Ниса сүресі, 117-ші бөлім, 64-68 аяттар
Ниса сүресі, 117-ші бөлім, 64-68 аяттар
وَمَا أَرْسَلْنَا مِن رَّسُولٍ إِلاَّ لِيُطَاعَ بِإِذْنِ اللّهِ وَلَوْ أَنَّهُمْ إِذ ظَّلَمُواْ أَنفُسَهُمْ جَآؤُوكَ فَاسْتَغْفَرُواْ اللّهَ وَاسْتَغْفَرَ لَهُمُ الرَّسُولُ لَوَجَدُواْ اللّهَ تَوَّابًا رَّحِيمًا ﴿۶۴﴾
"Біз әрбір пайғамбарды Алланың әмірімен (оған) бойсұнуларың үшін ғана жібердік. Олар (мұнафықтар) өз бастарына кесір келтірген кезде, саған келіп Алладан кешірім тілеген болса және пайғамбарлар да олар үшін кешірім тілесе, олар сөзсіз Алланың кешірімін және мейірімін көрер еді. (4:64)"
Кейбір мұнафық сипатты мұсылмандар әлеуметтік талас-тартысқа түскенде төрелікке пайғамбардың (с) орнына бөтен төрелер мен әкімдерге жүгінді. Осы аят: "Адамдар түрлі істерде пайғамбарға (с) бағынулары тиіс. Пайғамбар аянды жеткізуші ғана емес, ол биліктің басшысы. Сондықтан мұсылмандар басқаға емес, оған бағынулары тиіс",-деп ескертеді. Әрине пайғамбарға (с) бағынуды Алланың өзі әмір етті. Әйтпесе Алланың рұқсатынсыз әркімге, тіпті пайғамбарға да бағыну күпірлік пен серік қосу болып саналады. Сонан соң аяттың жалғасы: "Пайғамбардың айтқанына құлақ аспаудың күнәсі, оның алдына барып, ол Алладан кешіруді сұраған жағдайда ғана кешіріледі",-дейді. Бұл аяттың тек пайғамбар тірі болған заманға ғана қатысты емес екені анық. Яғни әркім кез-келген уақытта Алла мен пайғамбарға бағынбаса, ол пайғамбарды зиярат етіп, оның Алладан кешірім сұрауын тілеген кезде ғана күнәсінің кешірілуіне және пайғамбардың шапағатына бөленуіне жағдай пайда болады. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, адамдар тура жол табуы үшін илаһи жетекшілерге ерулері тиіс. Діни нұсқаулар іс жүзінде орындалмаса, құр иман жеткіліксіз.
Екіншіден, адам пайғамбарлардың тәлімдеріне жоламай, залым әкімдерге жүгіну арқылы пәк тұлғаларға емес, өз-өзіне зұлымдық жасайды.
Үшіншіден, Құран илаһи әулиелерді зиярат етіп, олардың Алладан шапағат сұрауын тілеуге шақырады.
"Ниса" сүресінің 65-ші аяты:
فَلاَ وَرَبِّكَ لاَ يُؤْمِنُونَ حَتَّىَ يُحَكِّمُوكَ فِيمَا شَجَرَ بَيْنَهُمْ ثُمَّ لاَ يَجِدُواْ فِي أَنفُسِهِمْ حَرَجًا مِّمَّا قَضَيْتَ وَيُسَلِّمُواْ تَسْلِيمًا ﴿۶۵﴾
"(Ей, Мұхаммед!) Раббыңа серт! Олар өз араларындағы талас-тартысқа сені билік айтуға шақырмайынша, сен төрелік айтқан нәрсеге олардың көңілінен бүкпе жоғалмайынша, саған бүтіндей бойсұнбайынша, иманды бола алмайды. (4:65)"
Осыдан бұрынғы аяттар мүміндердің бөтендерден ақыл-кеңес сұрауына тыйым салып, төрелікті пайғамбардан сұрауға шақырған болатын. Осы аят: "Пайғамбардан тек ақыл ғана сұрамай, оның айтқан үкімін орындаңдар. Оның шешіміне қарсы сөз айтпақ түгілі, іштеріңнен де оған қарсылық білдірмеңдер",-дейді. Тарихи рауаяттарда жазылғандай, пайғамбардың (с) екі серігінің арасында өздерінің құрма бақшаларын суару жайында талас пайда болады. Олар пайғамбарға (с) барып, дауларын шешіп беруді сұрайды. Пайғамбардың (с) осы талас жөніндегі төрелігін естіген кезде, оның үкімінен зиян көрген адам пайғамбарға "бұл кісінің сізбен туысқандық байланысы бар болғандықтан оның пайдасына үкім шығардыңыз" деп ренжиді. Пайғамбар (с) бұл сөзге қатты ренжіп, көңілі түседі. Сонда осы аят түсіп, мұсылмандарға ескерту жасайды. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, иман келтірумен бірге бағыну да қажет. Мүмін Алла мен пайғамбардың нұсқауына бойсұнып, оған байланысты ренжімей, шын жүрегімен қабылдайды.
Екіншіден, илаһи пайғамбарлар мен әулиелердің істерінің бірі – халық арасында төрелік ету болып табылады. Дін дегеніміз құр ғибадаттар кешені ғана емес. Сондықтан халықтың әлеуметтік мәселелеріне де қарасу діни жетекшілердің міндеті болып саналады.
"Ниса" сүресінің 66-67-68 аяттары:
وَلَوْ أَنَّا كَتَبْنَا عَلَيْهِمْ أَنِ اقْتُلُواْ أَنفُسَكُمْ أَوِ اخْرُجُواْ مِن دِيَارِكُم مَّا فَعَلُوهُ إِلاَّ قَلِيلٌ مِّنْهُمْ وَلَوْ أَنَّهُمْ فَعَلُواْ مَا يُوعَظُونَ بِهِ لَكَانَ خَيْرًا لَّهُمْ وَأَشَدَّ تَثْبِيتًا ﴿۶۶﴾ وَإِذًا لَّآتَيْنَاهُم مِّن لَّدُنَّا أَجْرًا عَظِيمًا ﴿۶۷﴾ وَلَهَدَيْنَاهُمْ صِرَاطًا مُّسْتَقِيمًا ﴿۶۸﴾
"Оларға: "Өздеріңді өздерің өлтіріңдер және мекендеріңнен тайып тұрыңдар",-деп әмір берсек, олардың аз сандыларынан басқасы, орындамас еді. Егер, олар айтылған насихат бойынша істесе ғой, әрине, өздері үшін қайырлы болар еді, имандары мықтап нығаяр еді. (4:66) Олай болғанда, оларға үлкен сауапты (жәннәтті) бағыштар едік. (4:67) Оларды оң жолға да салар едік. (4:68)"
Өткен аяттарды толықтыра келе осы аяттар пайғамбардың (с) әділ төрелігін қабылдамай, оған реніш білдіретін кісілерге: "Біз сендерге оған ренжитіндей орындай алмайтын ауыр тапсырма жүктеген жоқпыз. Біз яһуд қауымы секілді бұрынғы үмметтерге, олар бұзауға табынушылыққа салынған кезде күнәларының кешірілуі үшін бірін-бірі өлтіруге бұйрық бердік және өз отанынан шығыңдар дедік. Ал мұндай бұйрықты сендерге беретін болсақ, оны сендердің аз бөлігің ғана орындайтын едіңдер",-дейді. Сонан соң осы аят мұсылмандарға: "Егер илаһи бұйрықтарды орындасаңдар, оның пайдасын көресіңдер әрі тура жолға түсіп, күшейе түсесіңдер. Қияметте де Алланың зор сауабына ие боласыңдар",-дейді. Осы аяттардан үйренетініміз:
Біріншіден, иман келтірдік деушілер көп болғанымен, Алланың емтиханын үздік тапсыра алғандар шамалы.
Екіншіден, Алланың бұйрықтары Оған ешқандай пайда бермейді, қайта бізге пайдалы ақыл-насихаттар болып табылады.
Үшіншіден, Алланың жолында қадам жасаған сайын иманымыз бен қадамдарымыз нығая түседі.