Мәриям сүресі, 524-ші бөлім, 93-98 аяттар
Мәриям сүресі, 524-ші бөлім, 93-98 аяттар
«Мәриям» сүресінің 93 аяты:
" إِن كُلُّ مَن فِي السَّمواتِ وَالْأَرْضِ إِلَّا آتِي الرَّحْمن ِ عَبْدًا "
Көктер мен жердегі әркім Аллаға ғана құл болып келеді (93).
Алдыңғы бағдарламада мүшріктердің періштелер мен кейбір пайғамбарларды Құдайдың перзенттері санап, Құранның сол жөнсіз пікірлерді қатаң теріске шығарғанын айттық. Осы аяттар былай дейді: «Жер бетіндегі адамдар сендер ғана емес, сонымен қатар аспандағы періштелер де, барлығы мен барша Оның алдында қияметте де осы түрде шақырылатын құлдар болып табылады». Құдайдың жаратылыстағы барлық мақұлықтармен байланысы – әке мен перзенттің немесе сендер ойлайтындай басқа ешқандай байланыс емес, Әмірші мен құлдың қатынасы. Құдай аспан мен жердегі мойынсұнушы және бағынушы барлық құлдарынан бөлек сендердің ғибадаттарың мен құлшылықтарыңа мұқтаж емес. Шын мәнінде өздеріңнің Әміршілеріңе мұқтаж сендерсіңдер. Осы аяттан үйренетініміз:1. Жаратылыстың барлығы, соның ішінде періштелер мен адамдар – Құдайдың құлдары. Олар өздерінің өлімдері мен өмірлерінің иесі емес.2. Жаратылыстың барлығы Құдайдың билігі мен бұйрығына бағынады. Соңдары беймәлім және белгісіз емес, барлығы Оның тарапына оралады.
«Мәриям» сүресінің 94-95 аяттары:
" لَقَدْ أَحْصاهُمْ وَعَدَّهُمْ عَدًّا " ، " وَكُلُّهُمْ آتيهِ يَوْمَ الْقِيامَةِ فَرْدًا "
Расында Алла оларды түгендеп, бір-бірлеп санын біледі. (94) Сондай-ақ олардың барлығы Оған жеке-жеке келеді. (95)
Осы аяттар Құдайдың жаратылыстағы мақұлықтарға толық үстемдігі мен Оның жаратылыс иелерінің әрқайсының егжей-тегжейінен хабардарлығынан, ешнәрсенің Оның ілімінен жасырын еместігінен хабар береді. Ол барлығының санын тура біледі. Барлық жаратылыс иелерінің санынан хабардар. Қияметте де әр адам жеке-жеке түрде Алланың әділ сотына келіп, жауап беретін болады. Біреу қиямет сахнасында қалың халықтың арасына тығылып қалып, Алланың билігінен сытылып кетуге болады дейтіндей емес. Сонымен қатар әр адам қияметке құр қол келеді. Оның қасында ешкім де, ешнәрсе де болмайды: не перзенті, не жұбайы, не байлығы, не билігі. Осы аяттардан үйренетініміз.1.Құдай тек жалпыға ғана толық үстем емес, сонымен қатар жай-жапсар мен егжей-тегжейден толығымен хабардар. 2.Қияметте адам жалғы жауапқа келеді. Әрбір адам басқалардың емес, тек өзінің ісін ғана ойлайды.
«Мәриям» сүресінің 96 аяты:
" إِنَّ الَّذينَ آمَنُوا وَعَمِلُوا الصّالِحاتِ سَيَجْعَلُ لَهُمُ الرَّحْمنُ وُدًّا "
Күдіксіз иман келтіріп, түзу іс істегендерге жақында Рахман (басқалардың жүректерінде) Алла сүйіспеншілік орнатады (96).
Өткен бірнеше бағдарламада Құдайдың тіпті мүшріктердің «құдайларының» да оларға жиіркеніш білдіріп, қияметте оларға жәрдемдесудің орнына оларға қарсы шығатындықтарын айттық. Осы аят былай дейді: «Бірақ Құдайға құлшылық ету және Ол бұйырған ізгі ғамалдар адамды Құдайдың сүйіктісі және Құдайды адамның Жәрдемшісі және Қорғаны ғана етпейді, сонымен қатар Құдай мүмін және түзу адамдардың махаббаттарының басқалардың жүректерінен де орын тебетіндей іс жасайды. Тіпті дұшпандар да іс жүзінде пайдаларын қорғау мақсатында олармен жауласқандарына қарамастан, өздерінің жүректерінде ізгі ғамал иелерін жақсы көреді. Бұл істің тарихи үлгілері жетерлік. Көптеген рауаяттарда айтылғандай, имам Әли (ғ) осы аят солар туралы түскен кісілердің қатарына жатады. Тарих куәлік еткендей, ол хазіреттің дұшпандары һәм хазіреттің пәктігіне куәлік еткен, һәм ол хазіретті көп мадақтаған. Осы аяттардан үйренетініміз:1.Иман мен түзу ғамал тартымдылыққа ие. Себебі пәктік, дұрыстық, батырлық, жанкештілік пен жанпидалықты барша жақсы көреді. Пәк еместер де олардың осы қасиеттерін мадақтайды. 2. Сүйікті болу Құдайдың қолында. Өйткені, жүректердің барлығы Оның қолында.
«Мәриям» сүресінің 97-98 аяттары:
" فَإِنَّما يَسَّرْناهُ بِلِسانِكَ لِتُبَشِّرَ بِهِ الْمُتَّقينَ وَتُنذِرَ بِهِ قَوْمًا لُدًّا " ، " وَكَمْ أَهْلَكْنا قَبْلَهُم مِن قَرْن ٍ هَلْ تُحِسُّ مِنْهُم مِنْ أَحَدٍ أَوْ تَسْمَعُ لَهُمْ رِكْزًا "
(Мұхаммед Ғ.С.) Құранды ол арқылы тақуаларды қуантып, қасарысқан елді қорқытуың үшін өз тіліңде оңайластырып түсірдік. (97) Олардан қаншалаған нәсілді жоқ еттік. Енді олардың ешбіреуін сезініп, сыбдырларын естисің бе? (98)
«Мәриям» сүресінің соңғы бөлімі болып табылатын осы аяттар Құранның адамға жетекшілік етуі мен бақытындағы орнына сілтеме жасап, былай дейді: «Адамдар соны пайдалансын деп, пәктер ынталанып, күнәһарлар Алланың қаһары мен жазасының шынайы екендігін біліп, бұрынғы қауымдардың тағдырларынан ғибрат алулары үшін биік түсінік пен жоғары ағартушылықты қарапайым және жеңіл тілмен баяндадық. Олар Құдайды өздерінің алдында әлсіретіп, дәрменсіз етіп, өздерінің жауластықтарымен хақты жоя аламыз деп ойламасын. Егер өздерінің тарихтарына көз салса, олардан із де қалмаған, олардың дыбыстары да естілмейтін көптеген қауымдарды көреді» дейді. Осы аяттардан үйренетініміз:1.Адамдарға бағыт беріп, жетекшілік ету жолы діни ағартушылықты солардың тілімен, қарапайым және оңай тілмен баяндау болып табылады. 2. Әрбір топпен солардың өздерінің тілімен сөйлесу керек: мүміндермен ынталандыру және сүйіншілеу әдісімен, дұшпандармен қорқыту және ескерту тілімен.