Жел 29, 2016 18:37 Asia/Almaty

Ниса сүресі, 118-ші бөлім, 69-73 аяттар

 

 

وَمَن يُطِعِ اللّهَ وَالرَّسُولَ فَأُوْلَئِكَ مَعَ الَّذِينَ أَنْعَمَ اللّهُ عَلَيْهِم مِّنَ النَّبِيِّينَ وَالصِّدِّيقِينَ وَالشُّهَدَاء وَالصَّالِحِينَ وَحَسُنَ أُولَئِكَ رَفِيقًا ﴿۶۹﴾ ذَلِكَ الْفَضْلُ مِنَ اللّهِ وَكَفَى بِاللّهِ عَلِيمًا ﴿۷۰﴾

 

"Ал және кім Аллаға, пайғамбарға бой ұсынса, міне солар, Алла нығметке бөлеген пайғамбарлар, шыншылдар, шәһидтер және игілермен бірге болады. Олар нендей жақсы жолдас! (4:69) Міне бұл Алладан ілтипат. Алла әр нәрсені жете білуші. (4:70)"

Осыдан бұрынғы аяттардан Алланың нұсқауларына амал еткендер осы дүние де оның берекесін көреді және үнемі тура жолға салынатынын түсінгенбіз. Ал осы аяттар: "Мұндай адамдар қияметте де пайғамбарлар және әулиелермен қатар отырып, олардың құзырынан нәр алады",-дейді. Намаз оқыған кезде "Фәтиха" сүресін қайталаған сайын Алладан бізді, оларға береке-нығмет бергендердің тура жолына салуын тілейміз. "Ниса" сүресінің осы аятынан олардың пайғамбарлар, шыншылдар мен шәһидтер екенін білеміз. Ендеше әр намаздан кейін Алла тағаладан бізді осындай тұлғалармен қатар жәннатқа кіргізуін тілейік. Осы аяттардан үйренетініміз:

Біріншіден, дүние мен ақиретте жақсы достар табу үшін Алла мен пайғамбардың нұсқауларына бойсұну керек.

Екіншіден, досты таңдаған кезде алдымен оның иманына көңіл аудару керек.

Үшіншіден, Алла тағаланың біздің істерімізді біліп тұратынына сену игі істер істеудің ең абзал ынталандырушысы болып табылады.

"Ниса" сүресінің 71-ші аяты:

 

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ خُذُواْ حِذْرَكُمْ فَانفِرُواْ ثُبَاتٍ أَوِ انفِرُواْ جَمِيعًا ﴿۷۱﴾

 

"Әй, мүміндер! Құралдарыңды алыңдар және бөлек-бөлек болып немесе тұтас аттаныңдар. (4:71)"

Ислам өмір діні болғандықтан және өмірдің өзі түрлі әлеуметтік және жеке қыр-сырлардан тұратындықтан Құранның нұсқаулары жеке тұлғаның ғибадаттары мен міндеттерін ғана емес, түрлі әлеуметтік мәселелерді де қамтиды. Әр қоғамда кездесетін маңызды мәселелердің бірі – сыртқы және ішкі дұшпанмен күресудің әдістері. Құран көптеген аяттарда мүміндерді өздерінің отаны мен исламдық өлкелерді қорғап, мұсылмандардың діні мен салт-дәстүрін сақтауға дайын болуға шақырады. Осы жолда кез-келген қиыншылыққа төзуді қасиетті деп санайды. Осыған орай өткен аяттарда дін жолында шәһид болғандар пайғамбарлар мен шыншылдармен қатар қойылған. Әр мұсылман осы дәрежеге жетуді армандайды. Осы аят мұсылмандарға дұшпанның кез-келген шабуылына қарсы тұра алатындай дайындықта болыңдар деп өсиет айтады. Бұл аяттағы "һезр" сөзі "қорғаныс құралы" деген мағынаны білдіреді. Яғни сендер басқаларға шабуыл жасамаңдар, бірақ егер өзгелер сендерге шабуыл жасаса абыройларыңды сақтау үшін қорғана біліңдер. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, мұсылмандар дұшпанға қарсы тұрудың құрал-жабдықтарын әзірлеуі үшін дұшпанның әскери жоспарлары мен тәсілдерін білуі тиіс.

Екіншіден, дұшпан шабуыл жасаған кезде бірдей жұмылып, отан мен дінін қорғауы үшін исламдық қоғамда белгілі бір топтар ғана емес, барлығы әскери дайындық көруі тиіс.

"Ниса" сүресінің 72-73 аяттары:

 

وَإِنَّ مِنكُمْ لَمَن لَّيُبَطِّئَنَّ فَإِنْ أَصَابَتْكُم مُّصِيبَةٌ قَالَ قَدْ أَنْعَمَ اللّهُ عَلَيَّ إِذْ لَمْ أَكُن مَّعَهُمْ شَهِيدًا ﴿۷۲﴾ وَلَئِنْ أَصَابَكُمْ فَضْلٌ مِّنَ الله لَيَقُولَنَّ كَأَن لَّمْ تَكُن بَيْنَكُمْ وَبَيْنَهُ مَوَدَّةٌ يَا لَيتَنِي كُنتُ مَعَهُمْ فَأَفُوزَ فَوْزًا عَظِيمًا ﴿۷۳﴾

 

"Іштеріңде сөзсіз (соғысқа) бармай қалып қоятындар да бар. Егер, сендерге бір сәтсіздік келе қалса, олар: "Алла мені шын сақтаған екен, өйткені олармен бірге болмадым",-дейді. (4:72) Егер, сендерге Алланың мархаматы (жеңісі) келе қалса, сендермен оның (мұнафық екі беткейдің) арасында ешқандай достық жоқтай-ақ: "Әттеген-ай, (соғыста) олармен бірге болсам, қырғын табысқа кенелер едім!",-дейді. (4:73)"

Осыдан бұрынғы аят мұсылмандардың сыртқы жауға қарсы тұруға дайын болу керектігін баяндаса, осы аяттар ішкі дұшпан мен мұнафықтарға қатысты сақ болуды ескертеді. Мұндай адамдар тек өздерінің мүдделерін ғана ойлайды. Олар дін жолында өздерінің жанын қимақ түгілі, басқалардың да отанды қорғауына кедергі жасайды. Осы аяттар олардың ерекшеліктеріне тоқталып: "Исламдық қоғам қиыншылықтар мен түйткілдерге тап болғанда, өздерін аулақ ұстап, жанын сақтап қалғаны үшін Аллаға шүкір етеді. Ал мұсылмандардың тұрмысы жақсы болған кезде, өздері байлықтан құр қалып, өкінеді",- дейді. Осы аяттардан үйренетініміз:

Біріншіден, мүміндер мен мұнафықтарды сынап, танитын жер соғыс майданы болып табылады.

Екіншіден, мұнафықтар соғыс майданына қатысқанда жауынгерлердің еңсесін түсіретін болғандықтан, оларды анықтап, соғысқа жібермеген жөн.

Үшіншіден, соғыстан және исламдық қоғамның қиыншылықтарынан қашу екіжүзділіктің белгісі.

Төртіншіден, жақсы тұрмысты біреулер тапшылықта болып оны өзің ғана көргенде емес,  қоғамның өзге мүшелерімен бірге көргенде ғана қадірі бар болады.

Бесіншіден, мұнафық адам бақытты байлық пен олжадан іздейді. Сондықтан біз ондай болудан сақтанайық.

Алтыншыдан, мүміндер қиыншылық көргенде оларды жалғыз тастап, ал байлыққа кенелгенде оларға қосылу мұнафықтардың ерекшелігі.