Иранға сапар (205)
Соңғы жылдары хазірет Абдулазимнің (ғ.) кесенесін шамамен 120000 шаршы метр ауданда дамыту жоспары 16 гектардан астам үлкен діни-мәдени және әл-ауқат жобасы қалыбында орындала басталып, оның басым бөлігі аяқталды. Бүгінгі бағдарламада осы кешеннің әртүрлі бөліктерін таныстыруды жөн көріп отырмыз.
Хазірет Абдулазим (ғ.) кесенесінің маңызды бөліктерінің бірі – орталық кітапханасы. 3 қабатты кітапхананың ауданы – шамамен 5000 шаршы метр. Хазірет Абдулазим (ғ.) кітапханасының алғашқы құрылысының қашан салынғаны туралы жаңа мәлімет жоқ. Бірақ құжаттар көрсеткендей, кітапхана Сафави үкіметі кезінде ашылған. Бұл кітапхана сол заманда беделді кітапханалардың бірі саналған.
Х.қ.ж.с.б. 1037 жылы Аббас шах Сафеви 120 том кітапты өзінің қолтаңбасы және мөрімен хазірет Абдулазимнің (ғ.) кітапханасына тапсырған екен. Сол кітаптардың 3 томы қазіргі кітапханада сақталынған. Көне кітапхана х.қ.ж.с.б. 1300 жылға дейін жұмыс істеп, кейін біраз уақыт жабық болған.
Х.қ.ж.с.б. 1324 жылы қажы шейх Джавад Муаззенидің талпынысымен жаңа кітапхана ашылды. Жылдар барысында беделді кітаптарды сатып алып, жинаумен қоса, хазірет Абдулазимнің (ғ.) кесенесіне қызығатын адамдар осы кітапханаға құнды кітаптар сыйлаған. Қазір бұл кітапханада 100000 томнан аса кітап сақталынған. Хазірет Абдулазим (ғ.) кесенесіндегі кітапханада қолжазба, тасқа басылған және қорғасын құйып басылған көне кітаптардың қоры бар. Мұнымен қоса, кітапханада парсы, араб, ағылшын және француз тілдерінде көптеген кітаптар бар. Кітапханада бар құнды әрі бірегей кітаптардың арасында х.қ.ж.с.б. 766 жылы жазылған «Тахрир ул‑ахкам алламе хали» атты қолжазбаны атауға болады.
Мұнымен қоса, шәһид Сани жазған топтама да кітапханадағы құнды кітаптардың бірі саналады. Хазірет Абдулазим (ғ.) кесенесінің кітапханасында қажетті құралдармен жабдықталған оқу залы бар. Ондағы компьютер залы тақырып бойынша кітаптардың тізімі негізінде зерттеушілердің талаптарына жауап береді. Кітапханада, сондай‑ақ, кітап түптеу және қолжазба кітаптарын жөндеу бөлімдері бар.
Әрдайым имамдар мен имамзадалардың кесенелерінің жанында үлкен ғылыми орталық қалыптасатын болған. Шәкірттер мен студенттер осы орталықтың рухани нұрының берекесін пайдаланады. Хазірет Абдулазимнің (ғ.) кесенесі де бұл қағидадан тысқары емес. Ерте заманнан бері Рейдің ғылыми орталығында маңызды дәрістер өткізіліп тұрған. «Борхан» ғылыми орталығы – хазірет Абдулазимнің (ғ.) кесенесіне қарасты көне орындардың бірі. Селжұқтар дәуіріне тиесілі осы ғылыми орталық кесененің солтүстік жағында орналасқан. «Борхан» ғылыми орталығы соңғы жылдары кеңейтілумен қоса, қайта жөндеуден өткізілді. Бұл ғылыми орталық діни ғылымдар саласындағы студенттер мен шәкірттердің пайдалануына арналған мамандырылған кітапхана мен ақпарат банкімен жарақталған. Хазірет Абдулазим (ғ.) кесенесінің ғылыми орталығы осы кесененің жанындағы ғылыми орталықтардың бірі болып табылады. Бұл орталықтың жұмысы Ислам революциясы жеңіске жеткеннен кейінгі алғашқы жылдардан басталған. Хазірет Абдулазимнің (ғ.) ғылыми орталығы тәулігіне 250 діни шәкіртті қабылдау мүмкіндігіне ие. Онда барлық оқу және әл‑ауқат мүмкіндіктері бар. Осы тұрғыдан аталмыш мекен Иранның санаулы ғылыми орталықтарының қатарын құрайды.
Бұл орталықтың жатақхана бөлігінде 68 бөлме, оңтүстіктегі үш ғимаратында 45 бөлме бар. Хазірет Абдулазим (ғ.) ислам тарихындағы ұлы хадисшілердің бірі саналатындықтан хазірет кесенесінің оңтүстік‑шығыс жағында хадис ғылымдары факультеті ашылған. 23000 шаршы метр ауданды алып жатқан бұл факультетте студенттерге білім беру және оларды тәрбиелеу ісін жеңілдетуге бағытталған көптеген мүмкіндіктер, соның ішінде хадис ғылымдарының мамандандырылған кітапханасы, қолжазбалар кітапханасы, компьютер орталығы, тіл үйрету зертханасы, астрономия орталығы, дамыған телескоппен жарақталған обсерватория, конференц‑залдары, спорт кешені, жатақхана, асхана мен буфет бар.
Теһранның ең көне зиярат орындарының бірі хазірет Абдулазимнің (ғ.) қасиетті кесенесінде сирек кездесетін құнды ескерткіштер мен заттар бар. Бұл ескерткіштерге көне есіктер, жазба тақташалары, суреттер, қолжазбалар, қыш және металл ыдыстар мен көне құнды заттар жатады. Олардың басым бөлігін зияратшылар кесенеге сыйлайды. Осы сирек кездесетін құнды ескерткіштердің жиынтығы 3500 шаршы метр ауданды алып жатқан үш қабатты мұражайда жұрт назарына ұсынылған.
Шах Абдулазим (ғ.) кесенесіндегі мұражай кеңістік тудыру және құнды заттар мен кітаптарды сақтау тұрғысынан өз түрі бойынша теңдессіз. Бұл мұражайда арнайы қауіпсіздік жүйесі орнатылған. Мұражайдың төбесі төрт кесе түрінде әдемі бөлінген. Оның бетіне Алланың әулиелерінің есімдері көркем жазылған.
Бұл мұражайда б.з.д. 4 мыңжылдықтан қазіргі заманға тиесілі құнды ескерткіштер сақталынып, х.қ.ж.с.б. 7 ғасыр мен Қаджарлар дәуірінің соңғы кезіне тиесілі әртүрлі қолжазба нұсқалары жұрт назарына ұсынылған. Х.қ.ж.с.б. 8 ғасырға тиесілі ең көне нұсқаларға түптелген Құран Кәрім кітаптары, дұға кітаптары, соның ішінде «Зад ул‑Моад», «Сахифе Саджадие» және парсы тілінде жазылған «Борхан Қатенің сөздігі» және Фердоусидің иллюстрацияланған «Шахнама» кітабы бар. Қыш бұйымдар бөлімінде б.з.д. 4 мыңжылдықтан Қаджарлар заманының аяғына тиесілі заттар қоры сақталынған. Жұрт назарына ұсынылған ескерткіштердің маңызды ерекшеліктерінің бірі мұражайдағы заттардың көбінің кесененің өзіне тиесілі болуында. Мұражайдағы есіктердің жиынтығы кесененің екі жақтаулы 11 есігінен тұрады. Олардың ең көнесі Буйе әулетінен басталып, Қаджарлар билігінің соңғы кезіне тиесілі. Ағаштан ойылып өрнектелген немесе инкрустацияланған есіктер сирек кездесетін болғандықтан мұражайға жеткізілген.
Мұражайдағы зияратнамалар кесененің өзінің мүлкі. Оның бір бөлігі танымал каллиграфтардың, соның ішінде ислам әлемінің әйгілі көркем жазушылары Зейнолабедин Махаллати мен Асадулла Ширазидің еңбектері. Мұражайдағы басқа заттар – кесенедегі қоршаудың сөздермен безендірілген күміс әрі құрыштан жасалған құлыптары. Иранның олимпиада чемпиондарының әртүрлі спорт түрлері, соның ішінде таэквондо, дзюдо мен еркін күрестен алған медальдары спортшылар тарапынан осы мұражайға сыйланған қазіргі заман ескерткіштерінің қатарын құрап отыр.
2 қабатты 8000 шаршы метр ауданда Рейдің үлкен мұсалласы‑намазханасын салу жобасы хазірет Абдулазим (ғ.) кесенесін дамыту бағдарламасының бір бөлігі болып табылады. Бұл мұсалланы салудағы мақсат хазірет Абдулазимнің (ғ.) кешенінде жұма және жамағат намаздарын өткізетін тиімді де тұрақты жер жасау болып табылады. Мұсалланың құрылысы қазіргі заман мен ислам сәулет өнерлерінің қосындысы негізінде қыш және каллиграфия мамандарының өнерін пайдаланып салынған. Ғимараттың құрылысында қолданылған алебастр жапсырмалары мен әдемі қыш тақташаларын жапсыру және сурет салу оған ерекше салтанат сыйлады. Көрген адамның барлығы оны мадақтайды.
Шах Абдулазим (ғ.) кесенесіне зиярат етуге келетін адамдарға әл‑ауқат жағдайын жақсарту мақсатында хазірет Абдулазимнің (ғ.) қасиетті кесенесінің солтүстік‑шығыс жағында қонақ үй салынған. Қонақ үй 1500 шаршы метр жерде, екі қабаттан тұратын 3000 шаршы метрге жуық инфрақұрылымда салынған. Бұл ғимарат 1500 шаршы метр аудандық қонақ күту залы және 1500 шаршы метрлік аспазханадан тұрады. Бір мезгілде 500 адамға қызмет көрсете алады. Бұл ғимараттың құрылысы бетоннан жасалған. Оның сыртқы келбеті кірпіштен, ал ішкі декорациясы бедерлі нақыштардан тұрады. Ғимараттың еденіне гранит тасы төселген. Кесененің орталық моторханасының мүмкіндіктеріне байланысты салқындату және жылыту жүйелері қамтамасыз етілген.
Хазірет Абдулазимнің (ғ.) қасиетті кесенесін дамыту жобасы орындала бастаған соң науқас адамдарға медициналық көмек көрсету үшін қайырымдылық негізде 6500 шаршы метр ауданда «Коусар» емханасы мен шипажайын салу жобасы күн тәртібіне қойылып, әртүрлі бөлімдерден тұратын жарақталған емхана салынып, қолданысқа берілді.