Таһа сүресі, 530-шы бөлім, 37-42 аяттар
Таһа сүресі, 530-шы бөлім, 37-42 аяттар
«Таһа» сүресінің 37-38-39 аяттары:
" وَلَقَدْ مَنَنَّا عَلَیْکَ مَرَّةً أُخْرَى " ، " إِذْ أَوْحَیْنَا إِلَى أُمِّکَ مَا یُوحَى " ، " أَنِ اقْذِفِیهِ فِی التَّابُوتِ فَاقْذِفِیهِ فِی الْیَمِّ فَلْیُلْقِهِ الْیَمُّ بِالسّاحِلِ یَأْخُذْهُ عَدُوٌّ لِّی وَ عَدُوٌّ لَّهُ وَأَلْقَیْتُ عَلَیْکَ مَحَبَّةً مِّنِّی وَلِتُصْنَعَ عَلَى عَیْنِی "
Негізінде саған басқа да бір рет игілік еткен едік." (37) "Сол уақытта анаңның көкейіне тиісті нәрселер салған едік: (38) "Оны сандыққа салып, дарияға тастап жібер; дария оны қырға шығарып тастасын. Оны оған да, Маған да дұшпан біреу тауып алсын." "(Әй, Мұса! Саған) көз алдымызда бағылып, жетілуің үшін өз тарапымнан махаббат салдым." (39)
Алдыңғы бағдарламада Мұса Құдай тарапынан Перғауынды түзу жолға салу үшін жауапты болып тағайындалғанда Құдай оның ағасы Һарун көмектессін деген өтінішін қабылдап, оған қажетті жағдайды әзірледі деп айттық. Осы аяттар хазірет Мұсаға қаратып былай дейді: «Біз сенің Перғауынның сарайын жетуің үшін қасыңда бұрын да болдық. Ол кезде сен нәресте едің. Перғауын барлық нәресте ұлдарды өлтіруге бұйрық берген болатын. Біз анаңа аян беріп, сені бір сандыққа салып, Ніл өзеніне тастауға нұсқау бердік. Соңсоң Ніл өзенінен сені аман-есен Перғауынның сарайына жақын жағалауға жеткізуді тапсырдық. Сол жерде Перғауын сені судан шығарып, өзіне бала етіп алып, оның дұшпаны болған сені өзінің етегінде тәрбиелесін деп Перғауын мен зайыбын жағалауға әкелдік. Бұл істің барлығы біздің бақылауымызда болды. Сондай-ақ бұл сенің жаныңды аман сақтаудағы Біздің саған деген мейіріміміз бен игілігіміздің белгісі болды». Осы аяттардан үйренетініміз:1.Құдайдың қалауы барлық нәрседе басым. Перғауын Мұсаның дүниеге келмеуін қалағанда Құдай Мұсаны дәл сол Перғауынның етегінде тәрбиеледі. 2. Илаһи сүннеттердің бірі ол өзінің әулиелік махаббатын халықтың жүрегіне салатындығы.
«Таһа» сүресінің 40 аяты:
" إِذْ تَمْشِی أُخْتُکَ فَتَقُولُ هَلْ أَدُلُّکُمْ عَلَى مَن یَکْفُلُهُ فَرَجَعْنَاکَ إِلَى أُمِّکَ کَیْ تَقَرَّ عَیْنُهَا وَلَا تَحْزَنَ وَقَتَلْتَ نَفْسًا فَنَجَّیْنَاکَ مِنَ الْغَمِّ وَفَتَنَّاکَ فُتُونًا فَلَبِثْتَ سِنِینَ فِی أَهْلِ مَدْیَنَ ثُمَّ جِئْتَ عَلَى قَدَر ٍ یا مُوسَى "
"Сол уақытта әпекең барып: Сендерге оны бағатын біреу көрсетейін бе?",- деді. Сонда сені, көзайым болып кейімеуі үшін анаңа қайтардық. Және бір кісі өлтірдің. Сонда сені ол қайғыдан қүтқарған едік те сынақтармен сынаған едік. Сондай-ақ жылдар бойы Мәдян елінде тұрдың. Сосын белгілі мерзімде қайтып келдің, әй Мұса!" (40)
Хазірет Мұсаның өмірінде бірнеше адам маңызды роль атқарды. Біріншісі, илаһи аянмен оны теңізге лақтырған Мұсаның анасы болды. Келесісі Перғауынның сарайына барып, оны қарау үшін анасына қайтарған апайы болды. Мұсаның зайыбы да қиындықтар мен сапарларда және хиджраттарда үнемі оның қасында болды. Перғауынның әйелі Әсия да Мұсаның өмірінде роль атқарған әйелдердің бірі. Ол Перғауынды сәбиді өлтіруден райынан қайтарып, Мұсаның жанын аман алып қалып, кейін оның дініне иман келтірді. Бірақ Мұсаны исраил қауымына жетекші етіп таңдағысы келген Құдай оның әбден пісіп-жетіліп, белгілі уақытта оны Мысырға үлкен міндетін атқару үшін қайтару үшін әртүрлі оқиғалармен сынады. Мұсаның жігіттік кезінде бастан кешкен оқиғаларының біріне жолда жанжалдасып жатқан екі адамды көруі жатады. Олардың бірі исраил қауымынан, екіншісі перғауындықтардан болды. Ол жәбірленушіге көмектесуге асығып, әлгі перғауындықты жұдырықпен қатты ұрғаны сондай, ол сол жерде жантәсілім етті. Сол оқиға Мұсаның Мысырдан қашып, Мадиянға барып, сол жерде хазірет Шұғайыптың қызымен үйленуіне себеп болды.Сол қақтығыстың оқиғасы «Қысас» сүресінде айтылған. Осы аяттан үйренетініміз:1.Құдайдың алдында ана ерекше мәртебеге ие. Сол себепті Пәруәрдігер Мұсаның анасының аялы алақанына оралып, анасының қуаныш пен шаттыққа бөленуіне себеп болу үшін жағдай қалыптастырды. Құдай тарапынан тағайындалатын ерлер ауыр міндеттерді қабылдау үшін қиын сынақтарда сыналады.
«Таһа» сүресінің 41-42 аяттары:
" وَاصْطَنَعْتُکَ لِنَفْسِی " ، " اذْهَبْ أَنتَ وَ أَخُوکَ بِآیَاتِی وَلَا تَنیَا فِی ذِکْرِی "
"Сені Өзіме арнадым." (41) "Сен туысың (Һарүн екеуің) мұғжизаларымды апарыңдар. Мені еске алуда селқостық танытпаңдар" (42).
Құдай осы аяттарда пайғамбары Мұсаға деген өзінің мейірімі мен махаббатының шегін көрсетіп, былай дейді: «Көрген қиындықтарыңның барлығы сенің әбден қалыптасып, Менің талап-тілегімді орындауың үшін болды. Енді үлкен міндетті жүзеге асыруың үшін барлық нәрсе әзір. Ондай болса ағаңмен бірге Менің сөзімді жариялап, Менің мұғжизаларымды көрсету үшін Перғауынға бар. Осы жолда солқылдақтық танытпа, аянып қалма. Мен сенімен біргемін, саған жәрдемдесемін». Осы аяттардан үйренетініміз:1.Құдай оларға жауапкершіліктерді жүктейтін пайғамбарлар қарапайым адамдар емес. Олар дүниеге келген күннен бастап пайғамбарлықтың үлкен жауапкершілігін қабыдауға дайын болу үшін Құдайдың бақылауында тәрбиеленеді. Құдайдың пайғамбарларының табыстарының құпиясы әлемнің Пәруәрдігеріне толық және әрдайым көңіл бөлулерінде. Сол себепті ержүректілік және кесімділікпен алға басып, ешнәрседен қорықпайды.