Ниса сүресі, 111-ші бөлім, 40-43 аяттар
Ниса сүресі, 111-ші бөлім, 40-43 аяттар
إِنَّ اللّهَ لاَ يَظْلِمُ مِثْقَالَ ذَرَّةٍ وَإِن تَكُ حَسَنَةً يُضَاعِفْهَا وَيُؤْتِ مِن لَّدُنْهُ أَجْرًا عَظِيمًا ﴿۴۰﴾
"Алла зәредей де әділетсіздік істемейді, қайта титтей жақсылық болса, оны еселеп арттырады, әрі өз алдынан ұлы сауап береді. (4:40)"
Кімде-кім кедейлерге садақа беруде сараңдық танытып, Алланың берген нығметтеріне шүкірлік етпей күпірлік жасаса қатты жазаланады. Осы аят: "Илаһи жазалар Алланың адамдарға көрсеткен зорлығы емес, қайта өздерінің істерінің нәтижесі болып табылады",-дейді. Өйткені зұлымдық надандықтан немесе психикалық тұрақсыздықтан немесе тойымсыздық пен атаққұмарлықтан шығады. Ал Алла тағала мұндай кемшіліктерден ада. Ол өзінің жаратқан мақұлықтарына зұлымдық жасамайды. Өз істерімен өзіне зұлымдық жасап отырған – адам. Осы аяттың жалғасы: "Алла тағала сендерді халыққа жақсылық жасауға шақырды. Осы шақыруға әркім құлақ асса Алла оған дүние мен ақыретте де бірнеше есе сауап беріп, ерекше мейірімін жаудырады",-дейді. Басқа аяттарда айтылғандай шын жүрекпен берілген садақаның сауабы "жеті жүз" есеге дейін барады. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, дүниедегі апаттар мен қасіреттерді Алланың зұлымдығы емес, өзіміздің сараңдығымыз бен күпірлігіміздің жемісі деп білейік. Біз не көрсек те өзімізден көреміз.
Екіншіден, жамандықтың жазасы оның өзімен бірдей. Алла оған зәредей ештеңе қоспайды. Бірақ жақсылықтың сауабын бірнеше есе көбейтеді.
"Ниса" сүресінің 41-42 аяттары:
فَكَيْفَ إِذَا جِئْنَا مِن كُلِّ أمَّةٍ بِشَهِيدٍ وَجِئْنَا بِكَ عَلَى هَؤُلاء شَهِيدًا ﴿۴۱﴾ يَوْمَئِذٍ يَوَدُّ الَّذِينَ كَفَرُواْ وَعَصَوُاْ الرَّسُولَ لَوْ تُسَوَّى بِهِمُ الأَرْضُ وَلاَ يَكْتُمُونَ اللّهَ حَدِيثًا ﴿۴۲﴾
"(Ей, Мұхаммед!) әр бір үмметке өз ішінен бір куәгер (пайғамбар) және бұларға (үмметіңнің имансыз бұзықтарына) сені куәгер етіп жіберіп отырғанымызда, олардың қалы не болмақ? (4:41) Кәпірлер және пайғамбарларға қарсы шыққандар қиямет күнінде жермен жексен болуды армандайды, бірақ (өздерінің барлық мүшесі куә болғандықтан) Алладан ешбір сөзін жасыра алмайды. (4:42)"
Алланың ешкімге зұлымдық жасамайтындығының ең айқын дәлелі – қиямет сотында көптеген куәгерлердің қатысуы болып табылады. Қияметте адамның әр дене мүшесі мен періштелердің куәлік етуімен қатар, пайғамбарлар да өз үмметтерінің істеріне куәлік етеді. Ислам пайғамбары (с) да өзінің үмметіне куә болады. Ислам пайғамбары (с) өз үмметіне куә болумен қатар, Алланың ең ұлық пайғамбары болғандықтан, оның мәртебесі мен куәлігі басқа пайғамбарлардан да жоғары. Оның болмысы барлық амалдардың таразысы болып табылады. Қияметте пайғамбардың осы куәлігі мен құзырынан кәпірлер мен пайғамбардың қарсыластары "ешқашан дүниеге келмей, сол топырақ күйінде қалсақ еді" немесе "өлгеннен кейін қайта тірілмей, жер астында қалсақ еді" деп өкінішке түседі. Бірақ мұрсат қолдан кеткендіктен, өкінуге кеш. Сондықтан осыншама куәгерден кез-келген жағымсыз істі жасыру мүмкін емес. Дегенмен Алладан ешбір сөз бен амал және ой жасырын қалмайды. Осы аяттардан үйренетініміз:
Біріншіден, пайғамбарлар – Алланың адамдарға жіберілген дәлелі әрі куәгері болып табылады. Алла тағала қияметте әр үмметтің амалдарын олардың пайғамбарының үкімдері мен нұсқаулары бойынша өлшеп, төрелік етеді.
Екіншіден, Аллаға куәгердің қажеті жоқ. Адам өзінің амалдарына Алладан басқа да куәлар бар екендігін және олар қияметте куәлік ететіндігін білсе, өзін көбірек қадағалайды.
Үшіншіден, пайғамбардың нұсқауы мен сүннетіне және амалдарына бағынбау күпірлікке жатады.
Төртіншіден, қиямет – өкініш күні. "Қайта тірілмей, топырақ болып қала берсем еді" деп өкінетін күн.
"Ниса" сүресінің 43-ші аяты:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ لاَ تَقْرَبُواْ الصَّلاَةَ وَأَنتُمْ سُكَارَى حَتَّىَ تَعْلَمُواْ مَا تَقُولُونَ وَلاَ جُنُبًا إِلاَّ عَابِرِي سَبِيلٍ حَتَّىَ تَغْتَسِلُواْ وَإِن كُنتُم مَّرْضَى أَوْ عَلَى سَفَرٍ أَوْ جَاء أَحَدٌ مِّنكُم مِّن الْغَآئِطِ أَوْ لاَمَسْتُمُ النِّسَاء فَلَمْ تَجِدُواْ مَاء فَتَيَمَّمُواْ صَعِيدًا طَيِّبًا فَامْسَحُواْ بِوُجُوهِكُمْ وَأَيْدِيكُمْ إِنَّ اللّهَ كَانَ عَفُوًّا غَفُورًا ﴿۴۳﴾
"(Ей, мүміндер!) Сендер мас болып қалғанда өздеріңнің не деп тұрғандарыңды білгенге дейін бой дәретсіз болсаңдар шомылып алғанға дейін намазға жақындамаңдар – жолаушылар мұның сыртында. Ауру немесе сапар үстінде болсаңдар, яки дәретке отырсаңдар немесе әйелдерге жақындасып қойсаңдар, су таба алмағанда беттеріңді, қолдарыңды таза жержынысымен сүртіңдер (тәямім соғыңдар). Алла шынында аса ғапу етуші, өте кешірімді. (4:43)"
Осы аят намаздың кейбір фиқһтық үкімдерін баяндайды. Ол алдымен намаздың мәніне яғни Аллаға көңіл қою керектігіне тоқталып, сонан соң ғұсыл мен тәяммум мәселесін әңгімелейді. Негізінде намаз бен басқа ғибадаттардың мақсаты – адамның үнемі Жаратушыға көңіл аударып, Оған тәуекел етуі болып табылады. Аллаға сүйенген адам еш нәрсеге тәуелді емес. Ол үшін саналы түрде ғибадат ету керек. Сондықтан намаз кезінде адамның қырағылығын кетіретін нәрселерден аулақ болу керек. Осы аят адамды мас қылатын шарапқа тыйым салады. Тағы басқа аяттарда ұйқылы түрде намаз оқуға тыйым салынған. Өйткені адам намаз кезінде кімнің алдында тұрғанын, не оқып не сұрап тұрғанын білуі тиіс. Сонымен қатар адам рухани жағынан Аллаға толық көңіл қоюмен қатар, дене жағынан да таза болуы тиіс. Сондықтан жыныстық қатынаста болып, денесі ластанған адамға намаз оқуға да, намаз оқылатын орын болып саналатын мешітте тоқтауға болмайды. Ол тек мешіттің бір есігінен кіріп, екінші есігінен шыға алады. Ғұсыл алу үшін таза су қажет болғандықтан, кейде сапарда су табылмай немесе науқас адамға су зиянды болуы мүмкін. Мұндайда Алла тағала адамға таза топырақпен таяммум алуға рұқсат берген. Бұл топырақ таза болуы шарт. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, намаз тек белгілі бір сөздер мен қимылдар, отырып тұру ғана емес, қайта оның мәнісі Аллаға көңіл қою болып табылады. Ол үшін адам саналы әрі естияр болуы тиіс.
Екіншіден, мешіт қасиетті мекен болғандықтан, оған таза күйде кіру керек.
Үшіншіден, Алланың алдына тұрып, Жаратушымен сырласу үшін адамның денесі мен рухы таза болуы тиіс. Сапар кезінде немесе науқастанғанда намаздың кейбір үкімдері жеңілдетілгенімен оны міндетті түрде оқу керек.