"Ниса" сүресі, 133-ші бөлім, 129-132 аяттар
"Ниса" сүресі, 133-ші бөлім, 129-132 аяттар
"Ниса" сүресінің 129-шы аяты:
وَلَن تَسْتَطِيعُواْ أَن تَعْدِلُواْ بَيْنَ النِّسَاء وَلَوْ حَرَصْتُمْ فَلاَ تَمِيلُواْ كُلَّ الْمَيْلِ فَتَذَرُوهَا كَالْمُعَلَّقَةِ وَإِن تُصْلِحُواْ وَتَتَّقُواْ فَإِنَّ اللّهَ كَانَ غَفُورًا رَّحِيمًا ﴿۱۲۹﴾
"Қанша тырыссаңдар да, әйелдеріңнің арасына бүкілдей әділ мәміледе бола алмайсыңдар. Бірақ біреуіне біржола беріліп кетіп, өзгесін жіпсіз байлағандай екі ортада қалдырмаңдар. Егер түзеліп, сақтансаңдар, Алла расында кешіреді, мейіріміне бөлейді. (129)"
Өткен аят барлық ер адамдарға отбасында тату өмір сүру керектігін баяндаса, осы аят бірнеше әйел алған ерлерге арнап: "Әділетті сақтаңдар!",-дейді. Бірақ осы аяттағы мәселені баяндамастан бұрын, бірқатар маңызды жайттарға тоқталған жөн. Біріншіден, Ислам діні бірнеше әйел алуға кеңес берген жоқ. Оған тек ерекше жағдайларда ғана рұқсат береді. Екіншіден, кейбір оқиғалар мен соғыстар, сол сияқты әлеуметтік жүйелердің пайда болуы бірнеше әйел алуға жағдай тудырады. Сондықтан оның заңды жолдары қарастырылмаса, азғындықты жаяды. Қазіргі таңда Батыс қоғамынан көріп отырғанымыздай, онда бірнеше әйел алуға болмағанымен, еркек ашық та жасырын түрде де бірнеше әйелмен байланыс орната береді. Оған ешқандай бақылау жоқ. Сол себепті Ислам бірнеше әйел алуға тыйым салмай және оған ынталандырмай, бұл салада үкімдер шығарып, оған шектеу жасады. Бірнеше әйел алудың шарты – әділетті сақтау деп есептейді. "Ниса" сүресінің үшінші аятынан оқығанымыздай "әділетті сақтай алмаудан қорықсаңдар, бір әйел ғана алыңдар". Үшіншіден, әр жерде заңды бұзу мүмкіндігі бар. Нәпсіқұмар ерлер осы илаһи ережені кері мақсатта пайдаланып, әділетті орындамастан, бірнеше әйел алуы ықтимал. Бірақ ереженің кері мақсатта пайдаланылуы мүмкін болғандықтан оның күшін жоюға болмайды. Ал енді жоғарыда оқылған аятты талдайық. Осы аят ерлерге: "Әйелдердің құқығын барлық жағдайда сақтаңдар. Сендер әйелдеріңе дұрыс қарамай, оларды екі ортада қалдырушы болмаңдар. Әсіресе оларға мейірім мен сүйіспеншілік білдірген кезде әділетті сақтаңдар",-дейді. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, ер өзінің әйеліне ешқашан немқұрайлы болмауы тиіс. Ол оған зайыбы ретінде қарауы тиіс, немесе ажырасып, оған еркіндік беруі тиіс.
Екіншіден, ер мен әйелдің арасындағы татулық пен достық және тақуалық отбасының тұрақтылығы мен Алланың жарылқауына себепші болады.
"Ниса" сүресінің 130-шы аяты:
وَإِن يَتَفَرَّقَا يُغْنِ اللّهُ كُلاًّ مِّن سَعَتِهِ وَكَانَ اللّهُ وَاسِعًا حَكِيمًا ﴿۱۳۰﴾
"Егер екеуі ажырасып кетсе, Алла өз кеңшілігіне бөлеп, оларды біріне бірінің ісі түспейтін етеді. Алла – тым кеңпейіл, асқан дана. (130)"
Исламның маңызды ерекшеліктерінің бірі - отбасы мен қоғамның жағдайына сәйкес қисынды шешімдер ұсыну болып табылады. Ислам өзіне ерушілерге қолайсыз үкімдер бермейді және шамадан тыс тапсырма да жүктемейді. Көптеген қоғамдар душар болып отырған осындай мәселелердің бірі – ажырасу. Ислам жастарды тұрмыс құруға ынталандырумен қатар, олардың ажырасуына тыйым салады. Бірақ кейде ерлі-зайыптылар бірге өмір сүре алмайтындай жағдайға келеді. Мұндайда жұбайлар үнемі психикалық қысымдар астында "өлсе де, тірілсе де" бірге тұра алмайтыны анық. Ислам ер адам мен әйелге белгілі шарттар қойып, олардың ажырасуына мүмкіндік беріп: "Бірінші рет сәтсіз үйленгендіктен, үнемі жабығып жүрмей, Алланың рақымдылығынан үміттеніңдер. Қайтадан тұрмыс құрып, сол ошақта Алланың берекесіне ие болуға ұмтылыңдар. Өйткені Алланың қолы ашық және Оның берекесі бұрынғы тұрмыстарыңа ғана тиесілі емес",-дейді. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, мұсылманның өмірінде тығырық болмайды. Егер кешірім, татуласу және тақуалық отбасы ошағын сақтай алмаса, ажырасуға болады. Әрине алдымен түзеліп көріп, сонан соң ғана ажырасу керек.
Екіншіден, ажырасу барлық жағдайда жаман емес. Өйткені кейде отбасындағы түйткілдер біреудің өз-өзіне қол салуына немесе жасырын байланыстарға себепші болуы мүмкін.
"Ниса" сүресінің 131-132 аяттары:
وَللّهِ مَا فِي السَّمَاوَاتِ وَمَا فِي الأَرْضِ وَلَقَدْ وَصَّيْنَا الَّذِينَ أُوتُواْ الْكِتَابَ مِن قَبْلِكُمْ وَإِيَّاكُمْ أَنِ اتَّقُواْ اللّهَ وَإِن تَكْفُرُواْ فَإِنَّ لِلّهِ مَا فِي السَّمَاوَاتِ وَمَا فِي الأَرْضِ وَكَانَ اللّهُ غَنِيًّا حَمِيدًا ﴿۱۳۱﴾ وَلِلّهِ مَا فِي السَّمَاوَاتِ وَمَا فِي الأَرْضِ وَكَفَى بِاللّهِ وَكِيلًا ﴿۱۳۲﴾
"Аспан әлемі мен жер жүзіндегінің барлығы Аллаға тән. Сендерден бұрынғы кітап берілгендерге де, сендерге де: "Алладан қорқыңдар!",-деп өсиет айтқанбыз. Егер сендер кәпір болсаңдар, (біліп қойыңдар) аспан әлемі мен жер жүзіндегінің күллісі Алланікі. Алла бихажет, мақтауға лайықты. (131) Аспан әлемі мен жер жүзіндегі болмыстың барлығы Алланікі. Оларды басқаруға (Алланың құдіреті) жеткілікті. (132)"
Өткен аяттар әйелдер мен ерлерді тұрмыста, әсіресе отбасылық тұрмыста тақуалыққа шақырса, осы аяттар: "Бұл өсиет тек сендерге ғана емес, қайта сендерден бұрын да барлық дінге ерушілерге берілген өсиет. Бұл өсиет Аллаға пайда береді деп ойламаңдар. Өйткені Ол сендерге мұқтаж емес. Ол көктер мен жердің иесі. Әлемдегі барлық адамдар кәпір болып кетсе де Оған ешқандай зиян тимейді",-деп ескертеді. Адамның илаһи нұсқауларды орындауы Аллаға ешқандай пайда бермейтіндігін және Оның ешнәрсеге мұқтаж еместігін анық түсіндіру үшін осы аятта Алланың көктер мен жерге иелігі үш рет қайталанған. Осы аяттардан үйренетініміз:
Біріншіден, илаһи діндер бір-біріне қайшы келмейді. Олардың барлығы бір жерден бастау алады және барлығы илаһи нұсқауларды орындауға шақырады.
Екіншіден, барлық әлем мен адамның иесінен ғана қорқу керек.
Үшіншіден, барлық көктер мен жердің және құдірет пен байлықтың иесіне ғана арқа сүйейік.