Жел 16, 2016 09:38 Asia/Almaty

Нәміл сүресінің 86-88 аяттарының тәпсірі

Нәміл сүресінің 86 аяты:

 «أَلَمْ یَرَ‌وْا أَنَّا جَعَلْنَا اللَّیْلَ لِیَسْکُنُوا فِیهِ وَالنَّهَارَ‌ مُبْصِرً‌ا إِنَّ فِی ذَلِکَ لَآیَاتٍ لِّقَوْمٍ یُؤْمِنُونَ»

Олар ішінде тынықсын деп, түнді және көрілетін күндізді жаратқанымызды көрмей ме? Сенетін ел үшін мұнда өнеге бар. (86)

Алдыңғы аяттарда қияметті теріске шығарушылар өздерінің бұл ойларын қойып, қияметті болмайтын іс деп санамаулары үшін қиямет туралы мәселер түсіндірілді. Осы аят Алланың құдіретінің белгілерінің біріне сілтеме жасап: «Осы уақытқа дейін егер жер үнемі жарық болып, күннің нұры дайым жарқырап, ыстық қайтпай тұрса, қалай демалып, тыныштыққа жетер едік деген сұраққа көңіл бөлдіңіздер ме? Немесе, егер жер планетасы әрдайым түн сияқты қараңғы болғанда қалай жұмыс істер едік деп ойландыңыздар ма? Жердің әрбір 24 сағаттағы айналысы сіздердің жұмыстарыңыз бен талпыныстарыңызды түнгі ұйқы мен демалыспен реттеуі кездейсоқ іс пе? Бүгін ғылыми тұрғыдан түннің қараңғылығының адамның жүйке жүйесінің тыныштығы мен психикасында, ал күннің жарықтығы оның әртүрлі салалардағы жұмыстары мен белсенділігінде негізгі ролге ие екендігі ғылыми тұрғыдан дәлелденген.

Құран Кәрім осындай аяттарды қайталаумен ақиқат іздеуші және хақты қабылдаушы адамдарға өздерінің айналасына қарап, Жаратушының ғылымы мен құдіреті және хикметіне иман келтіріп, қияметті негізсіз теріске шығармауды еске салады. Осы аяттан үйренетініміз:

1.Түн мен күннің ауысуы – әлемнің Жаратушысының ғылымы мен хикметінің белгілері. Бұл құбылыстарға мән беріп, қырағылық танытуымыз керек. Өмірдің күнделікті істері бізді жаратылыс туралы ойланудан тыймауы керек.

2.Қиямет туралы аяттардың арасындағы ұйқы мен сергектік тақырыбының себебі мынада: біз осы дүниеде күн сайын өлім мен қайтадан тірілудің үлгісін бастан өткереміз.

3.Адам өмірінің бағдарламасы табиғат жүйесіне сәйкес болуы керек: түн демалу үшін, күн жұмыс істеу үшін. Сондықтан, түн ортасына дейін ұйықтамай сергектік танытып, тал түске дейін ұйықтау жаратылыстың табиғи жүйесіне қайшы болып табылады.

«Нәміл сүресінің 87 аяты:

 «وَیَوْمَ یُنفَخُ فِی الصُّورِ‌ فَفَزِعَ مَن فِی السَّمَوَاتِ وَمَن فِی الْأَرْ‌ضِ إِلَّا مَن شَاءَ اللَّهُ وَکُلٌّ أَتَوْهُ دَاخِرِ‌ینَ»

Сүр үрілген күні Алла қалаған біреулерден басқа көктерде болғандар да, жерде болғандар да үрейленеді. Сондай-ақ барлығы Алланың алдына мойынсұна келеді. (87)

Бұл аят тағы да қиямет тақырыбына оралып,  оның бастамасы –  сүрдің үрілетіндігін еске салады. Құран аяттарына сәйкес, сүр екі рет үріледі: бірінші рет осы аят соған сілтеме жасайтын ақырзаманда. Оны естіген барша қорқыныш пен үрейге беріліп, өледі; екінші рет қиямет орнаған кезде сүр үріліп, өлгендер тіріліп, махшарда жиналады. Осы аятта айтылғандай, сүр үрілген кезде адамдардың барлығының бойын үрей билейді, бірақ пәк және жақсы адамдар мен Алланың періштелері бұл істен тысқары болады. Алдағы 89-шы аятта айтылғандай, олар тыныштық пен қауіпсіздікте болады. Бірақ ол кезде жақсылар мен жамандардың барлығы және періштелер де  өледі. Алланың алдына олардың барлығы мойынсұнған қарапайым түрде келеді. Сүрдің келесі үні естілгенде барша тіріліп, Құдайдың алдында жиналады. Рауаяттарға сәйкес, сүрді үрлеу жауапкершілігіне ие періштенің аты – Исрафил. Ол Алланың ең үлкен періштелерінің бірі.

Осы аяттан үйренетініміз:

1.Құранға сәйкес, жаратылыс жүйесінің күйреуі мен аспандық және жерлік барлық жаратылыстардың өлімі қорқынышты қатты дауыстың естілуімен орын алады.

2.Аспандарда да тірі жаратылыс иелері бар. Оларға да жерліктер сияқты қиямет күні қатысты.

3.Өлім адамға ғана тән емес, басқа да жаратылыс иелері, соның ішінде періштелер де бір күні өледі.

Нәміл сүресінің 88 аяты:

 «وَتَرَ‌ى الْجِبَالَ تَحْسَبُهَا جَامِدَةً وَهِیَ تَمُرُّ‌ مَرَّ‌ السَّحَابِ صُنْعَ اللَّـهِ الَّذِی أَتْقَنَ کُلَّ شَیْءٍ إِنَّهُ خَبِیرٌ‌ بِمَا تَفْعَلُونَ»

Тауларды көріп, тапжылмай тұр деп ойлайсың. Негізінде олар бұлт тәрізді жүреді. Бұл әр нәрсені берік жасаған Алланың шеберлігі. Күдіксіз, ол жасаған нәрселеріңді толық біледі. (88)

Бұл аят та жаратылыстардың келесі бір ғажайыбына сілтеме жасап: «Сендердің ойларыңша таулар тұрақты, бір орнынан тапжылмайтын сынды. Бірақ олар бұлттар сияқты ақырын, жұмсақ, дыбыссыз қозғалысқа ие. Бұл – жердің өзін жылдамдықпен айналуын адамзат үшін сезілмейтіндей, барлық нәрсені тұрақты, қозғалыссыз санайтындай еткен әлемнің жаратушысының ұлылығының белгілерінің бірі» дейді. Тарих бойында адамдар, тіпті соның ішінде ғалымдар да жер тұрақты, ол қозғалмайды, күн мен ай жерді айналады деп ойлады.

Осы аяттан үйренетініміз:

1. Таулардың қозғалысы жердің қозғалысынан бөлек емес. Жер де қозғалады.

2. Құран Галилео мен басқа да ғалымдардан  шамамен мың жыл бұрын жердің қозғалатындығынан хабар берді. Бұл – Құранның ғылыми мұғжизаларының бірі.

3. Таулардың қозғалысы бұлттардың қозғалысы сияқты жылдам. Жердің жылдам қозғалысына қарамастан тыныш сезілуі Алланың таңқаларлық белгілерінің бірі.

4. Құранның көзқарасы бойынша Құдайдың барлық жаратылыстары мықты жаратылған. Олардың жаратылыстарында еш мін жоқ.