Жел 24, 2016 19:54 Asia/Almaty

Әнғам сүресі, 185-ші бөлім, 46-49 аяттар

"Әнғам" сүресінің 46-шы аяты:

"(Ей, Мұхаммед! оларға): "Егер А... сендердің құлақтарыңды естімес, көздеріңді көрмес қылып, жүректеріңді бітеп тастаса, сол сезім мүшелеріңді А...-дан басқа қандай құдайдың қалпына келтіре алатынын айтыңдаршы!",-деп айт. Қараңдаршы, аяттарымызды қалай баяндайды екенбіз! Бірақ олар (сол аяттардан) бет бұрады. (46)"

Өткен бағдарламада Құранның мүшріктермен әңгімесі баяндалып, А... тағаланың оларға бірқатар сұрақтар қою арқылы, санасын оятып, жан дүниесінен ғапылдықты кетіру мақсатымен оларды ой салуға шақырғандығы айтылды. Бұл аят та осы әдісті жалғастыра отырып, пайғамбарға (с) оларды А...-ның алуан түрлі нығметтеріне зер салуға шақырып, олардан: "Егер А... тағала сендердің көздерің мен құлақтарыңды бітеп, ақиқатты білуге шамаларың келмей қалса, сендердің осы табынатын пұттарың мен көңілдерің ұнататын нәрселерің маңызды сезу мүшелеріңді қайтарып бере ала ма? Негізінен осы пұттар бұл нығметтерді сендерге бере алатындай, өздерінің көзі, құлағы мен ақылы бар ма?"-деп сұрауды тапсырады. Аяттың жалғасы былай дейді: "Құран бәлкім адамдар оянып, қабылдар деп, өзнің дәлелдерін түрлі тәсілдермен баяндайды". Дегенмен олардың тұла бойын әсірешілдік пен қасарысу баурап алғандықтан, олар әлі де бет бұрып, мойындамайды. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, илаһи нығметтердің қадірін білу мен одан айрылып қалуды ойлау А...-ны тану жолдарының бірі.

Екіншіден, жарату да, нығметтерді жалғастырып, сақтау мен оның пайдасы мен тигізетін әсері де А...-дан.

"Әнғам" сүресінің 47-ші аяты:

"(Ей, Мұхаммед! оларға): "Сендерге А...-ның жазасы тұтқиылдан немесе көрнеу келе қалса, залым қауым қырылмай кім қырылады?",-де. (47)"

"Егер А... тағала өз нығметтерін алса, сендер ештеңе істей алмайсыңдар" деген аяттың жалғасында бұл аят былай дейді: "Егер А... азап жіберер болса, сол азапқа кедергі жасайтындай немесе одан қашып құтылатындай құдіреттерің жоқ. Сондықтан пұттардың немесе көңілдерің қалаған күштердің сендерге нығмет бере алмайтынын және сендерден қауіп-қатер мен зиянның бетін қайтара алмайтынын қабылдаңдар. Ендеше А...-ның орнына неліктен оларға жүгінесіңдер?"

Аяттың жалғасы ақиқатқа қасарысудың осы түрін, дүниеде де азаптың келуіне себепші болатын "өздері мен қоғамға жасаған зұлымдық" деп біліп, оған қатысты ескерту жасайды. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, А...-ның азапты кешіктіргеніне масаттанбайық, өйткені А...-ның азабы тұтқиылдан келуі мүмкін.

Екіншіден, қырсық адамдарды уағыздаудың ең тиімді әдісі – оларды ойға салу үшін ақиқатты сауал түрінде қозғау болып табылады. Бәлкім естерін жинап, қабылдар.

"Әнғам" сүресінің 48-49 аяттары:

"Біз пайғамбарды (сауаппен) қуандырушы, (азаппен) қорқытушы ретінде жібереміз. Иман келтіріп, жақсы іспен шұғылданғандарға қорқыныш та, қам-қайғы да жоқ. (48) Аяттарымызды өтірікке бағалағандар қиғаштық істегендігінің жазасын тартады. (49)"

Осыдан бұрынғы аяттарда, пайғамбарға (с) мүшріктерді өздерінің істерінің нәтижесінен қорқытып, олардың санасын ояту тапсырылған болатын. Бұл аяттар былай дейді: "Негізінен тарихта пайғамбарлардың келуінің мақсаты – ой-пікір мен амалдағы азғындыққа жол бермей, халықты ізгі істерге шақыру үшін осындай қорқыту мен ескерту және оларға илаһи сауаптан уәде беру болып табылады".

Пайғамбарлардың қуанышты хабарларының бірі –  мүмін әрі ізгі амал істеушілерді, дүниеқұмарлар душар болған қайғы мен үрейден құтқару сүйіншісі. Олар өмірдегі келеңсіздіктер мен адамдардың үстемшіл күштеріне әрдайым мықты жігермен қарсы тұрып, осалдық танытпайды. Керісінше ақиқатты өтірікке шығарып, үнемі азғындық пен күнәға батқан кәпірлер, ақыр-аяғында осы дүниеде А...-ның ашық та, жасырын азабына және қияметте ауыр жазаға душар болады. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, пайғамбарлардың ісі – халықты ақиқатты қабылдауға мәжбүрлеу емес, уағыздау мен үгіттеу болып табылады. Сондықтан да олардың бір тобы мүмін, ал бір тобы кәпір болады.

Екіншіден, адамдар үмітсіздікке бой алдырып немесе негізсіз тәкәппарлыққа душар болмауы үшін тәлім-тәрбие қорқыныш пен үмітке негізделуі тиіс.

Үшіншіден, амалсыз иман да, имансыз амал да пайдасыз.

Төртіншіден, адамның рухының саулығы А...-ға иман келтірумен байланысты. Ал қазіргі заманда да адамның қасіреті болып отырған қорқыныш пен қайғы секілді психикалық ауру А...-дан безу мен имансыздықтың салдары.