Жел 27, 2016 20:17 Asia/Almaty

Ниса сүресі, 134-бөлім, 133-136 аяттар

"Ниса" сүресінің 133-ші аяты:

إِن يَشَأْ يُذْهِبْكُمْ أَيُّهَا النَّاسُ وَيَأْتِ بِآخَرِينَ وَكَانَ اللّهُ عَلَى ذَلِكَ قَدِيرًا ﴿۱۳۳﴾

"Ей, адам баласы! Алла қаласа сендерді жоқ қылып, орындарыңа басқаларды әкеледі. Бұған Алланың күші толық жетеді. (133)"

Осы аят: "Алла өзінің берген нұсқауларына зәру деп ойламаңдар. Алла сендерге де зәру емес. Сендер болмаған кезде де Алланың несі кетті? Ендеше Алланың алдында тәкәппар болмаңдар. Өйткені Ол қаласа сендерді - бағынбайтын адамдарды жоқ қылып, орындарыңа Өзіне бағынатын басқаларды әкеле алады",-дейді. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, Алланың кәпірлерге уақыт беруі Оның әлсіздігінің белгісі емес, қайта Оның рақымдылығы мен хикметін білдіреді.

Екіншіден, біздің қолымыздағының барлығы Аллаға тиесілі. Сондықтан соның барлығы мәңгі-бақи қалады деп тәкәппарлыққа салынбайық.

"Ниса" сүресінің 134-ші аяты:

مَّن كَانَ يُرِيدُ ثَوَابَ الدُّنْيَا فَعِندَ اللّهِ ثَوَابُ الدُّنْيَا وَالآخِرَةِ وَكَانَ اللّهُ سَمِيعًا بَصِيرًا ﴿۱۳۴﴾

"Кім дүние игілігін тілесе, дүниенің де, ақыреттің де игіліктері Алланың қасында. Алла – бәрін естуші, аса көреген. (134)"

Бұл аят Аллаға иман келтіргенімен осы дүниенің жақсылығын және соғысқа қатысқанымен одан түсетін олжаны ғана ойлайтын, көзқарасы тайыз мүміндер туралы. Алла тағала осы аятта оларға: "Аллаға иман келтірсеңдер де Одан тек өз дүниелеріңді ғана неге сұрайсыңдар? Дүние мен ақырет те Аллаға тән. Сендер ақыретті ойласаңдар дүниеден құр қаламыз деп ойлайсыңдар ма? Бірақ Алла мүміндерге ақыреттің де, дүниенің де бақытын қалайды. Сондықтан оның біреуі үшін келесі біреуін тастау өкінішті",-дейді. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, егер адам жақсылық істегенде оның дүниелік салдарын ғана ойласа, қатты зиян шегеді.

Екіншіден, Ислам – барлығын қамтитын әрі шындыққа негізделген дін. Ол өзіне ерушілерді дүние мен ақыреттің екеуіне де жетуге шақырады.

"Ниса" сүресінің 135-ші аяты:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ كُونُواْ قَوَّامِينَ بِالْقِسْطِ شُهَدَاء لِلّهِ وَلَوْ عَلَى أَنفُسِكُمْ أَوِ الْوَالِدَيْنِ وَالأَقْرَبِينَ إِن يَكُنْ غَنِيًّا أَوْ فَقَيرًا فَاللّهُ أَوْلَى بِهِمَا فَلاَ تَتَّبِعُواْ الْهَوَى أَن تَعْدِلُواْ وَإِن تَلْوُواْ أَوْ تُعْرِضُواْ فَإِنَّ اللّهَ كَانَ بِمَا تَعْمَلُونَ خَبِيرًا ﴿۱۳۵﴾

"Ей, мүміндер! Алла үшін куә болуда өз ата-аналарыңның, жақын туғандарыңның зиянына тура келсе де, әділдікте берік тұрыңдар. (Куәлік алушы) Бай болса да, кедей болса да әділ болыңдар. Алла (сендерден гөрі) оларға жақынырақ (олардың күй-жайын жақсы біледі). Нәпсінің құлы болып, (дұрыстықтан) ауа жайылмаңдар. Қызыл тілді қалай сүйреңдетсеңдер де, куәліктен қалай бас тартсаңдар да, Алла істегендеріңнен сөзсіз хабардар. (135)"

Құран өткен аяттарда мүміндерді әйелдер мен жетімдерге қатысты әділ болуға шақырды. Осы аят жалпы қағида ретінде мүміндерге былай дейді: "Өздеріңе, туған-туыстарыңа немесе достарыңа зиянды болса да барлық жағдайда және баршаға қатысты әділдікті сақтаңдар". Әдетте адам біреуге төрелік еткен кезде туыстық байланысына немесе оның қаржы жағдайына назар аударып, қателігін біле тұра, соның пайдасына үкім шығарады, немесе ақшасына қызығып соның пайдасына куәлік береді. Кейде кедейлердің аянышты жағдайына жаны ашып, соларды жақтайтын үкім шығарады. Сол себептен осы аят: "Төрелік жасап, куәлік еткенде туысқандық байланыс пен қаржы жағдайын емес, тек Алланы ғана ойлаңдар",-дейді. Аталмыш нұсқаулар Ислам дінінің адами мәселелерге қаншалықты мән беретінін және мүміндерді барлық жағдайда әділдікті сақтауға шақыратындығын көрсетеді. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, пайғамбарларды жіберудегі мақсат – әділет. Иманды болу үшін әділ болу керек және оның өлшемі Алла мен Оның нұсқаулары.

Екіншіден, өмірдің барлық жағдайларында және тіпті мұсылман еместерге де қатысты әділ болу керек.

Үшіншіден, заң алдында бәрі бірдей. Кедей де, бай да ол өзіне пайдалы немесе зиянды болса да әділетті орындауға тиіс.

Төртіншіден, әділетті орындаудың кепілі – Аллаға және Ол біздің істерімізді біліп тұратынына сену болып табылады.

"Ниса" сүресінің 136-шы аяты:

 يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ آمِنُواْ بِاللّهِ وَرَسُولِهِ وَالْكِتَابِ الَّذِي نَزَّلَ عَلَى رَسُولِهِ وَالْكِتَابِ الَّذِيَ أَنزَلَ مِن قَبْلُ وَمَن يَكْفُرْ بِاللّهِ وَمَلاَئِكَتِهِ وَكُتُبِهِ وَرُسُلِهِ وَالْيَوْمِ الآخِرِ فَقَدْ ضَلَّ ضَلاَلًا بَعِيدًا ﴿۱۳۶﴾

"Ей, мүміндер! Аллаға, Алланың пайғамбарына, оған түскен кітаптарға сеніңдер. Кімде-кім Алланы, Алланың періштелерін, кітаптарын, пайғамбарларын, қиямет күнін мойындамаса, оның мықтап адасқаны. (136)"

Осы аят мүміндерді имандарын нығайтып күшейтуге шақырып: "Алға қадам жасап, жоғары дәрежелерге жетіңдер. Имандарыңа берік болыңдар, одан алшақтамаңдар",-дейді. Білім дәрежелері тәрізді иманның да түрлі деңгейі мен дәрежесі бар екендігі анық. Мысалы ғалым адам бір физикалық не математикалық формуланы мектептегі қарапайым оқушыдан гөрі өте терең түсінеді. Сондықтан Алла тағала мүміндерді әрдайым имандарын күшейтуге шақырады. Ол үшін Алланың нұсқауларын көбірек орындау керек. Осы аят сонымен қатар мүміндерге төніп тұрған қауіптердің біріне тоқталып: "Егер мүміннің иманы әлсіреп тіпті өзінің сеніміне күмәнданатындай күйге жетсе, ол қатты адасады. Одан шығу қиынға түседі",-дейді. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, илаһи діндер – ортақ мақсатты көздейтін бір мектептің сыныптары, ал пайғамбарлар солардың мұғалімдері тәрізді. Сондықтан Аллаға иман келтіру үшін барлық пайғамбарлар мен олардың кітаптарына иман келтіру керек.

Екіншіден, иманды сақтап, дамыту үшін оны үнемі жоғарылату керек. Сондықтан мүмін иманының дәрежесін арттыруға ұмтылуы тиіс.