Ниса сүресі, 110-ші бөлім, 35-39 аяттар
Ниса сүресі, 110-ші бөлім, 35-39 аяттар
وَإِنْ خِفْتُمْ شِقَاقَ بَيْنِهِمَا فَابْعَثُواْ حَكَمًا مِّنْ أَهْلِهِ وَحَكَمًا مِّنْ أَهْلِهَا إِن يُرِيدَا إِصْلاَحًا يُوَفِّقِ اللّهُ بَيْنَهُمَا إِنَّ اللّهَ كَانَ عَلِيمًا خَبِيرًا ﴿۳۵﴾
"Егер, ерлі-зайыптылардың отаса алмауынан қауіптенсеңдер, еркектің туғандарынан бір әділ төреші, әйелдің туғандарынан бір әділ төреші жіберіңдер. Бұл екеуі оларды жарастырғысы келсе, Алла олардың арасына татулық салады. Алла расында барлығын білуші, бәрінен хабардар. (4:35)"
Бұл аят ерлі-зайыпты адамдардың арасындағы дауды шешу үшін отбасылық алқа құруға тоқталып: "Егер ерлі-зайыптылар арасында қарама-қайшылық күшейсе, істің ақыры ажырасуға ұласпауы үшін екі жақтың туыстары дауды шешуге шара қолдануы тиіс. Сондықтан оларды татуластыру үшін қос жақтың құқығын сақтай отырып, еркектің туыстарынан бір адамды, әйелдің туыстарынан бір адамды төрелік етуге шақырыңдар. Олар әлгі екеуінің арасынан кінәліні іздемей, түйткілді шешсін",-дейді. Ислам шығарған осы жоспардың ерекше ұпайлары бар. Біріншіден, отбасындағы дау басқаларға таралмай, қос жақтың туыстарының арасында жанашырлықпен шешілетін болғандықтан оның абыройы сақталады. Екіншіден, төреліктің мақсаты - сот тәрізді айыптыны анықтау емес, оларды татуластыру болғандықтан, қос тарап өздері таңдаған төрешінің шешімін оңай қабылдайды. Үшіншіден, бұл төрелік ақиқат пен жалғанды анықтауды көздемейді және еркек пен әйелдің екеуінің арасынан біреуін айыпты деп танып, оларды одан сайын ажырасуға итермей, бұрынғы реніштерін қойып, түсіністік орнатады. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, қоғам мен туысқандар отбасында пайда болатын жанжал мен қарама-қайшылықтарға немқұрайлы қарамай, жауапкершілік танытуы тиіс.
Екіншіден, әр оқиғаның алдын алған жөн. Отбасындағы кикілжіңдер ажырасуға ұласпай тұрып, әрекет жасау керек.
Үшіншіден, ерлі-зайыптылар арасында төреші таңдаған кезде әділдікті сақтау керек. Сондықтан әркім тек бір адамды таңдай алады.
Төртіншіден, егер істің ниеті ізгі және мақсаты татуластыру болса, Алла да қолдау көрсетеді.
"Ниса" сүресінің 36-шы аяты:
وَاعْبُدُواْ اللّهَ وَلاَ تُشْرِكُواْ بِهِ شَيْئًا وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَانًا وَبِذِي الْقُرْبَى وَالْيَتَامَى وَالْمَسَاكِينِ وَالْجَارِ ذِي الْقُرْبَى وَالْجَارِ الْجُنُبِ وَالصَّاحِبِ بِالجَنبِ وَابْنِ السَّبِيلِ وَمَا مَلَكَتْ أَيْمَانُكُمْ إِنَّ اللّهَ لاَ يُحِبُّ مَن كَانَ مُخْتَالًا فَخُورًا ﴿۳۶﴾
"Аллаға құлшылық істеңдер, оған ешнәрсені ортақ қылмаңдар. Ата-аналарыңа, жақын туыстарыңа, жетімдерге, жарлыларға, туыстығы жақын көршілеріңе, жамағайын көршілеріңе, (сапарлас, сабақтас) жан жолдастарыңа, жолаушыларға, қолдарыңдағы құл мен күңдерге жақсылық істеңдер. Алла тәкәппар, мақтаншақтарды шын ұнатпайды. (4:36)"
Мүмін адамның отбасындағы жауапкершіліктері туралы сөз қозғаған аяттардан кейін осы аят пен одан кейінгі аяттар, адам тек өзінің жұбайы мен перзенттеріне ғана жауапты деген ой қалыптаспауы үшін мүміннің қоғамға қатысты жауапкершіліктеріне тоқталады. Мүмін адам Аллаға иман келтіріп, Оған құлшылық етумен қатар өзінің ата-анасы және туысқандары, сондай-ақ жолдастары мен көршілері және өзінің қарамағындағы кісілерге және ең маңыздысы өз қоғамындағы жетімдер мен жарлыларға қатысты жауапкершілігін сезініп, олардан жақсылығы мен қайырымдылығын аямауы тиіс. Өкінішке орай көптеген қыздар мен ұлдар тұрмыс құрған соң өздерінің ата-аналарына көңіл бөлмей, олармен байланысын үзеді. Осы аяттағы маңызды жайт, жақсылық істеуді адамның міндеті деп санайды. Оның мағынасы "садақадан" да кең. "Садақа" көбінесе кедей-кепшіктерге қатысты қолданылады. Бірақ "жақсылық" кедейлікке ғана қатысты емес, қайта адамның басқа біреуге жасалған кез-келген игі істерін қамтиды. Сондықтан ата-анаға көрсетілген мейірімділік - ең жоғары жақсылық болып саналады. Осы аяттың соңында ата-анасына, достары мен көршілеріне жақсылығын аяған адам – тәкәппар әрі мақтаншақ деп таныстырылған. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, осы аятта Аллаға құлшылық ету мен ғибадат ету міндетіміз де, ата-анаға жақсылық жасап, мейірімділік таныту міндетіміз де айтылған. Ал бұл Исламның жалпыны қамтушы сипатын көрсетеді.
Екіншіден, намаз бен ғибадат жеткілікті емес, өмірдегі істерде де Алланы жадымыздан шығармай, Оның ризалығына бөленуге тырысуымыз керек. Керісінше жағдайда Аллаға серік қосқандай боламыз.
Үшіншіден, біздің жаратылысымызға Алладан кейін ата-анамыздың қатысы болғандықтан, міндеттерімізді атқарған кезде де Алладан кейін олардың ризалығын алуға тырысайық.
Төртіншіден, адам өзінің көршілері, жолдастары мен қарамағындағы кісілерге қатысты жауапкершілігін орындауға міндетті.
"Ниса" сүресінің 37-ші аяты:
الَّذِينَ يَبْخَلُونَ وَيَأْمُرُونَ النَّاسَ بِالْبُخْلِ وَيَكْتُمُونَ مَا آتَاهُمُ اللّهُ مِن فَضْلِهِ وَأَعْتَدْنَا لِلْكَافِرِينَ عَذَابًا مُّهِينًا ﴿۳۷﴾
"Олар (тәкәппар, мақтаншақтар) сараңдық істейді, әрі адамдарды сараңдыққа баулыйды. Алланың игілік етіп бергенін жасырады. Біз (Алланың кенелткен игілігін жасырған осындай) имансыздарға қорлық азаптарымызды дайындап қойдық. (4:37)"
Осы аят: "Кейбір байлығы бар адамдар өздері садақа бермек түгіл, басқалардың да садақа беруіне қарсы болады. Олардың сараңдыққа салынғаны сонша, кедейлер мен жарлылар оларды көріп қалып, сұрап келеді деп қорқып, тіпті өздері де тұрмыстық мүмкіндіктерді толық пайдаланбай, оны өзгелерден жасырады",-деп ескертеді. Құран мұндай сараңдықты имандылыққа қайшы деп біліп, осындай сараң адамдарды қатты азапқа лайықты кәпірлер ретінде таныстырады. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, сараңдық секілді кейбір рухани дерттер кәдімгі аурулар тәрізді жұқпалы болады. Сараң адам басқалардың садақа беруі мен қайырымдылық жасауына кедергі жасайды.
Екіншіден, илаһи нығметтерге шүкірлік ету жолдарының бірі оны мойындау мен қолдану болып табылады. Өйткені нығметті жасыру оған күпірлік етудің бір түрі.
Үшіншіден, тәкәппарлық пен сараңдыққа шалдықпау үшін нығметтерді өз еңбегіміздің жемісі емес, Алланың бізге берген жақсылығы деп білейік.
"Ниса" сүресінің 38-39 аяттары:
وَالَّذِينَ يُنفِقُونَ أَمْوَالَهُمْ رِئَاء النَّاسِ وَلاَ يُؤْمِنُونَ بِاللّهِ وَلاَ بِالْيَوْمِ الآخِرِ وَمَن يَكُنِ الشَّيْطَانُ لَهُ قَرِينًا فَسَاء قِرِينًا ﴿۳۸﴾ وَمَاذَا عَلَيْهِمْ لَوْ آمَنُواْ بِاللّهِ وَالْيَوْمِ الآخِرِ وَأَنفَقُواْ مِمَّا رَزَقَهُمُ اللّهُ وَكَانَ اللّهُ بِهِم عَلِيمًا ﴿۳۹﴾
"Ондайлар мал-мүлкін адамдарға көрсету үшін жұмсайды. Аллаға, қиямет күніне сенбейді. Кім шайтанды жолдас қылса, оның жолдасы анық сұм-сұрқия болғаны! (4:38) Олар Аллаға, ақырет күніне сенсе, Алла берген несібесінен тиісті нәпақаларын үлестіріп тұрса, не зияны болмақ? Алла оларды әбден біледі. (4:39)"
Өткен аяттарды толықтыра келе осы екі аят: "Сараңдық адамның Алла мен қияметке деген сенімін әлсіретеді. Өйткені садақа мен зекет беру имандылықтың бір бөлігі. Сондықтан парызды орындамаған адам шын мәнінде Алланың үкімін мойындамай, өзінің байлығын Алладан бұрын орынға қойғаны. Бірақ олар кейде абыройы мен әлеуметтік орнын сақтау үшін аурухана тұрғызу секілді қоғамдық істерге араласуы мүмкін. Бірақ бұл ісін Алланың ризалығы үшін жасамағандықтан, қияметте ешқандай сауап алмайды",-дейді. Бұл адамның тұла бойына сіңген шайтанның айласы болып табылады және Құран оны сараңның серігі деп атайды. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, халыққа көрсету үшін жасалған қайырымдылық, күнә болып есептелмесе де сараңдықпен тең.
Екіншіден, халыққа көріну үшін іс істеу нағыз иманның жоқтығын көрсетеді. Өйткені мұндай адам Алланың сауабын күтудің орнына, жұрттың алғысын күтеді.
Үшіншіден, қайырымдылықтың мақсаты тек кедейлерді тойдыру ғана емес. Өйткені бұл мақсатқа халыққа көріну үшін жасасақ та жетеміз. Негізгі мақсат садақа беру мен қайырымдылық жасау арқылы рухани дамып, Аллаға жақындау болып табылады.
Төртіншіден, садақа мал-мүлік пен ақшалай ғана берілмейді, қайта Алланың берген білімі мен мансабы секілді әр нәрсемен мұқтаждарға көмектесуге болады.