инвестицияны СПИД дағдарысын шешуге жұмсағандықтан, бұл әлем халқы мен оның экономикасын айтарлықтай нәтижеге жеткізді.  

Жуырда жарияланған статистикалық мәліметтер көрсеткендей, СПИД пен безгек сияқты аурулармен күресу саласына  мақсатты түрде салынған инвестициялар бұрын-соңды болмаған нәтиже берді. 2000-2015 жылдар аралығында 6 млн 200 мыңнан астам адам безгек ауруынан құтқарылды. Әлемнің жер-жеріндегі 2 млрд 100 млн адам жақсартылған медициналық нысандарға баруға мүмкіндік алды. ВИЧ туралы есептер де осы қабынуға шалдыққан 34 млн адамның 8 миллионының қазір вирусқа қарсы ем алып жатқанын хабарлады. Тура осы үдеріс одан ары жалғасар болса, дүниежүзілік емдеу мақсаттарына жету үшін мүмкіндік туады.  

БҰҰ-ның СПИД-пен күрес бағдарламасының атқарушы директоры Майкл Сидиб: «Әлемнің осы мәселеге реакциясы таңғаларлық болды. Әлем миллиондаған долларлық инвестицияны миллиард долларға жеткізді. Қазіргі таңда бұл мәселені шешуге жұмсалатын әрбір 1 доллардың орнына 17 доллар қайтып отырады»,-дейді. БҰҰ-ның СПИД-пен күрес бағдарламасы бұл аурудың 2030 жылға дейін толығымен жойылатынын көрсетеді. Осыған орай жуырда БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун да тұрақты дамудың басты мақсаттарының бірі ретінде СПИД-ті жою үшін әлем елдерін әріптесуге шақырды.


Мәліметтер бойынша мыңжылдық даму мақсаттары әлемнің жер-жерінде айтарлықтар жетістіктерге қол жеткізгенімен бұл даму әлемнің түкпір-түкпірінде бірдей деңгейде болған жоқ. Әртүрлі елдер арасында әлі де айтарлықтай айырмашылық бар. Мысалы, СПИД жайлы хабардар болу оның таралуының алдын алуға бағытталған алғашқы қадам болып табылады. Бұған қарамастан даму үстіндегі елдерде жас жігіттердің шамамен үштен бірі, жас қыздардың тек бестен бірі ғана осы вирус жайлы басты шындықтарды біледі. Мұнымен қоса, СПИД-ке қатысты сынақтар көптеген аймақтарда аса қолжетімді емес. БҰҰ-ның есебінде айтылғандай,  СПИД-ке шалдыққан адамдардың 54 пайызы ғана өзінің ауруға шалдыққанынан хабардар. Осы есеп бойынша, ауруға шалдыққан балаларды анықтау ісі баяу жүрді. Тіпті 2014 жылдан бері СПИД-ке шалдыққан 2,6 млн баланың 32 пайызы ғана анықталып, олардың тек 32 пайызы ғана СПИД-тен емделуге қол жеткізді. Бұл балалар көп тауқыметті бастан кешіруде. Олар СПИД ауруымен дүниеге келген. Олардың 50 пайызы екі жастан  кейін көз жұму қаупімен бетпе-бет келеді. Олар жетімдік пен кемсітушілікке ұшырайды. Ауылдық жерлерде тұратын бұл балалардың көбі қараусыз қалады.

БҰҰ-ның есебі бойынша, 2020 жылға дейін осы аурумен күресу үшін құны 31,9 млрд долларды құрайтын инвестиция қажет, ал 2030 жылға дейін қосымша 29,3 млрд доллар бөлінуі тиіс. Сонда әлем бойынша бұл аурудың тамырын жойып, СПИД-тен таза қоғамды келесі ұрпаққа мұраға қалдыруға болады. Келер бес жылдың мақсаттары, сондай-ақ, безгек ауруынан туындайтын өлім-жітім санын қазіргі деңгейден  үштен бірге (жылына 600 мың адамға жуық) азайту, 19 африкалық ел мен Меконг үлкен аймағында осы ауруға шалдыққандардың санын 40 пайызға азайтуға бағытталған. Осы қысқа мерзімді мақсаттарға қол жеткізген жағдайда 2050 жылға дейін безгек ауруының тамырын жоюға мүмкіндік туындайды.

СПИД-тің алдын алу туралы жақсы хабарлар естіліп жатқанымен, бүгінде әлемнің денсаулық сақтау саласындағы ең үлкен мәселелерінің бірі – туберкулез (көксау) ауруы. Туберкулез және одан қайтыс болудың 90 пайызы даму үстіндегі елдерде орын алады. Бұл елдерде туберкулезге шалдыққан бір ересек адам орташа есеппен алғанда 3-4 ай жұмыс істеуге қабілетсіз. Сондықтан оның жанұясы жылдық табыстың 20-30 пайызынан айырылады. Ал бұл адам қайтыс болған жағдайда жанұяның орташа есеппен 15 жылдық табысы бірден жойылады.

Болжам бойынша, бұл ауру 2020 жылға дейін  бұрынғы деңгейде сақталып қалады немесе жетінші орынға дейін көтеріледі. Осыған қатысты келесі қауіп – СПИД вирусына шалдығу. Бұл ауру туберкулез ауруына шалдығу қаупін айтарлықтай арттырады. СПИД-тің деңгейі жоғары елдерде, әсіресе Африканың Сахара шөлінің оңтүстік жағында орналасқан елдерде туберкулез ауруына шалдыққандардың санының айтарлықтай артқанына куә болып отырмыз. 2012 жылы әлемде туберкулез ауруына шалдыққандардың арасында ВИЧ-тің таралу деңгейі 13 пайыз болған.  

Осы аралықта қақтығыстар да адамзаттың дамуына төнген ең үлкен қауіп болып табылады. Бүгінде соғыстан зиян шеккен елдер кедейшіліктің ең жоғары деңгейімен қоса, әртүрлі жұқпалы ауруларға душар болып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының медбикелік және акушерлік бөлімінің бас хатшысы Фариба Әд-Дерази бір сұхбатында осы мәселеге тоқталып: «Бірқатар елдер, соның ішінде Таяу Шығыс елдері азамат соғысына ұшырап отыр. Бұл адамдардың медициналық қызметтер мен халықаралық көмектерге қолжетімділігін шектеп отыр»,-деді.

Жалпы алғанда әлемдегі денсаулық сақтау саласының қиындықтарына байсалды түрде төтеп берудің халықаралық көмектерді қажет ететіндігі анық. Медицина және емдеу саласындағы түйткілдерді жеңу барлық елдердің, әсіресе дамыған елдердің бұрынғыдан көбірек өздерінің әлемдік міндеттемелерін орындауын талап етеді. Әсіресе осы елдердің емдеу тәсілдеріне қатысты әріптестігі әбден қажет. Батыс елдерінде кейбір емдеу тәсілдері мен кейбір дәрілерді өндіру монополияланғандықтан бұл елдер кейбір жағдайларда өздерінің осы саладағы жетістіктерін әлемнің басқа елдерімен бөлісуден бас тартады. Өйткені бұл технологиялар мен дәрілерді монополиялау оларға өте мол табыс әкеледі. Ал бұл елдердің әлемдегі денсаулық жағдайын жоғарылату бағдарламасына қаржылай және технологиялық  қолдауы әлемде денсаулық сақтау мақсаттарының орындалуына көмектесе алатын ең маңызды факторлардың бірі болып табылады.