Жел 27, 2016 20:16 Asia/Almaty

Ниса сүресі, 135-ші бөлім, 137-141 аяттар

"Ниса" сүресінің 137-ші аяты:

إِنَّ الَّذِينَ آمَنُواْ ثُمَّ كَفَرُواْ ثُمَّ آمَنُواْ ثُمَّ كَفَرُواْ ثُمَّ ازْدَادُواْ كُفْرًا لَّمْ يَكُنِ اللّهُ لِيَغْفِرَ لَهُمْ وَلاَ لِيَهْدِيَهُمْ سَبِيلًا ﴿۱۳۷﴾

"Иман келтірген, артынан кәпір болған, онан соң тағы иман келтірген, кейін қайта кәпір болған, сол кәпірлігін арттыра бергендерді Алла кешірмейді, дұрыс жолға да салмайды. (137)"

Мүміндер мен кәпірлердің соңы қандай болатындығын баяндаған бұрынғы аяттардан кейін осы аят кейде мүміндерге қосылып, кейде кәпірлермен бірге сап түзейтін, күн сайын өзгеріп тұратын кісілердің салдарына тоқталады. Олар өз сенімдерін ақиқатқа жету үшін емес, екіжүзділіктерінің салдарынан өзгертіп тұрады. Шын мәнінде олар материалдық және дүниелік пайданың соңында жүреді. Сондықтан қай жерде осыған жағдай пайда болса, сол жаққа беттейді. Мұндай адамдар осы күйінде дүниеден өтсе, әрине илаһи жарылқау мен кешірімге бөленбейді. Олар тіпті тура жолға түсу мүмкіншілігінен де айрылады. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, әр мүмінге иманнан айрылып, діннен шығу қаупі төніп тұрады. Ендеше қазіргі таңдағы иманымызға мақтанып, тәкәппарлыққа салынудан абай болайық.

Екіншіден, сенімдегі тұрақсыздық адамды адастырып, илаһи жолдау мен жарылқаудан алшақтатады.

"Ниса" сүресінің 138-139 аяттары:

بَشِّرِ الْمُنَافِقِينَ بِأَنَّ لَهُمْ عَذَابًا أَلِيمًا ﴿۱۳۸﴾ الَّذِينَ يَتَّخِذُونَ الْكَافِرِينَ أَوْلِيَاء مِن دُونِ الْمُؤْمِنِينَ أَيَبْتَغُونَ عِندَهُمُ الْعِزَّةَ فَإِنَّ العِزَّةَ لِلّهِ جَمِيعًا ﴿۱۳۹﴾

"(Ей, Мұхаммед!) Мұнафықтарға қатты жаза бар екенін өздеріне хабарлап қой. (138) Олар сондай, мүміндерді қайырып қойып, кәпірлермен достасады. Олар кәпірлерден ізет, құдірет дәметіп жүр ме? Шын мәнінде ізет, құдірет бүкілдей Аллаға мәнсүп. (139)"

Мұнафықтардың басты міні – кәпірлерді ұлықтау мен құрметтеу және абыройды солардан іздеуінде. Олар мүміндерге қосылып, оларға еруді қорлық көріп, өздерін мүмін деп таныстырудан ұялатын. Негізінде байлық пен зұлымдықтан емес, илаһи білім мен құдіреттен бастау алған абырой ғана тұрақты әрі мәңгі болады. Өйткені шексіз білім мен құдірет тек Аллаға тән. Ендеше нағыз абыройды Алламен байланыс аясынан іздейік. Осы аяттардан үйренетініміз:

Біріншіден, өздерінің абыройын кәпірлерге тәуелді болудан іздейтін мүміндер мұнафық болып табылады. Өйткені мүмін адам кәпірлер үстемдігінің қорлығын қабылдамайды.

Екіншіден, сыртқы саясат мәселесінде кәпір елдермен байланыстарды кеңейтудің орнына, исламдық  мемлекеттермен байланыстарды ойлаған жөн.

"Ниса" сүресінің 140-шы аяты:

وَقَدْ نَزَّلَ عَلَيْكُمْ فِي الْكِتَابِ أَنْ إِذَا سَمِعْتُمْ آيَاتِ اللّهِ يُكَفَرُ بِهَا وَيُسْتَهْزَأُ بِهَا فَلاَ تَقْعُدُواْ مَعَهُمْ حَتَّى يَخُوضُواْ فِي حَدِيثٍ غَيْرِهِ إِنَّكُمْ إِذًا مِّثْلُهُمْ إِنَّ اللّهَ جَامِعُ الْمُنَافِقِينَ وَالْكَافِرِينَ فِي جَهَنَّمَ جَمِيعًا ﴿۱۴۰﴾

"Алла кітабында (Құранда) сендерге соны аян етті: "Алланың аяты теріске шығарылып, келеке қылынып жатқанын естісеңдер, олар (кәпірлер) басқа бір әңгімеге ауысқанға дейін олармен бірге отырмаңдар, әйтпесе сендер де солардың кебін киесіңдер. Шексіз Алла екі беткейлер мен кәпірлерді түгелдей жаһаннамға жияды". (140)"

Бұл аят мұнафықтардың тағы бірнеше белгісіне тоқталады. Біріншіден, олар дінге қарсы адамдардың жиындарына қатысады. Екіншіден, олардың діни қасиеттерге қарсы құрметсіздігіне үнсіздік танытады. Алайда мүмін мұндай сөздердің алдын-алуға немесе күнә жасалатын жиыннан шығып кетуге міндетті. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, күнәнің жиындарына қатысу – қатысушы үндемей отырса да сол күнәні жасауға қатысқанмен тең.

Екіншіден, кәпірлер діни қасиеттерге құрметсіздік жасамайтын болса ғана олармен бірге жүруге болады.

Үшіншіден, сөз еркіндігі мен кешірімділік сылтауымен діни қасиеттерге тіл тигізуге жол берілмеуі тиіс.

"Ниса" сүресінің 141-ші аяты:

الَّذِينَ يَتَرَبَّصُونَ بِكُمْ فَإِن كَانَ لَكُمْ فَتْحٌ مِّنَ اللّهِ قَالُواْ أَلَمْ نَكُن مَّعَكُمْ وَإِن كَانَ لِلْكَافِرِينَ نَصِيبٌ قَالُواْ أَلَمْ نَسْتَحْوِذْ عَلَيْكُمْ وَنَمْنَعْكُم مِّنَ الْمُؤْمِنِينَ فَاللّهُ يَحْكُمُ بَيْنَكُمْ يَوْمَ الْقِيَامَةِ وَلَن يَجْعَلَ اللّهُ لِلْكَافِرِينَ عَلَى الْمُؤْمِنِينَ سَبِيلًا ﴿۱۴۱﴾

"Олар (мұнафықтар) сендерді аңдып жүреді. Егер сендерге Алланың жеңісі келсе, олар: "Біз сендермен бірге емес пе едік?",-дейді. Егер кәпірлер жеңістік ала қалса, олар: "Біз сендерге болысып, сендерді мүміндерден қорғамадық па?",-дейді. Алла қиямет күні өзі үкім шығарады. Алла мүміндердің зияны есебіне кәпірлерге әсте жол бермейді. (141)"

Мұнафықтардың тағы бір ерекшелігі -  пайдакүнемдік. Олар кез-келген жағдайды өз мүддесіне шешуге тырысады. Егер мұсылмандар жеңіс пен олжаға қол жеткізсе: "Біз де сендермен бірге болып, көмектестік, сондықтан олжаға ортақпыз",-дейді. Ал егер дұшпан жеңетін болса, оларға: "Сендердің жеңістеріңе біз де үлес қостық. Сендерді ынталандырып, мұсылмандардың соққысының алдын-алдық",-дейді. Олар "кейде керуеннің досы, ал кейде ұрының серігі" болып жүрген екіжүзді тыңшылар тәрізді. Дегенмен аяттың соңғы бөлімі мүміндерді үміттендіріп: "Тарихта ақиқат пен жалғанның арасында мәңгі соғыс пен тартыс болып жатқанына қарамастан, ақырында мүміндер жеңеді. Алла тағала кәпірлердің мұсылмандарға үстемдік жүргізуіне жол бермейді",-дейді. Егер қазіргі заманда әлемнің көптеген аймақтарына кәпірлердің билік жүргізіп отырғанын көрсек, ол мұсылмандардың діни жауапкершілікті дұрыс орындамауы мен иманының әлсіздігінің себебінен. Олар жеке қарым-қатынастарда да, әлеуметтік өмірде де Алланың айтқанымен жүрмей, бірлікті сақтамай отыр. Бірақ егер мұсылмандардың бірлігі жарасып, имандары мықты болса, кәпірлер оларға үстемдік жүргізе алмайды. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, пайдакүнемдік – екі жүзділіктің белгісі. Ендеше пайдакүнем емес, ақиқат сүйгіш болайық.

Екіншіден, исламдық елдер кәпірлердің үстемдігін қабылдамауы керек. Бөтен елдермен саяси, экономикалық және мәдени байланыстарды мұсылмандардың қорлық көріп, кәпірлердің үстемдік етуіне себепші болмайтын жағдайда ғана орнату керек.

Үшіншіден, кәпірлер мүміндерге үстемдік жүргізуді ойламайтындай және оларға қарсы астыртын әрекеттер жасамайтындай іс атқару керек.