Ниса сүресі, 131-ші бөлім, 120-124 аяттар
Ниса сүресі, 131-ші бөлім, 120-124 аяттар
"Ниса" сүресінің 120-121 аяттары:
يَعِدُهُمْ وَيُمَنِّيهِمْ وَمَا يَعِدُهُمُ الشَّيْطَانُ إِلاَّ غُرُورًا ﴿۱۲۰﴾ أُوْلَئِكَ مَأْوَاهُمْ جَهَنَّمُ وَلاَ يَجِدُونَ عَنْهَا مَحِيصًا ﴿۱۲۱﴾
"Шайтан уәде беріп, сары уайымға батырады, оларды алдау үшін уәде қылады. (120) Міне бұлардың баратын орны – тозақ. (Қияметте) Онан өзге орын таба алмайды. (121)"
Өткен аяттар шайтанның адастыру жоспарларын баяндаса, осы аят: "Шайтанның адамды тура жолдан тайдыруға бағытталған тағы бір тәсілі – өтірік уәделер мен қол жетпес армандар",-дейді. Рауаяттарда айтылғандай, Алланың күнәларды кешіретіндігі туралы Құран аяттары тсүкенде, Ібліс өзінің серіктерін жинап алып: "Адам тәубе ететін болса біздің барлық еңбегіміз зая болады ғой",-дегенде, шайтандардың біреуі тұрып: "Әрқашан адам тәубе етем дейтін болса, тәубесінен айнығанша кейінге қалдыратындай оны негізсіз қиял-армандарға түсірейік",-дейді. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, қол жетпес қиял-армандарға салыну шайтанның тұзағына түсіреді.
Екіншіден, тіпті балаларға да өтірік уәде беру - шайтанның ісі.
"Ниса" сүресінің 122-ші аяты:
وَالَّذِينَ آمَنُواْ وَعَمِلُواْ الصَّالِحَاتِ سَنُدْخِلُهُمْ جَنَّاتٍ تَجْرِي مِن تَحْتِهَا الأَنْهَارُ خَالِدِينَ فِيهَا أَبَدًا وَعْدَ اللّهِ حَقًّا وَمَنْ أَصْدَقُ مِنَ اللّهِ قِيلًا ﴿۱۲۲﴾
"Имандылар мен түзу іс істегендерді сөзсіз іргесінен бұлақтар аққан жұмаққа кіргіземіз. Олар онда мәңгі-бақи тұра береді. Алланың уағдасы хақ. Алладан артық шын сөйлейтін кім бар? (122)"
Өткен аяттарда шайтан адамды құр бос армандармен алдап, ешқайсысы ақиқатқа жатпайтын өтірік уәделер беретінін айтқанбыз. Осы аят: "Бірақ Алланың уәделері ақиқат пен шындық. Сендерге пейішті уәде етсе, осы уәдесінде тұрады. Ол құр армандаудың орнына басқаларға жақсылық тигізетін талпыныс пен ізгі амал жасауларыңды қалайды",-дейді. Дұрыс әрі пәк ниетпен жасалған амалдар адамның рухани дамуына себепші болады. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, иман мен ізгі амал бірін-бірі толықтырушы және ешқашан ажыратылмайды. Амалсыз мүмін болмайды.
Екіншіден, Алладан басқа шын айтатын кім бар? Сондықтан Оның мәңгілік пейіш туралы берген уәделерінен үміттенейік.
"Ниса" сүресінің 123-ші аяты:
لَّيْسَ بِأَمَانِيِّكُمْ وَلا أَمَانِيِّ أَهْلِ الْكِتَابِ مَن يَعْمَلْ سُوءًا يُجْزَ بِهِ وَلاَ يَجِدْ لَهُ مِن دُونِ اللّهِ وَلِيًّا وَلاَ نَصِيرًا ﴿۱۲۳﴾
"Сендердің құр қиялдарыңмен және кітап иелерінің құр қиялымен ешнәрсе қолға келмейді. Кімде-кім бір жамандық істесе, ол (не дүниеде, не ақыретте) жазасын тартады. Олар өздеріне Алладан басқа ешбір ие де, медеткер де таба алмайды. (123)
Шайтан адамның зейінінде қиял тудыру үшін, оған: "Сен мұсылман немесе христиан болғандықтан Алла саған азап бермейді. Азапты басқа дінге ерушілер ғана көреді",-дейді. Осындай пікірдің салдарынан бір жағынан күнә жайылса, екінші жағынан тәубе етудің жолдары жабылады. Сондықтан осы аят былай дейді: "Мұндай қиялдарға көңіл аудармаңдар. Алла тағала сендерге ерекше қарап, күнәнің жазасынан босатады деп ойламаңдар. Олай емес. Кімде-кім күнә жасаса, ол қандай ұлт пен ұлысқа жатсын, немесе қандай дінде болмасын жазасын тартады". Тарихи деректер бойынша, кейбір мұсылмандар кітап иелерімен қарама-қайшылыққа түсіп қалған жағдайда пайғамбар (с) бізді жақтайды деп ойлайтын. Ал шын мәнінде қолдау емес, әділет маңызды. Сондай-ақ байланыс емес, ереже негіз болып табылады. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, шайтанның діндар адамдарды адастыру үшін қолданатын әдістеріне атаққұмарлық, үстемшілдік және негізсіз дәмелену жатады.
Екіншіден, Ислам діні мен оның нұсқаулары қиял мен негізсіз талаптарға емес, шындыққа негізделген.
Үшіншіден, илаһи заңдардың алдында бәрі бірдей. Сондықтан діннің атауын кері мақсатта пайдалануға болмайды.
"Ниса" сүресінің 124-ші аяты:
وَمَن يَعْمَلْ مِنَ الصَّالِحَاتَ مِن ذَكَرٍ أَوْ أُنثَى وَهُوَ مُؤْمِنٌ فَأُوْلَئِكَ يَدْخُلُونَ الْجَنَّةَ وَلاَ يُظْلَمُونَ نَقِيرًا ﴿۱۲۴﴾
Иман келтіріп, ізгі іс істеген еркек те, әйел де жұмаққа кіреді. Оларға титтей де нахақтық істелмейді. (124)"
Өткен аяттар илаһи жазаның жалпы қағидасын баяндаса, осы аят қияметтегі сауаптың жалпы ережесіне тоқталып: "Аллаға иман келтірген әр адам, ол ер болсын, әйел болсын ізгі іс істеген болса қияметте илаһи пейішке кіреді. Оның сауабы еш кемітілмейді",-дейді. Құранның осы және басқа аяттарында ізгі істің қабыл болуының шарты – Аллаға иман келтіру делінген. Басқалардың игі істері қабылданбайды. Қиямет күні мен оның сауабына сенбейтін адам қалайша қияметте Алланың сауабын күтеді? Алла өзінің мейірімі мен ілтипаты бойынша оны жарылқап, пейішке кіргізуі мүмкін. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, пейішке кірудің шарты қиял мен бос сөздер емес, иман мен ізгі амал. Сондықтан барлық адамдар Алланың ілтипатына бөлене алады.
Екіншіден, ер мен әйел рухани кемелдікке бірдей жете алады және оларға ешқандай шектеу жоқ.
Үшіншіден, амалдардың қабыл болуы иманға байланысты. Имансыз адамдардың жақсылығы осы дүниеде қайтарылады.