Жел 12, 2016 19:46 Asia/Almaty

Таһа сүресі, 547-ші бөлім, 127-130 аяттар

«Таһа" сүресінің 127 аяты:

" وَ کَذلِکَ نَجَْزِى مَنْ أَسْرَفَ وَ لَمْ یُؤْمِن بِایاتِ رَبِّهِ وَ لَعَذابُ الاَْخِرَةِ أَشَدُّ وَ أَبْقَی "

Ал міне сөйтіп, шектен шыққан, Раббының аяттарына иман келтірмеген кісіні жазалаймыз. Әрине ахирет азабы әрі қатты әрі тұрақты. (127)

Алдыңғы бағдарламада пайғамбарлар мен аспандық кітаптардан бойларын аулақ салатын адамдардың илаһи сүннет пен заң негізінде осы дүниеде қиын да қысылтаяң өмірге душар болып, ақыретте де мәңгілік жұмаққа жол таба алмайтындықтарын айтқан болатынбыз. Осы аятта сол жәйт тағы да қуатталып, Алла былай дейді: "Ақида тұрғысынан күпіршілікке душар болған, іс-әрекет саласында да бірқалыпты тура жолдан шығып, істерде әсірешілдікке бет бұратын адамдар бар. Олар Құдай сыйлаған нығметтерді бұрыс жолда қолданады. Мұндай адамдар бұрынғы топтар сынды одан қашар жол жоқ тозақтың қатты азабына душар болады".  Осы аяттан үйренетініміз:1. Ысырап пен илаһи нығметтерді орынсыз пайдаланудың бір түрі саналатын күнә әлемнің Пәруәрдігеріне деген иманмен сәйкеспейді.  2.Өз істеріміздің нәтижесін есептегенде бұл дүниенің пайдасы мен зиянынан гөрі қияметтің жазасы мен сыйына көбірек мән берейік.

"Таһа" сүресінің 128-129 аяттары: 

 « أَفَلَمْ یَهَْدِ لَهَُمْ کَمْ أَهْلَکْنا قَبْلَهُم مِّنَ الْقُرُونِ یَمَْشُونَ فی مَساکِنهِِمْ إِنَّ فی ذلِکَ لَآیاتٍ لِاوْلِی النُّهَى‏ » ، « وَلَوْلا کَلِمَةٌ سَبَقَتْ مِن رَبِّکَ لَکانَ لِزامًا وَ أَجَلٌ مُّسَمًّى »

Оларды жұрттарында жүріп жүрген өздерінен бұрынғы Біз жоқ еткен нәсілдер (дін үлгісі) жолға салмады ма? Рас мұнда ақыл иелеріне өнеге бар. (128) Егер Раббыңнан бекітілген сөз; белгіленген бір мерзім болмаса, әрине істері біткен болар еді. (129)

Бұл аяттар Йеменге бара жатқан жолда Ад қауымының қираған үйлерін, Шам жолында Самуд қауымының қираған қаласы мен Лут қауымының асты-үстіне келіп, ойрандалған үйлерін көрсе де, бәрібір ғибрат алмаған, күпіршіліктен бас тартпай, қырсықтықтан қол үзбеген ислам пайғамбары заманындағы мүшріктер мен кәпірлер туралы. Олардан қалған қирандылар тілсіз "тілмен" бүгінгі және болашақ адамдарға ескерту жасап, зұлымдық пен күпіршіліктің, бейбастақтықтың салдары мен соңын баяндайды. Аяттардың жалғасы былай дейді: "Кәпірлерге, бәлкім олар өздерінің күпіршіл әдіс-тәсілдерінен бас тартар деген оймен мұрсат беріледі. Әрбір үмбеттің ажалы белгіленгенімен, Құдай оның уақыты келместен бұрын оларды азаптамайды". Осы аяттардан үйренетініміз:1. Бұрынғылардың тарихынан ғибрат алмаған адам айыптауға лайық.  2. Ежелгі ескерткіштерді көрген кезде адамдар көбінесе оның серуендік қырына назар аударып, одан ғибрат алудан қапыл қалады. 3.Күнәһарлар мен зұлымдар илаһи азаптың кешігуіне масаттанбасын. Себебі Құдай күнәһарларды дәлелі аяқталған соң азаптайды. 

"Таһа" сүресінің 130 аяты:

« فَاصْبرِْ عَلی ما یَقُولُونَ وَ سَبِّحْ بِحَمْدِ رَبِّکَ قََبْلَ طُلُوعِ الشَّمْسِ وَ قَبْلَ غُرُوبها وَ مِنْ ءَانائِ الَّیْلِ فَسَبِّحْ وَ أَطْرافَ النَّهارِ لَعَلَّکَ تَرْضی‏ »

(Мұхаммед Ғ.С.) сонда олардың айтқандарына сабыр ет. Күн шығудан бұрын да, батудан бұрын да Раббыңды мақтай пәкте. Кеш мезгілдерінде және күндіздің айналасында да пәкте. Мүмкін ризалыққа бөленерсің. (130)

Осы аят Меккенің мүшріктерінің қорлаушы және жала жапқан сөздеріне қарсы исламның ардақты пайғамбарына қаратып былай дейді: "Мұндай тілмен безеп сөйлеген сөздерге шыдауың керек. Олардың зұлымдықтарынан аман қалуың үшін Құдай оларды тез арада жазалайды деп күтпе. Бірақ рухты тәрбиелеу үшін тәуліктің белгілі бір уақытында сені мен Құдай арасындағы байланыс нығаю үшін дұға тілеп, ғибадат етіп, Құдайды зікір ету қажет. Сондай жағдайда қарсыластардың қылықтары сенің ресалатыңды орындауға еш әсер ете алмайды. Сен өз ісіңнен көңілің қалып, үмітсізденбейтін боласың. Керісінше Құдайдың мейірімімен үміттеніп, өзіңнің ауыр міндетіне ризалық танытатың боласың». Осы аяттардан үйренетініміз:1.    Иманды адамдар қарсыластардың сөздері мен қылықтарының алдында табанды да нық тұрулары керек. Міндеттерін атқарғанда солқылдақтық танытып, аяқтарын шалыс басудан абай болулары керек. 2.    Намаз оқып, Құдайды мадақтап, тасбих ету дұшпанның қырсықтықтары мен үгіт-насихаттары алдында рухты тәрбиелейтін құрал. 3.    Түн демалыс пен ұйқының уақыты ғана емес, сондай-ақ оның бір бөлігін намаз оқып, Пәруәрдігерге ғибадат етуге де арнау керек.