Жел 29, 2016 18:35 Asia/Almaty

Ниса сүресі, 120-ші бөлім, 77-79 аяттар

 

أَلَمْ تَرَ إِلَى الَّذِينَ قِيلَ لَهُمْ كُفُّواْ أَيْدِيَكُمْ وَأَقِيمُواْ الصَّلاَةَ وَآتُواْ الزَّكَاةَ فَلَمَّا كُتِبَ عَلَيْهِمُ الْقِتَالُ إِذَا فَرِيقٌ مِّنْهُمْ يَخْشَوْنَ النَّاسَ كَخَشْيَةِ اللّهِ أَوْ أَشَدَّ خَشْيَةً وَقَالُواْ رَبَّنَا لِمَ كَتَبْتَ عَلَيْنَا الْقِتَالَ لَوْلا أَخَّرْتَنَا إِلَى أَجَلٍ قَرِيبٍ قُلْ مَتَاعُ الدَّنْيَا قَلِيلٌ وَالآخِرَةُ خَيْرٌ لِّمَنِ اتَّقَى وَلاَ تُظْلَمُونَ فَتِيلًا ﴿۷۷﴾

 

"(Ей, Мұхаммед!) Көрмедің бе? Оларға (соғысуды талап етушілерге): "Қолдарыңды тартыңдар, намаз оқыңдар, зекет беріңдер",-делінген еді. Оларға соғыс парыз етілген шақта, олардың бір бөлегі жаудан Алладан қорыққандай қорқады. Тіпті онан арман қорқады. Олар: "Раббымыз, бізге соғысты неге парыз еттің? Бізді неліктен жақын қалған ажалымызға дейін қоя тұрмадың?",-дейді. (Ей, Мұхаммед!) Оларға айтып қой: "Дүниенің пайдасы аз, Алладан қорыққандар үшін ақырет қайырлы. Сендерге титтей де нақақтық істелмейді". (4:77)"

Тарихи рауаяттар бойынша мұсылмандар Меккеде болған кезде мүшріктер оларды қатты мазалап, қысым жасаған болатын. Сонда олардың бір тобы пайғамбардың (с) қасына келіп: "Біз Ислам дінін қабылдамай тұрып құрметке ие болғанбыз, бірақ қазір құрмет пен атақтан айрылып, үнемі дұшпандардың қысымдарына тап болып отырмыз. Олармен соғысып, абыройымызды қайтарып алуға рұқсат беріңіз!",-дейді. Сонда пайғамбар (с): "Маған әлі күресуге тапсырма берілген жоқ. Ал сендер намаз оқу мен зекет беру секілді жеке және әлеуметтік мендеттеріңді орындай беріңдер",-деген. Пайғамбар мен мұсылмандар Мәдинаға һижрат етіп, оларға джихад бұйрығы келгенде, дәл сол адамдар түрлі сылтаулар қозғап, джихадқа қатысудан бас тартады. Сонда осы аят түсіп, олардың бұл қылығын сынайды. Осы аят Исламның алғашқы кезеңіндегі мұсылмандардың бір тобына арналғанымен, оның дәлелдері әр заманда кездеседі. Өйткені қоғамдық шараларда шектен тыс шығатын адамдар әрқашанда болады. Олар кейде қоғамның жетекшілерінен да асыра әрекет етсе, кейде қарапайым адамдардан да әлсіз қимылдайды. Шын мәнінде мұндай кісілер өздерінің міндеттерін анықтап, орындауға асықпайды. Олар кейде теңіздің толқындары тәрізді бұрқылдап, жағаға жеткен кезде басылып, көпірігі ғана қалады. Осындай адамдар іші бос барабан секілді сырттай тарсылдағанмен, ішінде ешқандай батылдығы жоқ. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, діни үкімдер кезең-кезеңнен тұрады. Сондықтан намаз бен зекетпен тәрбиеленіп, ішкі нәпсімен және шайтанмен күрескен адам ғана джихадқа қатысып, күресе алады.

Екіншіден, әлеуметтік мәселелер мен түйткілдерде сезім бойынша амал етпей, әділ әрі қырағы жетекшінің қөзқарасын ұстану керек.

"Ниса" сүресінің 78-79 аяттары:

 

أَيْنَمَا تَكُونُواْ يُدْرِككُّمُ الْمَوْتُ وَلَوْ كُنتُمْ فِي بُرُوجٍ مُّشَيَّدَةٍ وَإِن تُصِبْهُمْ حَسَنَةٌ يَقُولُواْ هَذِهِ مِنْ عِندِ اللّهِ وَإِن تُصِبْهُمْ سَيِّئَةٌ يَقُولُواْ هَذِهِ مِنْ عِندِكَ قُلْ كُلًّ مِّنْ عِندِ اللّهِ فَمَا لِهَؤُلاء الْقَوْمِ لاَ يَكَادُونَ يَفْقَهُونَ حَدِيثًا ﴿۷۸﴾ مَّا أَصَابَكَ مِنْ حَسَنَةٍ فَمِنَ اللّهِ وَمَا أَصَابَكَ مِن سَيِّئَةٍ فَمِن نَّفْسِكَ وَأَرْسَلْنَاكَ لِلنَّاسِ رَسُولًا وَكَفَى بِاللّهِ شَهِيدًا ﴿۷۹﴾

 

"Қай жерде болсаңдар да, тіпті мықты биік қорғандардың ішінде болсаңдар да өлім сендерді тауып алады. Оларға (екі беткейлерге) бір жақсылық келсе: "Бұл Алладан болды",-дейді. Егер бір жамандық келсе: "Бұл сенен болды",-дейді. (Ей, Мұхаммед!) Оларға: "Барлығы Алладан",-деп айт. Бұл қауымның ешбір сөз ұқпайтын болғаны несі? (4:78) Басына келген жақсылық – Алладан (Алланың рақыметі). Ал басына келген жамандық – өзіңнен (өз пиғылыңнан). (Ей, Мұхаммед!) Сені адам баласына пайғамбар етіп жібердік. (Пайғамбарлығыңа) Алла жеткілікті куә. (4:79)"

Өткен аятта айтқанымыздай, джихад туралы аят түскен кезде иманы әлсіз әрі қорқақ мұсылмандардың бір тобы джихад бұйрығына наразылық білдіріп, осы соғыстан жан сақтап қалармыз деген оймен оны кешіктіруді сұраған болатын. Алла тағала осы аяттарда: "Джихадтан қашсаңдар, өлімнен құтыламыз деп ойлайсыңдар ма? Сендер мықты қамалда жасырынсаңдар да өлімнен құтыла алмайсыңдар. Джихад тәрізді сындарлы әрі қасиетті қозғалысқа қатысып, Алланың жолында шәһид болып, мәңгілік өмірге кенелгендер қандай бақытты!",-дейді. Сонан соң осы аят мұнафықтардың пайғамбарға (с) көрсеткен әдепсіздігіне тоқталып: "Олар соғыста жеңіске жетсе, оны Алланың ілтипаты деп біледі. Бірақ жеңіліске ұшыраса, пайғамбардың (с) лайықсыздығынан деп санайды",-дейді. Осы аят оларға жауап қайтара: "Бұл дүниеде барлығы Алланың қалауы бойынша болады, сондықтан Оның қалауынсыз жеңіс болсын, жеңіліс болсын ешқандай жақсылық болмайды. Дегенмен Оның қалауы да себепсіз емес. Егер сендер өз міндеттеріңді дұрыс орындасаңдар, Алла да сендерге игілік пен жеңісті қалайды. Бірақ егер сендер Бәдір соғысындағыдай осалдық танытатын болсаңдар Алла сендерге жеңілісті жазады",-дейді. Адам мен Алланың арасындағы байланыс, Жер мен Күннің байланысы тәрізді. Жер Күнді айналып, қай жағын тосса, сол жағы жылынып, қызады. Ал Күнге теріс қараған жері салқын әрі қараңғы болады. Сондықтан Жердің жарығы Күннен, ал қараңғылығы өзінен деуге болады. Адам да осындай. Ол әрдайым Аллаға қараған кезде, Оның мейіріміне бөленеді, ал теріс қараған жағдайда Алланың нұрынан құр қалады. Бұл ақиқатты пәк адамдар түсініп, қабылдайды. Алайда болмысы нашар адамдар мұны түсінбейді де, мойындамайды. Өйткені олар Алланы емес, тек өздерін ғана ойлайды. Өзінің айтқанын дұрыс, қарсы шыққандардың барлығын бекерге шығарады. Ал шын мәнінде ақиқат пен жалғанды олар емес, Алла айқындайды. Осы аяттардан үйренетініміз:

Біріншіден, ақыры өлетін болғандықтан соғыс пен джихадтан неліктен қашамыз?

Екіншіден, өз күнәмізді басқаларға жаппайық. Қателікке жол берсек, жауапкершіліктен қашып, ақталмайық.

Үшіншіден, өмір мен өлім, қуаныш пен қайғының барлығы хәкім Алланың өлшеуі бойынша.

Төртіншіден, Алланың көзқарасы бойынша барлық сұлулық пен кемелдік Алладан, ал кемшіліктердің барлығы бізден.

Бесіншіден, Ислам пайғамбары (с) барша әлемге жіберілді. Ол белгілі бір ұлт немесе аймаққа тиесілі емес.