Жел 29, 2016 18:32 Asia/Almaty

Ниса сүресі, 123-ші бөлім, 86-88 аяттар

 

وَإِذَا حُيِّيْتُم بِتَحِيَّةٍ فَحَيُّواْ بِأَحْسَنَ مِنْهَا أَوْ رُدُّوهَا إِنَّ اللّهَ كَانَ عَلَى كُلِّ شَيْءٍ حَسِيبًا ﴿۸۶﴾

 

"Сендерге біреу сәлем берсе, сендер онан да жақсырақ сәлем беріңдер немесе сәлемін өзіндей қайтарыңдар (яғни өзгелер "ассаламұғалайкум" – сендерге есендік болсын десе, сендер "уағалайкумассалам уарахматуллаһи" – сендерге есендік һәм Алланың мейірімі болсын деңдер. Егер "ассаламұғалайкум уарахматуллахи уабаракатуһу" – сендерге есендік және Алланың мейірімі әрі берекеті болсын десе, "уағалайум уарахматуллаһи уабаракатуһу" – деп өзіндей қайтарыңдар). Алла расында әрбір істен есеп алушы. (4:86)"

Осы аят мұсылмандардың бір-бірімен қандай қарым-қатынаста болу керектігіне тоқталып: "Сөзде де, істе де өзгелермен мейірімді болып, олардың амандығын сұрап отырыңдар",-дейді. Бір-бірімен кездескенде амандасу және туыстар мен достарға барғанда сыйлық беру Ислам оған қуаттаған өсиеттерге жатады. Осы аят амандасу мен сыйлық беруді мұсылмандардың атқаратын әдеттегі ісі деп айтады. Сонымен қатар әрқашан біреу амандасса оның жауабын одан да жақсы не болмаса сол сияқты қайтарыңдар дейді. Тарихта жазылғандай, Имам Хасан Мұжтабаның (ғ) бір күңі оған гүл шоғын сыйлапты. Ол хазірет бұл жақсылық үшін оған бостандық берген екен. Ол өзінің әрекетін Құранның осы аятымен дәлелдеген. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, кімде-кім бізге мейірім білдірсе, оның жауабын соған сәйкес және ұзаққа созбай қайтаруымыз керек.

Екіншіден, жұрттың жақсылығынан бас тарту ыңғайсыз. Сыйлықты алып, оған қолайлы жауап қайтару керек.

Үшіншіден, өзгелердің сәлемі мен амандасуына жауап қайтармаған кісі оның нәтижесін осы дүние мен ақыретте көреді.

"Ниса" сүресінің 87-ші аяты:

 

اللّهُ لا إِلَهَ إِلاَّ هُوَ لَيَجْمَعَنَّكُمْ إِلَى يَوْمِ الْقِيَامَةِ لاَ رَيْبَ فِيهِ وَمَنْ أَصْدَقُ مِنَ اللّهِ حَدِيثًا ﴿۸۷﴾

 

"Бір Алладан басқа ешбір құдай жоқ. Шек-шүбәсіз келетін қиямет күні сөзсіз сендерді бір жерге жияды. Алладан артық тура сөйлейтін кім бар? (4:87)"

Өткен аяттың соңында Алланың біздің барлық амалдарымызды есептейтінін және ешқандай жақсы, не жаман істер одан жасырын қалмайтынын айтқанбыз. Осы аят бұл мәселені жалғастыра келе: "Әлемді жаратқан сол Алла әлемнің тіршілігін де аяқтайды. Ол сендерді өлімнен соң бір жерге жинап, әр адамға амалдарына сай жаза береді",-дейді. Сонан соң: "Қияметтің келетініне біреулер неге күмәнданады? Олар Алладан басқа шыншыл біреуді тани ма? Аллаға өтірік айтудан не пайда? Өтірік қажет болғандықтан және қорқыныштан, немесе надандықтан айтылады. Ендеше ешкімге мұқтаж емес, құдіретті әрі дана Аллаға өтірік айтудың және сендерге негізсіз қияметті ескерте берудің қажеті жоқ",-деп ескертеді. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, қиямет жайлы қазірден бастап ойланайық және Алланың ризалығына бөленуге тырысайық, Одан басқаға табынбайық.

Екіншіден, қияметтің болатындығына Алланың уәдесі мен Оның әділеттілігі секілді көптеген дәлелдерге назар аударсақ, оған ешқандай күмән жоқ. Бізді жоқтан жаратқан Алла қайта тірілте алмай ма?

"Ниса" сүресінің 88-ші аяты:

 

فَمَا لَكُمْ فِي الْمُنَافِقِينَ فِئَتَيْنِ وَاللّهُ أَرْكَسَهُم بِمَا كَسَبُواْ أَتُرِيدُونَ أَن تَهْدُواْ مَنْ أَضَلَّ اللّهُ وَمَن يُضْلِلِ اللّهُ فَلَن تَجِدَ لَهُ سَبِيلًا ﴿۸۸﴾

 

"(Ей, мұсылмандар!) Сендер мұнафықтар жөнінен неге екі ұдай боласыңдар? Алла оларды қылықтары себебінен кері кетірді. Алла адастырған адамды дұрыс жолға салмақсыңдар ма? Біреуді Алла адастырса, оған ешқашан дұрыс жол тауып бере алмайсыңдар. (4:88)"

Мұнафықтардың ойлары мен іс-әрекеттерін баяндаған бұрынғы аяттардың жалғасында осы аят, мұсылмандардың олармен қарым-қатынасына меңзеп: "Мұнафықтар сендермен бірге деп ойлайтындай қандай аңқаусыңдар. Олар ешқашан сендермен бірге болған емес, олар жүрегімен иман келтірген жоқ. Олар тек сөз жүзінде ғана Исламды қабылдаған",-дейді. Негізінде иманның белгісі ауызбен айту ғана емес, Алла мен пайғамбардың (с) нұсқауларына амал ету болып табылады. Иманын сөзбен ғана айтатындар екіжүзді мұнафықтар. Олар өздерінің осы істері үшін Алланың жазасына ұшырап, тура жолдан айрылады. Олар халықты алдап жүрміз деп ойлайды, бірақ шын мәнінде өздерін алдайды. Осы аят, әркім жұртты алдау үшін иман келтірдім деп айтып, жүрегінде иман келтірмесе тура жолдан айрылатынын көрсетеді. Мұндай кісіні пайғамбар да тура жолға сала алмайды. Осы аятта Алланың тура жолдан адастыруы екі рет айтылғанымен, аяттың басында оған өздері кінәлі болғанын ескертеді. Алла тағала барлық адамдардың тура жол табуына бірдей жағдай жасайды. Бірақ әркім бұл шақыруға мән бермей, оны масқара қылатын болса, кейін өзі тура жолды таба алмайды. Алланың тура жолдан адастыруы дегеніміз осы. Әйтпесе Алланың өзі ешкімді адастыруды қаламайды. Ой-пікірі мен жүрегі екіжүзділікке салынып, іс-әрекеттері дұшпанның мүддесіне бағытталған адамдар илаһи жолдауға қалай кенелсін? Мұндай талаптың өзі де негізсіз. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, адамды құрдымға түсіретін оның өзінің амалдары. Алла ешкімді бекерден-бекер адастырмайды.

Екіншіден, мұнафықтарға кездескенде олардың сыртқы бейнесіне ғана мән беретіндей аңқау болмайық.