Жел 29, 2016 18:41 Asia/Almaty

Ниса сүресі, 114-ші бөлім, 53-57 аяттар

 

أَمْ لَهُمْ نَصِيبٌ مِّنَ الْمُلْكِ فَإِذًا لاَّ يُؤْتُونَ النَّاسَ نَقِيرًا ﴿۵۳﴾ أَمْ يَحْسُدُونَ النَّاسَ عَلَى مَا آتَاهُمُ اللّهُ مِن فَضْلِهِ فَقَدْ آتَيْنَآ آلَ إِبْرَاهِيمَ الْكِتَابَ وَالْحِكْمَةَ وَآتَيْنَاهُم مُّلْكًا عَظِيمًا ﴿۵۴﴾ فَمِنْهُم مَّنْ آمَنَ بِهِ وَمِنْهُم مَّن صَدَّ عَنْهُ وَكَفَى بِجَهَنَّمَ سَعِيرًا ﴿۵۵﴾

 

"Немесе олардың биліктен алатын бір сыбағасы бар ма? Олай бола қалса, олар адамдарға түк те бермейді. (4:53) Немесе олар Алланың өз молшылығынан адамдарға берген игіліктерін қызғана ма? Біз шындығында Ибраһим ұрпақтарына кітап, хикмет және ірі патшалық бағыштадық. (4:54) Олардың (яһудилердің) кейбіреуі оған (Мұхаммедке) сенді де, кейбіреуі одан бас тартты. Оларға жаһаннамның оты да жеткілікті. (4:55)"

Яһудилер Мәдина мұсылмандарын жеңу үшін Мекке мүшріктерінен жәрдем сұрап, тіпті пұтқа табынушылармен ұйымдасуға да дайын болды. Осы аят оларға: "Сендер мұндай істі билік пен құдіретке жету үшін істейсіңдер ме? Сендер мұндай дәрежеге лайық емессіңдер. Өйткені сендердің тұла бойларыңды өзімшілдік сезімі басып кеткен. Егер сендер билікке жетсеңдер ешкімге ешқандай құқық бермей, бәрін өздеріңе ғана қалайсыңдар. Мұсылмандардың билігіне қызғанып, оны неге көре алмайсыңдар? Алла тағала Ыбрайымның ұрпағынан болған пайғамбарларға билік бермеді ме? Оған неге таң қаласыңдар? Алла тағала хазірет Мұса, Сүлеймен мен Дәуітке аспандық кітап пен билік бағыштамады ма? Ендеше қазір Ислам пайғамбары мен мұсылмандарға кітап пен билік берілгеніне неге қызғанышпен қарайсыңдар? Тіпті қате төрелік жасап, мүшріктерді мұсылмандардан артық санайсыңдар",-дейді. Осыдан кейін Құран мұсылмандарға: "Әрине сол кезде де біреулер иман келтіріп, біреулер қарсылық білдіретін. Сендер де яһудилердің Исламды қабылдамай, кек сақтап оған қарсылық ету салдарынан үміттен айрылмаңдар, өйткені мұндай жағдай тарихта болып тұратынын біліңдер",-дейді. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, өз дұшпандарыңды танып, діни жағдайларыңды нығайтып, күшейтіңдер. Өйткені егер олар билікке жетсе сендерге жол бермейді.

Екіншіден, сараңдық, күншілдік пен әділетсіз төрелік билікқұмарлық пен байлыққұмарлықтың белгісі.

Үшіншіден, басқалардың қолындағы нәрсе Алланың мейірімі мен жомарттығы болып табылады. Сондықтан күншіл адам Алланың қалауына наразылық білдіргені. Біреудің нығметінің жойылуын тілеудің орнына, Алланың мейірімі мен жомарттығына үміттену керек.

Төртіншіден, адамдардың барлығы бірдей иман келтіреді деп ойлау дұрыс емес. Алла адамдарды өз жолын өздері таңдау үшін еркін етіп жаратты.

"Ниса" сүресінің 56-шы аяты:

 

إِنَّ الَّذِينَ كَفَرُواْ بِآيَاتِنَا سَوْفَ نُصْلِيهِمْ نَارًا كُلَّمَا نَضِجَتْ جُلُودُهُمْ بَدَّلْنَاهُمْ جُلُودًا غَيْرَهَا لِيَذُوقُواْ الْعَذَابَ إِنَّ اللّهَ كَانَ عَزِيزًا حَكِيمًا ﴿۵۶﴾

 

"Біздің аяттарымызды мойындамағандарды тозаққа саламыз да, азаптың дәмін татқызу үшін, терілері күйіп-пісіп түгесілген кезде басқа бір теріні қаптаймыз. Алла расында тым жеңімпаз, хикмет иесі. (4:56)"

Өткен аяттар кейбір адамдардың пайғамбарлар мен олардың тәлімдеріне қырсығып, қарсы шыққандарына тоқталса, осы аят оларға істеген істеріне сай қияметте ауыр жазалар бар екендігін айтады. Өйткені өмір бойы ақиқатты мойындамай, үнемі бағынбаушылығын күшейтіп келген кісі мәңгі азапқа лайық. Бұл аят осы орайда: "Бұзақылар мен күнәһарлар қияметте денелері күйіп, бір рет қана азапталамыз деп ойламасын. Өйткені олардың күйген терісі жаңа терімен алмастырылып, қайта күйіп ауырады",-дейді. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, қияметте азаптың жалғаса беруі, өмірдегі қиыншылықтар мен ауыртпалықтарға адамның денесі әдеттенетіндей тәрізді емес, қайта оның ауыруы мен қақсауы азаймайды.

Екіншіден, адам рухымен емес, денесімен қайта тіріледі. Сондықтан оның тек рухы ғана емес, терісі мен еті де күйіп, азапталады.

Үшіншіден, илаһи жазалар - Алланың өз пенделеріне көрсеткен зұлымдығы емес, біздің амалдарымызға берілетін сәйкес жауап. Өйткені Ол хикмет иесі және пенделеріне хикмет бойынша қарайды.

"Ниса" сүресінің 57-ші аяты:

 

وَالَّذِينَ آمَنُواْ وَعَمِلُواْ الصَّالِحَاتِ سَنُدْخِلُهُمْ جَنَّاتٍ تَجْرِي مِن تَحْتِهَا الأَنْهَارُ خَالِدِينَ فِيهَا أَبَدًا لَّهُمْ فِيهَا أَزْوَاجٌ مُّطَهَّرَةٌ وَنُدْخِلُهُمْ ظِلاًّ ظَلِيلًا ﴿۵۷﴾

 

"Имандылар мен жақсы іс істегендерді біз сөзсіз іргесінен бұлақтар ағып жататын жұмаққа кіргіземіз, онда олар мәңгі-бақи тұра береді. Оларға арналған пәк жұбайлар бар. Оларды жұмақтың саясына саялатып қоямыз. (4:57)"

Кәпірлердің қияметте көретін жазасын баяндаған аяттардан кейін осы аят мүміндердің зор сыйларына тоқталып: "Аллаға иман келтірумен қатар игі істер істегендерге қияметте жақсы құрмет көрсетіледі. Мұндай адамдарды Алла көлеңкелі жасыл бақшалары бар пейішке кіргізеді. Қияметте олар жалғыз болмайды. Олардың қасында пәк жұбайлар болады. Олар - дүниеде көптеген ләззаттардан бас тартып, өздерін күнәдан аулақ ұстағандар",-дейді. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, адам өз жолын өзі таңдай алғанымен, өзінің істеген істерінің нәтижесін еріксіз көреді. Сондықтан күпірлік етсе жазаланып, азапталады, ал иман келтірсе – тыныштық пен рахатшылық көреді.

Екіншіден, ер адам мен әйелдің таза әрі пәк болуы құндылыққа жатады. Сол себепті Алла пейіштік жұбайларды сипаттаған кезде олардың сұлулығын емес, пәктігін қуаттайды.