Таһа сүресі, 532-ші бөлім, 49-54 аяттар
Таһа сүресі, 532-ші бөлім, 49-54 аяттар
«Таһа» сүресінің 49-50 аяттары:
" قالَ فَمَن رَّبُّکُمَا یا مُوسی " ، " قالَ رَبُّنَا الَّذی أَعْطى کُلَّ شَیْءٍ خَلْقَهُ ثُمَّ هَدَى "
(Перғауын): "Әй, Мұса! Раббыларың кім?",- деді. (49) (Мұса): "Раббымыз, әр нәрсеге бір бейне беріп, сонан соң оны тура жолға салған" деді. (50)
Содан кейін хазірет Мұсамен ағасы Һарун Перғауынның сарайына жол тартып, Исраил ұрпағын азат етуді сұрап, Перғауынды бір Құдайға иман келтіруге шақырды. Перғауын алғашқы көрсеткен реакциясында «Мені Оған иман келтіруге шақырып, қаһары мен ызасымен қорқытып отырған сендердің Пәруәрдігерлерің кім?» деген сұрақ қойды. Хазірет Мұсаның жауабы қысқа әрі кесімді болды. Мұса былай деді: «Менің Пәруәрдігерім – барлық нәрсені жаратқан, Өзінің жаратылыстары үшін қажет нәрсенің барлығын оларға сыйлап, жаратылыстарға даму мен кемелдікке жету кезеңінде жетекшілік етіп, оларға жол нұсқайтын Құдай». Перғауын мақұлықтардың жаратылысы тұрғысында уәж келтірмеді, Мұсаның айтқан сөздеріне берер жауабы болмады. Өйткені «құдаймын» деп жүрген Перғауын тіпті өзін де жаратқан емес. Сол себепті олар басқалар жайлы қандай уәж айта алады?! Хазірет Мұса мақұлықтардың Алла тарапынан жаратылуымен қоса жаратылыстық жетекшілік болып табылатын мақұлықтардың жетекшілік тақырыбына да сілтеме жасады. Жаратылыстық жетекшілікпен әрбір мақұлыққа оның тіршілігі мен дамуына және өсуіне қарай жол нұсқалады. Бір дәннің бір масақ бидайға айналуы, жан-жануардың өздеріне қалай ұя жасап, үй салатындығы, немен қоректенетіндігі, өздерінің төлдері мен балапандарын қалай тәрбиелеп, өсіретіндіктері Құдайдың әрбір жаратылыстың негізіне қалап, соның болмысына ұдайылық пен жалғастық сыйлаған жетекшілік. Осы аяттардан үйренентініміз:1. Мақұлықтардың жаратылысы – илаһи сый және тарту. Ешбір мақұлықтың Құдайдан талабы жоқ. 2. Дүниге билік ету жаратылысты жаратып, оны кемелдік жолына қойғанның құқығы.3. Барлық жаратылыс иелері илаһи жетекшілікке тәуелді. Табиғаттағы үстем заң – илаһи жетекшіліктің нышаны.
«Таһа» сүресінің 51-52 аяттары:
" قَالَ فَما بالُ الْقُرُونِ الْأُولَى " ، " قَالَ عِلْمُها عِندَ رَبّی فی کِتَابٍ لا یَضِلُّ رَبِّی وَ لا یَنسَى "
(Перғауын): "Ал сонда бұрынғы дәуірдегілердің жағдайы қандай?",-деді. (51) (Мұса Ғ.С.): "Олардың мәліметі Раббымның қасындағы Кітапта бар. Раббым жаңылмайды да ұмытпайды" деді. (52)
Мұса хазіреттің сөзіне жауабы болмаған Перғауын тақырыпты бұру үшін басқа сұрақ қойды: «Егер сен айтқандай болса, барлығы мүшрік, пұтқа табынушы болған біздің ата-бабаларымыздың тағдыры сонда не болады? Олардың барлығы азапқа душар бола ма?» Хазірет Мұса бұрынғы өткендердің барлығына төрелік етіп, барлығын күпіршіліктері үшін жазаланып, тозақтық болады деудің орнына былай деді: «Олардың есебін Құдай береді. Олардың барлық істері тіркелген. Құдай солардың негізінде әрекет етеді. Құдайдың ісінде ешқандай қателік пен жаңсақтық орын алмайды».Осы аяттардан үйренетініміз:1.Бұрынғылардың тағдырлары туралы: олар жұмақтық па, жоқ әлде тозақтық па деп төрелік жасамайық. Оны Құдайға тапсырайық. Себебі Ол адамдардың ішкі құпиялары мен сыртқы жағдайларынан хабардар. Ол ешкімнің құқығына қатысты зұлымдық жасамайды. 2. Әлемнің барлық істерінің есеп-қисабы бар. Олардың барлығы нақты тіркеледі. Сондықтан Оның ісінде ешқандай қателік болмайды. Ештеңе кемітілмейді.
«Таһа» сүресінің 53-54 аяттары:
" اَلّذی جَعَلَ لَکُمُ الاَرضَ مَهداً وَ سَلَکَ لَکُم فیها سُبُلًا وَ اَنزَلَ مِنَ السَّماءِ ماءً فَاَخرَجنا بِهِ اَزواجاً مِن نَباتٍ شَتّی " ، " کُلوا وَ ارعَوا اَنعامَکُم اِنّ فی ذلِکَ لَایاتٍ لِاُولِی النُّهی "
Ол сондай Алла. Сендер үшін жерді бесік қылып, онда сендерге жолдар ашқан және көктен жаңбыр жаудырған. Сол су арқылы түрлі өсімдіктерден жұп-жұбымен шығардық. (53) Жеңдер де, малдарыңды жайыңдар. Рас бұнда ақыл иелері үшін өнеге бар. (54)
Құран бұл жерде хазірет Мұсаның сөзінің арасында Құдайдың жаратылыс пен мақұлықтарға жетекшілік етудегі құдіретін сипаттап, үлгілерге де тоқталған. Алдымен былай дейді: Жер мен аспан біртұтас бір билік арқылы басқарылады. Бір жағынан, жерде тіршілік жағдайы адамдар мен басқа да тіршілік иелері үшін әзірленіп, олардың тіршіліктерін жалғастырулары үшін әртүрлі жолдар қалыптастырылды. Басқа жақтан, аспаннан жаңбырдың жаууымен жер көгеріп, адамдар мен басқа да жан-жануар үшін түрлі қорек пен азық қамтамасыз етіледі. Бұлардың барлығы Құдайдың илаһилігі мен құдіретінің анық белгілері. Данышпандар осы белгілерге көңіл аударып, олардан дәріс алады. Бірақ басқалар қапылдықтарына байланысты олардың қастарынан өтіп кетеді. Осы аяттардан үйренетініміз:1. Жер адамның дамуы мен кемелдікке жететін мекен болып табылады. Оның барлық қажеттілігін қамтамсыз етеді. 2. Адамның азығы тікелей, не болмаса жанама түрде шөптер арқылы әзірленеді. Шөптердің өсуі де жаңбырдың жаууына тәуелді. Илаһи басқарушылықсыз мұндай істің жүзеге аспайтындығы анық