Жел 29, 2016 18:40 Asia/Almaty

Ниса сүресі, 115-ші бөлім, 58-59 аяттар

 

إِنَّ اللّهَ يَأْمُرُكُمْ أَن تُؤدُّواْ الأَمَانَاتِ إِلَى أَهْلِهَا وَإِذَا حَكَمْتُم بَيْنَ النَّاسِ أَن تَحْكُمُواْ بِالْعَدْلِ إِنَّ اللّهَ نِعِمَّا يَعِظُكُم بِهِ إِنَّ اللّهَ كَانَ سَمِيعًا بَصِيرًا ﴿۵۸﴾

 

"Алла сендерге аманатты иесіне қайтаруларыңды, адамдар арасында билік айтар болсаңдар, билікте әділ болуларыңды бұйырады. Алланың сендерге айтқан уағыз-насихаты қандай тамаша! Алла шынында толық естуші, аса көрген. (4:58)"

"Дін - жеке тұлға мен оның Жаратушымен байланыстарына ғана қатысты іс" деп ойлайтын кейбір адамдардың пікіріне керісінше, илаһи діндердің атап айтқанда Ислам дінінің тәлімдері адам мен қоғамның бақытын көздейді және қоғамда әділдік пен аманатты сақтауды имандылық пен діндарлықтың шарты деп біледі. Кейбір рауаяттар: "Адамның сәждесінің ұзақтығына емес, шыншылдығы мен аманатшылығына қара",-дейді. Өйткені аманатқа қиянат жасау екіжүзділіктің белгісі. Әрине "аманат" сөзінің мағынасы өте зор. Мал-мүлік пен білімдегі және отбасындағы аманат тәрізді оның түрлері көп. Тіпті кейбір рауаяттарда, қоғамға жетекшілік ету де илаһи аманаттардың бірі болғандықтан, халық оны лайықты және шыншыл адамдарға тапсыруы тиіс, делінген. Осылайша қоғамның бақытты болуының шарты – оны адал әрі әділ тұлғалардың басқаруында деуге болады. Өйткені көптеген әлеуметтік түйткілдер білімсіз басшылар мен олардың зұлымдық әрекеттерінен туындайды.

Адамға жүктелген аманаттар үш түрлі болады. Біріншісі, адам мен Алланың арасындағы аманат. Яғни илаһи нұсқаулар мен үкімдерді орындау адамға жүктелген аманат болып саналады. Адамдардың бір-біріне тапсырып, оны иесіне сау күйінде қайтаруды қажет ететін аманат та оның келесі түріне жатады. Үшіншісі, өмір, күш, дене және рухани қабілеті тәрізді адамның өзіне қатысты аманат. Діни тұрғыдан осының барлығы біздің қолымыздағы аманаттарға жатады. Біз өзімізге де ие емеспіз. Мына дене мүшелері бізге аманатқа берілген. Сондықтан оны нағыз иесінің, яғни Алланың жолында абзал түрде пайдалануымыз керек. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, әр аманаттың иесі болғандықтан оны өз иесіне тапсыру керек. Билік пен төрелік секілді әлеуметтік аманаттарды лайықсыз адамдарға тапсыру имандылыққа жатпайды.

Екіншіден, аманаттың иесі кәпір болсын, не мүшрік болсын оны иесіне қайтару керек. Аманаттың иесі міндетті түрде мүмін болуы шарт емес.

Үшіншіден, сот төресі ғана емес, барлық мүміндер де отбасылық және әлеуметтік кикілжіңдерде әділ болуы тиіс.

Төртіншіден, аманатты сақтап, әділдікті орындаған кезде Алланың бізді көріп тұрғанын естен шығармайық. Өйткені Ол естіп, көріп тұрады.

Бесіншіден, адам ақыл-насихатқа зәру. Сондықтан ең жақсы ақыл беруші – мейірімді Алла болып табылады.

"Ниса" сүресінің 59-шы аяты:

 

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ أَطِيعُواْ اللّهَ وَأَطِيعُواْ الرَّسُولَ وَأُوْلِي الأَمْرِ مِنكُمْ فَإِن تَنَازَعْتُمْ فِي شَيْءٍ فَرُدُّوهُ إِلَى اللّهِ وَالرَّسُولِ إِن كُنتُمْ تُؤْمِنُونَ بِاللّهِ وَالْيَوْمِ الآخِرِ ذَلِكَ خَيْرٌ وَأَحْسَنُ تَأْوِيلًا ﴿۵۹﴾

 

"Ей, мүміндер! Сендер, Аллаға, пайғамбарға, өздеріңнен шыққан әмір иелеріне бойсұныңдар. Егер, бір нәрсе үстінде талас-тартыста қалсаңдар, Аллаға және пайғамбарға жүгініңдер. Егер, сендер Аллаға, ақырет күніне сенетін болсаңдар, осылай істеу әрі қайырлы, әрі жақсы нәтижелі болмақ. (4:59)"

Өткен аятта билік пен төрелікті әділ әрі лайықты адамдарға тапсыру керектігі айтылған еді. Осы аят мүміндерге: "Аллаға және Оның елшісіне бойсұнумен қоса, оның тағайындаған әділ жетекшілеріне де бағыныңдар. Бұл да Алла мен қиямет күніне сенудің бір бөлігі",-деп өсиет айтады. Тарихи рауаяттарда жазылғандай, Ислам пайғамбары (с) Тәбук соғысына аттанған кезде Әли ибн Әбу-Талебті (ғ) Мәдинада өзінің орнына тағайындап: "Ей, Әли! Сен мен үшін, Мұса үшін Харун тәріздісің",-дегенде, осы аят түседі. Сонда ол халықтың оған еруін талап етеді. Адамдар мұндай ерекшеліктерді анықтауға қатысты келісе алмай, дауласып қалуы мүмкін болғандықтан, осы аяттың жалғасы: "Мұндай жағдайда Алланың кітабы мен пайғамбардың (с) сүннетіне қараңдар. Ол сендерге ең жақсы төреші және оң нәтижеге жеткізеді",-дейді. Пайғамбар (с) мен оның тағайындаған жетекшісіне бағыну Аллаға бағынумен бірдей болғандықтан, бұл тәухидке қайшы келмейді. Өйткені біз Алланың әмірі бойынша пайғамбар (с) мен оның тағайындаған жетекшісінің бұйрығын орындаймыз. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, бұл аятта пайғамбар мен оның тағайындаған адамына бағыну керектігі анық айтылған. Бұған ешқандай шарт қойылмаған. Ал бұл олардың күнәдан және қателесуден ада екенін көрсетеді.

Екіншіден, пайғамбардың (с) екі міндеті болған, біріншісі Алланың үкімдерін баяндап, жеткізу міндеті. Екіншісі қоғамды басқару және қоғамға қажетті ерекше үкімдерді баяндау.

Үшіншіден, халық исламдық жүйені қабылдап, оның әділ жетекшілеріне бағынып, оны қолдауы тиіс.

Төртіншіден, түрлі исламдық мазғаптар арасындағы қарама-қайшылықтарды шешудің ең дұрыс жолы – барлығы мойындайтын Алланың кітабы мен пайғамбардың (с) сүннетіне жүгіну болып табылады.

Бесіншіден, мұсылмандар арасына іріткі салуды көздейтіндер өздерінің иманына күдіктенсін. Қарама-қайшылықтарды өршітудің орнына, оны шешу жолдарын іздеген жөн.