Жел 27, 2016 20:25 Asia/Almaty

Ниса сүресі, 128-ші бөлім, 104-109 аяттар

"Ниса" сүресінің 104-ші аяты:

وَلاَ تَهِنُواْ فِي ابْتِغَاء الْقَوْمِ إِن تَكُونُواْ تَأْلَمُونَ فَإِنَّهُمْ يَأْلَمُونَ كَمَا تَأْلَمونَ وَتَرْجُونَ مِنَ اللّهِ مَا لاَ يَرْجُونَ وَكَانَ اللّهُ عَلِيمًا حَكِيمًا ﴿۱۰۴﴾

"Жауды өкшелей қууда босаңсымаңдар. Сендер қиналсаңдар, жау да сендер сияқты қиналады. Бірақ олар үміт етпеген нәрсені (шәһидтікті, сауапты, жеңісті) сендер Алладан үміт етесіңдер. Алла – бәрін білгіш, хикмет иесі. (104)"

Тарихи рауаяттарда жазылғандай, мұсылмандар Ухуд соғысында жеңіліске ұшыраған соң Мекке кәпірлері қалған мұсылмандарды қырып, Исламды бірақ жою мақсатымен Мәдинаға шабуыл жасамақшы болады. Бірақ осы аят түсіп, пайғамбар (с) соғысқа жаппай шақыру жариялайды. Сол кезде тіпті соғыста мүгедек болған жандар да қорғанысқа дайындалады. Осы жаппай дайындықты естіген Мекке әскері өзінің мақсатынан айнып, шабуылдан бас тартады. Осы аятта меңзелген маңызды жайт, соғыста қарсылас екі тарап та жарақат алып, тұтқынға түсіп немесе қаза болғанымен олардың мақсаты мен істерінің нәтижесі маңызды. Исламның әскері Алла тарапынан түсетін қолдау мен жәрдемге сенеді. Бірақ кәпірлер әскерінің сүйенетін ешкімі жоқ. Жаралы және қаза болған мұсылмандарға пейіш секілді ұлы сауап беріледі. Ал қияметке сенбейтін кәпірлердің өлгендері ешқандай нәтижеге жетпейді. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, дұшпаннан көрген кейбір жеңілістер олармен күресуде біздің еңсемізді түсірмесін. Мұсылмандар Аллаға тәуекел етіп, Оның рақымдылығына сеніп үнемі мықты сезімге ие болуы тиіс.

Екіншіден, Алланың жарылқауына сену – мұсылман жауынгердің ең үлкен күші болып табылады. Сондықтан шәһид болу да, жеңу де ол үшін бақыт болып саналады.

Үшіншіден, біздің діни міндеттерді атқару барысында көрген қиыншылықтарымыз ұмытылмайды. Алла тағала оның барлығын біледі және Өзінің хикметі бойынша сауап береді.

"Ниса" сүресінің 105-106 аяттары:

إِنَّا أَنزَلْنَا إِلَيْكَ الْكِتَابَ بِالْحَقِّ لِتَحْكُمَ بَيْنَ النَّاسِ بِمَا أَرَاكَ اللّهُ وَلاَ تَكُن لِّلْخَآئِنِينَ خَصِيمًا ﴿۱۰۵﴾ وَاسْتَغْفِرِ اللّهَ إِنَّ اللّهَ كَانَ غَفُورًا رَّحِيمًا ﴿۱۰۶﴾

"(Ей, Мұхаммед!) Сені адамдар арасында Алланың көрсеткені бойынша төрелік айтсын деп саған хақ кітапты (Құранды) түсірдік. Сондықтан сатқындарды ақтаушы болма! (105) Алладан кешірім тіле! Алла – аса кешірімшіл, ерекше мейірімді. (106)"

Кейбір рауаяттар бойынша, бір мұсылман сауыт ұрлаған болатын. Сауыттың жоғалғанын жұрт біліп қалғанын сезген ол, оны бір яһудидің үйіне тастай салып, жолдастарына яһудиді ұры деп көрсетуін тапсырып қояды. Ислам пайғамбары (с) да олардың куәлігі бойынша, мұсылманды ақтап, яһудиді айыпты деп таниды. Сонда осы аят түсіп, пайғамбарға (с) нақты оқиға мен оның егжей-тегжейін жеткізеді. Төрелік ісінде қазы қылмыскерлердің заңнан қашып құтылуына жол бермеу үшін нақты дәлелдер мен құжаттар келтіруге міндетті. Аталмыш оқиғада пайғамбардың (с) Алламен байланысы мен оның пайғамбарлығына куәлік болу үшін және бейкүнә адам бір яһуди болса да оның жазаланбауы үшін Алланың аяны түсті. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, Құран адамзатқа ақиқаттың негізі ретінде түсірілгендіктен, төрелікке негіз болып, төреші Құранның үкімдері бойынша шешім қабылдауы тиіс.

Екіншіден, қылмыс жасаған адамдарға тіл тигізіп, оларды қорлауға болмайды. Кінәсіз кәпірге жала жабылса да, оны қорғау керек.

"Ниса" сүресінің 107-108-109 аяттары:

وَلاَ تُجَادِلْ عَنِ الَّذِينَ يَخْتَانُونَ أَنفُسَهُمْ إِنَّ اللّهَ لاَ يُحِبُّ مَن كَانَ خَوَّانًا أَثِيمًا ﴿۱۰۷﴾ يَسْتَخْفُونَ مِنَ النَّاسِ وَلاَ يَسْتَخْفُونَ مِنَ اللّهِ وَهُوَ مَعَهُمْ إِذْ يُبَيِّتُونَ مَا لاَ يَرْضَى مِنَ الْقَوْلِ وَكَانَ اللّهُ بِمَا يَعْمَلُونَ مُحِيطًا ﴿۱۰۸﴾ هَاأَنتُمْ هَؤُلاء جَادَلْتُمْ عَنْهُمْ فِي الْحَيَاةِ الدُّنْيَا فَمَن يُجَادِلُ اللّهَ عَنْهُمْ يَوْمَ الْقِيَامَةِ أَم مَّن يَكُونُ عَلَيْهِمْ وَكِيلًا ﴿۱۰۹﴾

"Өз басына кесір-кесапат келтіргендерді жақтаушы болма! Алла қиянатшыл, күнәһарларды ұнатпайды. (107) Олар (қиянаттарын) адамнан жасырса да, Алладан жасыра алмайды. Олар Алла разы болмайтын (қаралау, жалған куәлік беру, жалған қасам ішу сияқты қаскүнемдік) сөзді түнделетіп жоспарлаған кезде, Алла олармен бірге еді (олардың жай-күйлерін біліп, сөздерін естіп тұрушы еді). Олардың істеген істерін Алла толық біліп тұрады. (108) Сендер сондай адамдарсыңдар, дүние тіршілігінде олар үшін дауға түстіңдер, ал сонда қиямет күні олар үшін кім дауға түсе алады немесе кім оларға уәкілдік ете алады? (109)"

Алла тағала осы үш аятта үш топқа ескерту жасап, төрешіге: "Төрелік еткен кезде қиянат жасағанды қолдама, біреудің хақын бұзба. Істеген ісіңді ешкім білмейді деп ойлама. Алла барлық істеріңді бақылап тұрады",-деп айтып, қылмыскерлер мен қиянат жасаушыларды қолдайтындарға: "Сендердің талпыныстарың бұл дүниеде нәтиже берсе де, қияметте тиімсіз болады",-дейді. 107-ші аятта: "Қиянат жасаушының жамандығы бәрінен бұрын өзіне тиеді. Өйткені, біріншіден ол Алланың берген пәк табиғатынан айрылып, әділеттік сезімнен құр қалған. Екіншіден, өзінің іс-әрекетімен басқалардың өзіне зұлымдық істеуіне жағдай жасайды",-делінген. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, Құранның салты бойынша қоғамдағы адамдар бір дененің мүшелері тәрізді. Сондықтан біреуге қиянат жасау, өзіңе қиянат жасаумен бірдей.

Екіншіден, Алланың біліміне және Оның барлық сөздер мен істерді бақылап тұратынына сену тақуалықтың негізгі факторы болып табылады.

Үшіншіден, мысалы, сотта төреші сырттай куәлар бойынша қиянат жасаған адамды ақтаса, қияметте Алла нағыз дәлелдер бойынша жазалайды. Сондықтан бұл дүниеде құқығын қорғай алмаған бейшара жандарға қияметте Алла төрелік етіп, қараласады.