Әнғам сүресі, 184-ші бөлім, 40-45 аяттар
Әнғам сүресі, 184-ші бөлім, 40-45 аяттар
"Әнғам" сүресінің 40-41-ші аяттары:
"(Ей, Мұхаммед! оларға) Былай де: "Шыншыл болсаңдар айтыңдаршы, сендерге А...-ның жазасы немесе қиямет уақыты келсе, А...-дан басқаға жалбарынасыңдар ма? (40) Әрине А...-ға жалбарынасыңдар. Сендер (айығуын) тілеген бәлені Ол қаласа айықтырады. Сендер А...-ға теңегендеріңді (пұттарыңды) ұмытасыңдар". (41)"
Осыдан бұрынғы аяттарда күпірліктің және ақиқатты жоққа шығарудың тамыры ерегісу мен қарсыласу екендігін және кәпірлердің А...-ны мойындамауда ешқандай дәлел келтіре алмай, мүміндердің қисынын да қабылдағысы келмейтінін баяндағанбыз. Бұл аят осындай адамдарды ояту үшін былай дейді: "Өзгелерді тәңір тұтып, олардың күш-құдіреті бар деп сенеді екенсіңдер. Зілзала секілді табиғи апаттар мен оқиғалар болған шақта кімнен пана сұрайсыңдар? Мұндай сәттерде де өздерің пір тұтқан нәрселерден пана іздемексіңдер ме? Осындай жағдайда олар сендерге жәрдем беріп, ажалдан құтқара ала ма? Егер қиямет рас болып, қиямет болған уақытта кімнен пана сұрайтындарыңды ойлап көрдіңдер ме?",-дейді. Бұл аят осындай кісілердің ожданына арнап былай дейді: "Шын мәнінде осындай жағдай туса сендер тек А...-ға ғана жалбарынып, басқаларды, олар кім және не болса да ұмытасыңдар. Сендер душар болған қиыншылықтарды тек А... ғана, әрине егер Ол қаласа және бұл Оның хикметіне сай болса, шеше алады",-дейді. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, А...-ның бар екендігі мен Оның бірлігі табиғи жағдай. Әр адам А...-ны ойлайды. Бірақ дүние тіршілігімен айналысудың салдарынан адам осы табиғи істен ғапыл қалады. Ал түрлі оқиғалар мен қиыншылықтар ғапылдық пердесін ысырып, А...-ны еске алуына себеп болады.
Екіншіден, қиыншылықтарда кәдеге жарамайтын және ол да өзіміз сияқты пана берушіге мұқтаж болатын нәрсеге үміт артпайық.
"Әнғам" сүресінің 42-ші аяты:
"(Ей, Мұхаммед!) Шынында сенен бұрынғы үмметтерге (бір талай пайғамбарлар) жібердік (олар пайғамбарларды мойындамады). Жалбарынсын деп оларды жоқшылық, таршылықтар арқылы жазаладық. (42)"
Бұл аят өткен аяттарды жалғастыра келе былай дейді: "Халықты тура жолға бастап, оларды уағыздау үшін пайғамбарлар жіберумен қатар, адамдардың табиғи санасын оятып, пайғамбарлардың сөзін қабылдауына жағдай жасау үшін олардың өмірінде қиыншылықтар мен ауыртпалықтар орнату А...-ның дәстүрі болып табылады. Сонда ғана олардың ойлары мен жүректері шаң-тозаңнан тазарып, олардың болмысына ақиқаттың нұры жауады",-дейді. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, тәрбиелеу барысында кейде қиындық пен қаталдық та қажет. Сондықтан қиыншылыққа душар ету адамның санасын оятып, көңілін А...-ға аударту жолдарының бірі.
Екіншіден, А...-ға жалынып-жалбарыну жүректі жұмсартып, ақиқатты қабылдауға жағдай жасайды.
"Әнғам" сүресінің 43-ші аяты:
"Олар бізден жаза түскен кезде неге жалбарынбады? Ал олардың жүрегі қатып қалған. Шайтан олардың қылықтарын өздеріне ұнамды етіп көрсетті. (43)"
Өткен аятты жалғастыра келе бұл аят былай дейді: "Кәпірлер мен жоққа шығарушылар оянбады, ғибрат алмады. Олардың ғапылдығының екі себебі бар. Біріншісі, күнәға батуы салдарынан пайда болған тас жүректігі мен қара жүректігі. Екіншісі, істеген жаман істерін әдемі деп көріп, бұзақылықтарын сауап деп ойлау". Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, қырсығып қасарысқан адамдарға үгіттеу де, жазалау да әсер етпейді. Өйткені олар түсінгісі де, қабылдағысы да келмейді. Сондықтан адам өзі қаламайынша түсінбейді де, мойындамайды.
Екіншіден, адам табиғатынан сұлулықты ұнатады. Шайтан дәл осы табиғи инстинктті кері мақсатта пайдаланып, жамандықтарды әдемі етіп көрсетеді.
"Әнғам" сүресінің 44-45 аяттары:
"Олар өздеріне берілген насихатты ұмытқан кезде, оларға (сынау үшін) барлық нәрсенің есігін ашып бердік. Өздеріне берілген молшылықта масаттанып масайраған кезінде оларды кенеттен жазаладық, олар қасіретте қалды. (44) Зұлымдық істеген қауымның түп-тамыры құртылды. Барлық мақтау барша әлемнің Раббы А...-ға тән. (45)"
А... тағала адамдарды тура жолға салу үшін түрлі әдістерді пайдаланады. Солардың бірі халық арасында уағыз жүргізу үшін пайғамбарларды жіберу. Егер мұның әсері болмаса, оларды ғапылдық ұйқысынан ояту үшін түрлі шаралар қолдану мен қиыншылыққа душар ету. Бірақ егер уағыз бен қатаң шаралар әсерлі болмаса, А... тағала оларды өз бетімен қоя беріп, оларға түрлі нығметтер береді. Өйткені А...-ның заңы бойынша адамзат баласы дүниенің нығметтерін өз мөлшерінде пайдаланады. Бірақ осы пайдалану ұзаққа созылмайды. Өйткені олардың күнәсі мен азғындығы шектен шыққан кезде, бірден А...-ның осы дүниедегі жазасы мен азабы түсіп, олардың көзі жойылады. Қасиетті Ислам пайғамбары (с) айтқандай: "Күнәһарлардың дүниеге масаттанғанын көрсеңдер, үмітсізденбеңдер. Өйткені бұл олардың жойылуының алды". Хазірет Әли (ғ) де былай дейді: "А... тағала өз нығметтерін саған үзіліссіз беріп тұрғанын, бірақ сен күнә жасай беретініңді аңғарсаң, абай болып, қорқуың керек! Өйткені бұл нығметтер жақсылыққа апармайды". Осы аяттардан үйренетініміз:
Біріншіден, дүниенің байлығы нығмет те, азап та бола алады. Егер ол имандылық пен тақуалық жолында пайдаланылса – нығмет, ал егер күнә мен азғындық үшін қолданылса – илаһи азап болмақ. Былайша айтқанда жақсы тұрмыс рақымдылықтың белгісі емес, өйткені кейде жазаға себеп болуы мүмкін.
Екіншіден, зорлық-зомбылық мәңгі емес. Сондықтан залымдар міндетті түрде құриды.