Иранға сапар (202)
Бүгінгі бағдарламаны Рей ауданын таныстыруға арнаймыз. Бұл ауданның тарихы тереңде жатыр. Ол аумалы-төкпелі замандарды бастан өткерген. Археологиялық зерттеу жұмыстары көрсеткендей, ежелгі Рей қаласы 8 мың жылдан астам тарихымен әлемнің танылған ең үлкен өркениет орталықтарының бірі болып табылады.
Рей ауданы солтүстікте Теһран ауданымен, батыста Исламшахр, Робаткарим және Зарандие аудандарымен, шығыста Варамин мен Пакдәшт аудандарымен, оңтүстікте Құм облысымен шектесіп жатыр. Бұл ауданның орталығы – Рей қаласы. Қала Теһранның оңтүстігіндегі алқапта орналасқан. Қоңыржай ауа райына ие. Бұл қаланың географиялық маңыздылығы оның тау мен шөлдің арасындағы құнарлы жерде орналасуында. Қала бағзы замандардан бері Иранның батысы мен шығысын байланыстыратын жер болған.
Жалпы алғанда Рей қазіргі таңда егін шаруашылығына бейім аудан болып саналады. Бұл ауданның егін егуге жарамды жерлері 100 мың га-ға жуық. Рей қаласының айналасында көптеген қалашықтардың орналасуы бұл қаланың егін шаруашылығы полюсі қалпынан ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп аймағына айналуына себеп болды.
Рей ауданының жер қыртысы Теһранның солтүстігіндегі Тучал тауларының оңтүстік етегінен сел арқылы шайып әкелінген топырақ пен Арад (Кәһризак пен Хасанабадтың арасындағы) таулардың атырабындағы шайындылардан тұрады. Бұл жер қаннат-жер асты су жолдары, өзендер мен Кәрәдж өзенінің төмен жағында салынған каналдар арқылы суарылады.
Рей – қазіргі таңда Теһранмен қатар аймақтың маңызды ғылыми және діни орталықтардың бірі. Мұны Ислам пайғамбары ұрпақтарының бірі хазірет Абдулазим Хасанидің (ғ.) кесенесінің болуының берекесінен деп айтуға болады. Хазірет Абдулазим Хасанидің (ғ.) кесенесімен бірге имамзада Абдулланың (ғ.) кесенесі мен «Ибн Бабуйе» деген атпен танымал Құран Кәрімнің әйгілі тәпсіршісі шейх Садуқтың мазары – Рейдің ең танымал діни-тарихи орындарының бірі. Олардың әрқайсысының бірнеше ғасырлық тарихы бар.
Тарихи көнелілік тұрғысынан Рей қаласын шын мәнінде Иран өркениетінің бесіктерінің бірі әрі Теһранның анасы деп атауға болады. Рей көне ауданынан табылған б.з.д. 5-4 ғасырларға тиесілі өрнектелген қыш ыдыстар сияқты заттар бұл жердің Иран үстіртіндегі алғашқы өркениет орталығы екендігіне куәлік етеді.
«Авеста» кітабында арийліктердің Иран үстіртіне келуі және олардың 16 мемлекет құрып, орнығуы туралы айтылған. Солардың бірі – «Рей» немесе «Рәк» мемлекеті. Мадтардың заманында Рей мемлекеті «Мад Рази» деп аталған. Мад Рази үшінші Мад еді. Ал алғашқы екі Мадтың бірі – Үлкен Мад. Ол кейінгі ғасырларда «Аджам (ирандық) Ирак» деп аталған. Екіншісі – Кіші Мад, ол Әзірбайжан мен Күрдістанның бір бөлігін қамтыған. Хақамани заманынан қалған ескерткіштерде «Рей» бірнеше рет аталған. Осы әулеттің шахтарының жазба тақташаларында да Рей мемлекеті аталған. Мысалы, Дарийдің Бистун (Керманшахтан 30 шақырым жердегі таудың аты) тас жазбаларында Рей «Рега» (Rega) деп аталған. Бұл Рейдің Хақамани заманындағы маңыздылығын көрсетеді. Рей мемлекеті Ашканилер заманында да дамып, Ашканилер патшаларының жаздық резиденциясы болған деп айтылады. Оны «Аршакия» деп те атаған.
Салавки заманында болған қатты жерсілкінісі Рей қаласын қиратты. Грек патшасы Никатар деген атпен танымал Селевкус I-нің кезінде (б.з.д. 321-280 жылдар) қирандылар қайта жөнделіп, қала қайта жаңартылды. Алайда қазіргі Рей қаласы Сасани билігі заманында салынған. Бахрам Гур Сасани – Йездигерд III-нің ұлы Фируз өзі патшалық құрған заманда осы қаланы салдырып, оны «Рам Фируз» деп атаған.
Рей Сасани үкіметі тұсында қарқындап дамыды. Әлі күнге дейін Рейдің атырабында сол дәуірден қалған ескерткіштер сақталған.
Ислам Иранға ене бастағанда Рей үлкен қала болған. Халық ислам дінін қабылдағаннан кейін бұл қала одан ары дами түсті. Сондықтан исламдық жазушылардың арасында ол «Ум ул-Белад» және «Шейх ул-Белад» деп аталған.
Көнелілік тұрғысынан Рей қаласы екіге бөлінеді. Оның бірі – б.з.д. 4000 жылы, исламға дейінгі дәуірлерде Әли бұлағының оңтүстігіндегі үлкен бастионның ортасында салынған көне Рей қаласы. Ол «Рей барин» - Жоғары Рей деп аталған. Екіншісі – кейінгі ғасырлардағы, бертінгі Биби Шахрбану тауының оңтүстігі мен оңтүстік-шығыс бөлігінде салынған Рей. Оны «Рей зирин» - Төменгі Рей деп атаған. Рейдің көне қирандылары қазіргі қаланың атырабында шашырай орналасқан. Онда исламға дейінгі дәуірлерден қалған ескерткіштер бар.
Тарихшылар мен географтар исламға дейінгі және ислам дәуіріндегі Рейдің аумағы жайлы мәлімет жазған. Солардың ішінде б.з. 1 ғасырында өмір сүрген жазушылардың бірі грек Изидур Харакси Рей жайлы былай деген: «Рей Мадтардың барлық қалаларынан үлкен». Ислам дәуіріндегі жазушылардың мәліметтеріне сүйенсек, көне Рей х.қ.ж.с.б. 4 ғасырда Джабал уалаяты (Қаһестанның) ең үлкен орталықтарының бірі болған. Ибн Хаукаль айтқандай, Бағдадтан кейін Шығыста Рейден артық абадтандырылған қала болмаған.
Қалай болғанда да, Рейдің көне аумағы мен оның атақты қаласы Вавилон мен Нейнава қалаларымен деңгейлес болған. Бұл қаланың мәдени және саяси тарихы б.з.д. 3 мыңжылдықтан басталады. Бірақ исламға дейінгі дәуірлерде Мадтар билігінен бері бұл қала Авеста мен Ескі Інжіл сияқты қасиетті кітаптар, грек және латын тіліндегі кітаптар мен көне тас жазбаларда әртүрлі атаулармен аталған.
Рей тарихи аймағы ерекше географиялық жағдайына, яғни Ұлы Жібек жолы бойында орналасқанына байланысты әртүрлі діни наным-сенімдер, ойлар мен идеологиялардың тоғысатын жері болған. Ұлы Жібек жолы сол заманда әлемнің шығысы мен батысын жалғастырып тұрған. Бұл аймақ мыңдаған жылдар бойы керуендер өтетін және мәдениеттердің тоғысатын жері ғана болмаған, сонымен қатар оның байлығы мен стратегиялық маңыздылығына байланысты әрдайым әртүрлі әскери күштер, билеушілер мен әулеттердің сүйіп қоныстанған жері болған.
Ислам пайда болып, х.қ.ж.с.б. 22 жылы (642 жылы) Рей жаулап алынған соң аймақ халқы біртіндеп ислам дініне бет бұрды. Сол кезден бастап халифтер Рейге ерекше назар аударған. Х.қ.ж.с.б. 2 ғасырда «әл-Мәхди» деп аталған Мұхаммад Аббаси өз әкесі Мансур Даваниқидің халифаты кезінде Рей қаласын дамытуға атсалысты. Х.қ.ж.с.б. 141 жылы Аббаси үкіметінің халифі Мансур өз ұлы Мұхаммадты бас көтерген Хорасан билеушісімен соғысуға аттандырады. Мұхаммад сол миссия барысында Рейге тоқтап, өз әскерін Хорасанға соғысуға жіберіп, өзі х.қ.ж.с.б. 144 жылға дейін Рейде қалған. Ол х.қ.ж.с.б. 146 жылы Рейге тағы келіп, 151 жылға дейін сонда қалған. Содан соң Бағдадқа қайтып оралған. Осы жылдары Аббаси халифатының орталығы Бағдадты дамыту жобасы жүзеге асырылды. Мұхаммад Аббаси да Рейді дамыту үшін қолайлы санап, соған бар күшін салған.
Бұл қаланың осы бөлігі х.қ.ж.с.б.152-158 жылдар аралығында Жоғары Рей немесе исламға дейінгі Рейдің оңтүстік-шығысында Бибі Шахрбану тауының оңтүстігінде салынды. Ол «Мұхаммадие» деген атпен танымал. Мұхаммадие әдетте Мехди билік құрған кезеңде соғылған тиындардың бетінен де көрініс тапқан.
Х.қ.ж.с.б. 7 ғасырда өмір сүрген ұлы саяхатшы Яқут Хамави да өзінің «Мұджам әл-Бәләдан» атты танымал кітабында Рей туралы егжей-тегжейлі баяндап, Мұхаммадие және сол замандағы Рейдің дамуы жайлы айтқан.
Рей х.қ.ж.с.б. 4 ғасырда өзінің дамуының салтанатты кезеңін бастады. Бұл кезде Зиярлар әулетінің алғашқы патшасы Мардвидж Дейлами билік құрған болатын. Мардвидж х.қ.ж.с.б. 315 жылы саяси сахнаға шығып, 319 жылы тәуелсіздік алып, Рейді өзінің астанасы деп жариялады. Буйе әулеті күшіне енген соң Рейдің маңыздылығы одан ары арта түсті. Рей Иранда Буйе әулеті билік құрған кезде олардың саяси-мәдени орталығы болған. Бұл осы қалада ғылым мен әдебиеттің дамуына себеп болды. Мұнда көптеген ғалымдар, әдебиетшілер мен ақындар тәрбиеленген. Буйе әулеті кезіндегі көрнекті саяси-мәдени тұлғалардың бірі осы әулеттің уәзірі Сахеб бен Абад болған.
Бұл уәзір ғылым мен білімді өте қатты жақсы көрген және ғалымдар мен әдебиетшілерге ерекше көңіл бөлген. Сол себепті Сахеб бен Абадтың уәзір болған кезінде Рей әдебиетшілер, ақындар мен ғалымдардың жиналатын жеріне айналған. Сахеб бен Абадтың кітапханасында 120 мыңнан астам кітап болған деседі.
Артур Поп «Иранның бірегей өнер туындылары» атты еңбегінде 10-ғасырдағы Сахеб бен Абадтың кітапханасында бар кітаптарды бүкіл Еуропадағы кітаптардың санына тең деп жазған.