Ниса сүресі, 116-ші бөлім, 60-63 аяттар
Ниса сүресі, 116-ші бөлім, 60-63 аяттар
أَلَمْ تَرَ إِلَى الَّذِينَ يَزْعُمُونَ أَنَّهُمْ آمَنُواْ بِمَا أُنزِلَ إِلَيْكَ وَمَا أُنزِلَ مِن قَبْلِكَ يُرِيدُونَ أَن يَتَحَاكَمُواْ إِلَى الطَّاغُوتِ وَقَدْ أُمِرُواْ أَن يَكْفُرُواْ بِهِ وَيُرِيدُ الشَّيْطَانُ أَن يُضِلَّهُمْ ضَلاَلًا بَعِيدًا ﴿۶۰﴾
"(Ей, Мұхаммед!) Саған түскен кітапқа (Құранға) және сенен бұрынғы түскен кітаптарға (Тәурат, Інжілге) сендік деп құр өршеленгендерді көрмейсің бе? Олар (шартсыз) қарсы тұруға бұйырылған шайтанға жүгінгісі келеді, ал шайтан оларды әбден аздырып адастыруды көздейді. (4:60)"
Осы сүренің 59-шы аятында барлық қарама-қайшылықтар мен түйткілдерді шешу үшін Алланың кітабы мен пайғамбардың (с) сүннетіне жүгіну керектігі баяндалған еді. Осы аят төрелік мәселесінде осы екі ұлы және дұрыс дерек көзінен жәрдем алудың орнына ниеті бұрыс адамдар мен ақиқатты мойындамайтын жалған басшылардың алдына баратын кісілерді сынап, олардың әрекетін терең адасушылық деп санайды. Осыған байланысты тарихи рауаяттарда: "Мәдинада бір мұсылман мен яһудидің арасында дау шығады. Сонда яһуди Ислам пайғамбарының (с) әділдігі мен амантшылдығына сеніп оны төреші ретінде ұсынады. Алайда мұсылман өзінің заңсыз мақсатына жету үшін төрелікке бір яһуди ғалымын ұсынады. Ол әлгі яһуди төрешіге біршама сыйлық беріп, оның көңілін өзіне қаратамын деп ойлайды. Сонда осы аят түсіп, бұл жағымсыз әрекетті айыптады",-делінген. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, нағыз иман дегеніміз – жалғандықтан аулақ ұстанып, залым әкімдерге жиіркеніш білдіру. Әйтпесе ол құр бос иман болады.
Екіншіден, иман келтірдік деп айтқандарымен, іс-жүзінде шайтан мен залым әкімдерге еріп Алладан басқадан көмек сұраушылар Алла мен пайғамбарға қарсы шыққандар.
Үшіншіден, залым әкімдердің билігін қабылдау қоғамда шайтанның істерінің етек жаюына себеп болады.
"Ниса" сүресінің 61-ші аяты:
وَإِذَا قِيلَ لَهُمْ تَعَالَوْاْ إِلَى مَا أَنزَلَ اللّهُ وَإِلَى الرَّسُولِ رَأَيْتَ الْمُنَافِقِينَ يَصُدُّونَ عَنكَ صُدُودًا ﴿۶۱﴾
"Өздеріңе "Алла түсірген кітапқа және пайғамбарға таман келіңдер" делінсе, екі беткей мұнафықтардың сенен онан ары шалқайғанын көресің. (4:61)"
Осы аят басқалардан төрелік сұрауды екіжүзділіктің белгісі деп атап: "Мұнафықтар Алланың кітабы мен пайғамбардың (с) сүннетінен қашқақтап, кәпірлердің пікіріне қызығады",-дейді. Олар илаһи үкімдер мен нұсқауларды өздері ғана қабылдай қоймай, басқалардың да оған амал етуіне кедергі жасап, наразылық білдіреді. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, халық Алланың нұсқауларын қабылдамайтындығын және оған бойсұнбайтынын білсек те біздің міндетіміз оларды Аллаға қарай шақыру болып табылады.
Екіншіден, ақиқаттың жетекшілігіне қарсыласу мұнафық адамның ең айқын белгісі.
"Ниса" сүресінің 62-63 аяттары:
فَكَيْفَ إِذَا أَصَابَتْهُم مُّصِيبَةٌ بِمَا قَدَّمَتْ أَيْدِيهِمْ ثُمَّ جَآؤُوكَ يَحْلِفُونَ بِاللّهِ إِنْ أَرَدْنَا إِلاَّ إِحْسَانًا وَتَوْفِيقًا ﴿۶۲﴾ أُولَئِكَ الَّذِينَ يَعْلَمُ اللّهُ مَا فِي قُلُوبِهِمْ فَأَعْرِضْ عَنْهُمْ وَعِظْهُمْ وَقُل لَّهُمْ فِي أَنفُسِهِمْ قَوْلًا بَلِيغًا ﴿۶۳﴾
"Істеген қылықтарына қарай бастарына бір пәлекет келгенде, олар алдыңа ант су іше келіп: "Біз тек жақсылықты және жарасуды ғана тілеп едік",-десе қайтер едің? (4:62) Алла олардың жүрегіндегіні біліп тұрады. Олардан өзіңді тарт, оларға насихат айт, әсерлендіріп жеткізе сөйле! (4:63)"
Төрелік мәселесінде Алла мен пайғамбардың (с) орнына басқалардың соңына ерген мұнафықтар туралы өткен аяттарды жалғастыра келе осы аят олармен қалай қарым-қатынаста болу әдістерін баяндап: "Оларға қол жұмсамаңдар, оларды тек сөзбен ғана насихаттаңдар, істеген істерінің нәтижесі жөнінде ескерту жасаңдар. Оларды жазалауды Аллаға тапсырыңдар",-дейді. Пайғамбарды (с) төрелікке алмауын дәлелдеу үшін мұнафықтар: "Егер пайғамбарға барсақ, ол дауды біреудің пайдасына, екіншінің зиянына шешер еді. Осылайша зиян көрген адам оған ренжитін еді. Ал бұл пайғамбарға лайықты емес. Сондықтан біз пайғамбардың абыройы мен мәртебесін сақтау үшін оны төрелікке алмадық",-деді. Мұндай сылтаулар міндеттен құтылу үшін айтылғаны анық. Егер пайғамбардың абыройы осылайша сақталатын болса, Алла мұны бәрінен артық біледі ғой. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, адамның жеке және қоғамдық түйткілдерінің көбісі оның өзінің істерінен шығады. Сондықтан қайғылы оқиғалар мен апаттарға Алланы кінәлау дұрыс емес.
Екіншіден, сылтау іздеу мұнафықтардың ерекшелігі. Мұнафықтар пайғамбардың абыройын сақтау сылтауымен пайғамбардың мәртебесін әлсіретті.
Үшіншіден, өтірікші мұнафықтар өздерінің жағымсыз мақсатына жету үшін ант ішуді жамылады.
Төртіншіден, қылмыскерлер жұрттың оларға күмәнданбауы үшін өз істерінде "қайырымдылық" пен "игілік" тәрізді қасиетті сөздерді пайдаланады.
Бесіншіден, мұнафықтарға жолыққанда оларға наразылық білдіріп, оларға насихат айтып, ескерту жасау керек.