Ниса сүресі, 113-ші бөлім, 48-52 аяттар
Ниса сүресі, 113-ші бөлім, 48-52 аяттар
إِنَّ اللّهَ لاَ يَغْفِرُ أَن يُشْرَكَ بِهِ وَيَغْفِرُ مَا دُونَ ذَلِكَ لِمَن يَشَاءُ وَمَن يُشْرِكْ بِاللّهِ فَقَدِ افْتَرَى إِثْمًا عَظِيمًا ﴿۴۸﴾
"Алла өзіне серік қосушылардың күнәсін кешпейді. Онан басқа күнәларды қалаған адамынан кешіре береді. Кім Аллаға серік қосса, оның ауыр күнәға батқаны. (4:48)"
Христиандар мен яһудилерді қамтитын кітап иелері туралы өткен аятты жалғастыра келе осы аят оларға және мұсылмандарға Аллаға серік қосуға апаратын кез-келген сенім мен амалға тыйым салып: "Алла тағала мейірімді әрі рақымды болғанымен, "серік қосудың" күнәсі иманның негіздерін жоятын болғандықтан кешірілмейтін күнәға жатады",-деп ескертеді. Алланың бұл кешірімі - тәубесіз кешірім. Яғни Алла өзге күнәларды қалаған адамынан тәубесіз кешіреді. Бірақ "серік қосу" күнәсінің жөні бөлек. Сондықтан "серік қосушы" тәубе етіп, шынайы иман келтірмесе Алланың рақымшылығына бөленбейді. Рауаяттарда жазылғандай, бұл аят тіпті үлкен күнә жасаған адамдарға да Алланың рақымшылығына үміттенуге мүмкіндік бергендіктен, Құранда мүміндерге арналған ең үміттендіруші аят болып саналады. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, Аллаға серік қосқан кісі Оның рақымшылығынан құр қалады.
Екіншіден, Аллаға кез-келген сылтаумен серік қосу ең үлкен жала болып табылады.
"Ниса" сүресінің 49-50 аяттары:
أَلَمْ تَرَ إِلَى الَّذِينَ يُزَكُّونَ أَنفُسَهُمْ بَلِ اللّهُ يُزَكِّي مَن يَشَاءُ وَلاَ يُظْلَمُونَ فَتِيلًا ﴿۴۹﴾ انظُرْ كَيفَ يَفْتَرُونَ عَلَى اللّهِ الكَذِبَ وَكَفَى بِهِ إِثْمًا مُّبِينًا ﴿۵۰﴾
"Өздерін пәк деп санайтындарды көрмедің бе? Олай емес, қалаған адамын Алла өзі пәк етеді. Оларға титтей де зұлымдық істелмейді. (4:49) (Ей, Мұхаммед!) Олардың Аллаға жала жапқанын қарашы! Бұл, оларға жеткілікті айдан ашық күнә ғой! (4:50)"
Осы аят кітап берілгендер мен мұсылмандарға өздерін басқалардан артық санауларына тыйым салып: "Сендер неге біреуді жаман, өздеріңді жақсы деп санайсыңдар? Өздеріңді неге үнемі мақтап, кемшіліксізбіз деп есептейсіңдер? Алла тағала көкіректеріңдегі нәрсені және сендерден кім мадаққа лайық екенін біледі. Ол адамдарды амалдары бойынша күнәдан тазартып, мадақтайды",-дейді. Былайша айтқанда нағыз құрмет – Алланың берген құрметі болып саналады. Тәкәппар және өзімшіл адамның өзінше құрмет деп есептеп, кейде оны Аллаға байланыстыратыны құрметке жатпайды. Бұл Аллаға тағылған үлкен жала. Кейбіреудің діндарлық тәкәппарлыққа ұшырауы илаһи діндерге төніп тұрған үлкен дерт болып саналады. Ислам дінінің басқа діндерден артықшылығы, мұсылманның басқалардан жоғары болуын білдірмейді. Сондық осы аят пен Құранның басқа аяттары мүміндерге діни тәкәппарлықтың қатері туралы ескерту жасайды. Имам Әли (ғ) "һемам" құтпасында: "Тақуа адамдар әрдайым мақтау естіген кезде алаңдайды. Олар өздерін мақтамайды және біреулер оны мақтағанда, тәкәппар болудан қорқады",-дейді. Осы аяттардан үйренетініміз:
Біріншіден, адам өзін мақтағаннан көрі Алла оны мақтағаны абзал.
Екіншіден, өзін-өзі мақтау сезімі тәкәппарлық пен мақтаншақтықтан шығады. Ол Аллаға құлшылық ету сезімімен сәйкеспейді.
Үшіншіден, өзіңді Аллаға жақын адаммын деп ойлау Аллаға тағылатын ең үлкен жала. Оның жазасы ауыр.
"Ниса" сүресінің 51-52 аяттары:
أَلَمْ تَرَ إِلَى الَّذِينَ أُوتُواْ نَصِيبًا مِّنَ الْكِتَابِ يُؤْمِنُونَ بِالْجِبْتِ وَالطَّاغُوتِ وَيَقُولُونَ لِلَّذِينَ كَفَرُواْ هَؤُلاء أَهْدَى مِنَ الَّذِينَ آمَنُواْ سَبِيلًا ﴿۵۱﴾ أُوْلَئِكَ الَّذِينَ لَعَنَهُمُ اللّهُ وَمَن يَلْعَنِ اللّهُ فَلَن تَجِدَ لَهُ نَصِيرًا ﴿۵۲﴾
"Кітаптан сыбаға берілгендерді көрмедің бе? Олар пұтқа, шайтанға сенеді және кәпірлерді көрсетіп: "Бұлар иман келтіргендерден гөрі дұрыс жолда",-дейді. (4:51) Міне бұлар – Алланың сілесі тигендер. Кімге Алланың сілесі тисе, оған медет беретін ешкімді таба алмайсың. (4:52)"
Тарихи рауаяттарда жазылғандай, Ухуд соғысынан кейін Мәдина яһудилерінің бір тобы мұсылмандарға қарсы ұйымдасу үшін Мекке мүшріктерінің қасына барады. Яһудилер мүшріктерге барған кезде олардың пұттарының алдында сәжде етіп: "Сіздердің пұтқа табынуларың мұсылмандардың иманынан артық",-дейді. Яһудилер Ислам пайғамбарымен (с) мұсылмандарға қарсы ешқандай астыртын әрекет жасамауға келіскеніне қарамастан, бұл келісімді бұзып, Қурайшпен бірге мұсылмандарға қарсы шығады. Бұл өздерінің жексұрын мақсаттарына жетудегі яһудилердің ымырашылдығын көрсетеді. Олар кітап берілгендердің қатарында болғанымен, пұтқа табынушылардың сенімдерін Ислам дінінен артық көріп, тіпті Исламмен күресу үшін мүшріктермен бірікті. Осы зор күнәлары үшін олар Алланың лағынетіне ұшырап, илаһи рақымшылықтан құр қалды. Осы аяттардан үйренетініміз:
Біріншіден, яһудилер Исламмен күресу үшін тіпті дінсіз кәпірлермен де ұйымдасады. Сондықтан оларға қатысты қырағы болу керек.
Екіншіден, кекшілдік пен бұзықтық адамның ақиқатты көруіне, естуіне және айтуына жол бермейді. Исламға соққы берушілер, Ислам жаман болғандықтан емес, қайта бұл дін олардың дүниелік мақсаттарына жетуіне кедергі болғандықтан күреседі.
Үшіншіден, адамның нағыз серігі – Алла . Кімде-кім өзінің амалдарымен Алланың рақымдылығынан құр қалса, серігінен айрылғаны.