Ниса сүресі, 122-ші бөлім, 83-85 аяттар
Ниса сүресі, 122-ші бөлім, 83-85 аяттар
وَإِذَا جَاءهُمْ أَمْرٌ مِّنَ الأَمْنِ أَوِ الْخَوْفِ أَذَاعُواْ بِهِ وَلَوْ رَدُّوهُ إِلَى الرَّسُولِ وَإِلَى أُوْلِي الأَمْرِ مِنْهُمْ لَعَلِمَهُ الَّذِينَ يَسْتَنبِطُونَهُ مِنْهُمْ وَلَوْلاَ فَضْلُ اللّهِ عَلَيْكُمْ وَرَحْمَتُهُ لاَتَّبَعْتُمُ الشَّيْطَانَ إِلاَّ قَلِيلًا ﴿۸۳﴾
"Оларға мұсылмандарға тән амандықтың немесе қорқыныштың хабары келе қалса, олар (анық-қанығына жетпей) оны жайып жібереді. Егер, олар ол хабарды пайғамбарға яки өздерінің іс басындағыларына мәлімдесе, олардың ішіндегі байымдай алатындар сол хабардың мән-жайын түсінер еді. (Ей, мұсылмандар!) Сендер Алланың кеңшілігі мен мейірімі болмаса, аз сандыларыңнан басқаларың шайтанның жетегінде кетер едіңдер. (4:83)"
Исламның алғашқы кезіндегі мұнафықтардың пайғамбар (с) мен мұсылмандарға көрсеткен жағымсыз қылықтарына тоқталған өткен аяттардан кейін осы аят оларға қатысты қолдануға болатын тағы бір әдісті баяндай келе: "Мұнафықтар өте маңызды болып саналатын соғысқа қатысты қауесет таратумен айналысады. Мұндай қауесеттер кейде халықтың еңсесін түсірсе, кейде негізсіз үміттендіреді",-дейді. Сонан соң халықтың исламдық биліктің басшыларына қатысты жалпы міндетіне тоқталып: "Мұсылмандар осындай хабарлар мен қауесеттерді билік басындағы жетекшілерге жеткізіп, олардың нақты және дұрыс зерттеуінен соң ғана оны халыққа таратуы тиіс",-дейді. Осы аяттың жалғасы тағы бір маңызды мәселеге меңзеп: "Мұнафықтардың бұл әдісі адамдарды күпірлікке және шайтанға еруге итермелейді. Егер Алланың ілтипаты мен пайғамбар (с) және басқа да илаһи жетекшілердің ақыл-кеңесі болмағанда халықтың көбі адасып, қоғамдық дағдарыстарда шайтанның азғыруына ілесіп кетер еді",-дейді. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, халықтың арасында өсек тарату мұнафықтардың әдісі болғандықтан, оған абай болу керек.
Екіншіден, мұсылмандардың әскери мәселелерге қатысты ақпараттары жарияланбауы тиіс. Ол тек үкімет басшылары мен жетекшілерінің құзырында болу керек.
Үшіншіден, дәлелду қабілеті бар адамдар ғана ақиқатқа жете алады. Сондықтан басқалар оларға құлақ салуы тиіс.
"Ниса" сүресінің 84-ші аяты:
فَقَاتِلْ فِي سَبِيلِ اللّهِ لاَ تُكَلَّفُ إِلاَّ نَفْسَكَ وَحَرِّضِ الْمُؤْمِنِينَ عَسَى اللّهُ أَن يَكُفَّ بَأْسَ الَّذِينَ كَفَرُواْ وَاللّهُ أَشَدُّ بَأْسًا وَأَشَدُّ تَنكِيلًا ﴿۸۴﴾
"(Ей, Мұхаммед!) Алла жолында соғыс, (жеңіс сенікі). Сен өз басыңа ғана жауапкерсің. Мүміндерді (соғысқа) шабыттандыр. Алла кәпірлердің қарулы күшін тоса алады. Алланың күші төтенше мығым, жазасы төтенше қатты. (4:84)"
Тарихи рауаяттарда жазылғандай, мұсылмандар Ухуд соғысында жеңілген соң, Әбу-Суфян келесі шабуылдың уақытын белгілейді. Шайқастың мезгілі жақындағанда пайғамбар (с) мұсылмандарды әрекет етуге шақырады. Бірақ Ухуд соғысындағы жеңілістің ауыр естелігі, мұсылмандардың еңсесін түсіріп, олардың көбі соғысқа қатысудан бас тартады. Сол кезде осы аят түсіп, пайғамбарға (с): "Тіпті ешкім бармаса да сен аттанып, соғысуға міндеттісің. Бірақ сонда да мұсылмандарды Алланың жолында соғысуға шақыр!",-деп бұйырады. Пайғамбар (с) да осылай істеп, оған шамалы адам ереді. Бірақ белгіленген мезгілде дұшпан келмей, шайқас болмайды. Осылайша Алланың "мұсылмандарды дұшпанның соққысынан аман сақтаймын" деген уәдесі де орындалады. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, қоғамға қауіп-қатер төнген кезде жетекші, тіпті жалғыз қалса да үнемі оның алдында жүріп, күресуі тиіс. Сол кезде ғана Алланың жәрдемі келеді.
Екіншіден, пайғамбарлардың міндеті халықты дін мен оның үкімдерін орындауға мәжбүрлеу емес, шақыру болып табылады.
Үшіншіден, әркім өзінің міндетін атқаруға жауапты. Пайғамбарлар да халыққа жауапты емес, олар өз міндеттеріне жауап береді.
Төртіншіден, халық өзінің міндетін атқаратын болса Алланың күші ең жоғары күш.
"Ниса" сүресінің 85-ші аяты:
مَّن يَشْفَعْ شَفَاعَةً حَسَنَةً يَكُن لَّهُ نَصِيبٌ مِّنْهَا وَمَن يَشْفَعْ شَفَاعَةً سَيِّئَةً يَكُن لَّهُ كِفْلٌ مِّنْهَا وَكَانَ اللّهُ عَلَى كُلِّ شَيْءٍ مُّقِيتًا ﴿۸۵﴾
"Кім жақсылыққа болысса, жақсы үлес алады. Кім жаманшылыққа болысса, жаман үлес алады. Алланың барлық іске құдіреті жетеді. (4:85)"
Осыдан бұрынғы аяттан көргеніміздей, пайғамбар халықты джихадқа шақыруға міндетті. Осы аят тағы бір жалпы ережеге тоқталып: "Пайғамбар ғана емес, барлық адамдар басқаларды жақсылыққа шақыруға міндетті. Әрине әр адам өзінің ісіне ғана жауапты. Бірақ қоғамның жақсылығы мен жамандығына және өзгелерге қатысты немқұрайлы болмауы тиіс. Әркім өз басын ғана ойлап, басқаларды ақиқатқа шақырудан тыс отыратындай, Ислам жеке тұлғаның діні емес",-дейді. Не болса да жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю әр мұсылманның міндеті. Сондықтан ол өзінің отбасында, көшесінде, жұмыс орнында шамасы келгенше оны орындауы тиіс. Сауап пен жаза тұрғысынан да адам өзінің амалдарына ғана сәйкес сауап немесе жаза алмайды, қайта ол басқалармен де серік болады. Яғни егер ол басқалардың жақсы ісіне серік болса, сауаптың бір бөлігіне кенеледі. Ал егер біреудің күнәсіна ат салысса, жазаның бір бөлігін тартады. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, екі мұсылманды татуластыру, қоғамдық игі істерге қатысу және кәпірлермен соғыста мұсылмандарға қол ұшын беру мұсылмандардың міндеттеріне жатады.
Екіншіден, адам уақыт пен мекен жағынан шектеулі. Сондықтан барлық игі істерді орындай алмаса да, оған дәнекер болып, сауаптан үлес ала алады.