Ниса сүресі, 119-ші бөлім, 74-76 аяттар
Ниса сүресі, 119-ші бөлім, 74-76 аяттар
فَلْيُقَاتِلْ فِي سَبِيلِ اللّهِ الَّذِينَ يَشْرُونَ الْحَيَاةَ الدُّنْيَا بِالآخِرَةِ وَمَن يُقَاتِلْ فِي سَبِيلِ اللّهِ فَيُقْتَلْ أَو يَغْلِبْ فَسَوْفَ نُؤْتِيهِ أَجْرًا عَظِيمًا ﴿۷۴﴾
"Дүние тіршілігін ақырет тірлігіне айырбастайтындар Алла жолында соғысып тұрсын. Кімде-кім Алла жолында соғысып шәһид болса, немесе жеңіске жетсе, біз оған ірі сауап бағыштаймыз. (4:74)"
Мұнафық адамдардың белгісі олардың соғысқа қатыспау үшін түрлі сылтау іздеуі және өздері ғана осалдық таныта қоймай, басқалардың да соғыс майданына аттануына кедергі жасауы болып табылады. Осы аят сол тақырыпты жалғастыра келе: "Соғыстан қашу Алла мен қиямет күніне сенбеудің белгісі. Егер кімде-кім ақыреттің сауабына сеніп, бұл дүниенің қысқа өмірін о дүниедегі мәңгілік өмір алдындағы егістік екенін білсе, Алла жолында оңайлықпен соғысып, жанын пида етеді. Өйткені мұндай иманы бар адам дінді Алланың дұшпандарынан қорғау өзінің міндеті екендігін түсінеді. Сондықтан ол өз ісінің нәтижесі жеңіс пе, жеңіліс пе, оны ойламай, міндетін атқарады. Өйткені ол әр жағдайда жеңімпаз болып саналады. Ол үшін дұшпанды жеңу емес, Алла жолында соғысу маңызды",-дейді. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, Исламда джихадтың мақсаты басқа мемлекеттерді басып алып, оған үстемдік жүргізу емес, қайта Алланың дінін қорғау болып табылады.
Екіншіден, иманды сынайтын жерлердің бірі соғыс майданы. Соғыс мүмінді мұнафықтан ажыратады.
Үшіншіден, ақиқат үшін соғыста қашу немесе жеңілу болмайды. Оның нәтижесі шәһид болу, немесе жеңу болып табылады.
"Ниса" сүресінің 75-ші аяты:
وَمَا لَكُمْ لاَ تُقَاتِلُونَ فِي سَبِيلِ اللّهِ وَالْمُسْتَضْعَفِينَ مِنَ الرِّجَالِ وَالنِّسَاء وَالْوِلْدَانِ الَّذِينَ يَقُولُونَ رَبَّنَا أَخْرِجْنَا مِنْ هَذِهِ الْقَرْيَةِ الظَّالِمِ أَهْلُهَا وَاجْعَل لَّنَا مِن لَّدُنكَ وَلِيًّا وَاجْعَل لَّنَا مِن لَّدُنكَ نَصِيرًا ﴿۷۵﴾
"Сендерге не болды? "О, Раббым! Бізді осы халқы залым кенттен шығарып әкеткейсің, бізге өз жаныңнан бір панагер ие жібергейсің!",-деп Аллаға мінәжат қылып тұрған қауқарсыз ер, әлсіз әйелдер және сәби балалар үшін қайтіп Алла жолында соғыспайсыңдар?" (4:75)"
Өткен аяттар мұсылмандарды қияметке деген иманға сүйеніп және дүние мен ақыретті салыстыра отырып, Алла жолында соғысуға шақырса, осы аят адами сезімдердің көмегімен, оларды залымдардан қорлық көрген кісілерді құтқару үшін үнсіз отырмай күреске шығыңдар дейді. Осы аяттан залым биліктерден жебірленушілерді босату исламдық джихадтың мақсаттарынан екенін айқын көреміз. Сондықтан осы жолдағы күрес – Алла жолындағы күрес. Нағыз мұсылман өз отандастары мен туысқандарын қорғауға міндетті және олар қиыншылық көріп отырған жағдайда, өзі мен отбасының рахаттығын ғана ойлай алмайды. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, исламдық джихад илаһи күрес болумен қатар, адами күрес. Адамдарды құтқару үшін болған күрес Алла жолындағы күрес болып есептеледі.
Екіншіден, әлсіздердің налуын ести тұра немқұрайлық таныту – күнә. Барлық күш-қуатпен оларға жәрдемдесу керек.
Үшіншіден, залымдардың үстемдігінен құтылу үшін кез-келген біреуден емес, Алладан және Оның әулиелерінен жәрдем сұрау керек.
"Ниса" сүресінің 76-шы аяты:
الَّذِينَ آمَنُواْ يُقَاتِلُونَ فِي سَبِيلِ اللّهِ وَالَّذِينَ كَفَرُواْ يُقَاتِلُونَ فِي سَبِيلِ الطَّاغُوتِ فَقَاتِلُواْ أَوْلِيَاء الشَّيْطَانِ إِنَّ كَيْدَ الشَّيْطَانِ كَانَ ضَعِيفًا ﴿۷۶﴾
"Имандылар Алла жолында соғысады, кәпірлер шайтан жолында соғысады. Шайтанның достарымен соғысыңдар (оларды жеңесіңдер), өйткені шайтан әдіс-амал жағынан әлсіз. (4:76)"
Исламның джихадтағы мақсатын айқындау үшін осы аят мұсылмандар мен кәпірлердің соғыстағы мақсаттарын ашық баяндап: "Имандылар билік пен құдіретке жету үшін емес, тек Алланың дінін қорғап, нығайту үшін ғана соғысады. Олардың мақсаты Алла. Ал кәпірлер залым үкіметтерін күшейту үшін соғысады. Олардың мақсаты басқаларға үстемдік жүргізу мен үкіметті ұлғайту болып табылады",-дейді. Сонан соң аяттың жалғасы мұсылмандарды осындай үстемдік тілеуші топпен күресуге шақырып: "Оларды мықты ал өздеріңді әлсіз деп ойламаңдар. Керісінше, Аллаға иман келтірген сендер ең жоғары күшке иесіңдер. Ал олар шайтанға ілескендіктен, тым әлсіз. Кәпірлер мен пұтқа табынушылардың әскерімен соғысудан қорықпай, олармен бар күш-қуаттарыңмен соғысыңдар. Үстем екендеріңді біліңдер. Олар шайтанға ереді, ал шайтан Алланың жігері алдында тым әлсіз",-дейді. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, исламдық қоғамның барлық істерінде Алланың жолымен жүру керек.
Екіншіден, немқұрайлық пен оқшаулану мұсылманға жат сипат болғандықтан, иманды адамның белгісі жалғанмен күресу болып табылады.
Үшіншіден, күпірлік, пұтқа табынушылық пен шайтан үшбұрыштың бұрыштары. Олар бірімен байланыста. Сондықтан олардың әрқайсысы бір-бірін сақтауға тырысады.
Төртіншіден, шайтанға ерудің нәтижесі сәтсіздік пен өкініш. Өйткені ол өзіне ергендерге қолдау көрсете алмайды.