Әнғам сүресі, 181-ші бөлім, 29-32 аяттар
Әнғам сүресі, 181-ші бөлім, 29-32 аяттар
"Әнғам" сүресінің 29-30 аяттары:
"Олар: "Дүние тіршілігімізден басқа ешбір өмір жоқ. Тағы бір қайта тірілуші емеспіз",-деді. (29) Олардың Раббыларының алдында тұрғызылған сұрқын көрсең. (А... оларға): "Бұл (өлгеннен соң тірілу) рас емес пе екен?",-дейді. Олар: "Шын екен! Раббымызға ант етеміз!",-дейді. (А... оларға): "Ендеше, қарсы болғандықтарыңның азабын тартыңдар",-дейді. (30)"
Мүшіріктердің А... тағала, илаһи кітап пен пайғамбарларға байланысты сенімдерін баяндаған аяттардан кейін бұл аят олардың қияметті жоққа шығарудағы теріс сеніміне меңзеп, былай дейді: "Олар өздерінің өмірін тек дүниенің тіршілігімен ғана шектеп, өліммен өмір аяқталады деп есептейді. Олар қияметті жоққа шығарғандарына ешқандай дәлел келтіре алмастан: "Осы өмірден басқа ешбір өмір жоқ",-дейді. Келесі аят пайғамбарға (с) былай деп жалғастырады: "Бірақ дәл осылар, қиямет күні А...-ның әділ сотында тұрғанда алаңдап, абыржығандықтан: "Қиямет шындық",-деп ант ішеді, бірақ қияметтен қорқып айтқан анттан не пайда? Өйткені ол илаһи азаптан құтқармайды.Осы аяттардан үйренетініміз:
Біріншіден, мүшріктер мен кәпірлер өздерін зиялымыз деп санағанымен, олар білімі тайыз әрі материалист адамдар. Олар рухани істер мен қияметті жоққа шығарумен, мұндай істер жойлып кетеді деп ойлайды.
Екіншіден, қиямет сотында төрелік етуші – А...-ның өзі.
"Әнғам" сүресінің 31-ші аяты:
"А...-ға жолығуды өтірік дегендер шынында зиян тартты, қиямет күні тұтқиыл келгенде, олар: "Әттеген-ай! Дүниеде қаперсіз өткенімізге өкінеміз!",-дейді. Олар күнәларын арқаларына көтереді. Олардың көтергендері неткен жаман. (31)"
Қияметте адамның мал-мүлікпен, мансаппен және туған-туыстарымен барлық байланысы жойылады. Адам қияметтің көріністері мен илаһи жаза мен сауапты көріп, А...-ның толық билігін түсінеді. Осылайша ол ішкі сезімдері арқылы А...-ны көргендей болады. Бұл аят: "Қияметті жоққа шығару А...-ға зиян тигізбейді, қайта жоққа шығарғандардың өздерінің зиянға ұшырауына себеп болады",-дейді. Өйткені, біріншіден ол қияметте өзінің игілігіне жарайтын нәрсені дайындамады. Екіншіден ол күнә мен қылмыс жасап, өзіне зор салмақ түсіріп, арқасын қайыстырған ауыр жүк жинап алады. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, өлімді өмірдің соңы деп санайтын кісі, шын мәнінде өзінің болмысын фәни дүниеге айырбастап алған. Ал бұл зияндықтың ең үлкені.
Екіншіден, қиямет – қайғы мен өкініш күні. Өкінішке орай ол күні қам жеп, өкіну пайдасыз.
"Әнғам" сүресінің 32-ші аяты:
"Дүние тіршілігі әншейін алданыш, ойын ғана. Тақуаларға әрине о дүние абзал. Түсінбейсіңдер ме? (32)"
Өткен бірнеше аяттардан дүниеқұмар адамдар өмірді тек осы дүниенің тіршілігімен шектеп, ақыреттегі өмірді жоққа шығарғанын оқығанбыз. Осы аят мұндай жалған сенімдерге жауап беріп, былай дейді: "Олар дүние мен дүниелік мақсаттар үшін өмір сүреді. Тіпті есейген шағында да мал-мүлік пен мансап, баспана мен көлікке қызыққан балалар тәрізді және біреуі патшаның киімін киіп, келесі біреуі нөкердің рөлін ойнаған қойылымның актерлері тәрізді. Бірақ бірнеше сағат өткен соң, олардың киімдері мен рөлдері жойылып, соның барлығы қиялдағы нәрсе болғанын түсінеді. Ия, ақыретсіз дүние ойын-сауық қана.
Құран Кәрімдегі осы және басқа да ұқсас аяттардың дүниені толық айыптап, жамандамайтынын білген жөн. Егер олай болса, А... тағала оны тіпті жаратпас еді. Мұндай аяттар ақыретсіз дүниені балалардың ойнына теңеп, оны төмен деп санайы. Ал егер дүние ақыреттің егістігі болса, ол жаман болмай, кең аумақты егістік тәрізді болады. Барлық ізгі тұлғалар осы егістікке жақсылық егіп, өздерінің ақыретін абаттандырады.
Өкінішке орай өмір тек осы дүниеде ғана деп есептейтін адасқан ой-пікірге қарсы, тағы басқалар шектен шығып, дүние мен дүниелік істерден безіп, халықты оқшауланып өмір сүруге шақырады. Тіпті халал етілген үйленуді де харам деп санайды. Олар А... тағала дүниенің нығметтерін адамның пайдалануы үшін жаратқанын түсінбейді. Сондықтан оны елемеу шүкірсіздіктің бір түрі. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, абай болайық. Дүниенің істеріне қызығып, ақыретті ұмытпайық. Әйтпесе қартайған шақта да бала тәрізді боламыз.
Екіншіден, дүниенің алдауына түсіп, ақыреттен ғапыл болмау үшін дүниеқұмар кісілердің алдында дін мүміндерді ойлануға шақырады.
Үшіншіден, ой салу мен тақуалық бір-бірін толықтырушы. Ақыл адамды үнемі тақуалыққа шақырса, тақуалық адамды адасудан сақтайды.