Аптаның экономикалық журналы (91)
IranAir әуе компаниясы мен Boeing әуе компаниясы арасында осы аптада Теһранда 80 дана ұшақ сатып алу туралы келісімге қол қойылды. Бұл келісімнің құны 17 миллиард долларды құрады.
Иран Ислам Республикасының әуе компаниясы мен АҚШ-тың Boeing компаниясының арасында қол қойылған келісім ұзақ келіссөздердің нәтижесінде екі компания өз елдерінен рұқсат алғаннан кейін жасалды. Алайда АҚШ-тың міндет бұзушылығы мен болашақта санкциялардың қайта оралу ықтималдылығына байланысты әдетте мұндай келісімдерде қажетті болжамдар жасалады. Boeing компаниясымен жасалған осы келісімде 80 ұшақ, соның ішінде, елу Boeing-737 ұшағы, кең фюзеляжды отыз Boeing-777 ұшағы Иранға сатылатын болады. Осы келісімге сәйкес, Boeing-737 ұшақтары 2021 жылдан бастап Иранға беріледі, ал Boeing-777 модельді он бес ұшағын тапсыру екі жылдан кейін басталатын болады. Осы ұшақтың алтауы 2018 жылы, келесі алтауы 2019 жылы, қалған үшеуі 2020 жылы берілетін болды.
Аталмыш келісімнің жалпы құнының шамамен 50 пайызын ұшақтардың бағасы құрайды. Бұл ұшақтар қаржыландыру тәсілімен сатып алынатын болады. Келісім кұнының 15-20 пайызын сатып алушы өзі төлейді, ал қалған 80-85 пайызын шетелдік қаражат көзі қаматамсыз ететін болады. Иран Ислам Республикасы әуе компаниясының директоры Парварештің айтуынша, Airbus компаниясымен ұшақ сатып алу келіссөздері Boeing компаниясымен келіссөздерден ертерек басталғандықтан, Airbus компаниясынан сатып алынған алғашқы ұшақтар осы жылдың аяғына дейін елдің ұшақтарының қатарына қосылады деп болжанып отыр. Сол себепті Airbus ұшақ жасау компаниясының өкілдері Иранға жолаушылар тасымалдайтын жүз ұшақ сату келісімін қорытындылау үшін дүйсенбі күні Теһранға келді.
Airbus компаниясының жоғары деңгейлі басшыларының Теһранға сапары барысында алдағы бір апта ішінде Иран мен осы компания арасында жүз ұшақ сатып алу келісімі қорытындыланады деп күтілуде.
АҚШ үкіметі соңғы жылдары халықаралық заңдарға қайшы жолаушылар тасымалы ұшақтарын сатуды, тіпті, бұл ұшақтарға жанармай беруді Иранға қарсы әділетсіз санкциялардың қатарына қосқан.
Airbus-пен келісім шеңберінде іргелі ғылымдар компанияларының көмегімен сатып алынған ұшақтарды жөндеу және сақтау технологияларын Иранға жөнелту мүмкіндігін тудыру қарастырылған. Сондай-ақ, Boeing компаниясымен де Иранда жөндеу және сақтау орталығын құру туралы жеке келісім жасалды. Санкциялардығ жойылуы, соның ішінде, жолаушылар тасымалы ұшақтарын сату бөліміндегі санкциялардың алынуы "Ортақ қадам" бағдарламасының жүзеге асырылуының бірінші күнінен бастап ядролық келісімгер топтың басты бағдарларының бірі болды.Тіпті Иранның әуе-ғарыш өнеркәсібін жаңарту мәселесі "Ортақ қадам" бағдарламасында қуатталды.
"Ортақ қадам" бағдарламасы құжатының АҚШ-тың міндеттемелеріне арналған бірінші тарауының екінші қосымшасында Иранның жолаушылар тасымалы ұшақтарына қатысты мәмілелерді еркін түрде жүзеге асыру құқығы туралы айтылған. Есептеулерге сәйкес, Иран жолаушылар тасымалына арналған 400-5000 ұшақты қажет етеді.
Иран бидай өндіру тұрғысынан өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейіне жетті.
Иран 2004 жылы бидай өндірісінде өз-өзін қамтамсыз ету деңгейіне жеткен болатын. Алайда кейінгі төрт жылда 6 миллион тонна бидай импорттауға мәжбүр болды. Ал 11-ші үкіметтің жұмысының бас кезінде ауылшаруашылық өнімдерінің өндіріс деңгейі 97 миллион тоннаны құраған болатын. Бүгінде бұл көрсеткіш 117 миллион тоннаға жетті. Биыл Иранда бітік егін шығып, егіншілерден астық сатып алу мөлшері 11,5 миллион тоннадан асты.
Экономика және ауылшаруашылық бөлімдеріндегі өндіріс мүмкіндігі мен күшін арттыру ИИР-ның тәуелсіздігін қамтамасыз етіп, тұрақтылығын арттырады.
ИИР президенті Хасан Рухани бидай өндіру тұрғысынан өз-өзін қамтамасыз ету деңгейіне жетуге қатысты өткен мерекелік рәсімде: "Ауылшаруашылық өнімдері өндірісін арттыру жұмыспен қамтамасыз ету, жалпы ішкі өнім деңгейін арттыру және азық-түлік қауіпсіздігіндегі рөлімен қатар, ұлттық абырой-бедел, тұрақтылық пен тәуелсіздікті арттыру үшін жағдай тудырады" деді.
Иран президенті бидай өндіру тұрғысынан өзін-өзі қамтамасыз етуді қарсыласу экономикасының ең басты нышаны деп атап: "Бүгін біздің халқымыз азық-түлік қауіпсіздігі бөлімінде өз-өзін қамтамасыз ету үшін маңызды қадамдардың жасалғанына куә болып отыр. Бұл елдің маңызды бір бөлімде, яғни, азық-түлік бөліміндегі ұлттық қауіпсіздіктің қаматамасыз етілгенін көрсетеді" деді.
Иран мен Ресейдің ортақ экономикалық комиссиясының отырысы осы аптада Теһранда өтті. Ресейлік тараптан осы отырыста үкіметтік бөлімнің 200-ден астам экономикалық белсендісі мен жеке сектор бөлімінен 250 адам қатысты.
Аталмыш отырыста екі елдің делегациялары бес арнайы комитетте, соның ішінде, банк ісі, қаржы және инвестиция, өнеркәсіп, тау-кен өндірісі мен сауда, энергетика, тасымал, байланыс комитеттері мен жалпы комитетте пікір алмасты.
Осы комиссия отырысының соңында сейсенбі, желтоқсанның он үші күні "Иран мен Ресейдің экономикалық ынтымақтастықтары жол картасының" құжатына екі елдің ортақ комиссиясының басшылары Ресейдің Энергетика министрі Александр Новак пен Иранның Байланыс және ақпараттық технологиялар министрі Махмұд Ваезидің қатысуымен қол қойылды.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2016 жылдың алғашқы 9 айында Иран мен Ресейдің сауда айналымының мөлшері 2015 жылдың ұқсас уақытымен салыстырғанда 80 пайызға артқан. Иран мен Ресей ынтымақтастықтарының үдерісі соңғы он жылда ядролық бағдарламаларды бейбіт мақсатта пайдалану шеңберіндегі ынтымақтастықтар аясында қалыптасты. Бушер атом электр стансасының құрылысы шарықтаулар мен құлдырауларды бастан өткерді. Бұл сала екі ел ынтымақтастықтарының жаңа кезеңінің бастамасы бола алады. "Ортақ қадам" бағдарламасынан кейін Иранның атом қуаты стансаларының қажеттілігін Ресейдің әріптестігі және серіктестігімен қамтамасыз ету туралы жаңа ынтымақтастық жобалары ұсынылды. Соған қарамастан, соңғы 15-20 жылда Ресей мен Иран екі ел арасындағы мүмкіндіктерді барынша қолдана алмады. Қазір Иран мен Ресей өзара сауда айналымын жылына 2 миллиард доллардан астам көрсеткішке жеткізуді жоспарлап отыр.
Иран мен Ресейдің үшінші экономикалық көрмесі осы аптада Астраханьда өтті.
Бұл көрмеге түрлі салаларда, соның ішінде, азық-түлік, мұнай-химия, тоқыма өндірісі мен құрылыс салаларында халықаралық және еуропалық критерийлерге сай жоғарғы өндірістік стандарттарға ие 33 ирандық компания қатысты. Осындай көрмелердің өткізілуі Иран мен көршілес елдердің Каспий теңізіндегі порттарының сауда-кәсіптік ынтымақтастықтарын кеңейту үшін мүмкіндіктерді арттыруға көмектесе алады. Каспий теңізінің солтүстік-батыс жағалауындағы Астрахань порты Иранның порттарымен сауда айналымын арттыру және кәсіптік байланыстарды кеңейтуде маңызды рөл атқара алады. Осы мақсатта екі ел аталмыш портқа ерекше назар аударып отыр. 2016 жылдың алғашқы 8 айында Иранмен сауда айналымы 117 миллион долларды құраған Астрахань порты Каспий теңізіндегі басты порттардың бірі болып табылады.
ОПЕК-ке мүше 13 ел мен әлем мұнайының жартысынан көп бөлігін өндіретін Әзірбайжан Республикасы, Бахрейн, Боливия, Бруней, Экваторлық Гвинея, Қазақстан, Малайзия, Мексика, Оман, Судан мен Оңтүстік Судан сияқты мүше емес 12 елдің мұнай және энрегетика министрлері сенбі күні Венада мұнайға қатысты тұрақтылық орнату жолдарын талқылау үшін сұхбаттасты.
Иранның Мұнай министрі Бижан Намдар Зангане сенбі күні Венада тілшілер жиынында: "ОПЕК-ке мүше емес елдер 2017 жылдың қаңтар айынан бастап өз мұнай өндірісі деңгейін төмендете бастайды" деді.
Иранның Мұнай министрі бұл келісімді ОПЕК-ке мүше және мүше емес елдер үшін тарихи оқиға деп атап: "Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы ОПЕК-тің отырысына қатысқан барлық елдер осы ұйымды қолдауға әзірлігін мәлімдеді" деді.
Ресейдің Энергетика министрі Александр Новак: "2017 жылдың қаңтар айының бірінен бастап наурыз айының отыз біріне дейін Ресей мұнай өндірісінің деңгейін күніне 200 мың баррельге азайтып, одан кейін бұл көрсеткішті күніне 300 мың баррельге дейін жеткізетін болады. Осылайша күніне 10 миллион 947 мың баррельге жететін болады" деді. Әзірбайжан Республикасы да Бакудің мұнай өндірісінің деңгейін азайтатынын хабарлады. Осы елдің мұнай министрі Натық Алиев ОПЕК-ке мүше және мүше емес елдердің осы отырыстағы ынтымақтастық жөніндегі мәлімдемесін маңызды деп бағалап: "Әзірбайжан Республикасы да 2017 жылдың қаңтар айының бірінен бастап мұнай өндірісінің мөлшерін күніне 35 мың баррельге азайтады" деді.
Ирактың Мұнай министрі Джабар әл-Луайби де өз елінің мұнай бағасын нығайтуға қатысты әлемдік келісім шеңберіндегі мұнай өндірісін азайту міндеттеріне берік екенін мәлімдеді. Мексика да бір уақыт аралығында өз өндірісін күніне 100 мың баррельге азайтатынын хабарлады.
Мамандар 2001 жылдан бері осыған ұқсас жайт болмағанын айтып, бұл отырысты тарихи оқиға деп атады. ОПЕК-тің әлемдік мұнай өндірісін азайтуға қатысты жобасының бір бөлігі ұсынысты азайту және мұнайдың әлемдік бағаларын жақсартуға бағытталған.
Омандық инвесторлардың делегациясы Хормозган облысының экономикалық және өнеркәсіптік мүмкіндіктерін, соның ішінде, Бандар-Аббастағы Шәһид Раджаи порттық кешені, Хамир портының алюминий зауыты мен цемент зауытын аралап қайтты.
Хормозган облысының сауда және тау-кен өндірісі ұйымының шетелдік кәсіпкерлік істері жөніндегі директоры Хосейни Ансариан маркетинг және тауар экспорты үшін облыстың сауда-экономикалық мүмкіндіктерін таныстырудың осы омандық делегация сапарының басты мақсаттарының бірі болғанын айтты.
Хормозган облысы ірі өнеркәсіп орындары мен тау-кен өндірісі, темір жолы, әуе, теңіз және құрлық тасымалы инфрақұрылымдарына ие болғандықтан, Оман инвесторларының назарын өзіне аударып отыр. Оман мен Хормозган арасындағы қашықтықтың аз болуы, тасымал шығынының төмендігі және жол қауіпсіздігі Хормозганда инвестиция салудың басымдылықтары болып табылады.
Диктор
Орталық Азия және Тынық мұхитындағы депозитарлық компаниялар тобы бас ассамблеясының жиырмасыншы отырысы 21 елдің өкілдерінің қатысуымен Теһранда өтті.
Осы ұйымға мүше және мүше емес 25 компания және Бельгия, Франция, Португалия мен Грекияның арнайы қонақ ретінде қатысуымен өткен осы отырыста Иран 20 оң дауыс жинап, алдағы үш жылға Орталық Азия және Тынық мұхитындағы депозитарлық компаниялар тобының атқарушы тобының мүшелігіне өтті.
Азия және Еуропа биржаларының федерациясы 1995 жылы федерацияға мүше елдердің арасындағы нарықта әділетті, тиімді әрі шынайы орта құру мақсатында құрылды.