Жел 23, 2016 19:01 Asia/Almaty

Нәміл сүресінің 89-93 аяттарының тәпсірі

«Нәміл» сүресінің 89-90 аяттары:

 «مَن جَاءَ بِالْحَسَنَةِ فَلَهُ خَیْرٌ‌ مِّنْهَا وَهُم مِّن فَزَعٍ یَوْمَئِذٍ آمِنُونَ»، «وَمَن جَاءَ بِالسَّیِّئَةِ فَکُبَّتْ وُجُوهُهُمْ فِی النَّارِ‌ هَلْ تُجْزَوْنَ إِلَّا مَا کُنتُمْ تَعْمَلُونَ»

Кім бір жақсылық келтірсе, оған одан жақсы сыйлық бар. Әрі олар қиямет күнінің қорқынышынан аман болады. (89) Ал кім бір жамандық келтірсе, олар тозаққа етбетінен тасталады да: "Жә, сендер істеген істеріңнің ғана сазайын тартасыңдар" (делінеді.) (90)

Алдыңғы бағдарламада ақырзаман орнап, қиямет-қайымның болатындығы туралы сөз болды. Бұл аяттар қияметтегі сый мен жаза жүйесіне сілтеме жасап: «Алланың ғылымы мен хикметі адамдарды жасаған істеріне қатысты жауапты болуға міндеттейді. Себебі Құдай оларға ақыл мен ерік-жігер сыйлады. Олар өз еріктерімен шешім қабылдап, таңдау мүмкіндігіне ие» дейді. 

Шындық – адамдардың тек өз істерінің нәтижелерінің бір бөлігін ғана бұл дүниеде көре алатындықтарында. Себебі бұл дүние адамның іс-әрекеттерінің жазасы мен сыйын беретін мүмкіндікке ие емес. Бірақ уақыт пен мекен тұрғысынан ол жерде ешқандай шектеу жоқ ақырет әлемінде әрбір адам өз істерінің толық нәтижесі мен салдарларын және әсерлерін көріп, соның негізінде сауабын немесе жазасын алады. 

Осы аятқа сәйкес, игі іс жасаған адамға оның ізгі ісі рия мен тәкәппарлық және басқа да ізгі ғамалды бұзатын факторлар арқылы жойылып кетпей, мақсатқа жеткен жағдайда одан артық сый беріледі.

Осы аяттардан үйренетініміз:

1.Ізгі іс жасаудан маңызды нәрсе, ізгі істерді жоятын, оларды ақыретке жеткізбейтін рия, тәкәппарлық пен күнә сынды апаттардан сақтауда. 

2.Алланың сыйы адамдардың ізгі істерінен артық, бірақ Алланың жазасы күнәһарлардың жаман істерінің мөлшеріндей.

«Нәміл» сүресінің 91-92 аяттары:

 «إِنَّمَا أُمِرْ‌تُ أَنْ أَعْبُدَ رَ‌بَّ هَذِهِ الْبَلْدَةِ الَّذِی حَرَّ‌مَهَا وَلَهُ کُلُّ شَیْءٍ وَأُمِرْ‌تُ أَنْ أَکُونَ مِنَ الْمُسْلِمِینَ»، «وَأَنْ أَتْلُوَ الْقُرْ‌آنَ فَمَنِ اهْتَدَى فَإِنَّمَا یَهْتَدِی لِنَفْسِهِ وَمَن ضَلَّ فَقُلْ إِنَّمَا أَنَا مِنَ الْمُنذِرِ‌ینَ»

.)Мұхаммед Ғ.С.): "Шын мәнінде мен әр нәрсенің иесі, осы қүрметті қаланың Раббына құлшылық қылуға, сондай-ақ мұсылмандардан болуға бұйырылдым." (де.) (91) "Және Құран оқуға бұйырылдым". Енді кім тура жолда болса, рас ол өзі үшін тура жолда болады. Ал және кім адасса: "Шынында мен ескертушілерден ғанамын" де. (92)

«Нәміл» сүресінің соңғы бөлімдері саналатын бұл аяттар мен келесі аят пайғамбардың Меккенің мүшіріктеріне: «Егер пұтқа табынушылықты қоймасаңдар, мен илаһи белгілерді жариялап, ескерту жасау деген өзімнің міндетімді толық түрде орындадым. Сол себепті сендер өз еріктеріңмен екі жолдың бірін таңдауларың керек: не Құдайдың сөзін қабылдап, жетекшілікке нұсқаласыңдар немесе хаққа қарсы тұрып, өздеріңнің адасушылықтарыңның құралын дайындайсыңдар. Бірақ қайсың таңдасаңдар да оның пайдасы мен зияны өздеріңе қайтып келеді. Сендердің иман келтірулерің маған пайда тигізеді немесе сендердің күпірліктерің мен теріске шығаруларың мен үшін зиянға себеп болады деп ойламаңдар. Мен Құдайдың алдындағы өзімнің міндетімді орындадым. Оның бұйрығына бағынамын. Қағбаға орнатқан тас және ағаш пұттардың орнына мен Қағба мен осы қаланың Пәруәрдігеріне табынамын. Бұл үй ғана емес, сонымен қатар жаратылыстың барлығы оған тиесілі» деп айтқан қорытынды сөзі. 

Бұл аяттар пайғамбардың әртүрлі екі міндетіне сілтеме жасайды: біріншісі – жеке басына тән міндетін, яғни Құдайға табынып, илаһи бұйрықтарды орындауын айтады. Бұл тұрғыдан пайғамбар басқа мұсылмандар сынды. Келесісі – пайғамбарлық міндеті, яғни Алланың белгілерін жариялап, халыққа ескерту жасауы. Бұл жерде пайғамбар билеушілер мен патшалар сынды тек бұйрық беруші, ал халық қабылдаушы болатындай емес. Ол өзі айтқан істе өзі алдыда болды. Ол да мұсылмандардың бірі сынды діни ахкамдар мен тағылымдарды іске асыруы тиіс.

Осы аяттардан үйренетініміз:

1. Пайғамбарлар Құдайдың бұйрығына мойынсұнады. Олар өздерінен ештеңе айтпайды, өзім білемдікке салынбайды.

2.Пайғамбарлар мен дін уағыздаушыларының міндеті – илаһи айқын белгілерді халыққа жеткізу. Қабылдау немесе теріске шығару, иман келтіру немесе күпірлік таныту халықтың өзіне байланысты. 

3. Адамдарға әрдайым Құдайды ұмыту қатері төніп тұрады. Сол себепті діни жетекшілердің міндеті адамдарға жөн сілтеп, ескерту жасап, олардың бұрыс істерінің салдарлары туралы құлаққағыс етуде.  

 «Нәміл» сүресінің 93 аяты:

«وَقُلِ الْحَمْدُ لِلَّـهِ سَیُرِ‌یکُمْ آیَاتِهِ فَتَعْرِ‌فُونَهَا وَمَا رَ‌بُّکَ بِغَافِلٍ عَمَّا تَعْمَلُونَ»

"Барлық мақтау Аллаға лайық. Ол сендерге белгілерін көрсетеді. Сонда оларды танисыңдар. Сондай-ақ Раббың істеген істеріңнен хабарсыз емес" де. (93)

«Нәміл» сүресінің соңғы аяты болып табылатын бұл аят Аллаға шүкіршілік және алғыс айтумен аяқталады. Бұл аят адамның Құдай жаққа жетекшілікке түсуінің мәйегі болып табылатын Құран сынды үлкен нығметіне және адамның бақыт жолына жетуді ойлағанда көмектескен жанашыр мұғалім сынды пайғамбарға алғыс айтады.

Аяттардың жалғасы былай дейді: «Болашақ ұрпақ Құдайдың ғылымы мен құдіреті және хикметі туралы көптеген белгілерді көретін болады. Әлемнің ең кішкентай танылған жаратылыстарынан бастап аспанның ең үлкен және ең алыс планеталарынан белгілер көрінеді. Бірақ адамдардың көзқарастары әртүрлі. Мәселен, бауырды жарып, оның егжей-тегжейін студенттерге түсіндіретін лаборатория бөлмесіндегі дәрігер мен бауырдан кәуап жасауды мақсат етіп, оны пышақпен кесетін аспаздың екеуі де сырттай қарағанда бір істі жасайды, бірақ олардың істері екі түрлі көзқарас және әртүрлі мақсатқа ие. Егер жаратылыс жүйесін жаратылған санасақ, көретініміздің әрқайсы – әлемнің Жаратушысының белгісі. Егер оны мақсатсыз табиғат санасақ, оның Жаратушысын танудан қапыл қаламыз. Жаратушыдан қапыл қалу адамның ойы мен әрекетіне қатты әсер етеді.  

Осы аяттардан үйренетініміз:

1.Құранның түсірілуі мен ардақты пайғамбардың ресалаты – үлкен екі нығмет. Сол үшін үнемі алғыс айтуымыз керек.

2. Осы уақытқа дейін көрген илаһи белгілеріміз олардың бір бөлігі ғана. Адамзат ғылымының дамуымен жаратылыстағы Құдайдың құдіреті және ұлылығының белгілері айқындала түседі.

3.Илаһи мұрсаттарды Құдайдың қапылдығының белгісі санамайық. Себебі Құдай әрдайым біздің істерімізді бақылауда ұстайды. Құдайдың бұл дайым бақылауы оның илаһи мәртебесінің белгісі.