Исра сүресі, 470-шы бөлім, 53-55 аяттар
Исра сүресі, 470-шы бөлім, 53-55 аяттар
«Исра» сүресінің 53 аяты:
" وَ قُل لِعبادی یَقُولُواْ الَتی هِیَ اَحْسَنُ إِنَّ الشَّیْطَانَ یَنزَغُ بَیْنَهُمْ إِنَّ الشَّیْطانَ كانَ لِلاِنْسان ِ عَدُوّا ً مُبِینا "
Құлдарыма айт! “Ең сыпайы түрде сөйлесін. Өйткені, шайтан араларына бұзақылық салар. Расында шайтан адамдар үшін ашық дұшпан” (53).
Бұдан бұрын ислам діні бұйрықтарының бір бөлімі иман иелерінің қоғамның әртүрлі топтарымен қарым-қатынас жасау тәсілдері бейбітшілік пен тыныштық орнатуға, қақтығыстар мен ұрыс-керістердің тоқтауына себеп болуы үшін қоғамдық байланыстарын реттеп, жөнге келтіру үшін деп айтқан болатынбыз. Сөйлеу тәсілі қоғамдық байланыстарда маңызды роль атқарады. Сол себепті Алла осы аятта өзінің пайғамбарына былай дейді: «Сен адамдарды ғибадат пен діни міндеттерді орындауға шақыруға ғана жауапты емессің, сонымен қатар құлдарыма шайтан олардың сөздерін теріс пайдаланбауы үшін және қоғамдағы адамдардың арасында кек пен өшпенділіктің факторларына айналмауы үшін жақсы сөз сөйлеңдер деп айт». Сөйлеу туралы Құранда оның кейбіреуі сөздің мазмұнына, енді бірі сөйлеу тәсіліне тоқталған көптеген аяттар келтірілген. Алланың өзі артық болғандықтан Ол бізден де ең жақсы ғамал мен ең жақсы сөзді қалайды. Осы аяттан мынадай ой түйеміз:1. Ізгі сөз махаббат пен достыққа негіз қалайды. Жөнсіз сөз шайтани азғырушылыққа негіз дайындайды.2. Өзінің ойы және күдігімен қоғамдағы адамдар арасында дұшпандық пен қақтығыстар қалыптастыратын адамдар шайтанның серіктесі әрі досы.
«Исра» сүресінің 54 аяты:
" رَبُّكُمََْ اعلَمُ بكُمْ إِن یَشَأ یَرْحَمكُمْ اَو ان یَشَأ یُعَذّبكُمْ وَ ما اَرسَلنَاكَ عَلَیْهِمْ وَكیلا ً "
Раббыларың сендерді жақсы біледі. Қаласа, мәрхамет етеді де қаласа, азап етеді. Сені оларға қорғаушы етіп жібермедік. (54)
Басқаларға жаман сөйлеу мен сөздегі қатаңдық және қатігездіктің себептерінің бірі өзін артық ал басқаларды төмен санауда. Мұндай теріс қылықтың тамыры ғылыми немес діни тәкәппарлық болуы мүмкін. «Мен иман адамымын. Сондықтан міндетті түрде жұмаққа барамын деп ойлаймын. Менің қарсымдағы адам кәпір. Ондай болса ол міндетті түрде тозақтық» деген ой адамның бойындағы жалған тәкәппарлыққа себеп болады. Осындай бұрыс ой адамға кәпірлермен қалай сөйлескісі келсе солай сөйлесуге, тіпті қажет болса олармен жөнсіз сөйлесуге рұқсат беруге де себеп болады. Осы аят былай дейді: «Кімнің Алланың рақымына бөленетіндігі немесе Алланың азабы мен жазасына ұшырайтындығы адамдардың ішкі сырынан хабардар Аллаға байланысты. Ешкім басқаны тозақтық деп санап, соның негізі бойынша оны жәбірлеп, қорлап немесе тіпті жала жабуға хақысы жоқ. Қарапайым адамдар ғана емес, тіпті пайғамбар да адамдарды иман келтіруге мәжбүрлеп, кәпірлерді күпіршілікпен айыптай алмайды. Алла адамдардың барлығына күпіршілік пен иманның арасынан біреуін таңдауға ерік берді. Бірақ әрқайсының соңын анықтап, оларға жария етті. Осы аяттан үйренетініміз:1. Өзіміздің иманымызға бола масаттанып, өзімізді артық санамайық. Себебі ешкім өзінің болашағынан ғана емес, сонымен қатар басқалардың болашағынан да хабарсыз.2. Дінді уағыздаушы өзін адамдардың қорғаушысы және солардың қамқоршысы деп санамауы керек. Тіпті пайғамбарлардың да адамдарды күштеп, иманға шақыруға жауапты болмағандарын білулері керек.
«Исра» сүресінің 55 аяты:
" وَ رَبُّكَ اَعْلَمُ بمَن فِی السَّموَاتِ وَ الأَرْض ِ وَلَقَدْ فصّلْنَا بَعْضَ النّّبيّينَ عَلَى بَعْض ٍ وَ آتَینا داوُدَ زَبُورًا "
Раббың көктер мен жердегі әркімді жақсы біледі. Расында пайғамбардың біреулерінен,біреулерін артық қылдық. Сондай-ақ Дауытқа Зәбұрды бердік. (55)
Алдыңғы аятта Алланың адамдардың іші мен сыртына қатысты ғылымы баяндалды. Осы аят Алланың аспандар мен жердегі барлық жаратылыстарына қатысты ғылымына тоқталып, аяттың жалғасы пайғамбарлардың міндеттер мен уағыздаушылық ресалаттарындағы айырмашылықтарына арналған. Олардың бір тобы кітап пен шариғат иелері болды. Олардың көпшілігіне сол кітаптар мен шариғаттарды уағыздау және түсіндіру міндеті жүктелді. Кейбір пайғамбарлар арнайы бір қауымдар мен тайпаларға ғана жіберілді. Кейбіреулері де жер құрлығының кең ауқымды аймақтарының адамдарына жетекшілік етуге тағайындалды. Құранның басқа аяттарында кейбір пайғамбарлар басты пайғамбарлар деп аталған. Хазірет Нұх пен хазірет Ибраһим солардың көрнекті тұлғалары. 1.Әлем Алланың иелігінде. Ол жердің түбі немесе аспанның көгіндегі барлық нәрседен хабардар.2. Пайғамбарлардың арасында да деңгейлер мен мәртебелердің сатылары бар. Негізінен жаратылыс жүйесінде мағыналы және мақсатты айырмашылықтар болғандай шариғат жүйесінде де соның барлығы илаһи ғылым мен хикмет негізі бойынша жүзеге асырылатын айырмашылықтар болады.